"Мемлекеттік статистика органдарының статистикалық әдіснаманы әзірлеуге және қалыптастыруға қатысу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының 2010 жылғы 9 шілдедегі № 172 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Төрағасының 2020 жылғы 12 ақпандағы № 22 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 13 ақпанда № 20032 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:
      1. "Мемлекеттік статистика органдарының статистикалық әдіснаманы әзірлеуге және қалыптастыруға қатысу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының 2010 жылғы 9 шілдедегі № 172 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6458 болып тіркелген, 2010 жылғы 9 қарашадағы № 461-468 (26311) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтін өзгермейді:
      "Мемлекеттік статистика органдарының статистикалық әдіснаманы әзірлеуге және қалыптастыруға қатысу қағидаларын бекіту туралы";
      көрсетілген бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
      "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 13-бабы 2) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 17-тармағының 266-54) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
      көрсетілген бұйрықтың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтін өзгермейді:
      "1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік статистика органдарының статистикалық әдіснаманы әзірлеуге және қалыптастыруға қатысу қағидалары бекітілсін.";
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік статистика органдарының статистикалық әдіснаманы әзірлеуге және қалыптастыруға қатысу ережесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Статистикалық қызметті жоспарлау басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Статистикалық қызметті жоспарлау басқармасы осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық органдарына жұмыс бабында басшылыққа алу үшін жеткізсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Төраға Н. Айдапкелов

      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасы Ауыл
      шаруашылығы министрлігі
     
      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасы Еңбек
      және халықты әлеуметтік
      қорғау министрлігі
     
      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасы Индустрия
      және инфрақұрылымдық даму министрлігі
     
      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрлігі
     
      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасы Мәдениет
      және спорт министрлігі
     
      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық Банкі
     
      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасы Экология,
      геология және табиғи ресурстар министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитеті
Төрағасының
2020 жылғы 12 ақпандағы № 22
бұйрығына қосымша
  Қазақстан Республикасы
Статистика агенттігі
төрағасының
2010 жылғы 9 шілдедегі №172
бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік статистика органдарының статистикалық әдіснаманы әзірлеуге және қалыптастыруға қатысу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік статистика органдарының статистикалық әдіснаманы әзірлеуге және қалыптастыруға қатысу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының (бұдан әрі – Заң) 13-бабы 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік статистика органдарының статистикалық әдіснаманы әзірлеуге және қалыптастыруға қатысу тәртібін айқындайды.
      2. Қағидаларда Заңда айқындалған мәндердегі ұғымдар, сондай-ақ мынадай анықтама пайдаланылады:
      мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі – ведомство) – мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын және оған жүктелген функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

2-тарау. Статистикалық әдіснаманы әзірлеу және қалыптастыру тәртібі

      3. Статистикалық әдіснама статистикалық байқауды жүргізу және ресми статистикалық ақпаратты қалыптастыру мақсатында әзірленеді.
      4. Статистикалық әдіснаманы әзірлеуге (қайта қарауға) және қалыптастыруға негіздер:
      1) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің тиісті құжаттары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары;
      2) статистикалық әдіснаманың халықаралық статистикалық стандарттарға сәйкестігі;
      3) статистикалық әдіснаманы әзірлеуге (қайта қарауға) негіз болып табылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының өзгерістері болып табылады.
      5. Статистикалық әдіснаманы әзірлеу немесе қайта қарау мерзімдері осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген оларды әзірлеу немесе қайта қарауға негіз болып табылатын құжаттарға сәйкес айқындалады.
      6. Жалпымемлекеттік статистикалық байқауды жүргізу және ресми статистикалық ақпаратты қалыптастыру бойынша статистикалық әдіснама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің (бұдан әрі – Ереже) 17-тармағының 262-тармақшасына сәйкес әзірленеді және бекітіледі.
      7. Ведомстволық статистикалық байқауларды жүргізу және ресми статистикалық ақпаратты қалыптастыру бойынша статистикалық әдіснаманы (бұдан әрі – ведомстволық әдіснама) мемлекеттік статистика органдарына жататын мемлекеттік органдар және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әзірлейді.
      Мемлекеттік статистика органы-әзірлеуші (бұдан әрі – әзірлеуші) ведомстволық әдіснама жобасын ведомствоға қарау үшін жолдайды.
      Ведомство ведомстволық әдіснама жобасын алған күнінен бастап, күнтізбелік отыз күн ішінде ведомстволық әдіснама жобасын ескертулерсіз келісетіндігі туралы жауап береді немесе негіздемелері бар ескертулер мен ұсыныстарды жолдайды.
      Әзірлеуші ескертулер мен ұсыныстарды алған күнінен бастап пысықталған ведомстволық әдіснама жобасын он жұмыс күні ішінде қайта келісу үшін ведомствоға жолдайды.
      Ведомстволық әдіснама жобасына алынған ескертулермен және ұсыныстармен келіспеген жағдайда, әзірлеуші ескертулер мен ұсыныстардың қабылданбауы туралы жазбаша негіздеме жолдайды.
      Ведомство ұсынылған негіздемені алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде талқылау және ведомстволық әдіснама жобасының түпкілікті редакциясын қабылдау үшін жұмыс кездесуін, соның ішінде бейнеконференцбайланыс өткізу арқылы ұйымдастырады.
      Қағидалардың осы тармағына сәйкес келісілген мемлекеттік органдардың ведомстволық әдіснамасы Ереженің 17-тармағының 266-55) тармақшасына сәйкес бекітіледі.
      Қағидалардың осы тармағына сәйкес келісілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ведомстволық әдіснамасы Заңның 22-бабының 3-тармағына сәйкес бекітіледі.
      8. Әзірлеуші бекітілген ведомстволық әдіснаманы өзінің интернет-ресурсына орналастырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады