Ескерту. Күші жойылды - Түркістан облыстық мәслихатының 30.09.2024 № 12/169-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 9-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, Түркістан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫҚ:
1. Ауылдық жерге жұмысқа жiберiлген медицина және фармацевтика қызметкерлерiн әлеуметтiк қолдау шараларының мынадай жүйесi айқындалсын:
1) ауылдық жерге жіберілетін медицина және фармацевтика қызметкерлерiне (бұдан әрі – қызметкерлер) 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге көлемінде әлеуметтік қолдау белгіленсін;
2) қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету (бұдан әрі - әлеуметтік қолдау) ауылдық жерге кемінде бес жыл мерзімге жіберілетін қызметкерлерге жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын, әлеуметтік кепілдік ретіндегі бір жолғы қолдау болып табылады деп белгіленсін;
3) әлеуметтік қолдауды төлеу қалалар мен аудандардың бюджеттеріне бөлінген облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болып айқындалсын.
2. Ауылдық жерге жұмысқа жiберiлген медицина және фармацевтика қызметкерлерiне әлеуметтiк қолдау көрсетудiң тәртiбi осы шешiмiнiң қосымшасына сәйкес айқындалсын.
3. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 23 қазандағы № 15/192-VI "Оңтүстiк Қазақстан облысының ауылдық жерiне жұмысқа жiберiлген медицина және фармацевтика қызметкерлерiн әлеуметтiк қолдау шараларының жүйесi туралы" шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 4259-нөмірмен тіркелген, 2017 жылғы 18 қарашада "Оңтүстік Қазақстан" газетінде және 2017 жылғы 20 қарашада Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыстық мәслихат | |
сессиясының төрағасы | Н. Әбішов |
Облыстық мәслихат хатшысы | Қ. Балабиев |
Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 5 сәуірдегі № 37/391-VI шешіміне қосымша |
Түркістан облысының ауылдық жеріне жұмысқа жiберiлген медицина және фармацевтика қызметкерлерiне әлеуметтiк қолдау көрсету тәртiбi
Осы тәртіп "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының негізінде әзірленді және ауылдық жерге жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету шараларын қабылдау шеңберінде, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қаржыландыру мен төлем жасау шарттары мен тәртібін айқындайды.
1. Негiзгi ұғымдар
1) әлеуметтiк қолдау көрсету жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы;
2) жұмыс берушi - медицина (фармацевтика) қызметкерiмен жеке еңбек шартын жасасқан тиісті бюджеттен қаржыландырылатын денсаулық сақтау ұйымы;
3) ауылдық жерге жұмысқа жіберілген медицина қызметкерлері (бұдан әрі-қызметкерлер) – кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын, ауылдық жерге уәкілетті орган жұмысқа жіберген жеке тұлғалар;
4) ауылдық жерге жұмысқа жіберілген фармацевтика қызметкерлері (бұдан әрі-қызметкерлер) – фармацевтикалық білімі бар және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын, ауылдық жерге уәкілетті орган жұмысқа жіберген жеке тұлғалар.
2. Жалпы ережелер
1. Жұмыс берушiмен жеке еңбек шарты жасалған күннен бастап алғашқы бес жыл iшiнде еңбек мiндеттерiн орындап жүрген қызметкер әлеуметтiк көмек алу құқығына ие болады.
Осы бес жылдық мезгiлде қызметкердiң бала күтуге байланысты еңбек ақысы сақталмайтын демалыста болған уақытысы, сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақпен куәландырылған екi айдан аса еңбекке жарамсыздық кезеңi кiрмейдi.
2. Облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда, сондай-ақ олардың әкiмшiлiк бағыныстылығының аумағында орналасқан кенттерде тұратын және жұмыс iстейтiн медицина және фармацевтика қызметкерлерiне әлеуметтiк қолдау көрсетiлмейдi.
3. Қызметкерге әлеуметтiк қолдау көрсету облыстық бюджеттiң қаражаты есебiнен iске асырылады.
3. Әлеуметтiк қолдау шараларын қабылдау тәртiбi
4. Уәкiлеттi орган денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлық қамтамасыз ету мақсатында:
1) ауылдық жерлер үшiн жекелеген мамандықтар бойынша медицина және фармацевтика кадрларына деген сұранысқа жыл сайын талдау жасайды;
2) медицина және фармацевтика қызметкерiнiң өтiнiштерiн, олардың бiлiктiлiгiн, жұмыс орны бойынша тұрғын үйге деген мұқтаждығын растайтын құжаттарын қабылдайды;
3) әлеуметтiк қолдауға мұқтаж қызметкерлердiң тiзiмiн жасайды;
4) ауылдық жерге жұмысқа жiберiлген қызметкерлерге әлеуметтiк қолдау көрсету мәселелерi бойынша түсiндiру жұмыстарын жүргiзедi.
5. Уәкiлеттi органның жолдамасымен, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексiнiң талаптарына сәйкес жұмыс берушi қызметкермен еңбек шартын жасайды.
6. Уәкiлеттi орган өндiрiстiк қажеттiлiкке байланысты қызметкердi ауылдық жердегi бiр медицина ұйымынан басқа ауылдық жердегi медициналық ұйымына ауыстыру туралы шешiм қабылдаған жағдайда, қызметкердiң әлеуметтiк көмек алу құқығы сақталады.
7. Еңбек шарты мерзiмiнен бұрын бұзылған жағдайда уәкiлеттi орган алдын жіберілген қаржыны қайтаруға шаралар қабылдау құқығы бар. Бұл ретте жұмыс беруші қаржы ұйымына жазбаша өтініш беру жолымен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларымен белгiленген тәртiппен қаржы ұйымындағы қызметкердiң есеп шотына бұрын аударылған бюджет қаржысын облыстық бюджеттiң кiрiсiне қайтару бойынша шаралар қолданады.
8. Қызметкердiң тарапынан мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс беруші, қызметкер және қаржы ұйымы арасында шарт жасалады, онда қызметкердiң қаржы ұйымындағы есеп шотына бұрын аударылған бюджет қаржысын облыс бюджетiнiң кiрiсiне қайтару механизмi қарастырылады.
9. Жұмыс берушi қызметкердiң әлеуметтiк көмек алу құқығынан айырылған уақыттан бастап 10 күннен кешiктiрмей (жұмысшымен еңбек шартын бұзу) уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
4. Әлеуметтiк қолдау шеңберiнде қаржыландыру және төлеу тәртiбi
10. Уәкiлеттi орган әлеуметтiк қолдау көрсету ретінде Түкістан облысының ауылдық жерге жұмысқа жiберiлген медицина және фармацевтика қызметкерлерiне 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың ) теңге көлемінде қаржыландыруды iске асырады.
11. Осы Тәртiптiң орындалуын бақылауды уәкiлеттi орган iске асырады.