Көкпекті аудандық мәслихатының 2014 жылғы 27 мамырдағы № 24-4/2 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 2019 жылғы 25 қазандағы № 40-5/2 шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2019 жылғы 25 қарашада № 6302 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 шілдедегі № 48-5/3 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 03.07.2020 № 48-5/3 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      ЗҚАИ-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңының 50 бабының 2 тармағына сәйкес, Көкпекті аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Көкпекті аудандық мәслихатының 2014 жылғы 27 мамырдағы № 24-4/2 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 3372 нөрімен тіркелген, 2014 жылғы 22 маусымдағы "Жұлдыз", 2014 жылғы 29 маусымдағы "Новая жизнь" газеттерінде жарияланған) шешіміне келесі өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес келесі редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы С. Жотабаев
      Аудандық мәслихат хатшысы Т. Сарманов

  Көкпекті
аудандық мәслихатының
2019 жылғы 25 қазандағы
№ 40-5/2 шешіміне қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабы 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуiрдегі "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 29 желтоқсандағы "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) Қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасында пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Көкпекті ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – Шығыс Қазақстан облысының статистикалық органдары есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесi;

      6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган- жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Көкпекті ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Көкпекті ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшiн әлеуметтiк көмек ретiнде Көкпекті ауданының жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрi – алушылар) өмiрлiк қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндерiне ақшалай нысанда көрсететiн көмек түсiнiледi.

      4. Осы Қағидалар Көкпекті ауданы аумағында тіркелген тұлғаларға таралады.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен бекітілетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

      7. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдерін Көкпекті ауданының әкімдігі белгілейді және Көкпекті аудандық мәслихатының шешімімен бекітіледі.

      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) Көкпекті аудандық мәслихатымен ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгіленген шектен аспайтын, жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау, әлеуметтік көмектің мөлшерлерін және жан басына шаққандағы орташа табыстың шегін белгілеу тәртібі

      7-1. Әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесі:

      1) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      2) қадағалаусыз қалған, оның ішінде девианттық мінез-құлықты кәмелетке толмағандар;

      2-1) арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында жүрген кәмелетке толмағандар;

      3) туғаннан үш жасқа дейінгі бастапқы психофизикалық дамуы мүмкіндіктері шектелген балалар;

      4) дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктерімен байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы бар адамдар;

      5) әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігі шектелген адамдар;

      6) жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмайтын адамдар;

      7) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соқтырған қатыгездікке ұшыраған адамдар;

      8) баспанасыздар (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);

      9) бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдар;

      10) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар;

      11) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан зиян алған адамдар;

      12) белгіленген шектен аспайтын өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы бар адамдар (отбасылар).

      8. Жан басына шаққандағы орташа табыстың шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселік мөлшерінде белгіленсін.

      9. Әрбiр жекелеген жағдайда көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мөлшерiн арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындыда көрсетедi. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 70 (жетпіс) айлық есептік көрсеткішті құрайды.

      9-1. Туберкулездің белсенді формаларымен ауыратын және амбулаториялық емделуде болатын азаматтарға айына 6 (алты) айлық төменгі көрсеткіш мөлшерінде кірістер есебінсіз әлеуметтік көмек көрсетіледі.

      10. Атаулы күндер мен мереке күндеріне бір реттік әлеуметтік көмек азаматтардың мынадай санаттарына көрсетіледі:

      1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні - 15 ақпан:

      басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс әрекеттеріне қатысушылар, атап айтқанда:

      бұрынғы КСР Одағы үкiмет органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан - Кеңес Армиясының, Әскери - Теңiз флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң қатардағы және басқарушы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса есептегенде); жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер; ұрыс қимылдары жүрiп жатқан осы елге жүк жеткiзу үшiн Ауғанстанға жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi; бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмаларды орындау үшiн ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшiлерi; Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яки ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге- 35 айлық есептік көрсеткіш;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезiнде, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа уақытта орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде әскери мiндетiн өтеу кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлерге -35 айлық есептік көрсеткіш;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезеңiнде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасына - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      2) Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқасымен, І мен ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көп балалы аналарға – 5 айлық есептік көрсеткіш;

      төрт және одан аса бірге тұратын кәмелетке толмаған, соның ішінде жалпы білім беретін орта мектептерде, күндізгі оқыту нысанында жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында оқитын, кәмелетке толғаннан кейін – оқу орындарын аяқтаған мерзімге дейін, бірақ 23 жастан аспайтын жасқа дейінгі балалары бар көп балалы отбасыларға – 5 айлық есептік көрсеткіш;

      3) Халықаралық радиациялық авариялар мен апаттар құрбандарын еске алу күні – 26 сәуір:

      1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдарға – 35 айлық есептік көрсеткіш;

      Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдар, сондай-ақ ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуы себебiнен генетикалық жағынан мүгедек болып қалған олардың балаларына – 25 айлық есептік көрсеткіш;

      Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына -35 айлық есептік көрсеткіш;

      1988-1989 жылдардағы Чернобыль АЭС-iндегi апаттың зардаптарын жоюға қатысқандарға - 35 айлық есептік көрсеткіш;

      4) Жеңіс күні – 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына – 215 айлық есептік көрсеткіш;

      қайталап некеге отырмаған Ұлы Отан соғысы уақытында қаза тапқан әскери қызметшілердің зайыптарына – 35 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдерімен наградталғандарға – 5 айлық есептік көрсеткіш.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      11. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Көкпекті ауданының әкімдігі бекітетін тізімдер бойынша көрсетіледі.

      12. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне өтінішке қоса Үлгілік қағидаларының 13 тармағына сәйкес құжаттарды ұсынады.

      Табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан өмiрлiк қиын жағдайға түскен адамдар (отбасылар) өтінішті оқиға болған күннен бастап үш ай ішінде береді.

      13. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      14. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      15. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларының 2, 3 қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      16. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсету үшін ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.

      17. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.

      18. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      19. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсетудің қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.

      20. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету, не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 16 және 17 тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету, не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      21. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда – негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.

      22. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтiнiш берушiлер ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;

      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтiк көмек көрсету үшiн белгiлеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      23. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру жергілікті бюджетте көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      24. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болғанда;

      2) алушы Көкпекті ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      25. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      26. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі және есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады