Алматы облысы бойынша жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облыстық мәслихатының 2019 жылғы 28 тамыздағы № 52-269 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2019 жылы 11 қыркүйекте № 5229 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы облыстық мәслихатының 2024 жылғы 26 сәуірдегі № 20-96 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облыстық мәслихатының 26.04.2024 № 20-96 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-8 тармағына сәйкес, "Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2019 жылғы 31 мамырдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің № 48 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18771 тіркелген) бұйрығына сәйкес, Алматы облыстық маслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Алматы облысы бойынша жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Алматы облыстық мәслихатының "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту мәселелері жөніндегі" тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы облыстық мәслихаты сессияның төрағасы,
      Алматы облыстық мәслихатының хатшысы С.Дүйсембінов

  Алматы облыстық мәслихатының 2019 жылғы "____"___________ № _____ шешіміне қосымша

Алматы облысы бойынша жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Алматы облысы бойынша жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2019 жылғы 31 мамырдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің № 48 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18771 тіркелген) бұйрығы негізінде әзірленді және Алматы облысы бойынша жерлеу және қабірлерді қарап-күту ісін ұйымдастыру тәртібін анықтайды.

      Қабірлерді күтіп-ұстауға және пайдалануға, мәйіттерді жерлеуді және қайта жерлеуді ұйымдастыруға, сондай-ақ жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы № 138 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10646 болып тіркелген) бекітілген "Зираттарға және жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларымен айқындалады.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) көму (жерлеу) – санитариялық, табиғатты қорғау, қала құрылысы және өзге де қағидалар мен нормаларға қайшы келмейтін, марқұмның тілегіне, діни сеніміне, әдет-ғұрыптарға және салт-дәстүрлерге сәйкес қайтыс болған адамның денесін (сүйегін) жерге (қабірге, табытқа) жерлеу немесе сүйегі (күлі) бар урнаны қабірге, лақатқа жерлеу арқылы отқа жағу (кремациялау) бойынша әдет-ғұрып әрекеттері;

      2) қабір – қайтыс болған адамды немесе оның сүйегін жерлеу орыны;

      3) зират – қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін жерлеу үшін арнайы бөлінген аумақ;

      4) зират әкімшілігі – зират ұстау және пайдалану жөніндегі ұйымдастырушылық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      5) қайтыс болу фактісін тіркейтін органдар – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын аудан және қалалардың жергілікті атқарушы органдары.

2-тарау. Жерлеудің және қабірлерді қарап-күту ісін ұйымдастырудың тәртібі

      3. Жерлеу үшін орын бөлу тәртібі:

      Жергілікті атқарушы органдар зират орналасқан және оларға арналған ортақ пайдаланудағы жерден елдi мекеннiң қайтыс болған әрбiр тұрғынын немесе осы елдi мекенде қайтыс болған тұрғылықты жерi белгiсiз адамды жерлеу үшiн кемiнде алты шаршы метр жер учаскесiн тегiн бөледi.

      Зират аумағы қабірлерге арналған қатарларға бөлінетін және автомобиль көлігіне арналған өтпе жолдармен және зират учаскелеріне өтетін жолдармен жайластырылатын учаскелерден тұрады.

      4. Қайтыс болғандарды жерлеу тәртібі:

      Жерлеу зират әкімшілігіне қайтыс болу фактісін тіркейтін органдар берген қайтыс болу туралы куәлік ұсынылғаннан кейін зират аумағында жүргізіледі.

      Әрбір жерлеу зират әкімшілігі жүргізетін, мынадай мәліметтерді:

      жерлеу жылын, айын, күнін;

      қабірдің нөмірін;

      қайтыс болған адамның тегін, атын, әкесінің атын (бар болған жағдайда);

      туған және қайтыс болған күнін;

      қайтыс болу себебін;

      қайтыс болу туралы куәліктің нөмірін, күнін және кім бергенін;

      марқұмның жақын туыстарының тегін, атын, әкесінің атын (бар болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірін (бар болған жағдайда), жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күнін және нөмірін, мекенжайын, туыстары болмаған жағдайда, жерлеуді жүргізген адамның мекенжайын не жерлеуді жүргізген ұйымның атауын, бизнес-сәйкестендіру нөмірін, мекенжайын қамтитын кітапта тіркеледі.

      Жақын туыстарының тілегі бойынша қайтыс болған адамды (сүйегін) бұрын қайтыс болған жақын туысының жанында жерлеу көрсетілген жерде бос жер учаскесі немесе бұрын қайтыс болған жақын туысының қабірі болған кезде қамтамасыз етіледі.

      Табылған қайтыс болғандар денелерін (қайтыс болғандар денелерінің жеке бөліктерін), суға кеткендерді, үйлерінен тыс жерлерде кенеттен қайтыс болғандарды, сот-медициналық зерттеуден кейін мәйітханада тұрғандарды жерлеу оны ұйымдастыруды өзіне ала алатын туыстары немесе адамдар мен мекемелер болмаған жағдайда қайтыс болу фактісі тіркелгеннен кейін жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.

      Жерлеу туыссыз адамдарды жерлеуге арналған жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

      Мына:

      зират немесе оның учаскесін мерзімінен бұрын жою;

      сүйектерді республиканың басқа жерлеріне немесе одан тыс жерлерге қайта жерлеу үшін жекелеген қабірлерден тасымалдау кезіндегі жағдайларды қоспағанда, сүйектерді жұмыс істеп тұрған және жабық зираттардан қайта жерлеуге рұқсат етілмейді.

      Эксгумация 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексте көзделген тәртіппен жүргізіледі.

      5. Қабірлерді жобалау және салу:

      қабірлердің учаскелері арасындағы қашықтық ұзын жақтары бойынша кемінде 1 метрді, ал қысқа жақтары бойынша кемінде 0,5 метрді құрайды;

      қабірдің тереңдігі топырақтың сипатына және топырақ асты суларының деңгейіне байланысты белгіленеді және жер бетінен табыттың қақпағына (бар болған жағдайда) дейін кемінде 1,5 метрді құрайды. Барлық жағдайларда қабірге арналған белгі жер асты суларының деңгейінен 0,5 метрге жоғары болады;

      аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болғандар үшін қабірдің тереңдігі 2 метр деңгейінде белгіленеді, бұл ретте түбіне кемінде 10 см қабатпен хлорлы әк салынады;

      әрбір қабірдің жер бетінен 0,5 метрге биік үймесі (бұдан әрі – қабір үсті төмпешігі) болады. Қабір үсті төмпешігі қабірді атмосфера суларынан қорғау үшін оның шеттерін жауып тұруы тиіс.

      6. Жерлеу орындарын абаттандыру және оларды күтіп-ұстау:

      Жерлеуге бөлінген учаске шекарасында:

      табиғи тастан немесе бетоннан жасалған қабір үсті ескерткіштері мен құрылыстар, гүлзарлар мен орындықтар орнатуға;

      қабір басында гүл, кейіннен қырқылып отырылатын сәндік бұтадан қоршау отырғызуға рұқсат етіледі.

      Қабірлерді одан әрі күтіп ұстауды жақын туыстары тиісті тәртіппен қамтамасыз етеді.

      Ескерткіштер мен құрылыстарды орналастыруға, үстелдерді, орындықтарды және құрылыстарды жерлеу учаскесінен тыс жерлерде орнатуға жол берілмейді.

      Зираттар аумағын (өтпе жолдарды, соқпақтарды, гүлбақтарды, көгалдарды, кәріздік, электрлік және су құбыры желілерін және құрылыстар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті тәртіппен жергілікті атқарушы органдар күтіп ұстайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады