ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Үш құрамдасты интеграцияланған жүйеге және оны есепке алуға қойылатын талаптарды, оны орнату және қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі № 953 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19327 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2017 жылғы 4 қыркүйекте жарияланды) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Үш құрамдасты интеграцияланған жүйеге және оны есепке алуға қойылатын талаптарды, оны орнату және қолдану қағидаларын бекіту туралы";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Үш құрамдасты интеграцияланған жүйеге және оны есепке алуға қойылатын талаптар осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Үш құрамдасты интеграцияланған жүйені орнату және қолдану қағидаларында (бұдан әрі – Қағидалар):
6, 7, 8 және 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын ҮИЖ мемлекеттік кірістер органдарында ҮИЖ пайдалану орны бойынша тіркелуге жатады.
7. Пайдаланушы ҮИЖ мемлекеттік кірістер органдарына тіркеу үшін қағаз тасымалдағышта мынадай құжаттарды ұсынады:
осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес белгіленген нысандағы өтініш;
ҮИЖ өндіруші паспортының көшірмесі.
8. ҮИЖ тіркеу кезінде мемлекеттік кірістер органының лауазымды тұлғасы осы тараудың 7-тармағында көзделген құжаттарды ұсынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мынадай іс-әрекеттерді жүзеге асырады:
1) өтініште көрсетілген мәліметтердің ұсынылған құжаттарға сәйкестігін тексереді;
2) ҮИЖ-дің ҮИЖ бірыңғай тізілімге енгізілген модельдеріне сәйкестігін тексереді;
3) ҮИЖ деректерін тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасы моделінің бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген модельдерімен сәйкестігін тексереді;
4) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес белгіленген нысан бойынша ҮИЖ тіркеу карточкасын ресімдейді.
9. ҮИЖ пайдаланушылары осы бұйрықпен бекітілген Үш құрамдасты интеграцияланған жүйеге және оны есепке алуға қойылатын талаптарға сәйкес есепке алуды жүргізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ:
жазбаларды бастапқы құжаттардың түпнұсқаларымен бекітуді және барлық операциялар мен оқиғалардың жазбаларында көрсетуді;
операциялар мен оқиғаларды хронологиялық және уақтылы тіркеуді қамтамасыз етеді.";
Қағидаларға 1 және 2-қосымшалар осы бұйрыққа 2 және 3-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы | |
Премьер-Министрінің | |
Бірінші Орынбасары- | |
Қаржы министрі | А. Смаилов |
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар жəне
аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі
Үш құрамдасты интеграцияланған жүйеге және оны есепке алуға қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Үш құрамдасты интеграцияланған жүйеге және оны есепке алуға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 1-бабы 1-тармағының 72-1) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Талаптарда пайдаланылатын ұғымдар:
1) қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйелер (құрылғылар) - төлем карточкаларын қызмет көрсетуге қабылдауға арналған электрондық-механикалық құрылғылар, бір немесе әртүрлі банктерде қолма-қол ақшасыз төлем қатысушыларына қызмет көрсетуге қарамастан, бенефициардың пайдасына ақшаны жедел есептей отырып, пайдаланбай жедел төлемдерді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін төлем ұйымдарының, банктердің веб-сервистері және мобильдік қосымшалары;
2) үш құрамдасты интеграцияланған жүйенің (бұдан әрі – ҮИЖ) құқық иеленушісі - ҮИЖ өндірушілері болып табылатын немесе ҮИЖ меншік, жалға алу құқығында тиесілі немесе ҮИЖ пайдаланушыларына сату немесе жалға беру үшін өзге де заңды негізге ие жеке немесе заңды тұлғалар;
3) ҮИЖ пайдаланушысы – ҮИЖ қызметін жүзеге асыру кезінде қолданатын салық төлеуші;
4) ҮИЖ бірыңғай тізілімі – салық салу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген ҮИЖ моделдерінің тізбесі;
5) ҮИЖ интеграциялау технологиялары – серверлік аппараттық және бағдарламалық бөлігі, клиенттік бағдарламалық бөлігі бар техникалық шешімдер, бұл ретте клиенттік аппараттық бөлігі ҮИЖ пайдаланушысының жеке құрылғысымен ұсынылады;
6) ҮИЖ клиенттік модулі (ҮИЖ Орталық торабымен жұмыс бойынша модуль) – сату нүктесінің жұмысын және деректерді ҮИЖ Орталық торабына тұрақты үздіксіз беруді, оның ішінде ҮИЖ Орталық торабымен байланысты жоғалтқан кезде 72 (жетпіс екі) сағаттан артық емес кезеңге автономды жұмыс режимін қамтамасыз ететін ҮИЖ аппараттық-бағдарламалық кешенінің бөлігі;
7) ҮИЖ орталық торабы – операцияларды өңдеуді және деректерді сақтауды, сыртқы жүйелермен өзара әрекеттесуді, автономды операцияларды қабылдау мен өңдеуді және ҮИЖ деректерін сақтауды қамтамасыз ететін ҮИЖ аппараттық - бағдарламалық кешенінің бөлігі.
3. ҮИЖ бірыңғай тізілімін жүргізуді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі – Комитет) жүзеге асырады.
4. Ақпараттық серверлік бөлім (серверлік жабдық) және (немесе) ҮИЖ Орталық торабының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жұмыс станциялары Қазақстан Республикасының аумағында мамандандырылған үй-жайда (деректерді өңдеу орталығында) орналастырылады.
2-тарау. Үш құрамдасты интеграцияланған жүйеге қойылатын талаптар 1-параграф. Техникалық талаптар
5. Жүйені техникалық қамтамасыз ету ҮИЖ жұмыс істеуі үшін жеткілікті техникалық құралдардан тұрады. Техникалық қамтамасыз етудің құрамына ақпаратты жинау және дайындау құралдары, деректерді беру құралдары, ақпаратты өңдеу және шығару құралдары енеді.
6. Жүйенің бағдарламалық қамтамасыз етуі ҮИЖ функцияларын іске асыру үшін қажетті ҮИЖ Орталық торабынан және ҮИЖ Клиенттік модулінен, техникалық қамтамасыз етудің белгіленген жұмыс істеу режимінен және ҮИЖ болжамды дамуынан тұратын бағдарламаны (бағдарламалар жиынтығы) білдіреді.
Жалпы бағдарламалық қамтамасыз ету операциялық жүйелерді, қызметтік және стандартты бағдарламаларды қамтиды.
7.ҮИЖ жұмысы:
1) бақылау құрамдасын (бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасы (бұдан әрі – БКМ));
2) ҮИЖ төлем құрамдасын (қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйе (құрылғы));
3) ҮИЖ есепке алу құрамдасын (сауданың басқарылуын, қызметтер көрсетуді, жұмыстар орындауды және тауарларды есепке алуды автоматтандыруға арналған, сондай-ақ осы Талаптың 14-тармағының
1) тармақшасында көрсетілген функциялардың орындалуын қамтамасыз ететін бағдарлама) қамтитын аппараттық-бағдарламалық кешенді пайдалана отырып қамтамасыз етіледі.
8. ҮИЖ қойылатын жүйелік талаптар:
функционалдық үйлесімділік – осы Бұйрықта көзделген ақпараттық жүйелермен өзара әрекеттесуді және жұмыс істеуді қамтамасыз ету;
масштабтау – өңделетін ақпарат көлемінің және бір мезгілде жұмыс істейтін пайдаланушылар санының өсуіне қарай жүйенің өнімділігін ұлғайту мүмкіндігін қамтамасыз ету;
кеңею – пайдаланушылардың ерекше қажеттіліктеріне сәйкес бастапқыда қабылданған даму тұжырымдамасы мен технологиялық базаның шеңберінен шықпастан, жүйенің функциясын арттыру мүмкіндігін қамтамасыз ету.
9. ҮИЖ:
1) қолма-қол ақшасыз төлемдерді қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйелер (немесе құрылғылар) арқылы қабылдауды;
2) Қазақстан Республикасының фискалдық деректер операторына (бұдан әрі – ФДО) деректерді берудің хаттамасы бойынша қосуды және ҮИЖ бөлігі болып табылатын БКМ арқылы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде салық төлеуші жүзеге асыратын ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының фискалдық деректер операторына беруді;
3) тауарлардың таңбалауын, Комитеттің "Электрондық шот-фактуралар" (бұдан әрі – ЭШФ) ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі – АЖ) қосылу арқылы электрондық шот-фактураны қалыптастыруды, қабылдауды және пайдалануды оқуды;
4) осы Талаптарға сәйкес операцияларды немесе оқиғаларды ресімдеу үшін қолданылатын ҮИЖ-де құжаттарды қалыптастыруды;
5) енгізілетін деректердің толықтығын бақылауды (функциялар немесе операциялар барлық ашық жолдарды толық толтырмай орындалған жағдайда, жүйе пайдаланушыны тиісті хабарламамен хабардар етеді);
6) қоймалық және сауда жабдығымен жұмыс істеу және принтер мен штрих-код сканерін қолдау мүмкіндігін;
7) ҮИЖ-де есепке алуды жүргізу бухгалтерлік есепке алу шоттарын қолданумен және (немесе) қолданбай жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.
2-параграф. ҮИЖ жұмыс істеу режимдеріне және сәулетіне қойылатын талаптар
10. ҮИЖ жұмыс істеуі:
1) фискалдық режимде (онлайн және автономды) БКМ есебінен жүзеге асырылады;
2) автономды режимде, мынадай:
ҮИЖ-дің ҮИЖ Орталық торабымен байланысты жоғалтқан;
ҮИЖ Орталық торабына қосылған кезде 3 (үш) секундтан астам кідірген жағдайларда. ҮИЖ сұрау салуы мен ҮИЖ Орталық торабынан жауап алу арасындағы уақыт аралығы кідіріс болып табылады.
11. ҮИЖ аппараттық-бағдарламалық кешені:
1) ҮИЖ Орталық торабынан;
2) ҮИЖ Клиенттік модулінен (ҮИЖ Орталық торабымен жұмыс бойынша модуль) тұрады.
12. ҮИЖ Орталық торабына қойылатын талаптар:
1) бағдарламалық құрауыш ҮИЖ құқық иеленушісіне тиесілі серверлік жабдықта орналасады;
2) серверлік жабдық кемінде екі серверден тұрады: негізгі және резервтік. Резервтік серверде негізгі серверден кем емес өнімділік параметрлері бар;
3) серверлік жабдық Қазақстан Республикасының аумағында деректерді өңдеудің мамандандырылған орталықтарында (бұдан әрі – ДӨО) орналастырылады. Негізгі және резервтік серверлер бір-бірінен географиялық алыс орналастырылады;
4) деректерді қарау және пайдалану үшін ҮИЖ пайдаланушысына қолжетімділік есептік жазба арқылы беріледі;
5) ҮИЖ-бен жұмыс істеу кезінде функцияларға қолжетімділік пайдаланушының есептік жазбасы бойынша рөлдер бойынша немесе жеке пайдалану құқықтарын теру бойынша шектеледі.
13. ҮИЖ Клиенттік модуліне (ҮИЖ Орталық торабымен жұмыс бойынша модуль) қойылатын талаптар:
1) ҮИЖ пайдаланушылық интерфейсін мемлекеттік және орыс тілдерінде іске асыру;
2) пайдаланушының талабы бойынша тілді ауыстыру функциясының болуы;
3) пайдаланушының талабы бойынша құжаттардың баспа нысандары үшін тілді ауыстыру функциясының болуы;
4) қандай да бір операцияны орындау мүмкін болмаған жағдайда, тиісті хабарламамен операцияны орындау мүмкін еместігі туралы ҮИЖ пайдаланушысын хабардар ету.
14. ҮИЖ мынадай құрамдастарды қамтиды:
1) мынадай функционалдық модульдерден тұратын есепке алу құрамдасы:
қоймалық есепке алу модулі (тауарлық-материалдық запастардың (бұдан әрі – ТМЗ) қозғалысы);
кірістер мен ақша қаражатының қозғалысын есепке алу модулі;
жалақы және персоналды басқару модулі (бұдан әрі – ЖПБ);
салықтық есепке алу және тіркелімдер модулі;
интеграция модулі;
ҮИЖ Орталық торабымен жұмыс бойынша модулі;
2) төлем карточкаларын қызмет көрсетуге қабылдауға арналған электрондық-механикалық құрылғылармен, бір немесе әртүрлі банктерде төлем қатысушыларына қызмет көрсетуге қарамастан, бенефициардың пайдасына төлемдерді жедел есептей отырып, төлем карточкаларын пайдаланбай жедел төлемдерді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін төлем ұйымдарының, банктердің веб-сервистері және (немесе) мобильдік қосымшаларымен өзара әрекеттесуді қамтамасыз ететін модульден тұратын төлем құрамдасы.
3) мынадай функционалдық модульдерден тұратын, "Бақылау-касса машиналарын қолданудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 208 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16508 болып тіркелді) бұйрығымен бекітілген БКМ-ге қойылатын техникалық талаптарға, сондай-ақ "Акциздiк және есепке алу-бақылау маркаларын алу, есепке алу, сақтау, беру және импорттаушылардың Қазақстан Республикасына алкоголь өнiмiн импорттау кезiнде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы мiндеттемесiн, есебiн ұсыну, сондай-ақ осындай мiндеттеменi есепке алу қағидаларын және қамтамасыз ету мөлшерiн бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 8 ақпандағы № 144 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16437 болып тіркелді) бұйрығымен бекітілген акциздiк және есепке алу-бақылау маркаларын алу, есепке алу, сақтау, беру қағидаларына сәйкес бақылау құрамдасы:
ФДО серверіне деректерді беру және фискалдау модулі;
акцизделетін тауарларды бақылау модулі;
тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің электрондық паспорттары базасымен интеграциялауды пайдалану арқылы кодтарды верификациялау модулі.
15. ҮИЖ есепке алу құрамдасының қоймалық есепке алу (ТМЗ қозғалысы) модулі:
1) сандық және құндық мәнде ТМЗ қозғалысын (кіріске алуды, есептен шығаруды, өткізуді, сатуды, сату мен сатып алуды қайтаруды, түгендеуді) жүзеге асырады;
2) бір немесе бірнеше қоймаларда ТМЗ қозғалысын қамтамасыз етеді;
3) қоймаларды басқару функциялары бар (құру, редакциялау, жою);
4) қалдықтарды есепке алу функционалы бар;
5) тауар қозғалысын қарау функционалы бар;
6) ТМЗ қозғалысының барлық операциялары тиісті құжатты қалыптастырумен аяқталады;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген жағдайларда, сату және сатуды қайтару ҮИЖ құрамында пайдаланылатын БКМ арқылы фискалдандырумен жүзеге асырылады;
8) пайдаланушының сұрау салуы бойынша ТМЗ қозғалысының осы операциясы үшін қоймада тауардың қажетті саны болмаған кезде ТМЗ қозғалысын бұғаттайды;
9) фискализацияға есепке алу құрамдастан берілген ТМЗ қозғалысын фискализациялауды ҮИЖ (БКМ) бақылау құрамдасында фискалдық белгі операциясын беру және фискалдық белгі мен фискалдау күнін бір транзакция шеңберінде есепке алу құрамдасқа қайта беру жолымен жүзеге асырады;
10) есепке алу құрамдаста ТМЗ қозғалысы операциясы кезінде берілген фискалдық белгіні сақтайды не автономды режимде ҮИЖ жұмысы кезінде ҮИЖ Орталық торабымен жұмыс бойынша модульден ҮИЖ Орталық торабына береді;
11) ҮИЖ (БКМ) бақылау құрамдасынан алынған фискалдық белгі берілген құжаттар мен операцияларды түзетуге және жоюға тыйым салады;
12) егер ҮИЖ (БКМ) бақылау құрамдасы операцияны орындау, БКМ ажырату, БКМ істен шығу не БКМ 24 (жиырма төрт) сағаттан артық ашық ауысым асқанда немесе БКМ автономды режимде 72 (жетпіс екі) сағаттан артық болғанда БКМ қолжетімсіздігі себебінен осы операцияны фискалдандырмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларға БКМ қолдану талап етілетін ТМЗ қозғалысы операцияларын бұғаттайды;
13) қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеу түрін көрсете отырып, сату операцияларын орындау кезінде ҮИЖ төлем құрамдасын пайдаланумен операцияны аяқтау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
16. ҮИЖ есепке алу құрамдасының кірістері мен ақша қаражатының қозғалысын есепке алу модулі:
1) операциялық, инвестициялық және қаржылық қызметтен ақша қозғалысын есепке алуды жүргізуді қамтамасыз етеді;
2) банк шоттары бойынша түсімдер мен төлемдерді тіркеу және есепке алуды жүргізу үшін функционалы бар;
3) ұйым кірістерінің есепке алуын жүргізуді қамтамасыз етеді.
17. ҮИЖ есепке алу құрамдасының ЖПБ модулі мынадай функциялар арқылы қызметкерлердің есепке алуын жүргізуді және олардың еңбекақысын төлеуді қамтамасыз етеді:
1) жұмысқа қабылдау;
2) демалыстарды есепке алу;
3) салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуге әсер ететін әлеуметтік мәртебелерді есепке алу;
4) жалақыны есептеу және беру.
18. ҮИЖ есепке алу құрамдасының салықтық есепке алу және тіркелімдер модулі:
1) салық міндеттемелері мен әлеуметтік төлемдер бойынша есеп айырысудың жүргізілуін қамтамасыз етеді;
2) мынадай салық тіркелімдерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді:
сатып алынған тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді есепке алу бойынша;
кірістерді, оның ішінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жолымен алынған кірістерді есепке алу бойынша;
төлем көзінен салық салынуға жататын жеке тұлғалардың кірістерінен жеке табыс салығы, сондай-ақ әлеуметтік салық пен әлеуметтік төлемдер салынатын объектілерді есепке алу бойынша.
19. ҮИЖ есепке алу құрамдасының интеграция модулі:
1) "Салық есептілігі нысандарын және оларды жасау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қаржы министрінің 2020 жылғы 20 қаңтардағы № 39 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19897 болып тіркелді) бекітілген 910.00 "Шағын бизнес субъектілері үшін оңайлатылған декларация" нысаны бойынша салық есептілігін қалыптастыруды қамтамасыз етеді;
2) қалыптасқан салық есептілігін Комитеттің "Салық есептілігін өңдеу жүйесі" АЖ-ге беру жолымен салық есептілігінің тапсыруын қамтамасыз етеді;
3) Комитеттің "Орталықтандырылған біріздендірілген дербес шот" АЖ-ден төлеуге салынатын салықтар сомасын қалыптастыру үшін есептелген және төленген салықтар бойынша деректерді алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді;
4) "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның "Есепке алу-бақылау таңбаларды, акциздік таңбаларды және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы республикалық мемлекеттік кәсіпорынының басқа баспа өнімдерін бақылау, есептеу және беру" АЖ-ден есепке алу-бақылау маркалары, акциздік маркалар бойынша деректерді алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді;
5) мынаны іске асыру бойынша Комитеттің ЭШФ АЖ-мен өзара әрекеттесу мүмкіндігін қамтамасыз етеді:
ЭШФ АЖ-де құжаттарды қалыптастыру, сондай-ақ ЭШФ АЖ-де іске асырылған бизнес-процестерді, оның ішінде интеграциялау бойынша пысықтау;
таңбаланған тауарлардың кодтарын алу және беру;
6) тауарлар, жұмыстар, қызметтер паспорттарының электрондық базасымен өзара әрекеттесуді қамтамасыз етеді.
Тауарлар, жұмыстар, қызметтер паспорттарының электрондық базасы интеграциялауға дайын болмаған жағдайда, тауардың, жұмыстар мен қызметтердің атауын қолмен енгізу функциясын көздейді;
7) принтермен және штрих-код сканерімен жұмысты қамтамасыз етеді.
20. ҮИЖ есепке алу құрамдасының ҮИЖ Орталық торабымен жұмыс бойынша модулі:
1) ҮИЖ Орталық торабымен байланыс 3 (үш) секундтан астам уақыт болмаған кезде ҮИЖ Орталық торабына қолжетімділіктің жоқтығын анықтайды;
2) ҮИЖ Орталық торабына қолжетімділік болмаған кезде автономды жұмыс режиміне өтеді;
3) ҮИЖ Орталық торабымен жұмыс бойынша модульде ақпаратты және деректерді сақтау және қорғауды қамтамасыз ететін мынадай тетіктерді қолдану есебінен санкцияланбаған өзгертуден, жоғалудан және (немесе) зақымданудан автономды режимде жұмыс кезеңінде жинақталған ақпаратты және деректерді сақтауды және қорғауды жүзеге асыру бойынша бағдарламалық функциялары бар:
ҮИЖ Орталық торабымен жұмыс бойынша модульдің жергілікті қоймасының деректерін санкцияланбаған тазалаудан, өзгертуден немесе жоюдан;
пайдаланушының бөлінген есептік жазбасы арқылы ҮИЖ Орталық торабымен жұмыс бойынша модульдің деректеріне қосуды ұйымдастыру есебінен сыртқы көздерден алынған деректерге санкцияланбаған қол жеткізуден (ҮИЖ Орталық торабын қоспағанда);
ҮИЖ Орталық торабымен жұмыс бойынша модульдің бағдарламалық қамтамасыз етілуін санкцияланбаған өзгертуден;
4) ҮИЖ Орталық торабына ҮИЖ Орталық торабымен байланысты қалпына келтіру кезінде байланыс болмаған кезеңде жергілікті қоймада сақталған барлық операцияларды береді;
5) 72 (жетпіс екі) сағаттан астам ҮИЖ Орталық торабымен байланыстың болмауы себебінен ҮИЖ-да операцияларды орындауды бұғаттау туралы ҮИЖ пайдаланушысын хабардар етеді.
21. ҮИЖ төлем құрамдасының қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау модулі:
1) нақты уақыт режимінде ҮИЖ пайдаланушысының төлем қызметтерін жеткізушіге төлемдердің беруін қамтамасыз етеді;
2) төлем карточкаларын пайдаланумен төлемдердің қабылдауын және (немесе) төлем карточкаларын пайдаланбай жедел төлемдерді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін банктердің мобильді қосымшаларымен немесе веб-сервистерімен өзара әрекеттесуді қамтамасыз етеді.
22. ҮИЖ бақылау құрамдасының ФДО - ға (БКМ) деректерді беру және фискалдау модулі:
1) операцияны фискалдау кезінде есепке алу құрамдастан тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің кодтарын алады;
2) есепке алу құрамдастан алынған тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің кодтарын оларға берілген фискалдық белгісімен сақтайды;
3) фискальдандырылған операциялар туралы деректерді есепке алу құрамдасқа беруді қамтамасыз етеді;
4) фискалдау күні мен уақытын және фискалдау операциясының бірегей белгісін көрсете отырып, фискалдық белгіні есепке алу құрамдасқа беру арқылы фискалдау операциясының аяқталуын қамтамасыз етеді.
23. ҮИЖ бақылау құрамдамасының акцизделетін тауарларды бақылау модулі:
1) есепке алу құрамдастан алкоголь өнімінің есепке алу-бақылау маркаларының деректерін алады;
2) акциздік марканы тексереді және жүйенің пайдаланушысына верификация нәтижесін хабарлайды;
3) есепке алу құрамдастан алынған маркаларды олардың мәртебесімен сақтайды;
4) есепке алу құрамдастан алынған акциздік таңбалар туралы деректерді және оларды тексеру нәтижесін сақтайды;
5) тексеру нәтижелері туралы деректерді есепке алу құрамдасқа береді.
24. ҮИЖ бақылау құрамдасының тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің электрондық паспорттары базасымен интеграциялауды пайдалану арқылы кодтарды верификациялау модулі:
1) тауарлар, жұмыстар, қызметтер паспорттарының электрондық базасын алады;
2) тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің электрондық паспорттарының базасын сақтайды және тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің кодтарын онлайн және автономды режимде верификациялауды жүзеге асырады.
3-параграф. Сенімділікке, қауіпсіздікке және деректердің сақталуына қойылатын талаптар
25. ҮИЖ:
1) ақпараттың сенімді сақталуын, ақпаратты жоғалудан, ұрлаудан, бұрмалаудан, қолдан жасаудан, санкцияланбаған қол жеткізуден және оны тарату, бұғаттау, жою, түрлендіру, көшіру және өзге де заңсыз іс-әрекеттерден қорғауды және электрондық мұрағаттар мен деректер базаларында ақпараттың толық сақталуын:
кез келген уақытта бағдарламалық қамтамасыз етудің кез келген учаскесіндегі электрмен қоректендіруді толық немесе ішінара ажыратқанда;
желілер, телекоммуникациялар апатында, деректер алмасу операцияларын орындаудың кез келген кезеңіндегі орнатылған физикалық және виртуалды байланыстар ажырағанда;
бағдарламалық қамтамасыз етудің ақпаратына санкцияланбаған қол жеткізуге әрекеттенгенде қамтамасыз етеді;
2) деректер базасының резервтік көшірмесін және транзакциялардың жүйелік журналын күнделікті автоматты түрде сақтауды қамтамасыз етеді;
3) онлайн режимде ҮИЖ Орталық торабында салық салуға әсер ететін есепке алу құрамдас операциясының орындалуын қамтамасыз етеді;
4) автономды режимде есепке алу құрамдас операцияларын орындауға жауап беретін ҮИЖ Орталық торабымен (ҮИЖ Клиенттік модулімен) жұмыс бойынша модульді пайдаланады;
5) ҮИЖ Орталық торабымен және ҮИЖ Орталық торабымен жұмыс бойынша модульдің байланысын қалпына келтіру кезінде салық салуға әсер ететін (тауарларды сату, жалақыны есептеу) автономды операцияларды оған кейіннен барлық операцияларды орындаумен беруді қамтамасыз етеді;
6) ҮИЖ Орталық торабымен байланыс жоғалған кезде ҮИЖ Клиенттік модулінде ҮИЖ деректерінің жинақталуын және сақталуын қамтамасыз етеді;
7) "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Ақпараттандыру туралы Заң) сәйкес ақпараттық қауіпсіздік сынақтарының сәтті хаттамасымен расталған ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді.
3-тарау. Үш құрамдасты интеграцияланған жүйені есепке алуға қойылатын талаптар
26. ҮИЖ есепке алуын Комитет модельдерді ҮИЖ Бірыңғай тізіліміне (бұдан әрі – Бірыңғай тізілім) енгізу жолымен жүзеге асырады және мынадай іс-әрекеттерді көздейді:
1) салық төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрған ҮИЖ құқық иеленушісі ҮИЖ эталондық үлгісін, сондай-ақ қағаз тасымалдағышта және электрондық форматта мынадай құжаттарды ұсынады:
осы Талаптарға қосымшаға сәйкес нысан бойынша Бірыңғай тізілімге ҮИЖ модельдерін енгізу туралы өтініш;
өндірушінің паспорты, техникалық құжаттамасы және пайдалану жөніндегі нұсқаулық: БКМ, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйеден (құрылғыдан), сондай-ақ ҮИЖ есепке алу құрамдасынан тұратын интеграцияланған жүйе;
ҮИЖ құқығының болуын растайтын құжат;
Ақпараттандыру туралы Заңның талаптарына сәйкес ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуіне сәтті сынақ хаттамасы;
2) тиісті өкілеттіктер жүктелген Комитеттің лауазымды тұлғасы ҮИЖ эталондық үлгісін және осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген құжаттарды ұсынған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде:
тексереді:
өтініште көрсетілген мәліметтердің ұсынылған құжаттарға сәйкестігі;
бақылау-касса машиналардың мемлекеттік тізілімінде БКМ моделінің болуы;
Комитет жанындағы Сараптамалық кеңеске ҮИЖ эталондық үлгісін және осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген құжаттарды береді;
3) Комитет жанындағы Сараптамалық кеңес Комитеттің лауазымды тұлғасы ҮИЖ эталондық үлгісін және осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген құжаттарды ұсынған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде:
ҮИЖ эталондық үлгісінің және техникалық құжаттаманың осы Талаптарға сәйкестігі мәніне сараптама жүргізеді;
сараптама нәтижелері бойынша ҮИЖ Бірыңғай тізілімге енгізу немесе бас тарту туралы хаттамалық шешім шығарады;
ҮИЖ моделін Бірыңғай тізілімге енгізеді.
27. Бірыңғай тізілімге енгізу кезінде ҮИЖ моделінің техникалық талаптарға сәйкестігін Сараптамалық кеңес ҮИЖ моделін Бірыңғай тізілімге енгізуге бастамашылық еткен тұлға өкілдерінің қатысуымен ҮИЖ эталондық үлгісін сынау (тестілеу) жолымен айқындайды.
ҮИЖ техникалық талаптарға сәйкестігін белгілеу үшін Сараптамалық кеңес өзге мемлекеттік органдардан сарапшылардың тиісті құзыреті болмаған кезде басқа тұлғалардың (ҮИЖ Бірыңғай тізілімге енгізуге бастамашылық еткен адамдармен байланысты адамдарды қоспағанда) қатарынан тартады.
28. ҮИЖ моделін Бірыңғай тізілімнен шығаруды Комитет құжаттамада көрсетілген және Бірыңғай тізілімге енгізу кезінде Комитетке ұсынылған ҮИЖ моделінің осы Талаптарға сәйкессіздігі анықталған жағдайда жүргізеді.
29. Сараптамалық кеңестің ережесін және құрамын Комитет айқындайды.
30. Бірыңғай тізілім Комитеттің сайтында орналастырылады.
Үш құрамдасты интеграцияланған жүйеге және оны есепке алуға қойылатын талаптарға қосымша |
Үш құрамдасты интеграцияланған жүйе моделін (бұдан әрі – ҮИЖ) Бірыңғай тізілімге енгізу туралы өтініш
1. ҮИЖ құқық иеленушісінің атауы____________________________________
2. Жеке/бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ЖСН/БСН)________________________
__________________________________________________________________
3. ҮИЖ құқық иеленушісінің орналасқан жері
_________________________ облысы ___________________________ қаласы
__________________________ауданы______________ көшесі___________ үй
4. ҮИЖ атауы______________________________________________________
__________________________________________________________________
5. Есепке алу жүйесі моделінің, деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса
машинасы моделінің, ҮИЖ қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйелер
(құрылғы) моделінің атауы
___________________________________________________________________
___________________________________________________________________
___________________________________________________________________
6. ҮИЖ құқық иеленуіне рұқсатын растайтын құжаттың нөмірі, бағдарламалық өнімнің
сәйкестендіру нөмірі
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
7. Өнім класы ______________________________________________________
8. ҮИЖ әзірлеушісі __________________________________________________
9. Нұсқасы __________________ ҮИЖ әзірленген күні _____________________
10. ҮИЖ әзірлеушінің орналасқан жері
__________________________ облысы __________________________ қаласы
__________________________ауданы______________ көшесі___________ үй
11. Мен, ____________________________________________________________
өтініште көрсетілген деректер ресми болып табылатынын және қоса берілген құжаттардың
барлығы жарамды екенін растаймын.
__________ парақ қоса беріліп отыр.
ҮИЖ құқық иеленушісі _____________________________ ______________
тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) (қолы)
Берілген күні: 20__ жылғы "___" ____________
Үш құрамдасты интеграцияланған жүйені (бұдан әрі – ҮИЖ) тіркеу, өзгерту және шығару туралы өтініш
1. ҮИЖ пайдаланушысының атауы және (немесе) тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)
__________________________________________________________________
2. Жеке/бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ЖСН/БСН)
__________________________________________________________________
3. Өтініш беру себебі (тиісті ұяшықта көрсетіңіз):
Тіркеу өзгерту шығару
4. ҮИЖ түрі (тиісті ұяшықта көрсетіңіз):
бағдарламалық-аппараттық кешен;
деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасынан (бұдан әрі – БКМ)Ұ, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйеден (құрылғыдан), сондай-ақ сауданы, қызметтерді көрсетуді, жұмыстарды орындауды және тауарларды есепке алуды автоматтандырылған түрде басқару жүйесімен жарақтандырылған жабдықтан (құрылғыдан) тұратын интеграцияланған жүйе
5. ҮИЖ атауы ____________________________________________
6. ҮИЖ пайдалану құқығын растайтын құжаттың нөмірі мен күні ________________________
7. ҮИЖ құқық иеленушісі қорытындысының нөмірі және күні ___________________________
8. ҮИЖ пайдалану орны:
________________________облысы _______________қаласы (ауданы)
_______________кенті (ауылы) ______________ көшесі ___________үй
8.1 Сауда, қызмет көрсету, жұмыстарды атқару мен тауарларды есепке алудың
автоматтандырылған басқару жүйесінің (бұдан әрі – есепке алу жүйесі)
атауы _________________________________________________
Есепке алу жүйесінің сәйкестендіру нөмірі ___________________________________________
Есепке алу жүйесін тіркеу күні _____________________________________________________
8.2 БКМ атауы/моделі___________________________________________________________
БКМ зауыттық нөмірі ____________________ шығарылған жылы _______
БКМ тіркелген күні ______________________
БКМ тіркеу нөмірі _______________________
8.3 Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйенің (құрылғының) атауы/моделі
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйенің (құрылғының)
сәйкестендіру/зауыттық нөмірі
_________________________________________________________________
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйенің (құрылғының) тіркелген күні ________
9. Мен, __________________________________________________________
өтініште көрсетілген деректер ресми болып табылатынын және қоса берілген құжаттардың
барлығы жарамды екенін растаймын.
ҮИЖ пайдаланушысы________________________________ ___________
тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) (қолы)
Берілген күні: 20__ жылғы "___" ____________
Үш құрамдасты интеграцияланған жүйенің (бұдан әрі – ҮИЖ) № __________ тіркеу карточкасы
ҮИЖ пайдаланушысының атауы және (немесе) тегі, аты, әкесінің аты
(бар болған жағдайда) _____________________________________________
ҮИЖ пайдаланушысының жеке/бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ЖСН/БСН)
_________________________________________________________________
ҮИЖ атауы ______ _________________________________________________
ҮИЖ пайдалану орны
________________________облысы __________________қаласы (ауданы)
_______________кенті (ауылы) ______________ көшесі ___________үй
ҮИЖ мемлекеттік кірістер органында тіркелген күні:
20 ____ жылғы "___" ______________
мөр орны
Лауазымды тұлға
___________________ ________ _____________________________________
мемлекеттік кірістер қолы тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)
органының атауы мөр орны
ҮИЖ мемлекеттік кірістер органының есебінен шығарылған күні:
20 ___ жылғы "____" ___________