"Біліктілік емтиханын өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 28 сәуірдегі № 191 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 30 мамырдағы № 549 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 1 маусымда № 20803 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 3 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Біліктілік емтиханын өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 28 сәуірдегі № 191 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9479 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2014 жылғы 2 шілдеде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Оңалту және банкроттық туралы" 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 23-2) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Біліктілік емтиханын өткізу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Е. Жамаубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2020 жылғы 30 мамырдағы
№ 549 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі
Орынбасары - Қазақстан
Республикасы Қаржы
министрінің
2014 жылғы 28 сәуірдегі
№ 191 бұйрығымен
бекітілген

Біліктілік емтиханын өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Біліктілік емтиханын өткізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Оңалту және банкроттық туралы" 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 23-2) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Әкімшінің (уақытша әкімшінің, оңалтушы, уақытша және банкроттықты басқарушының) қызметін жүзеге асыру құқығына үміткер адамдардың біліктілік емтиханын өткізу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтің (бұдан әрі - Мемлекеттік көрсетілетін қызмет) оңалту және банкроттық саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік органның көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Көрсетілетін қызметті беруші - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті.

      3. Көрсетілетін қызметті алушы - мынадай талаптарға жауап беретін:

      1) құқық, экономика және бизнес саласындағы жоғары білімі бар;

      2) заңгерлік, экономикалық, бухгалтерлік, қаржылық, аудиторлық немесе бақылау-ревизия салаларындағы қатарынан үш жылдан кем емес жұмыс өтілі бар;

      3) наркологиялық немесе психиатриялық диспансерде есепте тұратындығы туралы мәліметтері жоқ;

      4) өтелмеген немесе алынбаған соттылығы жоқ;

      5) соттың әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танығандығы туралы мәліметтері жоқ жеке тұлға.

      4. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет "электрондық үкімет" веб-порталы www.egov.kz (бұдан әрі - портал) арқылы көрсетіледі.

      5. Заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес көрсетілетін қызметті берушілер Мемлекеттік көрсетілетін қызмет сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен енгізуді қамтамасыз етеді.

2-тарау. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету тәртібі

1-параграф. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету процесі

      6. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес біліктілік емтиханын тапсыруға рұқсат беру туралы өтінішті (бұдан әрі - өтініш) және келесі құжаттарды:

      1) құқық, экономика және бизнес саласындағы жоғары білімі туралы дипломның электрондық көшірмесін;

      2) заңгерлік, экономикалық, бухгалтерлік, қаржылық, аудиторлық немесе бақылау-ревизия салаларындағы қатарынан үш жылдан кем емес жұмыс өтілін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін;

      3) оларды ұсынғанға дейін кемінде бір ай бұрын, тұрғылықты жері бойынша наркологиялық және психиатриялық диспансерлер берген медициналық анықтаманың электрондық көшірмесін ұсынады.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызметке процестің сипаттамасын, нысанын, мазмұнын және көрсету нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызметті ұсынудың ерекшеліктерін ескере отыра өзге де мәліметтерді қамтитын негізгі талаптар тізбесі осы Қағидаларға 1-қосымшада белгіленген.

      7. Көрсетілетін қызметті берушінің құжаттарды қабылдауға жауапты құрылымдық бөлімшесі өтініш және құжаттар келіп түскен күні оларды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады.

      Мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштің қабылдану мәртебесі туралы ақпарат көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" портал арқылы жолданады.

      Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндерде жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Көрсетілетін қызметті беруші жеке басын куәландыратын құжаттың, өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болуы немесе болмауы туралы, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтерді тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алады.

      Көрсетілетін қызметті берушінің құжаттарды қабылдауға жауапты құрылымдық бөлімшесі көрсетілетін қызметті алушы ұсынған өтінішті және құжаттарды тіркеген күні оларды кейіннен орындаушыны анықтау үшін көрсетілетін қызметті берушінің оңалту және банкроттық мәселелерін реттейтін құрылымдық бөлімшесінің басшысына береді.

      8. Орындаушы көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттарды 2 (екі) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 3 және 6-тармақтарына сәйкестігін қарайды.

      Құжаттарды қарау нәтижесі бойынша көрсетілетін қызметті беруші 1 (бір) жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Біліктілік емтиханын тапсыруға рұқсат беру немесе рұқсат бермеу туралы хабарламаны әзірлейді және оны көрсетілетін қызметті алушыға портал арқылы жолдайды.

      Біліктілік емтиханын тапсыруына рұқсат беру туралы хабарлама егер көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттар осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес болған және көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидалардың 3-тармағымен белгіленген талаптарға сай болған жағдайда әзірленеді.

      Біліктілік емтиханын тапсыруына рұқсат беру туралы хабарлама көрсетілетін қызметті алушыға өткізілуі біліктілік емтиханын тапсыруға рұқсат беру туралы өтінішті көрсетілетін қызметті алушы тапсырғаннан кейін кем дегенде 10 (он) жұмыс күнінен кейін тағайындалған біліктілік емтиханына қатысу құқығын береді.

      Біліктілік емтиханын тапсыруына рұқсат бермеу туралы хабарлама егер көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттар осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес болмаған және (немесе) көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидалардың 3-тармағымен белгіленген талаптарға сай болмаған жағдайда әзірленеді.

      9. Көрсетілетін қызметті беруші біліктілік емтиханын өткізу күнін анықтайды.

      Біліктілік емтиханы қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.

      Біліктілік емтиханына жіберілген көрсетілетін қызметті алушы оның өту күніне дейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірілмей біліктілік емтиханы өтетін күн, уақыты мен орны туралы портал арқылы хабардар етіледі.

      Біліктілік емтиханына жіберілген көрсетілетін қызметті алушылар тізімі, біліктілік емтиханын өткізу күніне дейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей, оны өткізу күні, уақыты мен орны көрсетіле отырып, көрсетілетін қызметті берушінің интернет-ресурсында орналастырылады.

2-параграф. Біліктілік емтиханын өткізу

      10. Біліктілік емтиханына келген кезде көрсетілетін қызметті алушы жеке басын сәйкестендіру үшін - жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуы қажет.

      11. Біліктілік емтиханын ұйымдастыруды және қабылдауды Біліктілік емтиханын жүргізу жөніндегі Комиссия (бұдан әрі - Комиссия) жүзеге асырады.

      Комиссия құрамы көрсетілетін қызметті беруші басшысының бұйрығымен бекітіледі.

      Комиссия төраға мен алты мүшеден - екі әкімшіден, көрсетілетін қызметті берушінің төрт өкілінен тұратын тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады.

      12. Әкімшілердің кандидатураларын дәрменсіз борышкердің мүлкі мен істерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың кәсіби бірлестіктерінің (бұдан әрі - кәсіби бірлестік) мүшелері бір жылдан аспайтын мерзімге айқындайды және Комиссия құрамына қосу үшін ұсынады.

      Кәсіби бірлестіктер оңалту және банкроттық саласында кемінде 5 (бес) жыл жұмыс тәжірибесі бар кандидаттарды таңдайды.

      Комиссия құрамына қосу үшін ұсынылатын кандидаттар туралы мәліметтер жыл сайын 15 қаңтардан кешіктірілмей мынадай ақпараттарды:

      кандидатты сайлаған кәсіби бірлестіктің атауын;

      кәсіби бірлестіктің сандық құрамын;

      кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және оның оңалту және банкроттық саласындағы жұмыс тәжірибесін көрсете отырып, көрсетілетін қызметті берушіге жолданады.

      Көрсетілетін қызметті берушіге кәсіби бірлестіктер сайлаған екеуден артық кандидат түскен жағдайда, Комиссия құрамына оңалту және банкроттық саласында жұмыс тәжірибесі көп әкімшілер енгізіледі. Жұмыс өтілі тең болған жағдайда мүшелері көп кәсіби бірлестік сайлаған кандидат енгізіледі.

      13. Біліктілік емтиханы бір күн ішінде екі кезеңде өтеді:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуіне компьютерлік тест тапсыру;

      2) көрсетілетін қызметті алушының емтихан билеттері бойынша білімін тексеру.

      Тестілік сұрақтар мен емтихан билеттер тізілімі Комиссия шешімімен бекітіледі және қажеттілігіне қарай жаңаланады.

      14. Біліктілік емтиханын өткізу алдында Комиссия көрсетілетін қызметті алушыны біліктілік емтиханының өту тәртібі туралы хабарландырады.

      15. Тестілік сұрақтардың мазмұны жалпы заң нормалары, оңалту және банкроттық туралы заңнама нормалары, оңалту және банкроттық рәсімдерді жүргізуге байланысты өзге де аралас салалар білімін болжайды. Сұрақтардың жауаптарының кемінде үш нұсқасы болуы тиіс.

      Тестілеу компьютер техникасын пайдалана отырып өткізіледі. Тестілеуде сұрақтар саны елуден аспайды. Тестілеу үшін бөлінген уақыт 50 (елу) минутты құрайды.

      16. Тестілеудің дұрыс жауаптарын есептеу қолданылатын компьютерлік бағдарламаның көмегімен автоматты түрде жүргізіледі. Тестілеу нәтижелері принтерде 2 (екі) данада басылып шығарылады, Комиссия хатшысымен бұрыштама қойылады және көрсетілетін қызметті алушыға жеке қол қойдыру арқылы танысу үшін ұсынылады.

      Тестілеу нәтижесінің бір данасы көрсетілетін қызметті алушыға табыс етіледі, екіншісі Комиссияға беріледі.

      17. Егер дұрыс жауаптардың саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санының 70 және одан көп пайызын құраса, көрсетілетін қызметті алушы тестілеуден өтті деп саналады және екінші кезеңге жіберіледі.

      Тестілеу нәтижелері бойынша екінші кезеңге жіберілмеген көрсетілетін қызметті алушы біліктілік емтиханынан өтпеді деп есептеледі.

      18. Емтихан билеттері әкімші қызметін жүзеге асыру үшін білуді қажет ететін үш теориялық сұрақтан және бір тәжірибелік тапсырмадан тұрады.

      19. Емтихан билеттерінің сұрақтарына жауаптар дайындауға 30 (отыз) минут беріледі. Емтихан билеттерінің сұрақтарына көрсетілетін қызметті алушының ауызша жауаптарының дұрыстығын Комиссия мүшелері бес балдық жүйе бойынша бағалайды.

      Комиссияның әрбір мүшесі басқалардан тәуелсіз көрсетілетін қызметті алушының жауаптарын бағалайды.

      Комиссия хатшысы екінші кезеңнің қорытындылары бойынша Комиссия мүшелері шығарған нәтижелерді есептейді және жалпы орташа балды шығарады.

      Комиссия мүшелерінің бағалары, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының емтихан билетінің сұрақтары бойынша жинаған жалпы орташа балы Комиссияның хаттамасында көрсетіледі.

      20. Егер жалпы орташа балл кемінде төрт балды құраса, көрсетілетін қызметті алушы біліктілік емтиханын тапсырды деп саналады.

      21. Біліктілік емтихан кезінде көрсетілетін қызметті алушыларға басқа адамдармен сөйлесуге, материалдармен алмасуға, қағаз және электрондық тасығыштардағы ақпаратты пайдалануға, бөлмеден шығуға тыйым салынады. Тестіден өтуші адамдардың қабылдайтын - жіберетін электрондық құрылғылары (оның ішінде қалта дербес компьютерлері мен өзге де электрондық жабдықтар) тестілеу кезінде сөндіріледі.

      Аталған талаптарды бұзған жағдайда көрсетілетін қызметті алушы Комиссия шешімі бойынша біліктілік емтиханынан шығарылады.

      Біліктілік емтиханынан шеттетілген көрсетілетін қызметті алушы, 6 (алты) ай өткеннен кейін, өтінішті қайта бере алады.

      22. Тестілеу және (немесе) емтихан сұрақтарына жауап беру нәтижелері бойынша Комиссия осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әкімшінің (уақытша әкімшінің, оңалтушы, уақытша және банкроттықты басқарушының) қызметін жүзеге асыру құқығына біліктілік емтиханынан өткені туралы дәлелді шешім шығарады.

      Комиссия шешімі біліктілік емтиханын өткізген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей көрсетілетін қызметті алушыға портал арқылы жіберіледі.

      Әкімшінің (уақытша әкімшінің, оңалтушы, уақытша және банкроттықты басқарушының) қызметін жүзеге асыру құқығына біліктілік емтиханынан өткені туралы Комиссия шешімі біліктілік емтиханы өткен күннен бастап бір жыл бойы жарамды және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 қаңтардағы № 4 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10194 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік органдардың хабарламаларды қабылдау қағидаларына сәйкес әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдар хабарламаларының тізіліміне хабарлама беру үшін негіздеме болып табылады.

      23. Біліктілік емтиханынан өтпеген адам, нәтижесі бойынша біліктілік емтиханынан өтпеді деп танылған, біліктілік емтиханы өткен күнінен бастап 3 (үш) айдан кейін оны қайта тапсыра алады.

      24. Біліктілік емтиханының барысы хаттама түрінде ресімделеді, сондай-ақ жазу техникалық құралдарының көмегімен тіркеледі.

      Хаттамада: біліктілік емтиханының өткен күні, уақыты мен орны, көрсетілетін қызметті алушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тестілеу нәтижесі, емтихан билетінің нөмірі, емтихан сұрақтары бойынша Комиссия мүшелері берген баллдар және жалпы орташа бал, сондай-ақ Комиссия шешімі көрсетіледі, хаттамаға Комиссия мүшелерінің барлығы қол қояды.

3-тарау. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      25. Көрсетілетін қызметті алушы Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, Заңның ережелеріне сәйкес:

      көрсетілетін қызметті берушінің басшысы атына;

      мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға көрсетілетін қызметті берушінің Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданады.

      26. Шағымды көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде тіркеу (шағымның екінші данасына немесе шағымға ілеспе хатқа мөртаңба, кіріс нөмірі және күні қойылады) шағымның қабылданғанын растау болып табылады.

      27. Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен шағым Заңның 25-бабы 2) тармақшасына сәйкес тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарастырылуға жатады.

      Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарастырылуға жатады.

      28. Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіппен Заңның 4-бабы 1-тармағының 6) тармақшасы ережелеріне сәйкес сотқа жүгінуге құқылы.

  Біліктілік емтиханын
өткізу қағидаларына
1-қосымша

"Әкімшінің (уақытша әкімшінің, оңалтушы, уақытша және банкроттықты басқарушының) қызметін жүзеге асыру құқығына үміткер адамдардың біліктілік емтиханын өткізу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті

2

Мемлекеттік қызметті көрсету әдістері

"Электрондық үкімет" веб-порталы www.​egov.​kz (бұдан әрі - портал)

3

Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі

Әкімшінің (уақытша әкімшінің, оңалтушы, уақытша және банкроттықты басқарушының) қызметін жүзеге асыру құқығына біліктілік емтиханынан өткені туралы Комиссия шешімі - 2 (екі) жұмыс күні.

4

Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны

Электрондық

5

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі

Әкімшінің (уақытша әкімшінің, оңалтушы, уақытша және банкроттықты басқарушының) қызметін жүзеге асыру құқығына біліктілік емтиханынан өткені туралы Комиссия шешімі.
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті берушінің лауазымды адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі - ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушыға жолданады.

6

Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметті көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан өндірілетін төлем мөлшері және оны өндіру тәсілдері

Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.

7

Жұмыс кестесі

Көрсетілетін қызметті беруші - 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне (бұдан әрі - Кодекс) сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден жұмаға дейін, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін түскі үзіліспен, сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін.
Портал - жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы Кодекске сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштер қабылдау мен мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күнінде жүзеге асырылады).
Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайлары:
1) көрсетілетін қызметті берушінің интернет-ресурсында www.​kgd.​gov.​kz;
2) "электрондық үкімет" веб-порталында www. egov.kz орналастырылған.

8

Мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажет құжаттар тізбесі

1) Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат түріндегі әкімшінің (уақытша әкімшінің, оңалтушы, уақытша және банкроттықты басқарушының) қызметін жүзеге асыру құқығына үміткер адамдардың біліктілік емтиханын тапсыруға рұқсат беру туралы өтініш;
2) құқық, экономика және бизнес саласындағы жоғары білімі туралы дипломның электрондық көшірмесі;
3) заңгерлік, экономикалық, бухгалтерлік, қаржылық, аудиторлық немесе бақылау-ревизия салаларындағы қатарынан үш жылдан кем емес жұмыс өтілін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі;
4) оларды ұсынғанға дейін кемінде бір ай бұрын, тұрғылықты жері бойынша наркологиялық және психиатриялық диспансерлер берген медициналық анықтаманың электрондық көшірмесі.

9

Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден көрсетілетін қызметті берушінің бас тартуы үшін негіздемелер

Көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.

10

Мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын өзге де талаптар

Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сы болған кезде мемлекеттік көрсетілетін қызметті электрондық нысанда портал арқылы алуға мүмкіндігі бар.
Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету мәртебесі туралы ақпаратты бірыңғай байланыс орталығының порталындағы "жеке кабинеті" арқылы қашықтықтан қол жеткізу режимінде, сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығы арқылы алу мүмкіндігі бар.
Бірыңғай байланыс орталығы 8 800 080 7777, 1414.

  Біліктілік емтиханын
өткізу қағидаларына
2-қосымша

Біліктілік емтиханын тапсыруға рұқсат беру туралы Өтініш

  Қазақстан Республикасы Қаржы
министрлінің Мемлекеттік
кірістер комитетіне
____________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (егер ол
жеке басты куәландыратын
құжатта көрсетілсе)
____________________________
(тұрғылықты жерінің
мекен-жайы)
____________________________
(байланыс телефоны,
эл. мекен-жайы)

      Маған біліктілік емтиханын тапсыруға рұқсат беруіңізді сұраймын.

      Біліктілік емтиханын тапсыру тілі: _______________________.

      Қоса берілетін құжаттар:

      __________________;

      __________________;

      __________________.

      Ұсынылған ақпараттың дұрыстығын растай отырып ақпараттық жүйелерде қамтылған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісім беремін.

      __________________            __________________________________________________

      (қолы)                        (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты

      куәландыратын құжатта көрсетілсе)

      20 _ жылғы "____" ____________

  Біліктілік емтиханын
өткізу қағидаларына
3-қосымша

Біліктілік емтиханын тапсыруға рұқсат беру (рұқсат бермеу) туралы Хабарлама

      Нөмірі

      Берілген күні

      ________________________________________________________________________________

      Тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе)

      Сіздің 20____ жылғы "___" _______ № _____________ өтінішіңізге сәйкес біліктілік

      емтиханына рұқсат берілгендігі (берілмегендігі) туралы хабарлайды.

      Біліктілік емтиханына рұқсат бермеуге негіз:*

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      Лауазымы                                                Тегі, аты, әкесінің аты (егер ол

      жеке басты куәландыратын

      құжатта көрсетілсе)

      Ескертпе:

      * Біліктілік емтиханына рұқсат бермеу туралы хабарлама әзірлеу кезінде толтырылады

  Біліктілік емтиханын
өткізу қағидаларына
4-қосымша

Әкімшінің (уақытша әкімшінің, оңалтушы, уақытша және банкроттықты басқарушының) қызметін жүзеге асыру құқығына біліктілік емтиханынан өткені туралы шешім

      Номер

      Дата выдачи

      Біліктілік емтиханының қорытындысы бойынша ________________________________

      __________________________________________________________________________

      Тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе)

      тестілеу бойынша: ________ балл; емтихан билеті бойынша: ________ балл алды.

      Біліктілік емтиханын жүргізу жөніндегі Комиссия келесі құрамда:

      Төраға:                  ________________________

      Комиссия мүшелері:            ________________________

      ________________________

      ________________________

      ________________________

      Қорытынды:

      ________________________________________________________________________________

      Тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе)

            біліктілік емтиханын тапсырды (тапсырмады).

      Лауазымы                  Тегі, аты, әкесінің аты (егер ол

      жеке басты куәландыратын

      құжатта көрсетілсе)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады