Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 28.03.2024 № 14/112 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 678 "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" қаулысына, сондай-ақ Маңғыстау облысының әділет департаментінің 2019 жылғы 1 қазандағы № 10-11-1650 ақпараттық хатының негізінде, Жаңаөзен қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫҚ:
1. "Жаңаөзен қаласында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы" Жаңаөзен қалалық мәслихатының 2015 жылғы 30 наурыздағы № 37/304 шешіміне (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 2699 болып тіркелген, 2015 жылғы 18 мамырда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) келесідей өзгерістер енгізілсін:
Жаңаөзен қаласында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету қағидасында:
1) тармақша жаңа редакцияда жазылсын:
"1) шекті жол берілетін шығыстар үлесі - телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;";
5) тармақша жаңа редакцияда жазылсын:
"5) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар – кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалатын, жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар түріндегі үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері шығыстарының міндетті сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін күрделі жөндеуге жинақталатын ақша;";
7) тармақша жаңа редакцияда жазылсын:
"7) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;";
2 тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"2. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен Жаңаөзен қаласы, Рахат, Тенге, Қызылсай ауылдарында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;
2) тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;
3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.
Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.
Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтiп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға арналған шығыстарға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлеген шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.";
3 тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"3. Тұрғын үй көмегі аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасына сәйкес жеткiзушiлер ұсынған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу шоттары мен ай сайынғы жарналардың шоттары бойынша бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi өкiлдi органдары тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерiн және тәртiбiн айқындайды.";
7 тармақтың 9) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
"9) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналар туралы шоттар;".
2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Жаңаөзен қалалық мәслихатының білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, экология, қоғамдық қауіпсіздік және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін (комиссия төрағасы М. Сарыев).
3. "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (аппарат басшысы А. Ермуханов) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, оның Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкі мен бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы | Н. Самаликова |
Жаңаөзен қалалық мәслихатының хатшысы | С. Мыңбай |