"Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 201 қаулысына толықтыру енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 269 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 14 қаңтарда № 19872 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 12 ақпандағы № 27 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 27 (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 2014 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8654 болып тіркелген, 2013 жылғы 2 қазанда "Заң газеті" газетінде № 148 (2349) жарияланған) мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидалары:

      мынадай мазмұндағы 16-тармақпен толықтырылсын:

      "16. Міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының талап етілмеген сомаларына жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ, сондай-ақ тегінде, атында, әкесінің атында және туған күнінде дұрыс деректемелер көрсетілмеген БЖЗҚ-дағы сәйкестендірілмеген салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы сомалар жатқызылады.

      БЖЗҚ осы Қағидалардың 16-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген салымшыларды (алушыларды) сәйкестендіруді мынадай тәртіппен жүзеге асырады:

      1) сәйкестендірілмеген салымшылардың (алушылардың) деректемелерін салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ ақпараттық жүйесіндегі деректемелерімен фонетикалық іздеу (айтылуы бойынша ұқсас), сондай-ақ тектерін, аттарын және әкелерінің аттарын қазақ және орыс тілдерінде жазған кезде транслитерация белгісін ескере отырып, салыстырып тексеру жүргізіледі;

      2) салымшылардың (алушылардың) деректемелерін (тегі, аты, әкесінің аты, туған күні) деректемелерін "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорымен, оның ішінде жеке сәйкестендіру нөмірінің бар-жоғына салыстырып тексеру жүргізіледі.

      Қате деректемелері бар салымшылар (алушылар) сәйкестендірілген жағдайда, БЖЗҚ оларды "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорына сәйкес келтіреді.".

      2. Банктік емес ұйымдарды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Е.А. Біртановқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады