Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 25 қыркүйектегі № 414 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 28 қыркүйекте № 21294 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17657 болып тіркелген, 2018 жылғы 14 қарашада Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларында:

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. ЖОО жұмысқа қабылдау кезінде қызметкерлер кандидатураларына қойылатын талаптарды "Білім туралы" Заңның 43-1-бабының 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қызметкерлер лауазымдарың біліктілік сипаттамаларын айқындау арқылы белгілейді.

      Бұл ретте, ЖОО дәрістердің оқуын ғылым докторы және (немесе) ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі, философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесі, ғылыми атақтары (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор), сондай-ақ тиісті ғылымдар бойынша магистр дәрежесі бар оқытушылармен және (немесе) қызметінде өтілі кемінде үш жыл немесе бейін бойынша кемінде бес жыл практикалық өтілі бар аға оқытушылармен қамтамасыз етеді.

      Дәрістерді оқуға және (немесе) басқа оқу сабақтарының түрлерін өткізуге ғылыми қызметкерлер, еңбегі сіңген мәдениет, өнер, спорт қайраткерлері, шығармашылық одақтардың мүшелері немесе Ұлттық біліктілік шеңберінің 8-ші деңгейіне сәйкес келетін тәжірибелі мамандар тартылады.

      ӘАОО-да және Сот төрелігі академиясында дәріс сабақтарын өткізуге, білім алушылардың дипломдық жұмыстарына (жобаларына), ғылыми-зерттеу жұмысына жетекшілік етуге "Білім туралы" Заңның 5-1-бабының 13) тармақшасына және 5-2 бабының 10) тармақшасына сәйкес бекітілген Педагог қызметкерлердің және оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының біліктілік сипаттамаларында айқындалған мамандар жіберіледі.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. ЖОО-да бакалавриат және докторантура бағдарламалары бойынша оқу жылы бірінші қыркүйектен, магистратура бағдарламалары бойынша он төртінші қыркүйектен басталады және академиялық күнтізбеге сәйкес аяқталады.

      ӘАОО-дағы оқу жылының басталу және аяқталу мерзімін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайды.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқу үшін ақы төлеу мөлшерін және білім беру қызметтерін көрсету шартының нысанын ЖОО бекітеді.

      КеАҚ нысанында құрылған ЖОО-да жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқу үшін ақы төлеу мөлшерін бекіту директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жатады.";

      "44. "FХ" "қанағаттанарлықсыз" бағасын алғанда оқу пәнінің (модульдің) бағдарламасын қайталап өтпей-ақ ЖОО-ның академиялық күнтізбесіне сәйкес қорытынды бақылауды (емтиханды) бір реттен артық емес қайта тапсыруға рұқсат беріледі.

      "F" белгісіне сәйкес келетін "қанағаттанарлықсыз" бағасын алғанда білім алушы осы оқу пәніне (модульге) қайта жазылады, оқу сабақтарының барлық түрлеріне қатысады, бағдарламаға сәйкес оқу жұмысының барлық түрлерін орындайды және қорытынды бақылауды тапсырады.

      ЖОО-дан шығарылған білім алушыға ЖОО-ның бірінші басшысы қол қойған және мөрмен бекітілген транскрипт жазылады.

      Транскрипте FX және F бағаларымен қоса барлық қорытынды бағалары көрсетіліп, білім алушы игеріп алған барлық оқу пәндері және (немесе) модульдер жазылады.";

      55-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "55. ЖОО кадрларды даярлау бағыты бөлінісінде бітіру жылы ішінде бітірушілердің кемінде 50%-ын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді.

      Бұл ретте, ЖОО ЖОО түлектеріне құрылған жұмыс орындарының санына мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді. Тиісті мемлекеттік органдар шектеу іс-шараларын жүзеге асырған, төтенше жағдай енгізілген, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайларда жоғары оқу орны бітірушілердің кемінде 50%-ын кадрларды даярлау бағыты бөлінісінде бітіргеннен кейінгі екі жыл ішінде жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етеді.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Аймагамбетов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады