Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 108 қаулысы. Батыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2019 жылғы 3 маусымда № 5694 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңдарына сәйкес аудан әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Аудан әкімі аппаратының басшысы (Е.Умитов) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, оның Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде және бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Т.Шиниязовқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      "КЕЛІСІЛДІ"
"Ақжайық ауданының экономика және
қаржы бөлімі" мемлекеттік
мекемесінің басшысы
________________Б.Давлетов
31 мамыр 2019 жыл

      "КЕЛІСІЛДІ"
"Ақжайық ауданының ветеринария
бөлімі" мемлекеттік
мекемесінің басшысы
________________М.Нуралиев
31 мамыр 2019 жыл

  Ақжайық ауданы әкiмдiгiнiң
2019 жылғы 31 мамырдағы
№ 108 қаулысымен
бекітілген

Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану қағидалары (әрі қарай-қағидалар) Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексіне, 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" заңына сәйкес әзірленді және коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес, тұлға өзінің бағуындағы қараусыз қалған жануарларды меншігіне алудан бас тартқан кезде, олар аудандық коммуналдық меншікке түседі және осы қағидалармен айқындалған тәртіпте пайдаланылады.

2. Қараусыз қалған жануарлардың аудандық коммуналдық меншікке келіп түсуі

      3. Қараусыз қалған жануарлардың аудандық коммуналдық меншікке келіп түсуі қабылдау-беру актісі негізінде жүзеге асырылады. Қабылдау-беру актісі қараусыз қалған жануарларды берген тұлғаның, тиісті ауыл, ауылдық округ әкімінің (бұдан әрі-әкім), "Ақжайық ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің және "Ақжайық ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі –экономика және қаржы бөлімі) жауапты қызметкерлерінің қатысуымен жасалады. Қабылдау-беру актісі экономика және қаржы бөлімінің басшысымен немесе оны алмастыратын лауазымды тұлғамен бекітіледі.

      Қабылдау-беру актісінде міндетті түрде қараусыз қалған жануарлардың жасы, тұқымы, түсі, жынысы, жай-күйі және саулығы көрсетілуі тиіс.

3. Қараусыз қалған жануарларды бағалау, есепке алу және бекітіп беру

      4. Аудандық коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды одан әрі пайдалану үшін оларды аудандық коммуналдық мүліктер тізбесіне енгізу және бағалау (қайта бағалау) жүргізіледі. Тізбеге енгізу және бағалау (қайта бағалау) жөніндегі жұмыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте экономика және қаржы бөлімі жүзеге асырады.

      5. Бағалау жүзеге асырылғаннан кейін қараусыз қалған жануарлар аудан әкімдігінің қаулысы негізінде тиісті әкімдердің аппараттарының теңгеріміне бекітіліп беріледі. Теңгерімге алу Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгілеген тәртіпте қабылдау-беру актісі негізінде жүзеге асырылады.

4. Қараусыз қалған жануарларды одан әрі пайдалану

      6. Аудандық коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарлар мынадай тәсілдердің біреуімен пайдаланылады:

      1) қосалқы шаруашылығы бар мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміне өтеусіз беру;

      2) аукцион арқылы сату;

      3) сауда ұйымдары арқылы сату;

      4) жануарларды (ауыл шаруашылығы жануарлары мен үй құстарын қоспағанда) қорғайтын арнайы орындарға өтеусіз беру.

      7. Аудандық коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды одан әрі пайдалану тәсілі әрбір нақты жағдайда аудан әкімдігінің қаулысымен құрылған комиссиямен (бұдан әрі–комиссия) шешіледі. Комиссия шешімі хаттамамен рәсімделеді.

5. Қараусыз қалған жануарларды бұрынғы меншік иесіне қайтару

      8. Жануарлар аудандық коммуналдық меншікке өткеннен кейін олардың бұрынғы меншік иесі келген жағдайда, осы жануарлардың бұрынғы меншік иесіне үйірсектігі сақталғанын немесе жаңа меншік иесінің оларға қатал не өзгедей мейірімсіз қарағанын дәлелдейтін мән-жайлар болған кезде – ол тиісті жергілікті атқарушы органмен келісім бойынша айқындалатын шарттармен, ал келісімге қол жеткізілмеген кезде сот тәртібімен оларды өзіне қайтарып беруді талап етуге құқылы.

      9. Жануарларды қайтару бұрынғы меншік иесінің оларды күтімге алуға байланысты шығыстарды жергілікті бюджет кірісіне өтегеннен кейін жүзеге асырылады.

      10. Қараусыз қалған жануарлар бұрынғы меншік иесінен оларды қайтару туралы өтініш түскенге дейін сатылған немесе басқа меншік иесіне өтеусіз берілген жағдайда, оларды сатудан түскен түсім немесе олардың құны бұрынғы меншік иесіне жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Бұл кезде қараусыз қалған жануарларды бағумен байланысты шығынның көлемі шегеріледі.

      11. Қараусыз қалған жануарларды қайтару немесе олардың құнын өтеу бұрынғы меншік иесімен және экономика және қаржы бөлімімен арада жасалатын шартпен рәсімделеді.

6. Қорытынды ережелер

      12. Қараусыз қалған жануарларды сатудан түскен қаражат Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте толығымен жергілікті бюджет кірісіне есептеледі.

      13. Қараусыз қалған жануарларды есепке алу, бағалау, сату және өтеусіз беру бойынша шығындар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады