Шемонаиха ауданы бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің жекелеген санаттарын тегін тамақтандыруды ұйымдастыру туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 11 желтоқсандағы № 369 қаулысы. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2019 жылғы 19 желтоқсанда № 6411 болып тіркелді. Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы әкімдігінің 2021 жылғы 23 ақпандағы № 48 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы әкімдігінің 23.02.2021 № 48 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      ЗҚАИ-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 04 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі "Білім туралы" Заңының 6-бабы 4-тармағының 14) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 "Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Шемонаиха ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің келесі санаттарын тегін тамақтандыру ұйымдастырылсын:

      1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

      2) даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға, мүгедек балаларға;

      3) көп балалы отбасылардың балаларына;

      4) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға.

      2. Тегін тамақтандыру мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне мынадай растайтын құжаттарды ұсынған кезде ұйымдастырылады:

      1) ата-анасының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың еркін нысандағы жазбаша өтініші;

      2) жетім балалар мен ата – анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасыларда тәрбиеленетін балалар үшін қамқорлықты (қорғаншылықты) және патронаттық тәрбиені бекіту туралы анықтаманың көшірмесі;

      3) мүгедек балаларға мүгедектігі туралы анықтама немесе даму мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның медициналық қорытындысының көшірмесі;

      4) көп балалы отбасылардың балалары үшін туу туралы куәлігінің көшірмесі;

      5) (мемлекеттік) атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар үшін өтініш берушінің (отбасының) "Шемонаиха ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі ұсынатын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушыларға жататынын растайтын анықтама;

      6) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар үшін алынған табысы туралы анықтама (жұмыс істейтін ата–аналарының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың жалақысы, кәсіпкерлік қызметтен және басқа қызмет түрлерінен түсетін кірісі, балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түріндегі кірістер). Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар үшін мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиелену кезеңінде тегін тамақтану құқығы жыл сайын осы қаулының 2-тармағының 5) және 6) тармақшаларына сәйкес құжаттарды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына ұсыну арқылы расталуы тиіс.

      Ауданның мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тегін тамақтандыруды ұйымдастыруды қаржыландыру шығындары, тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.

      3. "Шемонаиха ауданының білім беру бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулының аумақтық әділет органында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің Шемонаиха ауданы аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жолданылуын;

      3) ресми жарияланғанынан кейін осы қаулының Шемонаиха ауданы әкімінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау жасау аудан әкімінің орынбасары В. В. Лисинаға жүктелсін.

      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 2019 жылғы 01 қыркүйектен бастап баратын тәрбиеленушілерге қолданылады.

      Шемонаиха ауданының әкімі Г. Акулов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады