"Спорт және дене шынықтыру туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасының Допингке қарсы қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 18 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9812 болып тіркелген, 2014 жылғы 3 желтоқсанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Допингке қарсы қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықпен көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі |
А. Раимкулова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) спортта допингті қолдануды болдырмау және оған қарсы күрес тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар қолданылады:
1) допинг-бақылау – тестілер өткізуді жоспарлауды, сынамалар алуды, оларды сақтауды, тасымалдауды, сынамаларды зертханалық талдауды, тестілеуден кейінгі рәсімдерді, сондай-ақ тиісті тыңдаулар өткізу мен апелляцияларды қарауды қамтитын процесс;
2) допингке қарсы әкімшілендіру және менеджмент жүйесі – бұл деректерді енгізу, сақтау, тарату және есептерді жасау жолымен интернетте орналасқан деректер базасын басқаруға арналған, мүдделі тараптарға және Дүниежүзілік допингке қарсы агенттігінің деректерді қорғау туралы заңнаманы сақтай отырып, олардың допингке қарсы қызметінде көмек көрсету үшін әзірленген жүйе;
3) жарыс кезеңі – спортшының және (немесе) жануардың нақты спорттық жарысқа қатысу кезеңі;
4) жарыстан тыс кезең – жарыстан тыс кезеңде енгізілмеген уақыт;
5) спорттағы тыйым салынған субстанциялар және (немесе) әдістер (бұдан әрі – допинг) – Допингке қарсы дүниежүзілік ұйымның және Допингке қарсы дүниежүзілік ұйымның халықаралық стандартының тыйым салынған тізіміне енгізілген химиялық қоспалар (заттар, дәрілер) мен әдістер, оның ішінде спортта пайдалануға тыйым салынған субстанциялар және (немесе) әдістер тізбелеріне енгізілген субстанцияларды және (немесе) әдісті пайдалану немесе пайдалануға әрекеттену;
6) спортшы – спорт түрімен (түрлерімен) жүйелі түрде айналысатын және спорт жарыстарына қатысатын жеке адам;
7) терапевтік пайдалану – терапевтік пайдалану жөніндегі халықаралық стандарт негізінде берілетін терапевтік пайдалануға рұқсат;
8) тестілеу – сынамаларды бөлу жоспарын құруды, сынамаларды алуды, олармен жұмыс істеуді, сондай-ақ сынамаларды зертханаға жеткізуді қамтитын допинг-бақылау процесінің бір бөлігі.
2-тарау. Спортта допингті болдырмау тәртібі
1-параграф. Тестілеуді өткізу және сынамаларды талдау
3. Спортта допингті қолдануды болдырмау мақсатында Ұлттық допингке қарсы ұйым "Дене шынықтыру және спорт туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 44-1-бабы 10) тармақшасына және "Спорттағы допингке қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы" (бұдан әрі - Конвенция) 2009 жылғы 7 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабына сәйкес жұмысты атқарады, олар мынадай мәселелер бойынша жаңартылған және нақты ақпарат беруге бағытталған жұмысты жүргізеді:
1) допингтің спорттың этикалық құндылықтарына келтіретін зияны;
2) допингті қолданудың денсаулық үшін салдары;
3) допинг-бақылау рәсімдері;
4) Дүниежүзілік допингке қарсы күрес кодексі және тиісті спорт ұйымдары мен допингке қарсы ұйымдардың допингке қарсы саясаты туралы, оның ішінде допингке қарсы ережелерді бұзудың салдарлары туралы ақпаратты қоса алғанда, допингке қарсы күреске байланысты спортшылардың құқықтары мен міндеттері;
5) тыйым салынған субстанциялар мен әдістердің, сондай-ақ допингті терапевтік пайдалануға рұқсаттардың тізімі;
6) тағамдық қоспалар.
4. Ұлттық допингке қарсы ұйым тұрақты негізде спортшыларға, жаттықтырушыларға, жаттықтырушы-оқытушыларға, спорттық медицина жөніндегі мамандарға, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандарға, дене шынықтыру-спорт ұйымдарына допингке қарсы күрес жөніндегі заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы жеткізеді.
5. Жарыс және жарыстан тыс кезеңдерде допингті пайдалану тұрғысынан тестілеуді өткізуді жоспарлау үшін Ұлттық допингке қарсы ұйым спортшылардың тізімін (бұдан әрі - Тізім) қалыптастырады және допингке қарсы әкімшілендіру және менеджмент жүйесіне енгізеді.
6. Допинг-бақылау мақсатында аккредиттелген республикалық (өңірлік) немесе жергілікті спорт федерациялары спортшыларды тестілеуді ұйымдастыруға және өткізуге жәрдемдеседі.
7. Тізім Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік 2015 жылғы 1 қаңтарда бекіткен тестілеу және тексеру жөніндегі халықаралық стандартта (бұдан әрі - тестілеу және тексеру жөніндегі халықаралық стандарт) көзделген өлшемдерге сәйкес аккредиттелген республикалық (өңірлік) немесе жергілікті спорт федерацияларының ақпараты бойынша жасалады.
8. Тізім спортшылардың тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда), спорт түрлері туралы, тестілеуді өткізу уақыты мен орны туралы мәліметтерді қамтиды.
9. Қалыптастырылған тізім Ұлттық допингке қарсы ұйымның Интернет-ресурсында орналастырылады және аккредиттелген республикалық (өңірлік) спорт федерацияларына жіберіледі.
10. Аккредиттелген республикалық (өңірлік) немесе жергілікті спорт федерациялары Тізімді Ұлттық допингке қарсы ұйымның Интернет-ресурсында орналастырған күннен бастап күнтізбелік 5 күн ішінде спортшыларды (телефон, факсимильдік байланыс, электрондық пошта немесе тапсырыс хатпен) осы Тізімге енгізілгені туралы хабардар етеді.
11. Тізімге енгізілген спортшы ақпараттың өзектілігі мен толықтығын қолдау мақсатында тоқсан сайын Ұлттық допингке қарсы күрес ұйымына өзінің орналасқан жері туралы хабарлайды.
12. Спорттық қызметі тоқтатылған жағдайда Тізімге енген спортшы Ұлттық допингке қарсы күрес ұйымын жазбаша хабардар етеді.
13. Спорттық қызметті қайта бастау туралы ниет білдірген спортшы тиісті аккредиттелген республикалық (өңірлік) спорт федерациясын және Ұлттық допингке қарсы ұйымды спортқа қайта оралудың жоспарланған күнінен 6 ай бұрын жазбаша хабардар етеді.
14. Жарыс және жарыстан тыс кезеңдерде спортшының (спорттық жарысқа қатысатын жануардың) ағзасында допингті анықтау мақсатында Ұлттық допингке қарсы ұйымның допинг-бақылау инспекторлары сынамаларды алуды, сондай-ақ Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік аккредиттеген зертханаға сынамаларды тестілеу және тексеру жөніндегі халықаралық стандартқа сәйкес жеткізуді жүргізеді.
15. Допинг-бақылау сынамаларын зертханалық зерттеуді Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік аккредиттеген зертханалар (бұдан әрі - зертханалар) жүзеге асырады.
16. Сынаманы спортшының жазбаша келісімінсіз ғылыми мақсатта зерттеуге болмайды.
17. Зертхана сынамаларға талдау жүргізеді және талдау нәтижелерін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік 2019 жылғы 1 қарашадағы бекіткен зертханаларға арналған халықаралық стандартқа сәйкес тиісті допингке қарсы ұйымға, халықаралық федерацияға ұсынады.
18. Сынама мынадай жағдайларда сақталады және қосымша талдауға ұшырайды:
1) Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің нұсқауы бойынша;
2) Ұлттық допингке қарсы ұйымның сұратуы бойынша А және Б сынамалары бойынша зертханалық талдау нәтижелерін допингке қарсы қағидаларды ықтимал бұзуда айыптаудың негізі ретінде жариялағанға дейін.
19. Спортшы Тізімге енгізілгені туралы хабарлама алғаннан кейін сынама тапсыруға келуден бас тартқан, дәлелсіз себептермен сынама тапсыруға келмеген, спортшының ағымдағы орналасқан жері туралы ақпаратты уақтылы бермеген немесе спортшы сынама тапсырудан жалтарған жағдайда, спортшы спорттық жарыстардан шеттетіледі. Тестілеуден жалтару фактісі дереу Ұлттық допингке қарсы ұйымға хабарланады.
20. Спортшының сынамасында допинг болған жағдайда, зертхана 3 күнтізбелік күн ішінде бұл туралы талдау нәтижелерін Ұлттық допингке қарсы ұйымға жібереді.
3-тарау. Спорттағы допингке қарсы күрес тәртібі
21. Спорттағы допингке қарсы күрес мақсатында допингке қарсы қағидаларды ықтимал бұзу фактілері анықталғаннан кейін Ұлттық допингке қарсы ұйым Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік 2015 жылғы 1 қантардағы бекіткен тестілеу және тексеру жөніндегі халықаралық стандартқа (бұдан әрі – тестілеу және тексеру жөніндегі халықаралық стандарт) сәйкес спортшыларға, жаттықтырушыларға, жаттықтырушы-оқытушыларға, спорттық медицина жөніндегі мамандарға, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандарға қатысты тексеру және тыңдау жүргізеді.
2-параграф. Тексеру жүргізу тәртібі
22. Тексеруді Ұлттық допингке қарсы ұйымның қызметкерлері деректер бойынша жүргізеді:
1) спортшының (спорттық жарысқа қатысатын жануардың) ағзасынан алынған сынамадағы допинг;
2) допингті пайдалану немесе пайдалануға әрекеттену;
3) допинг-бақылаудың кез келген кезеңінде бұрмалау немесе бұрмалауға әрекеттену;
4) спортшының жарыстан тыс тестілеу үшін қол жетімділігіне қатысты бұзушылықтар, оның тұрған жері туралы ақпарат бермеуді және тестілеу үшін келмеуді қоса алғанда;
5) допингке ие болу;
6) допингті тарату;
7) кез келген спортшыға (спорттық жарысқа қатысушы жануарларға) допинг енгізу немесе енгізу әрекеті немесе оған қатысты тыйым салынған әдісті қолдану немесе қолдануға әрекет ету немесе допингке қарсы қағиданы бұзуға немесе бұзуға кез келген әрекеттенуге байланысты көмек көрсету, көтермелеу, жәрдемдесу, арандату, жасыру немесе кез келген өзге нысанда қатысу.
Тексеру допингке қарсы қағидалардың ықтимал бұзылу фактілері туралы хабарлама жіберілген күннен бастап жүргізіледі.
23. Ұлттық допингке қарсы ұйым күнтізбелік 7 күн ішінде спортшыға немесе жаттықтырушыға, жаттықтырушы-оқытушыға, спорттық медицина жөніндегі маманға, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де маманға, аккредиттелген республикалық (өңірлік) спорт федерациясына, халықаралық спорт федерациясына және Дүниежүзілік допингке қарсы агенттігіне допингке қарсы қағидалардың ықтимал бұзылу фактілері туралы хабарлама жібереді.
24. Допингке қарсы қағидалардың ықтимал бұзылу фактілері туралы хабарлама тестілеу және тексеру жөніндегі халықаралық стандартқа сәйкес ақпаратты қамтиды.
25. 22-тармақтың 1) және 2) тармақшаларының ықтимал бұзылуын тексеру кезде:
1) Ұлттық допингке қарсы ұйым 10 күнтізбелік күн ішінде спортшыдан тағылған айып бойынша жазбаша түсініктеме және Б сынамасын ашу және талдау туралы келісім алады. Спортшының Б сынамасын талдауды жүзеге асырудан бас тартуы А сынамасын талдау нәтижесін растау үшін негіз болып табылады.
Егер Б сынамасының талдауы А сынамасының талдау нәтижесін растамаған жағдайда, спортшыны, халықаралық спорт федерациясын, аккредиттелген республикалық (өңірлік) спорт федерациясын және Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікті міндетті түрде хабардар ете отырып, тест теріс болып саналады.
Егер Б сынамасын талдау А сынамасын талдауды растаған жағдайда, алынған нәтиже туралы спортшыға, спортшының халықаралық спорт федерациясына, аккредиттелген республикалық (өңірлік) спорт федерациясына және Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікке хабарланады;
2) Ұлттық допингке қарсы ұйым зертханаға хабарлайды және Б сынамасына талдау жүргізу мерзімін сұратады;
3) зертхана Ұлттық допингке қарсы ұйымға Б сынамасына жүргізілген талдау нәтижесі туралы мәліметтерді жібереді;
4) Ұлттық допингке қарсы ұйым спортшыға:
- алынған сынамада допингтің болуы туралы;
- бұзылған допингке қарсы қағида туралы;
- А және Б сынамаларын зерттеу нәтижелері бойынша құжаттардың көшірмелерін алу туралы;
- анықталған факті(лер) бойынша жазбаша түсініктемелер мен толықтырулар беру туралы;
- тәртіптік допингке қарсы комиссияда тыңдаулар өткізу туралы ақпараты бар жаңа хабарлама жібереді.
5) спортшыдан немесе жаттықтырушыдан, жаттықтырушы-оқытушыдан, спорттық медицина жөніндегі маманнан, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге маманнан осы жағдайға допингке қарсы қағидалардың бұзылуы мүмкін фактілер туралы қосымша ақпарат алған жағдайда, Ұлттық допингке қарсы ұйымның қызметкерлері осы талдау нәтижесіне себеп болған допингтің бар немесе жоқ екенін анықтау тұрғысынан барлық фактілерді тексереді.
26. 22-тармақтың 3), 4), 5), 6), 7) тармақшаларының ықтимал бұзушылықтарын тексеру кезінде спортшыдан немесе жаттықтырушыдан, жаттықтырушы-оқытушыдан, спорттық медицина жөніндегі маманнан, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге маманнан осы жағдай бойынша ақпарат алғаннан кейін фактілердің дұрыстығын нақтылық тұрғысынан Ұлттық допингке қарсы ұйымның қызметкерлері тексереді.
Ұлттық допингке қарсы ұйымның қызметкерлері тиісті ұйымдарға сұрау жібереді, спортшы немесе жаттықтырушы, жаттықтырушы-оқытушы, спорттық медицина жөніндегі маман, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де маман сілтеме жасаған адамдардан жауап алынып отырған адамның айғақтарын хаттама жасау жолымен тіркеп сұрайды.
27. Тексеру жүргізу кезінде спортшының Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік 2015 жылғы 1 қаңтарда бекіткен терапевтік пайдалану жөніндегі халықаралық стандартқа сәйкес берілген допингті терапевтік пайдалануға рұқсатының болуы немесе болмауы тексеріледі.
28. Ұлттық допингке қарсы ұйым тексеру аяқталғаннан кейін тыңдаулар өткізу және шешім шығару үшін осы Қағидалардың 22-тармағында көрсетілген фактілер бойынша материалдарды Тәртіптік комиссияға береді.
3-Параграф. Тыңдауды өткізу және шешім шығару тәртібі
29. Ұлттық допингке қарсы ұйымның жанында тыңдау өткізу және допингке қарсы қағидаларды бұзу мүмкіндігі туралы шешім шығару үшін допингке қарсы тәртіптік комиссия (бұдан әрі - Тәртіптік комиссия) құрылады.
30. Тәртіптік комиссияның құрамы комиссия мүшелерінің тақ санынан тұрады.
31. Тәртіптік комиссияның құрамына дене шынықтыру және спорт, құқық, денсаулық сақтау, биология саласында жұмыс істейтін өкілдер кіреді. Құқық саласында жұмыс істейтін комиссия мүшелерінің жалпы санынан көпшілік дауыспен комиссия төрағасы сайланады.
32. Тәртіптік комиссияның хатшысы құжаттарды дайындауды және хаттамаларды ресімдеуді жүзеге асырады. Комиссия хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды және комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы жоқ.
Тәртіптік комиссияның хатшысы комиссия мүшелерін отырыстың өткізілетін орны, күні және уақыты туралы тыңдау өткізілетін күнге дейін 7 жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.
33. Тыңдаулар спортшының немесе жаттықтырушының, жаттықтырушы-оқытушының, спорттық медицина жөніндегі маманның, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де маманның қатысуымен өткізіледі. Олар болмаған жағдайда тыңдаулар сырттай өткізіледі.
34. Тәртіптік комиссияның отырысы, егер оған комиссия мүшелерінің жалпы санынан комиссия мүшелерінің кемінде 3 мүшесі қатысса, заңды деп есептеледі.
35. Тәртіптік комиссияның мүшелері материалдар келіп түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде қарайды және шешім шығарады.
36. Отырыстың қорытындысы бойынша Тәртіптік комиссия Заңның 44-2-бабына сәйкес дисквалификациялау мерзімін негіздей отырып шешім шығарады және шешімнің көшірмесін халықаралық допингке қарсы ұйымдарға жібереді.
Тәртіптік комиссияның шешімі қатысып отырған комиссия мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады және хаттамамен ресімделеді. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.
37. Ұлттық допингке қарсы ұйым Тәртіптік комиссияның дәлелді шешімі қабылданғаннан кейін күнтізбелік 3 күннен кешіктірмей спортшыға немесе жаттықтырушыға, жаттықтырушы-оқытушыға, спорттық медицина жөніндегі маманға, дене шынықтыру, спорт саласындағы өзге де маманға, аккредиттелген республикалық (өңірлік) спорт федерациясына және халықаралық допингке қарсы ұйымдарға жібереді.
38. Ұлттық допингке қарсы ұйымның шешіміне апелляциялық шағым күнтізбелік 21 күн ішінде Апелляциялық комиссияға беріледі.
39. Спортшылардың, жаттықтырушылардың, жаттықтырушы-оқытушылардың, спорттық медицина жөніндегі мамандардың, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандардың допингке қарсы қағидаларды бұзуы туралы Тәртіптік комиссияның шешімі осы Қағидалардың 38-тармағында көрсетілген мерзім аяқталған жағдайда немесе Апелляциялық комиссияның апелляциялық шағымды қарау нәтижелері бойынша шаралар қабылдау үшін аккредиттелген республикалық (өңірлік) спорт федерациясына жіберіледі.
40. Аккредиттелген республикалық (өңірлік) және жергілікті спорт федерациясы Тәртіптік комиссияның шешімі негізінде спорттық жарысқа қатысатын спортшылар мен жануарларға қатысты шараларды, оның ішінде спорттық жарыстан дисквалификациялауды қолданады және бұл туралы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органды, Ұлттық допингке қарсы ұйымды, халықаралық спорт федерациясын хабардар етеді.