Азаматтардың дербес деректеріне қолжетімділігі бар, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету процесіне қатысатын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметкерлеріне тексеріс жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 5 маусымдағы № 231/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 5 маусымда № 20825 болып тіркелді.

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-1-бабының 4-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Азаматтардың дербес деректеріне қолжетімділігі бар, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету процесіне қатысатын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметкерлеріне тексеріс жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
А. Жумагалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

  Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрінің
2020 жылғы 5 маусымдағы
№ 231/НҚ бұйрығымен
бекітілген

Азаматтардың дербес деректеріне қолжетімділігі бар, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету процесіне қатысатын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметкерлеріне тексеріс жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметкерлеріне тексеріс жүргізу қағидалары "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-1-бабының 4-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және азаматтардың дербес деректеріне қолжетімділігі бар, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету процесіне қатысатын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) қызметкерлерін тексеру тәртібін айқындайды.

      2. Тексерістің негізгі мақсаты азаматтардың дербес деректеріне рұқсаты бар, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету процесіне қатысатын Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің азаматтардың дербес деректерін қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ жария етуіне жол бермеу болып табылады.

2-тарау. Тексеріс жүргізу тәртібі

      3. Тексеруге азаматтардың дербес деректеріне қолжетімділік берілетін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету процесіне қатысатын қызметкерлер жатады.

      4. Жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың өтініштері, сондай-ақ Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің дербес деректерді үшінші тұлғаларға жария етуі туралы қызметтік ақпарат келіп түскен жағдайда, орталық аппараттың немесе Мемлекеттік корпорация филиалының ішкі қауіпсіздік қызметі оған қатысты тексеріс жүргізеді.

      5. Тексеріс барысында орталық аппараттың немесе Мемлекеттік корпорация филиалының ішкі қауіпсіздік қызметі мынадай құжаттар мен мәліметтер:

      қызметкерлерден бұзушылық фактісіне қатысты дәйектер толық баяндалған түсініктеме;

      көрсетілген қызметкер жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшенің басшысынан түсініктеме, сондай-ақ аталған қызметкерге жеке мінездеме;

      жұмыс істеген уақыты үшін тәртіптік жазалардың болуы (болмауы) туралы кадр қызметінің анықтамасын сұратады.

      Қажет болған жағдайда құрылымдық бөлімшелерден қосымша ақпарат сұралады.

      6. Үшінші тұлғаларға дербес деректерді ұсыну мәселесін қарау кезінде "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамының жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың өтініштерінде көрсетілген фактілер бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарының интеграцияланған ақпараттық жүйесінен, "электрондық үкімет" веб-порталынан мәліметтерді, сондай-ақ қызметтік ақпаратты түсіруді ұсынады.

      7. Жүргізілген тексеру материалдарын зерделеу қорытындылары бойынша орталық аппараттың немесе Мемлекеттік корпорация филиалының ішкі қауіпсіздік қызметі қаралған материалдарды қоса бере отырып, қорытынды ресімдейді.

      8. Мемлекеттік корпорация қызметкерінің дербес деректерді үшінші тұлғаларға беру фактілері расталған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның орталық аппараты немесе филиалы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдайды.

      9. Әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның орталық аппараты немесе филиалы материалдарды ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға 3 (үш) жұмыс күні ішінде жібереді. Бұл ретте, Мемлекеттік корпорацияның филиалы Мемлекеттік корпорацияның орталық аппаратына 3 (үш) жұмыс күні ішінде хабарлайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады