"Тыңайтқыштардың құнын (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 4-4/305 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 18 қазандағы № 375 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 22 қазанда № 19502 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 25 мамырдағы № 181 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 25.05.2020 № 181 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тыңайтқыштардың құнын (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 4-4/305 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11223 болып тіркелген, 2015 жылғы 2 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тыңайтқыштардың құнын (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидиялау қағидаларында:

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Субсидиялар мынадай талаптар сақталған жағдайда төленеді:

      1) ауылшартауарынөндірушінің немесе ауылшаркооперативінің "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық түрде осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша толық құны бойынша сатып алынған тыңайтқыштар үшін субсидиялар алуға арналған өтінім беруі.

      Ауылшартауарынөндіруші (ауылшаркооперативі) тыңайтқышты шарт негізінде тыңайтқыштарды өндірушіден арзандатылған құны бойынша сатып алған жағдайда, "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық түрде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өзіне тиесілі субсидияларды төлеу туралы өтпелі өтінім береді.

      Мұндай жағдайда, субсидиялар тыңайтқыштарды өндірушіге тыңайтқыштарды өндіруші күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей нақты сатылған тыңайтқыштар жөніндегі мәліметтерді өтпелі өтінімге енгізген жағдайда, осы Қағидалардың 16-тармағына сәйкес төленеді.

      Тыңайтқыштарды өндірушілер өтпелі өтінімге нақты өткізілген тыңайтқыштар жөніндегі мәліметтерді белгіленген мерзімде енгізбеген жағдайда, ауылшартауарынөндіруші (ауылшаркооперативі) өтпелі өтінімді қайта береді.

      Бұл ретте, субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде осы Қағидалардың 7-тармағы 1) тармақшасының үшінші және төртінші бөліктерінде белгіленген мерзімдерде тыңайтқыштар өткізілмеген ауылшартауарынөндірушілердің (ауылшаркооперативтерінің) тізімі қалыптастырылады.

      "Электрондық үкімет" веб-порталы мен субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің өзара ақпараттық іс-қимылы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады;

      2) ауылшартауарынөндіруші (ауылшаркооперативі) берген өтінімді (өтпелі өтінімді) тіркеу;

      3) ауылшартауарынөндірушіде (ауылшаркооперативінде) субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде деректері субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің "Заңды тұлғалар" немесе "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорларымен өзара ақпараттық іс-қимылы нәтижесінде расталған жеке шотының болуы. Бұл ретте өтпелі өтінім үшін субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде тыңайтқыштарды өндірушінің жеке шоты болуы қажет.

      Субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде жеке шотының болуы ауылшартауарынөндірушіге (ауылшаркооперативіне) өтінімді субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде тіркеуді өзі жүзеге асыруына мүмкіндік береді, бұл жағдайда өтінім беру талап етілмейді және ол осылай тіркелген сәтінен бастап берілді деп саналады;

      4) субсидиялаудың ақпараттық жүйесі мен электрондық шот-фактураларды қабылдау және өңдеу жүйесінің (бұдан әрі – ЭШҚӨЖ) өзара ақпараттық іс-қимылы нәтижесінде ауылшартауарынөндіруші (ауылшаркооперативі) сатып алған тыңайтқыштарға жұмсалған шығындарды растау.

      Бұл ретте электрондық шот-фактура өтінімді субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде тіркеу кезінде (сұратылған электрондық шот-фактура тыңайтқыштарды сатушыға және ауылшартауарынөндірушіге (ауылшаркооперативіне) мемлекеттік қолдау шарасын алу үшін электрондық шот-фактураны бұғаттау және пайдалану туралы хабарлама жолдай отырып, ЭШҚӨЖ-де автоматты түрде бұғатталады) ЭШҚӨЖ-ден "сұраным-жауап" режимінде сұратылады.

      Субсидия алу үшін пайдаланылған электрондық шот-фактураларды кері қайтарып алуға, жоюға және түзетуге жол берілмейді.

      Ауылшартауарынөндіруші (ауылшаркооперативі) ЭШҚӨЖ-ні пайдаланбайтын шетелдік тыңайтқыштарды өндірушіден тыңайтқыштарды тікелей сатып алған кезде, тыңайтқыштарды сатып алуға жұмсалған шығындар тауарларға арналған кедендік декларациядан алынған мәліметтермен (Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден тыңайтқыш сатып алған ауылшартауарынөндіруші немесе ауылшаркооперативі үшін) немесе мемлекеттік кірістер органы берген, тауардың Еуразиялық экономикалық одақтан әкелінгенін растайтын құжаттың мәліметтерімен расталады;

      5) ауылшартауарынөндірушіде (ауылшаркооперативінде) субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен және "Жылжымайтын мүлік тіркелімі" мемлекеттік дерекқорымен өзара ақпараттық іс-қимылы нәтижесінде расталған, тиісті алаңда жер пайдалану және (немесе) жеке меншік құқығында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің болуы.

      Жер пайдалану және (немесе) жеке меншік құқығында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің болуы туралы талап Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес бірлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негізінде әрекет ететін ауылшартауарынөндіруші өтінім (өтпелі өтінім) берген жағдайда, осындай жер учаскелері бар бірлескен шаруашылық қызмет туралы шартқа қатысушыға қатысты қолданылады. Бұл ретте бірлескен шаруашылық қызмет туралы шарттың көшірмесін қоса бере отырып, өтінім (өтпелі өтінім) берген ауылшартауарынөндіруші субсидия алушы болып табылады.

      Шаруа немесе фермерлік қожалық түрінде құрылған ауылшартауарынөндіруші (ауылшаркооперативі) өздерінің мүшелері сатып алған тыңайтқыштар үшін өтінім (өтпелі өтінім) берген жағдайда, олар туралы мәліметтер субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің Қазақстан Республикасының интеграцияланған салықтық ақпараттық жүйесімен өзара ақпараттық іс-қимылы нәтижесінде расталады. Бұл ретте шаруа немесе фермерлік қожалықтардың мүшелері субсидия алушылар болып табылады.

      Ауылшаркооперативінде жер пайдалану және (немесе) жеке меншік құқығында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері болмаған жағдайда, ауылшаркооперативі ауылшаркооперативінің мүшелері болып табылатын ауылшартауарынөндірушілердің субсидия алуына өтінім (өтпелі өтінім) береді. Бұл ретте ауылшартауарынөндірушілер субсидия алушылар болып табылады;

      6) ауылшартауарынөндірушінің (ауылшаркооперативінің) жер учаскелерінің бүкіл егістік алаңына арналған танаптардың электрондық карталарының субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде тіркелуі;

      7) ауылшартауарынөндірушіге жер пайдалану және (немесе) жеке меншік құқығында тиесілі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің тыңайтылатын алқабына арналған алтыдан кем емес агрохимиялық көрсеткіш (қарашірік, су немесе тұз сүзіндісінің сутегі көрсеткіші (РН), нитраттық, жеңілгидролиздендіргіш немесе сілтілігидролиздендіргіш азот, фосфордың, калий мен күкірттің жылжымалы нысандары) бойынша электрондық агрохимиялық картограмманы субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде тіркеу.

      Бұл ретте, ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғалған топырақта өңдеп өсіру кезінде электрондық агрохимиялық картограмманы тіркеу талап етілмейді.".

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл ретте осы бұйрықтың 1-тармағының он тоғызыншы абзацы 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.

      Министр С. Омаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және

      инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі

      министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады