"Спорттық іс-шараларды өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 74 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 10 сәуірдегі № 83 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 14 сәуірде № 20382 болып тіркелді

      "Дене шынықтыру және спорт туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 27) тармақшасына, 38-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Спорттық іс-шараларды өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 74 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9930 болып тіркелген, 2014 жылғы 23 желтоқсанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Спорттық іс-шараларды өткізу қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықпен көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2020 жылғы 10 сәуірдегі
№ 83 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрінің
2014 жылғы 4 қарашадағы
№ 74 бұйрығымен
бекітілген

Спорттық іс-шараларды өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Спорттық іс-шараларды өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағида) спорттық іс-шараларды өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) дене шынықтыру-спорт ұйымы – негізгі қызмет түрі ретінде дене шынықтыру мен спорт саласындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкiлеттi орган – дене шынықтыру мен спорт саласындағы басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган (бұдан әрі - уәкiлеттi орган);

      3) кешенді спорттық жарыстар – спортшылар арасында орындарды бөлетін және командалар арасында жалпы командалық есепті шығаратын спортшылар немесе командалар арасындағы бірнеше спорт түрінен сайыстар;

      4) Қазақстан Республикасының чемпионаты – бұл облыстардың жартысынан астам, республикалық маңызы бар қалалар және астана спортшыларының (командаларының) қатысуымен өткізілетін республикалық спорттық жарыс;

      5) облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстар – тиісті жергілікті атқарушы органдардың спорттық-бұқаралық іс-шараларының бірыңғай өңірлік күнтізбесіне енгізілген жарыстар;

      6) оқу-жаттығу жиыны – спортшылардың спорттық шеберлігін және оқу-жаттығу процесінің сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған орталықтандырылған іс-шара;

      7) ресми халықаралық спорттық жарыстар – спорт түрлері бойынша халықаралық федерациялардың спорттық-бұқаралық іс-шараларының бірыңғай республикалық күнтізбесіне енгізілген халықаралық спорттық жарыстар;

      8) республикалық спорттық жарыстар – уәкілетті органның спорттық-бұқаралық іс-шараларының бірыңғай республикалық күнтізбесіне енгізілген жарыстар (бұдан әрі – күнтізбелік жоспар);

      9) спорттық жарыс – ұйымдастырушысы бекіткен ереже (регламент) бойынша өткізілетін сайыстың үздік қатысушысын анықтау мақсатында спорт түрі (түрлері) бойынша спортшылар немесе командалар арасындағы сайыс;

      10) спорттық жарыстарға қатысушылар – спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер, мамандар, командалар немесе спортшылар тобының басшылары мен өкілдері, дене шынықтыру-спорт ұйымдардың басшылары, сондай-ақ спорттық жарысқа қатысатын жануарлар (бұдан әрі - Қатысушылар).

      11) спорттық іс-шара – спортшылардың, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандардың қатысуымен өткізілетін спорттық жарыс, оқу-жаттығу жиыны;

      12) халықаралық спорттық жарыстар – шетелдік спортшылар (командалар) қатысатын спортшылар (командалар) арасындағы спорт түрi бойынша өтетін сайыстар.

2-тарау. Спортшылардың, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандардың қатысуымен спорттық жарыстарды өткізу тәртібі

      3. Республикалық спорттық жарыстар "Дене шынықтыру және спорт туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 38-бабының 1-тармағына сәйкес дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті органның шешімі және спорт түрлері бойынша аккредиттелген республикалық федерациялармен келісім бойынша күнтізбелік жоспарға сәйкес өткізіледі.

      4. Белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің құрметіне немесе жүлдесі үшін республикалық спорттық жарыстарды уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша аккредиттелген республикалық спорт федерациялары өткізеді.

      Республикалық спорттық жарыстардан басқа, Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогына немесе жүлделеріне спорттық жарыстарды Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша аккредиттелген республикалық спорт федерациялары уәкілетті органмен бірлесіп өткізеді.

      5. Республикалық спорттық жарыстар Заңның 38-бабының 6-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен спорттық жарыстар туралы ережелерге (регламенттерге) сәйкес өткізіледі.

      Республикалық немесе өңірлік аккредиттелген спорт федерациялары Республикалық спорттық жарыстар ережесін (регламентін) уәкілетті органға жарыстың өткізілу күніне дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын жібереді.

      6. Қазақстан Республикасының чемпионатына тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын спортшылар қатысады.

      7. Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық спорттық жарыстар халықаралық спорт ұйымдарының және уәкілетті органның шешімі бойынша өткізіледі.

      Осы жарыстар Заңның 38-бабының 2-тармағына сәйкес осы жарыстар күнтiзбелiк жоспарға енгізіледі.

      8. Халықаралық спорттық жарыстар Заңның 38-бабының 5-тармағына сәйкес аккредиттелген республикалық және (немесе) өңірлік спорт федерациялары әзірлейтін және дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін спорттық жарыстар туралы ережелерге (регламенттерге) сәйкес өткізіледі.

      Республикалық немесе өңірлік аккредиттелген спорт федерациялары халықаралық спорттық жарыстар ережесін (регламентін) уәкілетті органға жарыстың өткізілу күніне дейін кемінде 12 (он екі) ай бұрын жібереді.

      9. Қазақстан Республикасының аумағында Халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге өтінімдерді республикалық немесе өңірлік аккредиттелген спорт федерациялары халықаралық спорт федерацияларына уәкілетті органның келісімі бойынша оларды өткізудің болжамды күніне дейін кемінде 18 (он сегіз) ай бұрын береді.

      10. Облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстар Заңның 38-бабының 3-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша және аккредиттелген тиісті жергілікті спорт федерацияларымен келісу бойынша спорттық-бұқаралық іс-шаралардың өңірлік бірыңғай күнтізбесіне сәйкес өткізіледі.

      11. Белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің құрметіне немесе жүлдесі үшін облыстық спорттық жарыстарды жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша аккредиттелген спорт федерациялары өткізеді.

      12. Облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстардың ережелерін (регламенттерін) Заңның 38-бабының 7-тармағына сәйкес аккредиттелген жергілікті спорт федерациялары әзірлейді және оны жергілікті атқарушы орган бекітеді.

      Жергілікті аккредиттелген спорт федерациялары Спорттық жарыстар ережесін (регламентін) облыстық, қалалық және аудандық атқарушы органдарға жарыстың өткізілу күніне дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын жібереді.

      13. Спорттық жарыстар ережесі (регламенті) мынадай бөлімдерді қамтиды:

      1) спорттық жарыстардың атауы;

      2) мақсаттары мен міндеттері;

      3) спорттық жарыстың өткізілу орны мен уақыты;

      4) спорттық жарысты өткізу жүйесі;

      5) қатысушы ұйымдар;

      6) спортшылардың, жаттықтырушылардың, төрешілердің және басқа да қатысушылардың сандық құрамы;

      7) спортшылардың жынысы мен туған жылы;

      8) нәтижелерді бағалау жүйесі;

      9) медициналық-санитарлық қамтамасыз ету;

      10) допингке қарсы қамтамасыз ету;

      11) төрешілер алқасының сандық құрамы;

      12) спорттық жарысқа қатысу үшін өтінімдер берудің тәртібі мен мерзімі;

      13) қатысушылар мен төрешілерді қабылдау шарттары;

      14) спорттық жарыстың чемпиондары мен жүлдегерлерді марапаттау тәртібі;

      15) наразылық көрсету тәртібі және оны қарау;

      16) спорттық жарыстарға қатысушылар мен төрешілердің келу және қайту күндері.

      14. Спорттық жарыстың ережесіне (регламентіне) спорттық жарыс басталғанға дейін кемінде 14 (он төрт) күнтізбелік күн бұрын өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізіледі.

      15. Заңның 38-бабының 4-тармағына сәйкес спорттық жарыстар спорт түрлерінің тізіліміне енгізілген спорт түрлері бойынша жарыстар туралы ереженің (регламенттің) негізінде, спорт түріне және жарыстың түріне (жеке – қорытындылары бойынша жекелеген спортшылардың (жынысына, жасына, спорттық біліктілігіне қарай) иеленген орындары анықталады, жеке-командалық – қорытындылары бойынша спортшының жеке нәтижесінен басқа, командалардың иеленген орындары анықталады, командалық – қорытындылары бойынша тек қатысушы командалардың иеленген орындары анықталады, іріктеу, біліктілік (лицензиялық) – қорытындылары бойынша спорт түрлері бойынша құрама командалар қалыптастырылады және спортшылар мен командаларды спорттық жарыстардың келесі кезеңіне жіберу жүргізіледі) сәйкес өткізіледі.

      16. Халықаралық жарыстар қатысушыларының сандық құрамын спорттық жарыстар ережесінің (регламентінің) негізінде уәкілетті орган анықтайды.

      17. Белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт және қоғам қайраткерлерінің құрметіне немесе жүлдесі үшін республикалық спорттық жарыстар өткізу:

      1) Белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің құрметіне республикалық спорттық жарыстар белгілі спортшының, жаттықтырушының, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің қайтыс болған күнінен бастап 5 (бес) жыл өткен соң мұрагерінің (мұрагерлерінің) жазбаша түрде берілген келісімімен өткізіледі;

      2) Белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің жүлдесі үшін республикалық спорттық жарыстар белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің жазбаша түрде берілген келісімімен өткізіледі;

      3) Белгілі спортшы, жаттықтырушы, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің құрметіне немесе жүлделері үшін өткізілетін республикалық спорттық жарыс, дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қосқан ауқымды үлес негізінде айқындалады.

      4) аккредиттелген спорт федерациялары уәкілетті органға республикалық спорттық жарыс басталғанға дейін кемінде 2 (екі) ай бұрын мынадай құжаттарды ұсынады:

      - өмірбаян (белгілі спортшылар, жаттықтырушылар, спорт және қоғам қайраткерлері үшін);

      - спортшының спорттағы жетістігі, жаттықтырушының, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің дене шынықтыру және спорт саласына қосқан үлесі туралы ақпарат;

      - белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің немесе оның мұрагерінің (мұрагерлерінің) жазбаша келісімі;

      - аккредиттелген спорт федерациясының белгілі спортшының, жаттықтырушының, спорт және қоғам қайраткерлерінің дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қосқан үлесін растайтын хаты;

      - белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің құрметіне немесе олардың жүлдесі үшін спорттық жарыстардың ережесі (регламенті).

      18. Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы немесе жүлдесі үшін жарыстар өткізу:

      1) спорт түрлері бойынша республикалық аккредиттелген спорт федерациялары облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының келісімі бойынша спорттық жарыстардың басталуына дейін кемінде 3 (үш) ай бұрын уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      - спорт түрінің Қазақстан Республикасында және халықаралық аренада дамуының жай-күйі, спорттық жарысқа қатысатын облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың), спортшылардың саны, спорттық жарысқа қатысушылардың жалпы саны және қатысушы елдер саны (халықаралық спорттық жарыстар үшін) туралы ақпарат;

      - спорттық жарыс ережесінің (регламентінің) жобасы;

      - жергілікті атқарушы органның қолдау хаты.

      2) уәкілетті орган спорт түрі бойынша аккредиттелген спорт федерациясының Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы немесе жүлдесі үшін спорттық іс-шараны өткізуге өтінімін Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігіне спорттық іс-шараны өткізудің орындылығы туралы өз қорытындысын қоса бере отырып, спорттық жарысты өткізу туралы шешім қабылдау үшін жолдайды.

      19. Белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің құрметіне немесе олардың жүлдесі үшін облыстық спорттық жарыстар өткізу:

      1) Белгілі спортшы, жаттықтырушы, спорт немесе қоғам қайраткерлері құрметіне немесе жүлделері үшін өткізілетін республикалық спорттық жарыс, дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қосқан ауқымды үлес негізінде айқындалады.

      2) Белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің құрметіне немесе жүлдесі үшін облыстық спорттық жарыстар белгілі спортшының, жаттықтырушының, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің қайтыс болған күнінен бастап 5 жыл өткен соң мұрагерінің (мұрагерлерінің) жазбаша түрде берілген келісімімен өткізіледі.

      3) Белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің жүлдесі үшін облыстық спорттық жарыстар белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің жазбаша түрде берілген келісімімен өткізіледі.

      4) аккредиттелген спорт федерациялары облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органына облыстық спорттық жарыс басталғанға дейін кемінде 2 (екі) ай бұрын мынадай құжаттарды ұсынады:

      - өмірбаян (белгілі спортшылар, жаттықтырушылар, спорт және қоғам қайраткерлері үшін);

      - спортшының спорттағы жетістігі, жаттықтырушының, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің дене шынықтыру және спорт саласына қосқан үлесі туралы ақпаратты қамтитын аккредиттелген спорт федерациясының хаты;

      - белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің немесе оның мұрагерінің (мұрагерлерінің) жазбаша келісімі;

      - аккредиттелген спорт федерациясының белгілі спортшының, жаттықтырушының, спорт және қоғам қайраткерлерінің дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қосқан үлесін растайтын хаты;

      - белгілі спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт немесе қоғам қайраткерлерінің құрметіне немесе олардың жүлдесі үшін спорттық жарыстардың ережесі (регламенті).

3-тарау. Спортшылардың, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандардың қатысуымен оқу-жаттығу жиындарын өткізу тәртібі

      20. Оқу-жаттығу жиындары күнтізбелік жоспарға сәйкес өткізіледі.

      21. Республикалық және халықаралық жарыстарға даярлау бойынша оқу-жаттығу жиындары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 14 мамырдағы № 179 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11437 болып тіркелген) Жарыстар түрлерінің, оқу-жаттығу жиындарының және олардың сыныптамаларының тізбесіне сәйкес өткізіледі.

      22. Оқу-жаттығу жиындарын өткізетін дене шынықтыру-спорт ұйымдары:

      - теориялық және практикалық сабақтардың, тәрбие жұмыстарының, спортшыларды даярлаудың дербес жоспарларын, кешенді ғылыми топ жұмысының, медициналық қамтамасыз етудің және қауіпсіздікті сақтау шараларының жоспарын бекітеді;

      - оқу-жаттығу процесін өткізудің сапасын, спортшының техникалық және тактикалық шеберлігін жетілдіруді, тәрбие жұмысын ұйымдастыруды, тәртіпті сақтауды, мүліктің сақталуын қадағалайды;

      - білікті жаттықтырушыларды, дәрігерлерді, массажшыларды, сондай-ақ басқа да қажетті қызмет көрсетуші персоналдарды анықтайды;

      - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 22 қарашадағы № 107 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10005 болып тіркелген) Оқу-жаттығу процесі мен спорттық іс-шаралар кезеңінде спортшыларды, оның ішінде барлық санаттағы әскери қызметшілерді және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тамақтандыру және фармакологиялық қамтамасыз ету нормативтерінің әдістемесіне сәйкес тамақпен, іссапар шығыстарымен, медико-биологиялық және қалпына келтіру құралдарымен және әдістерімен қамтамасыз етеді;

      - оқу-жаттығу жиындарын тиісті спорт ғимараттарында өткізуді қамтамасыз етеді;

      - қажетті мүкәммалдармен және жабдықтармен қамтамасыз етеді;

      - спортшылардың және оқу-жаттығу жиындарына басқа қатысушылардың дербес тізімдерін бекітеді;

      - санитарлық-гигиеналық нормалардың, сондай-ақ өрт қауіпсіздігін, техникалық пайдаланудың ережелерін сақталуын және оқу-жаттығу жиынындағы спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

      - спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) республикалық және ресми халықаралық спорттық жарыстарға даярлау кезінде спортшының өмірі мен денсаулығын сақтандыруды жүзеге асырады.

      23. Күнтізбелік жоспардың негізінде дене шынықтыру-спорт ұйымдары спорттық іс-шаралардың ағымдағы жылға арналған қаржылық күнтізбесін әзірлейді.

      24. Негізгі бағыты спортшыларды жалпы дене шынықтыру, тактикалық және спорттық-техникалық даярлау болып табылатын оқу-жаттығу жиындары спорттық жарыстарға тікелей даярлау жөніндегі жиындардың санатына жатады.

      25. Жалпы дене дайындығы бойынша, қалпына келтіру, спортшыларға тексеру (кешенді тереңдетілген медициналық) жүргізу жөніндегі оқу-жаттығу жиындары арнаулы оқу-жаттығу жиындарына жатады.

      26. Спорттық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізуші дене шынықтыру-спорт ұйымдары спорттық іс-шаралардың қаржылық күнтізбесіне және күнтізбелік жоспарға сәйкес әрбір спорттық іс-шараны жеке өткізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сметаны бекітеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады