БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің кейбір бұйрықтарына мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) "Балық аулау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-04/148 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10606 болып тіркелген, 2015 жылғы 16 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған):
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Балық аулау қағидаларында:
1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"1-тарау. Жалпы ережелер";
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Қағидалардың қолданысы балық және басқа да су жануарларын жасанды өсіруге қолданылатын су айдындарынан басқа, балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау, көбейту және өсіру үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін не олардың запастарының өсімін молайту үшін маңызы бар Қазақстан Республикасының барлық балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелеріне (өзендер және оларға теңестірілген каналдар, көлдер, сулы-батпақты алқаптар, су қоймалары, тоғандар және басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар), сондай-ақ теңіз суларына таралады.";
2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"2-тарау. Балық аулауды жүзеге асыру тәртібі";
4-тармақтың 24), 25) және 26) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"24) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі;
25) ведомство – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті;
26) аумақтық бөлімшелер – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциялары.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдалану жалпы және арнайы пайдалану тәртібінде жүзеге асырылады.
Жануарлар дүниесін жалпы пайдалануға мекендеу ортасынан алмай жануарлар дүниесі объектілерін, сондай-ақ олардың пайдалы қасиеттерін пайдалану жатады.
Жануарлар дүниесін арнайы пайдалануға реинтродукциялау мақсатында аулауды қоспағанда, жануарлар дүниесі объектілерін және олардың тіршілік ету өнімдерін мекендеу ортасынан алып қоя отырып пайдалану жатады.
Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын жалпы пайдалану ақысыз, ал арнайы пайдалану "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 582-бабына сәйкес ақылы негізде жүзеге асырылады.";
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Балық ресурстары мен басқа да су жануарларының кәсіпшілік мөлшері осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес белгіленеді. Рұқсаттарда көрсетілмеген балық түрлері мен басқа да су жануарларының және (немесе) белгіленген кәсіпшілік мөлшерден кем балықтардың кездейсоқ ауланымы ұяшықталатын аулау құралдарында ауланған балықтың сегіз пайызынан және сүзгіш аулау құралдарында ауланғанның бес пайызынан аспайтын көлемде жүзеге асырылады.
Кездейсоқ ауланым рұқсат етілген көлемнен асып кеткен жағдайда, барлық ауланым кідіріссіз табиғи мекендеу ортасына аз зақыммен жіберіліп, "Аңшылық шаруашылықтар, өсімін молайту учаскелері мен тыныштық аймақтары, балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің шекаралары аншлагтарының үлгілерін, сондай-ақ аң аулау мен балық аулау үшін тыйым салынған мерзімдер мен орындарды, балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулауды есепке алу журналының (кәсіпшілік журналдың) нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 13 наурыздағы № 25-03-02/96 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7573 болып тіркелген) бекітілген нысанға сәйкес балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулауды есепке алу журналына (кәсіпшілік журналына) (бұдан әрі – кәсіпшілік журнал) тиісті жазба енгізіледі.
Бекіре тұқымдас балық түрлерін қолдан өсіру мақсаттары үшін өсімін молайту кешенінің мемлекеттік тапсырысты орындайтын мемлекеттік кәсіпорындары кездейсоқ ауланым ретінде алынған балықтарды балықтардың уылдырық шашуын гормондық демеу препараттарын өндіру, сондай-ақ оларды күтіп-бағуға арналған азық өндіру үшін пайдалануы мүмкін.
Бекіре тұқымдас балық түрлері кездейсоқ ауланған жағдайларда, сондай-ақ бекіре тұқымдас балық түрлері бар иесіз балық аулау құралдары табылған кезде тіршілік етуге қабілетті дарақтар табиғи мекендеу ортасына жіберілуі немесе мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бекіре тұқымдас балық түрлерінің құртшабақтарын өсіруді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындарға берілуі тиіс, ал тіршілік етуге қабілетсіз (шалажансар) дарақтар табиғи мекендеу ортасына жіберілуі тиіс.
Бекіре тұқымдас балық түрлерінің тіршілік етуге қабілетсіз (шалажансар) дарақтарының кездейсоқ аулану фактілері кәсіпшілік журналында немесе рұқсатта немесе жолдамада тіркеледі.
Бағалы, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлері мен басқа да су жануарларының тіршілік етуге қабілетсіз (шалажансар) дарақтарының кездейсоқ аулану фактілері кәсіпшілік журналында немесе рұқсатта немесе жолдамада тіркеледі және мемлекеттік инспектордың жою туралы тиісті акті (еркін нысанда) жасауы арқылы жойылуға жатады.
Шаяндарды аулау кәсіпшілік емес мөлшерлердегі шаяндарды алмастан жүзеге асырылады. Кәсіпшілік емес мөлшердегі шаяндар балық аулау құралдарына түскен жағдайда кідіріссіз аз зақыммен табиғи мекендеу ортасына жіберілуі тиіс.";
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Заңның 14-бабының 3-тармағы мен 39-бабының 4-тармағына сәйкес балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде жануарлар дүниесі объектілерін сақтау мақсатында:
1) өсімдіктерді жоюға және балық ресурстары және басқа да су жануарлары мекендейтін ортаның жағдайларын нашарлататын өзге де іс-әрекеттерге;
2) балықтардың көбеюі кезеңінде олар уылдырық шашатын белгіленген орындарда катерлердің, моторлы қайықтардың және басқа да жүзу құралдарының қозғалтқыштарын іске қосып жүзуге;
3) ұшақтардың, тікұшақтардың және өзге де ұшу аппараттарының итбалықтар жаппай мекендейтін аумақтардың үстінен бір километрден төмен биіктікте ұшып өтуіне;
4) балық ресурстары және басқа да су жануарларының мекендеу ортасын, сілтеме белгілерді, балық шаруашылығын жүргізуге арналған құрылысжайларды жоюға;
5) балықтардың және басқа да су жануарларының сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімінсіз алып қоюға;
6) балық ресурстарын және басқа да су жануарларын белгіленген лимиттен артық және жануарлар дүниесін пайдалануға арналған рұқсаттарда немесе жолдамаларда көрсетілген мерзімдерден тыс, сондай-ақ тыныштық аймақтарында олжалауға;
7) балық ресурстарын және басқа да су жануарларын осы Қағидаларда көзделмеген оларды олжалау құралдарының, әдістерінің және тәсілдерінің түрлерін қолдана отырып олжалауға;
8) жарылғыш құрылғыларды, улы химикаттарды қолдана отырып балық ресурстарын және басқа да су жануарларын олжалауға;
9) уәкілетті органның рұқсатынсыз балық ресурстарын және басқа да су жануарларын интродукциялауды, реинтродукциялауды және будандастыруды жүргізуге;
10) балық қыстайтын шұңқырлардың, уылдырық шашатын жерлердің, балық шаруашылығы учаскелерінің және балық аулауға тыйым салынған жерлердің шекараларын белгілейтін бағандарды, жүзбелі таным белгілерін және аншлагтарды жоюға немесе бүлдіруге;
11) балықтарды қорғау құрылғыларынсыз, сондай-ақ "Су тарту құрылыстарының балық қорғау құрылғыларына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 221 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18783 болып тіркелген) белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін су жинау және ағызу құрылыстарын пайдалануға;
12) елді мекендердің, балық қабылдау пункттерінің жанына бакендер орнату үшін аялдауды және аса қажет жағдайды қоспағанда, балық аулауға тыйым салынған жерлерде су көлігінің тоқтауына;
13) әр түрлі аулау құралдарының түрін бір балық шаруашылығы су айдындарынан және (немесе) учаскелерінен басқаларына арнайы өңдеусіз алып баруға;
14) жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз өзендерде жаңа балық шаруашылығы учаскелерін, ұйықтарды (ұйықтық учаскелерді), ағызу және жүзу жолдарын ашуға;
15) су айдындарында немесе оған тікелей жақын жерде қолдану осы Қағидаларда көзделмеген балық аулау құралдарымен болуға;
16) Осы Қағидалардың 8-тармағының төртінші бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, балықтарды ноқталарында сақтауға, жүзу құралдарынан және балық аулау құралдарынан шыққан өлі және ауру балықты суға және жағалау белдеуіне лақтырып тастауға;
17) осы Қағидаларда белгіленген кәсіпшілік өлшемнен кем мөлшерде балық аулауға, қабылдауға, сатып алуға-сатуға, тасымалдауға және сақтауға;
18) жеке және заңды тұлғаларға түрін көрсетпестен немесе "басқа" және "майда" деген атаумен тапсыруды және қабылдауды жүзеге асыруға;
19) екі және одан да көп аумен (құлыптаудағы) сүзуді бір мезгілде жүргізуге, сондай-ақ алдыңғы ауды жағалауға толық лақтырғанға дейін ауды сүзуді бастауға;
20) балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балық аулауға тыйым салынған кезеңде, сондай-ақ балық аулауға тыйым салынған жерлерде аумақтық бөлімшемен келісусіз қозғалтқыштары қосылған су көлігінің барлық түрлерінің жүруіне;
21) санитариялық күзет аймақтары мен акваториялар шегінде жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсатсыз және осы Қағидаларда көзделген құжаттарды ресімдеусіз жеке және заңды тұлғалардың балық ресурстарын және басқа да су жануарларын сатып алуына және өткізуіне жол берілмейді.";
3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"3-тарау. Кәсіпшілік балық аулау тәртібі";
4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"4-тарау. Әуесқойлық (спорттық) балық аулау тәртібі";
5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"5-тарау. Ғылыми-зерттеу үшін аулау тәртібі";
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"23. Ғылыми-зерттеу үшін аулау – жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында балық ресурстары мен басқа да су жануарларын аулау.
Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулерді "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 маусымдағы № 645 қаулысында айқындалған тәртіппен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ретінде аккредиттелген заңды тұлғалар жүргізеді.";
28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"28. Балық аулауға тыйым салынған кезеңде, сондай-ақ жібінің диаметрі 0,5 миллиметрден кем және ұяшықтарының мөлшері 100 миллиметрден кем (торының конструктивтік адымы 50-миллиметрден кем) синтетикалық нейлондық немесе өзге де полиамидті моножіптен және өзге де синтетикалық моножіптен машиналық тәсілмен немесе қолдан жасалған балық аулайтын, түйінді аудан басқа, тыйым салынған аулау құралдарымен ғылыми-зерттеу үшін аулау аумақтық бөлімше өкілінің қатысуымен және жүргізілген аулау нәтижелері көрсетілген жеке акт (еркін нысанда) толтырылған кезде жүзеге асырылады.";
6-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"6-тарау. Бақылау үшін аулау тәртібі";
33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"33. Бақылау үшін аулауды жануарлар дүниесін пайдалануға арналған рұқсатсыз ихтиологиялық байқаулар жүргізу кезінде аумақтық бөлімше:
1) мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру шеңберінде су айдындарына балық жіберу бойынша ұсыныс дайындау;
2) кәсіпшілік ауланған балықтардың түрлік және мөлшерлік құрамы, салмағы, жасы және жыныстық арақатынасы туралы биологиялық материал жинау;
3) негізгі құнды балық түрлерінің уылдырық шашу үшін қоныс аударуын және уылдырық шашуын, қоныс аудару мерзімін, уылдырық шашатын табынның құрамын, өндірілушілердің уылдырық шашу орнын толтыру дәрежесін, уылдырық шашу мерзімі мен сипатын, уылдырық шашу мерзімдерін және су айдындарына кәсіпшілік жүктемені, балық шабақтарының кездейсоқ аулануын айқындауды, уылдырық шашатын табынның жалпы бағасын және санын сипаттайтын материалдарды жинау;
4) шабақтар серуендейтін негізгі аудандарды есепке алу, кәсіпшілік аудандар бойынша кездейсоқ ауланым туралы материалдар жинау;
5) негізгі құнды балық түрлерінің қыстау жағдайы мен барысын, олардың қыстауға жату мерзімдерін, қыстау шұңқырларының толу дәрежесін, қыстау шұңқырларындағы температуралық және гидрохимиялық режимдерді, балық қырылу қаупі бар су айдындарын (учаскелерін) балықтардың қырылуының профилактикасы және жою шараларын әзірлеуді бақылау;
6) балық ресурстарының және басқа да су жануарларының қырылу жағдайларын анықтау және олардың алдын алу іс-шараларын әзірлеу;
7) балық ресурстарына және басқа да су жануарларына келтірілген зиянның көлемін айқындау және оның орнын толтыру бойынша талап қою;
8) балық аулау режимін жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау;
9) кәсіпорындарды, құрылысжайларды, басқа да объектілердің жоспарланған құрылысы мен пайдалануға берудің және балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде түрлі жұмыстарды жүргізудің балық ресурстарына және басқа да су жануарларына әсер етуін бағалау;
10) гидрометеорологиялық жағдайларға қарай уылдырық шашу кезеңіндегі тыйым салу мерзімдерін ауыстыруды қоса алғанда, балық аулау режимін реттеу бойынша, балық аулау құралдары бойынша, балық өсіру-мелиорациялық жұмыстарды және су объектілерінің балық шаруашылығы мелиорациясын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар тұжырымдау;
11) балықтың қырылу қаупі бар су айдындарын есепке алу және балықтардың қырылуының профилактикасы және оны жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру, су тарту, ағызу құрылысжайларын қарап-тексеру және балықтарды қорғау құрылғылары болмаған кезде балық ресурстары мен басқа да су жануарларына келтірілетін және келтірілген зиянды айқындау мақсатында жүзеге асырады.";
38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"38. Бақылау үшін аулау кезінде алынған балық берілген жануарлар дүниесін пайдаланушы немесе өзге де жеке және заңды тұлғалар Салық кодексінің 582-бабына сәйкес жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы енгізеді.";
7-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"7-тарау. Мелиоративтік аулау тәртібі";
39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтін өзгермейді:
"39. Мелиорациялық аулау – жаппай аулауды, арзан бағаланатын балықтар түрлерін аулауды, қырылу қаупі бар су айдындарындағы және (немесе) учаскелеріндегі аулауды қоса алғанда, су айдындарының балық өнімділігін арттыруға, балық ресурстарын және басқа да су жануарларын сақтауға және олардың мекендеу әрі көбею жағдайларын жақсартуға бағытталған балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау.";
40 және 41-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"40. Балықтың жаппай қырылуына әкеп соқтырмай қоймайтын балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балықтың қырылу қатері туындаған және мұндай қатерді су объектілерінде ағымдағы балық шаруашылығы мелиорациясын жүргізу жолымен жою мүмкін болмаған жағдайларда аумақтық бөлімше жергілікті атқарушы органдар, ғылыми және қоғамдық ұйымдар, қоршаған орта және су ресурстары саласындағы уәкілетті орган өкілдерінен аумақтық бөлімше құрған Комиссияның шешіммен (бұдан әрі – комиссия) ғылыми ұсынымдары негізінде және ихтиологиялық байқаулар нәтижелері бойынша мелиоративтік балық аулауды ұйымдастырады.
41. Бекітілген су айдындарында және (немесе) учаскелерінде мелиоративтік аулауды аталған су айдындары бекітіліп берілген жануарлар дүниесін пайдаланушылар пайдалануға рұқсат етілген балық аулау құралдарымен жүргізеді.
Балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қордың қырылу қатерінің туындау фактісі анықталған кезде, комиссия мелиоративтік аулауды жүзеге асыратын балық шаруашылығы субъектісін айқындайды.
Мелиоративтік аулау жүргізуге ұсынылған резервтік қордың су айдынына және (немесе) учаскесіне жақын орналасқан су айдынында және (немесе) учаскесінде балық шаруашылығын жүргізуді жүзеге асыратын балық шаруашылығы субъектісіне артықшылық беріледі.
Ғылыми ұсыным бойынша мелиоративтік аулау ретінде жүзеге асырылатын жаппай аулау кезінде жібінің диаметрі 0,5 миллиметрден кем және ұяшықтарының мөлшері 100 миллиметрден кем (торының конструктивтік адымы 50 миллиметрден кем) синтетикалық нейлондық немесе өзге де полиамидті моножіптен және өзге де синтетикалық моножіптен машиналық тәсілмен немесе қолдан жасалған балық аулайтын, түйінді аудан басқа, кез келген аулау құралдары, оның ішінде тізбеге енгізілмеген аулау құралдары да, пайдаланылады.";
8-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"8-тарау. Өсімді молайту мақсатындағы аулау тәртібі".
"Балық ресурстары мен басқа да су жануарларының кәсіпшілік мөлшері" 1-қосымшасында":
"Арал-Сырдария бассейні үшін" бөлімінде:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Шардара су қоймасынан Қызылорда облысының әкімшілік шекарасына дейінгі Сырдария өзені, Түркістан облысы шегіндегі су айдындары және Келес, Арыс өзендері.
Кәсіпшілік балық мөлшері, см: сазан – 30, көксерке – 38, айнакөз – 18, патшабалық – 17, ақмарқа және қылышбалық – 31, ақ амур және дөңмаңдай – 45, жайын – 65";
2) "Балық шаруашылығын жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 18-05/290 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10946 болып тіркелген, 2015 жылғы 19 мамырда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған):
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Балық шаруашылығын жүргізу қағидаларында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3 Заңды және жеке тұлғаларға балық шаруашылығын жүргізу үшін:
1) жергілікті атқарушы органының балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру туралы шешімі;
2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің "Аңшылық, балық шаруашылықтарын жүргізуге арналған шарттардың үлгілік нысандарын бекіту туралы" 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 542 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18158 болып тіркелген) типтік нысан бойынша жергілікті атқарушы орган мен пайдаланушы арасында жасалатын балық шаруашылығын жүргізуге арналған шарт қажет.";
4-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) балықтардың және басқа да су жануарларының түрлік сан алуандығын сақтау, тауарлы балық өсіруге жүргізу үшін берілген су айдындарын қоспағанда, оларды пайдаланудың ғылыми ұсынымдарға негізделген режимін белгілеу;";
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Балық шаруашылығын жүргізудің бағыттарына:
1) кәсіпшілік балық аулау – балық ресурстарын және басқа да су жануарларын бір мезгілде көп мөлшерде аулауға мүмкіндік беретін және (немесе) су айдынының (кәсіпшілік аулау құралдарымен) бір бөлігін қамтитын, бөліп тұратын аулау құралдарымен мекендеу ортасынан балық ресурстарын және басқа да су жануарларын алып қоюды қамтамасыз ететін кешенді процесс;
2) әуесқойлық (спорттық) балық аулау – бір-бірлеп аулауға ғана (кәсіпшілік емес аулау құралдары) мүмкіндік беретін аулау құралдарымен жүзеге асырылатын, спорттық және эстетикалық қажеттіліктерді қанағаттандыру, спорттық жарыстарды өткізу мақсатында, сондай-ақ аулап алынған өнімді жеке тұтыну үшін балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау;
3) көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығы – табиғи және жасанды су айдындарында ихтиофаунаны толық немесе ішінара ауыстыру арқылы жартылай ерікті бақыланатын жағдайларда балықтар мен басқа да су жануарларын өсіру жөніндегі шаруашылық қызмет түрі;
4) тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы – табиғи және жасанды су айдындарында орналасқан және жартылай ерікті бақыланатын жағдайларда ұстауға мүмкіндік беретін арнаулы құрылғыларда (тор қоршамаларда) балықтар мен басқа да су жануарларын өсіру жөніндегі шаруашылық қызмет түрі.".
2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр | М. Мирзагалиев |