"Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 417 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 252 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 4 мамырда № 20562 болып тіркелді.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 417 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18883 болып тіркелген, 2019 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 10-2-бабының 10-14) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-миниcтріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық даму
Министрінің міндетін атқарушы
К. Ускенбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің
2020 жылғы 29 сәуірдегі № 252
Бұйрығына қосымша
  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің
2019 жылғы 20 маусымдағы
№ 417 бұйрығымен
бекітілген

Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 10-2-бабының 10-14) тармақшасына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және тұрғын үй сертификаттарын беру және "Тұрғын үй сертификаттарын беру" мемлекеттік қызмет көрсету (бұдан әрі - мемлекеттік көрсетілетін қызмет) тәртібін айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама (бұдан әрі - ипотекалық бағдарлама) және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы (бұдан әрі - тұрғын үй құрылысы бағдарламасы) шеңберінде ипотекалық тұрғын үй қарыздарын пайдалана отырып, азаматтардың тұрғын үйді меншігіне алу құқығын іске асыру үшін облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары тұрғын үй сертификаттарын әлеуметтік көмек немесе бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау ретінде ұсынады.

      3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ипотекалық тұрғын үй қарызы - сатып алынатын жылжымайтын тұрғын үй мүлкі ипотекасымен қамтамасыз етілген тұрғын үйді сатып алу мақсатында берілетін тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің ипотекалық қарызы, алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздары;

      2) тұрғын үй сертификаты - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесінің нысаны;

      3) уәкілетті орган - тұрғын үй қатынастары саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) әкімші - әкіммен анықталатын жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету, құрылыс, тұрғын үй қатынастары саласына жетекшілік ететін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелері.

2-тарау. Тұрғын үй сертификаттарын беру және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

      4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органдары (мәслихаттар) Заңның 14-1-бабының 2-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдарының ұсынысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санатының тізбесін (бұдан әрі - Тізбе) айқындайды.

      Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін 1 (бір) млн. теңгеге дейін бірыңғай мөлшерде айқындалады.

      5. Тізбеде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы және өзге де басым салалардағы мамандардың қажеттілігін, сондай-ақ Заңның 68-бабының 3), 9) және 11) тармақшаларымен айқындалған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санаттарын (бұдан әрі - өтініш беруші) ескере отырып, алушылардың мынадай санаттары көзделеді:

      мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

      толық емес отбасылар.

      Салалардағы қажетті мамандар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 29 наурыздағы № 154 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18445 болып тіркелген) Еңбек ресурстарын болжамдаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру және оның нәтижелерін пайдалану қағидаларына сәйкес құрылатын еңбек ресурстарының болжамы есебімен, еңбек және жұмыспен қамту статистикасы бойынша статистикалық байқауларды талдау негізінде анықталады.

      6. Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде (жұбайы (зайыбы), кәмелетке толмаған балалары) отбасының әрбір мүшесіне (зайыбына (жұбайына), кәмелетке толмаған балаларына) ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 (екі) көрсеткішінен аспайтын соңғы 6 (алты) ай ішінде еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды қоспағанда) орташа табысы болған жағдайда беріледі.

      Орташа табыс бойынша соңғы 6 (алты) ай ішінде белгіленген шектен асып кеткен жағдайда отбасының әрбір мүшесіне (зайыбына (жұбайына), кәмелетке толмаған балаларына) бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау ретінде тұрғын үй сертификаты беріледі.

      7. Әкімші тиісті қаржы жылына әлеуметтік көмек және (немесе) бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау ретінде тұрғын үй сертификаттарының жоспарланған сомасын көздейді.

      Әлеуметтік көмек қайтарымсыз және қайтарылмайтын негізде беріледі.

      Әлеуметтік қолдау ақылылық, қайтарымдылық, мерзімділік шарттарымен бюджеттік заңнама талаптарына сәйкес бюджеттік кредит түрінде беріледі.

      8 Тұрғын үй сертификаттарын беру тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджетте көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      9. Әкімші интернет-ресурсында:

      1) тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесі туралы жергілікті өкілді органның (мәслихаттың) шешімін;

      2) тұрғын үй сертификаттарын беру туралы хабарландыруды жариялауды қамтамасыз етеді.

      10. Тұрғын үй сертификаттарын беру үшін жергілікті бюджетте қаражат жеткіліксіз болған жағдайда, тұрғын үй сертификаттарын беру тоқтатылғаны туралы хабарландыру жарияланады.

      11. Тұрғын үй сертификаттары ипотекалық бағдарламада немесе тұрғын үй құрылысы бағдарламасында көзделген тәртіпте тұрғын үй алу кезінде Тізбеге сәйкес келетін өтініш берушілерге беріледі.

      Бұл ретте, өтініш беруші екінші деңгейдегі банкке (бұдан әрі - ЕДБ) тұрғын үй сертификатын алу ниеті туралы жазбаша хабарлама жолдайды.

      12. Мемлекеттік қызметті осы Қағидаларға сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органының құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі - әкімші) көрсетеді.

      Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес "Тұрғын үй сертификаттарын беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында (бұдан әрі - Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты) жазылған.

      Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі Мемлекеттік қызмет стандартының 8-тармағымен айқындалған.

      13. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін өтініш беруші әкімшінің кеңсесіне немесе "Азаматтарға арналған үкімет "Мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көзделген құжаттарды қоса бере отырып, осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді.

      Өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (зайыбының (жұбайының), кәмелетке толмаған балаларының) жеке басын куәландыратын құжаттардың мәліметтерін Мемлекеттік корпорацияның жұмыскері немесе әкімші "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өтініш беруші мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісім береді.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көрсетілген құжаттарды жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері берген жағдайда, оларды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Әкімші немесе Мемлекеттік корпорация қабылдау кезінде осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда өтініш берушіге қабылдау туралы не қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.

      Әкімші "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.

      14. Әкімші арқылы жүгінген жағдайда жауапты қызметкер:

      1) өтініш берушіден Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көрсетілген құжаттар келіп түскен және тіркелген күні олардың толықтығын, дұрыстығын және өтініш беруші мәртебесінің тізбеге сәйкестігін тексереді;

      2) 3 (үш) жұмыс күні ішінде қаржы қаражатының қажеттілігін есептеуді жүргізеді және өтініш берушіге осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша түрін, сомасын көрсете отырып, тұрғын үй сертификатын беруді мақұлдау туралы қабылданған шешімді немесе мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағында көзделген негіздер бойынша дәлелді бас тартуды жібереді.

      15. Мемлекеттік корпорация арқылы жүгінген жағдайда Мемлекеттік корпорация жұмыскері өтініш берушіден Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көрсетілген құжаттар келіп түскен және тіркелген күні олардың толықтығын, дұрыстығын, өтініш беруші мәртебесінің тізбеге сәйкестігін тексереді және оларды Әкімшіге жібереді.

      Әкімші Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш берушінің құжаттарын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде қаржы қаражатының қажеттілігін есептеуді жүргізеді және осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Мемлекеттік корпорация арқылы тұрғын үй сертификатын беруді мақұлдау туралы қабылданған шешімді немесе Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағында көзделген негіздер бойынша дәлелді бас тартуды жібереді.

      16. Көрсетілетін қызметті берушінің құжаттарын әкімшіге қағаз жеткізгіште жіберуді көздейтін Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.

      Мемлекеттік корпорацияда дайын құжаттарды беру жеке басын куәландыратын құжатты (не нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілінің) көрсеткен кезде жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік корпорация нәтижені бір ай бойы сақтауды қамтамасыз етеді, одан кейін оларды одан әрі сақтау үшін Әкімшіге береді.

      Өтініш беруші Мемлекеттік корпорацияның сұрау салуы бойынша бір ай өткен соң өтініш берген кезде Әкімші бір жұмыс күні ішінде дайын құжаттарды өтініш берушіге беру үшін Мемлекеттік корпорацияға жібереді.

      17. Шағымдар Мемлекеттік корпорация басшысының, әкімшінің немесе сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) басшысының атына уәкілетті орган басшысының блогына ("уәкілетті орган басшысының блогы" парағы) беріледі.

      Шағым жазбаша нысанда пошта арқылы Мемлекеттік корпорация басшысының, әкімшінің немесе уәкілетті органға жұмыс күндері қолма-қол қабылданады.

      Шағымның Мемлекеттік корпорация басшысының, әкімшінің, уәкілетті органның кеңсесінде, қабылданғанын растау, оны тіркеу болып табылады (мөртабан, кіріс нөмірі және тіркеу күні шағымның екінші данасында немесе шағымға ілеспе хатта қойылады).

      Өтініш берушінің шағымында оның атауы, пошталық мекенжайы, шығыс нөмірі мен күні көрсетіледі.

      Өтініш берушінің Мемлекеттік корпорация басшысының, әкімшінің, уәкілетті органға келіп түскен шағымы тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Шағымды қарау нәтижелері туралы дәлелді жауап қарыз алушыға почта арқылы жіберіледі немесе қаржы агентінің немесе Министрліктің кеңсесінде қолма-қол беріледі.

      Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, қарыз алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағымдана алады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен қарыз алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      18. Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.

      19. Өтініш беруші Әкімшінің шешімін алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде тұрғын үй сертификатын беру туралы келісім (бұдан әрі - Келісім) жасау үшін Әкімшіге жүгінеді.

      20. Әлеуметтік көмек көрсетілген жағдайда, өтініш беруші мен Әкімші арасындағы келісім өтініш беруші өтініш жасаған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде жасалады.

      21. Бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау көрсетілген жағдайда, өтініш беруші, Әкімші және сенім білдірілген өкіл (агент) арасындағы келісім 3 (үш) жұмыс күні ішінде жасалады.

      Осы мерзім ішінде сенім білдірілген өкіл (агент) өтініш берушімен жылдық 0,01 % мөлшерде сыйақы мөлшерлемесі бойынша 15 (он бес) жылға дейінгі мерзіммен кредиттік шарт (бұдан әрі - кредиттік шарт) жасайды.

      Бюджеттік кредиттер беру, өтеу және қызмет көрсету бойынша қосымша талаптар кредиттік шартта белгіленеді.

      22. Бюджеттік кредит беру Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Сенім білдірілген өкілдің (агенттің) қызметі пайдаланылған жағдайда қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Ипотекалық бағдарлама және тұрғын үй құрылысының бағдарламасы шеңберінде сатып алынатын тұрғын үйді кепілдікке қоюды қоспағанда, бюджеттік кредит бойынша міндеттемелерді орындауды кепілді, жазбаша кепілі, кепілгерлігі немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген басқа да тәсілдер арқылы қамтамасыз етіледі.

      23. Әкімші сенім білдірілген өкілмен (агентпен) тапсырма шартын жасасады.

      Тапсырма шартында тұрғын үй сертификатын алушымен сенім білдірілген өкілдің (агенттің) кредиттік шарт жасасуы, оның қаржылық жағдайын мониторингілеу, тұрғын үй сертификатының сомасын аудару, Әкімші шотына бюджеттік кредитті өтеуді жүргізу көзделеді.

      24. Әлеуметтік көмек берілген жағдайда Әкімші тұрғын үй сертификатының сомасын өтініш берушінің эскроу-шот/жинақ шотына келісім жасалған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей аударады.

      25. Бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау ұсынылған жағдайда сенім білдірілген өкіл (агент) тұрғын үй сертификатының сомасын өтініш берушінің эскроу-шот/жинақ шотына кредиттік шарт жасалған күннен кейін 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей аударады.

      26. ЕДБ өтініш берушінің эскроу-шот/жинақ шотына тұрғын үй сертификатының сомасы түскен жағдайда, ішкі тәртіпке сәйкес онымен банктік қарыз шартын, ипотекалық шартты (кепіл шартын) жасасады.

      27. Өтініш беруші тұрғын үй сертификатын пайдалана отырып, ипотекалық тұрғын үй қарызын ресімдегеннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде Әкімшіге (сенім білдірілген өкілге (агентке)) банктік қарыз шартының және ипотекалық шарттың (кепіл шартының) көшірмелерін береді.

      28. Өтініш беруші эскроу-шот/жинақ шотына тұрғын үй сертификатының сомасы аударылған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде ипотекалық тұрғын үй қарызын ресімдемеген жағдайда, қарыз беру туралы шешім қабылдаған ЕДБ жергілікті бюджетке оның қайтарылуын жүзеге асырады.

      29. Ипотекалық бағдарлама немесе тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін берілген тұрғын үй сертификаты Нұр - және Алматы қалаларының қала маңы аймақтарында тұрғын үй сатып алу жағдайларын қоспағанда, жергілікті атқарушы органның тиісті аумақтық бірлігі шегінде қолданылады.

      Ипотекалық бағдарлама немесе тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу кезінде өтініш берушінің ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификатын бір реттен артық алуына жол берілмейді.

  Тұрғын үй сертификаттарын
беру қағидаларына
1-қосымша

"Тұрғын үй сертификаттарын беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші)

2

Мемлекеттік кызмет көрсету тәсілдері

1) Мемлекеттік корпорация;
2) көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшелерінің кеңсесі.

3

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

1) Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде - 4 (төрт) жұмыс күні ішінде;
2) көрсетілетін қызметті берушіге жүгінген кезінде - 3 (үш) жұмыс күні.

4

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны

Қағаз түрінде

5

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі

Түрін, сомасын көрсете отырып, тұрғын үй сертификатын беруді мақұлдау туралы шешім немесе Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағында көзделген негіздер бойынша дәлелді бас тарту.

6

Көрсетілетін қызметті алушыдан мемлекеттік қызметтер көрсеткені үшін алынатын төлем мөлшері және оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жинау тәсілдері

Тегін

7

Жұмыс кестесі

1) қызмет көрсетушілер - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін.
Құжаттарды қабылдау және Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 09.00-ден 17.30-ға дейін жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызмет алдын ала жазылусыз және жедел қызмет көрсетусіз құжаттардың түсуіне қарай көрсетіледі.
2) Мемлекеттік корпорация - Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасына сәйкес жексенбі және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап сенбіні қоса алғанда, жұмыс кестесіне сәйкес түскі үзіліссіз сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін.
Мемлекеттік қызмет жеделдетіп қызмет көрсетусіз "электрондық" кезек тәртібімен көрсетіледі, "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық кезекті броньдауға болады.

8

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

1) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
2) өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (зайыбының (жұбайының), кәмелетке толмаған балаларының) жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқасы тұлғаны сәйкестендіру үшін беріледі);
3) соңғы 6 (алты) ай ішіндегі еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен табысы туралы анықтама (барлық отбасы мүшелеріне (зайыбына (жұбайына), кәмелетке толмаған балаларына));
4) осы Қағидалардың 5-тармағында айқындалған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санаттарын қоспағанда жұмыс орнынан анықтама;
5) қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы ЕДБ-нің хатын қоса бере отырып жүгінуі тиіс.

9

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартудың негіздері

1) құжаттардың толық емес топтамасын ұсыну;
2) өтініш берушінің анық емес деректерді (мәліметтерді) ұсынуы;
3) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеуі.

10

Мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін есепке алғанда өзге де талаптар

Заңнамада белгіленген тәртіппен өзіне-өзі қызмет көрсету, өз бетінше жүріп-тұру, бағдарлану, қабілетін толық немесе ішінара жоғалту мүмкіндігі бар көрсетілетін қызметті алушыларға мемлекеттік қызметті көрсету үшін құжаттарды қабылдауды Мемлекеттік корпорация жұмыскері 1414, 8 800 080 7777 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы өтініш жасау арқылы тұрғылықты жеріне барып жүргізеді.
Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде бірыңғай байланыс орталығы 1414, 8-800-080-7777 арқылы алуға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі анықтама қызметтерінің байланыс телефондары көрсетілетін қызметті берушінің және сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурстарында: www.kds.miid.gov.kz орналастырылған.
Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 1414

  Тұрғын үй сертификаттарын
беру қағидаларына
2-қосымша
  Нысан
  __________________________
(республикалық маңызы бар
қаланың, астананың, ауданның
(облыстық маңызы бар қаланың)
әкімі
____________________________
тегі, аты-жөні
____________________________
тегі, аты, әкесінің аты (бар
болса) (бұдан әрі - Т.А.Ә.)
____________________________
жұмыс орны, өтініш
берушінің лауазымы
___________________________
тұратын мекенжайы

Өтініш

      Сізден бастапқы тұрғын үйді меншігіме сатып алу құқығын іске асыру мақсатында

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұрғын үй құрылысы мемлекеттік

      бағдарламасы шеңберінде бастапқы тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй

      қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін:

      ________________________________________________________________________________

      (сомасы цифрмен және жазбаша)

      ________________________________________________________________ теңге мөлшерінде

      тұрғын үй сертификатын беруіңізді сұраймын.

      Ақпараттық жүйелердегі заңмен қорғалатын құпияны қамтитын мәліметтерді пайдалануға келісемін.

      (күні) (қолы)

      Құжаттар қабылданды:

      20__ жылғы "___" ___________

      _______________ ___________________________________________________________

      Қолы құжаттарды қабылдаған лауазымды тұлғаның Т.А.Ә. (болған жағдайда)

      ________________________________________________________________________________

      (кесу сызығы)

      Азамат (азаматша) ____________________ өтініші ______ дана көлемінде қоса берілген

      құжаттармен бірге 20__жылғы "____"____________ қабылданды.

      __________________________________________________________________________

      Қолы құжаттарды қабылдаған тұлғаның Т.А.Ә. (болған жағдайда)

  Тұрғын үй сертификаттарын
беру қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан

      Республикасы Заңының 20-бабының 2-тармағын басшылыққа ала отырып,

      _________________________________________________________________________________ _________________

      (жергілікті атқарушы органның атауын көрсету) / Мемлекеттік корпорация

      ________________________ (мекенжайын көрсету керек), Сіздің Тұрғын үй сертификатын

      беру қағидаларына 1-қосымшаның 8-тармағында көзделген құжаттардың топтамасын толық

      ұсынбауыңызға байланысты, __________________________ мемлекеттік қызмет көрсету үшін

      құжаттарды қабылдаудан бас тартады, атап айтқанда:

      1) ________________________________________;

      2) ________________________________________;

      3) ….

      Осы қолхат әрбір тарап үшін бір-бірден екі данада жасалды.

      _________________ _________________________________________

      (Мемлекеттік корпорация жұмыскерінің) (қолы) (Т.А.Ә. (болған жағдайда))

      Орындаушы: Т.А.Ә. (болған жағдайда)____________

      Телефон нөмірі __________

      ________________________________________________________________________________

      Қабылдадым: Т.А.Ә. (болған жағдайда) / өтініш берушінің қолы

      20__ жылғы "___" ___________

  Тұрғын үй сертификаттарын
беру қағидаларына
4-қосымша
  Нысан
  ____________________________
тегі, аты, әкесінің аты
(бар болса) (бұдан әрі - Т.А.Ә.)
тұратын мекенжайы:__________
___________________________
тел.: ______________________

      _________________________________________________________________

      (органның атауы)

      _______________________________________________________________________________,

      келіп түскен өтініш пен ұсынылған құжаттарды қарап, Тұрғын үй сертификаттарын беру

      қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 417 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік

      құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18883 болып тіркелген)

      және____________________________________________________________________________

      (жергілікті өкілді орган бекіткен құжаттың атауын, нөмірін және күнін көрсету) _______

      сәйкес __________________________________________________ (сомасы цифрмен және

      жазбаша) ____________________(______________________________________________)

      теңге сомасына тұрғын үй сертификаттарын әлеуметтік көмек / бюджеттік кредит түрінде

      әлеуметтік қолдау ретінде (керегінің асты сызылсын) ұсынылуы мақұлданғанын хабарлайды.

      Әлеуметтік қолдау қаражатын ақшалай нысанда төлеу жүзеге асырылатын болады.

      _______________________________________________________________________________.

      (сенім білдірілген агенттің атауы)

      Ипотекалық бағдарлама немесе тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде тұрғын

      үй сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін

      жабу үшін берілген тұрғын үй сертификаты, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының қала

      маңы аймақтарында тұрғын үй сатып алу жағдайларын қоспағанда, жергілікті атқарушы

      органның тиісті аумақтық бірлігі шегінде қолданылады.

      Ипотекалық бағдарлама немесе тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде тұрғын

      үй сатып алу кезінде өтініш берушінің ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы

      жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификатын бір реттен артық алуына жол берілмейді.

      Лауазымы                                    Т.А.Ә.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады