"Жарқайың ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Жарқайың аудандық мәслихатының 2018 жылғы 26 наурыздағы № 6С-20/4 шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Ақмола облысы Жарқайың аудандық мәслихатының 2019 жылғы 17 қазандағы № 6С-43/2 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2019 жылғы 18 қазанда № 7425 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақмола облысы Жарқайың аудандық мәслихатының 2020 жылғы 16 сәуірдегі № 6С-52/3 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Жарқайың аудандық мәслихатының 16.04.2020 № 6С-52/3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларына сәйкес, Жарқайың аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Жарқайың аудандық мәслихатының "Жарқайың ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2018 жылғы 26 наурыздағы № 6С-20/4 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6559 тіркелген, 2018 жылғы 25 сәуірде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде жарияланған) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Жарқайың ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларындағы:

      "2. Санаттар тізбесі және әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері" саны және сөздері "2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі" санымен және сөздерімен ауыстырылсын;

      2 тармақтың 8) тармақшасы жаңа редакцияда баяндалсын:

      "8) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - уәкілетті ұйым) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;";

      2 тармақтың 9) тармақшасы жаңа редакцияда баяндалсын:

      "9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік – аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;";

      3 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "3. Осы қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай – ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.";

      5 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.";

      6 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 9 мамыр - Жеңіс күні;

      3) 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні;

      4) 1 қазан - Қарттар күні;

      5) қазанның екінші жексенбісі - Мүгедектер күні.";

      8 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "8. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының келесі тізбесі айқындалсын:

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне;

      жеңілдіктер мен кепілдіктер жөнінен Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдарға;

      жеңілдіктер мен кепілдіктер жөнінен Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдардың өзге де санаттарына;

      ең төмен және төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушыларға;

      1, 2, 3-топтағы мүгедектерге, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға, соның ішінде ата-анасының (заңды өкілдерінің) біреуіне;

      әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын адамдарға (туберкулезбен, онкологиялық аурулармен, адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышымен);

      табиғи апат немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға);

      аз қамтылған азаматтарға (отбасыларға);

      жетім-балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектері бар отбасылар, аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасылардан шыққан студенттерге;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға;

      пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға;

      бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға;

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға.

      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіздеме болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи апат немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) ең төмен күн көріс деңгейіне бір еселік қатынас шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың бар болуы.";

      9 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "9. Әлеуметтік көмек белгіленеді:

      Ақмола облысының жергілікті атқарушы органымен келісім бойынша атаулы күндер мен мереке күндеріне бір рет бірыңғай мөлшерде:

      Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне:

      Ауғанстан Демократиялық Республикасының аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар қатарындағы адамдарға;

      Жеңіс Күніне:

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне;

      жеңілдіктер мен кепілдіктер жөнінен Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдарға;

      жеңілдіктер мен кепілдіктер жөнінен Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдардың өзге де санаттарына;

      Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға;

      Қарттар күніне:

      ең төмен және төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушыларға;

      Мүгедектер күніне:

      1, 2, 3-топтағы мүгедектерге, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға, соның ішінде ата-анасының (заңды өкілдерінің) біреуіне.";

      14 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "14. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.";

      15 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе қала, ауыл, ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;

      3) Үлгілік қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;

      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;

      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.";

      17 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "17. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе қала, ауыл, ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.";

      18 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "18. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидалардың 2, 3 қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе қала, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Қала, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.";

      21 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "21. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе қала, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.";

      23 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:

      "23. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы қағидалардың 19 және 20-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе қала, ауыл, ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.".

      2. Осы шешім Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихат
сессиясының төрағасы
А.Жүнүсов
      Аудандық мәслихаттың
хатшысы
Ұ.Ахметова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Жарқайың ауданының әкімдігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады