Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Ақкөл аудандық мәслихатының 24.12.2020 № С 64-2 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 - бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Ақкөл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Ақкөл аудандық мәслихаттың "Ақкөл ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2018 жылғы 6 сәуірдегі № С 20-2 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6583 тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде 2018 жылғы 3 мамырда жарияланған) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Ақкөл ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:
2-тармақтың 8) тармақшасы жаңа редакцияда баяндалсын:
"8) учаскелік комиссия - әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген отбасылардың (азаматтардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;".
4-тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"4. Осы қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде уәкілетті орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсіндіріледі.".
7-тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"7. Әлеуметтік көмек көрсетілетін атаулы және мереке күндерінің тізілімдемесі:
1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні – 15 ақпан;
2) Жеңіс күні – 9 мамыр;
3) Қарттар күні – 1 қазан;
4) Мүгедектер күні – қазан айының екінші жексенбісі.".
8-тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"8. Әлеуметтік көмек алушылардың келесі санаттарына беріледі:
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне;
Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға;
Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға;
Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген тұлғалардың басқа да санаттарына;
барлық санаттағы мүгедектерге;
табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан отбасына (азаматқа) зиян келтірілген жағдайда әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын тұлғаларға (туберкулезбен, онкологиялық аурулармен және АИВ жұқтырылғандар);
ауылдық елді мекендерде тұратын аз қамтылған және көп балалы отбасылардың колледждерде ақы төлеу негізінде күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттерге;
жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда отбасыларға (азаматтарға);
аз қамтылған, көпбалалы және халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарынан (отбасылар) қатарынан, жоғарғы медициналық оқу мекемелерінде оқитын студенттерге;
Ауғанстанда қызметін өтеген, қайтыс болған интернационалист-жауынгерлер отбасыларына;
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға;
Ауғанстандағы ұрыс қимылдарының қатысушыларына;
көпбалалы аналарға және олардың 18 жасқа дейінгі балаларына;
табысы күнкөріс деңгейінен аспайтын көпбалалы отбасыларға.
Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;
2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан отбасына (азаматқа) не оның мүлкіне зиян келтіру;
3) әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
4) ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың бар болуы;
5) аз қамтылған және көп балалы отбасы.".
9-тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"9. Әлеуметтік көмек келесілерге көрсетіледі:
1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығару күніне:
Ауғанстандағы ұрыс қимылдарының қатысушыларына;
2) 9 мамыр - Жеңіс Күніне:
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне;
Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға;
Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға;
Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген тұлғалардың басқа да санаттарына;
3) Мүгедектер күніне:
барлық санаттағы мүгедектерге.
4) біржолғы көмек өмірлік қиын жағдайда отбасыларға (азаматтарға) үш айдан кешіктірмей өтініш берген отбасыларға, отбасы (азаматтың) кірісіне қарамастан:
табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан отбасына (азаматқа) зиян келтірілген жағдайда "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрлігі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті Ақкөл ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің анықтамасы негізінде, елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын тұлғаларға (туберкулезбен, онкологиялық аурулармен ауыратын және АИТВ жұқтырғандарға) денсаулық сақтау органдарында тіркеуде тұратыны туралы медициналық мекеменің дәлелдемесі негізінде жылына бір рет он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) ауылдық елді мекендерде тұратын аз қамтылған және көп балалы отбасылардың колледждерде ақы төлеу негізінде күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттеріне оқуын төлеуге арналған біржолғы көмек білім беру мекемесімен жасасқан келісім шарттың нотариалды куәландырылған көшірмесі, оқу орнынан берілген анықтаманың және көп балалы отбасы санатын растайтын анықтаманың немесе өтініш берушінің (отбасының) атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жататынын растайтын анықтама негізінде жылына бір рет оқу құнының 100 (жүз) пайыз мөлшерінде;
жоғарғы медициналық оқу мекемелерінде оқитын студенттерге оқуды аяқтағаннан кейін Ақкөл ауданында бес жыл мерзімінде жұмыспен өтеу есебімен. Төлем оқу орнымен нотариалды расталған келісім-шарттың көшірмесі, Ақкөл ауданының әкімі, студент және мемлекеттік медициналық мекемелер арасындағы жұмысқа орналастыру туралы келісім-шарт, оқу орнынан анықтама және облыстық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер есебінен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға өтініш берушінің (отбасының) тиесілігін растайтын анықтама негізінде жүргізіледі;
6) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға және Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген тұлғалардың басқа да санаттарына, тылда 1941 жылғы 22 маусымы мен 1945 жылғы 9 мамырына дейінгі мерзім ішінде белгіленген жұмыс өтілі 6 айдан кем емес еңбек еткен тұлғаларға және еңбек ардагерлеріне, "Ветеран труда" немесе "Еңбек ардагері" медальдарымен марапатталғаны туралы растау құжаттарының негізінде, үш жылда бір рет санаторлық-курорттық жолдама құнының 50 (елу) пайызы өтеледі;
7) коммуналдық қызмет шығындары өтініш берусіз уәкілетті ұйыммен ұсынылған тізімдерінің негізінде:
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне ай сайын 100 пайыз мөлшерінде:
сумен, газбен, жылумен, электр қуатымен қамтамасыз ету, канализация, қоқыстарды жою қызметтерін көрсеткендері үшін, телефон байланысы қызметтері үшін абоненттік төлемақылары үшін қызмет көрсетушілері берген тізілімдеріне сай алушының өтініші бойынша қызмет көрсетушілердің шотына немесе алушылардың шотына.
Әлеуметтік көмекті алушының қалауы бойынша көмірге жұмсалған шығындар жылу беру мерзімінде Ұлы Отан соғысы қатысушының немесе мүгедектің нақты тұрып жатқан жері бойынша тұрғын үйдің алып жатқан алаңына сай 1 шаршы метр алаңын жылытуға қажетті көмірдің шығынын есептегенде тұрғын үй ғимараттарының 1-2 қабатты құрылыстары үшін облыстық статистика басқармасының мәліметтері бойынша өткен тоқсандағы көмірдің орташаландырылған бағасы бойынша 161 кг мөлшерінде алушылардың жеке шотына немесе отынды сатып алғаны жөнінде ұсынылған түбіртектеріне сай өтеледі;
8) жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда отбасыларға (азаматтарға) жылына бір рет, он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде:
кәмелеттік жасқа толмаған балаларды жерлеуге қайтыс болған баланың қайтыс болуы туралы анықтамасының негізінде;
9) Ауғанстанда қызметін өтеген, қайтыс болған интернационалист-жауынгерлерді жерлеуге отбасыларына он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
10) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде табылған азаматтарға, заңнамада көрсетілген өмірлік қиын жағдай туындаған кезде он бес айлық есептік көрсеткіші мөлшерінде;
11) бірге тұратын, ортақ шаруашылықты жүргізетін, 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір жолғы көмек;
12) көпбалалы аналарға және олардың 18 жасқа дейінгі балаларына заттай түрінде тоқсан сайынғы көмек (тоқсанына 1 адамға 126 дана мөлшерінде жол жүру талондары).".
10-тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"10. Алушылардың жекелеген санаттары үшiн атаулы күндер мен мереке күндерiне әлеуметтiк көмектiң мөлшерi облыстық жергілікті атқарушы органның келiсiмi бойынша бiрыңғай мөлшерде белгiленедi.".
11-тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"11. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.".
12-тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"12. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе қала, ауыл, ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай:
1) жеке басын куәландыратын құжатты;
2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
3) бекітілген нысанға сәйкес отбасының (азаматтың) құрамы туралы мәліметтерді;
4) отбасы мүшелерінің (азаматтың) табыстары туралы мәліметтерді;
5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.".
14-тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"14. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе қала, ауыл, ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын отбасының (азаматтың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.".
15-тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"15. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген, әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларының 2, 3-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша отбасының (азаматтың) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, отбасының (азаматтың) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.
Қала, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.".
18-тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"18. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе қала, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.".
20-тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"20. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Осы қағидалардың 15 және 16-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе қала, ауыл, ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.".
2. Осы шешім Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Ақкөл аудандық мәслихат сессиясының төрағасы |
А.Моор |
Ақкөл аудандық мәслихат хатшысы |
Ж.Салыбекова |
КЕЛІСІЛДІ
Ақкөл ауданының әкімі |