Цифрлық құжаттар сервисінде электрондық құжаттарды көрсету және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 28 қыркүйектегі № 352/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 30 қыркүйекте № 21329 болып тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың атауы жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 30.09.2022 № 367/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 63-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Бұйрықтың кіріспесі жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 30.09.2022 № 367/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Цифрлық құжаттар сервисінде электрондық құжаттарды көрсету және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 30.09.2022 № 367/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

  Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрінің
2020 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 352/НҚ бұйрығымен
бекітілген

Цифрлық құжаттар сервисінде электрондық құжаттарды көрсету және пайдалану қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 30.09.2022 № 367/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Цифрлық құжаттар сервисінде электрондық құжаттарды көрсету және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 63-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және электрондық құжаттарды цифрлық құжаттар сервисінде көрсету және пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;

      2) бір реттік пароль – электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алушы субъектілерді сәйкестендірудің бір сеансы үшін ғана жарамды пароль;

      3) дербес деректер субъектiсi (бұдан әрі – субъект) – дербес деректер тиесілі жеке тұлға;

      4) қысқа код – цифрлық құжатқа қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін цифрлық құжаттар сервисі жасаған алты таңбалы код;

      5) пайдаланушы – нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін ақпараттандыру объектілерін пайдаланатын ақпараттандыру субъектісі;

      6) үшiншi тұлға – субъект, меншік иесі және (немесе) оператор болып табылмайтын, бiрақ дербес деректердi жинау, өңдеу және қорғау бойынша олармен (онымен) мән-жайлар немесе құқық қатынастары арқылы байланысты болатын тұлға;

      7) цифрлық құжат – мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға пайдаланылатын және ұсынылатын цифрлық құжаттар сервисінде қолжетімді электрондық құжат;

      8) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі.

      Мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар пайдаланатын және оларға ұсынылатын цифрлық құжаттар сервисіндегі құжаттардың қағаз жеткізгіштегі құжаттармен мәні бірдей;

      9) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

      10) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;

      11) "электрондық үкіметтің" мобильдік қосымшасы (бұдан әрі – мобильді қосымша) – ұялы байланыстың абоненттік құрылғысында орнатылған және іске қосылған және ұялы байланыс және интернет арқылы электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен қызметтерге қол жеткізуді ұсынатын бағдарламалық өнім;

      12) QR коды – матрицалық штрихкодтардың немесе екі өлшемді штрихкодтардың түрі.

2-тарау. Цифрлық құжаттар сервисінде электрондық құжаттарды көрсету тәртібі

      3. Цифрлық құжаттар сервисі "электрондық үкіметтің" мобильдік қосымшасының бір бөлігі болып табылады, оған қолжетімділік мобильдік қосымша және пайдаланушылардың ақпараттық жүйелері арқылы қамтамасыз етіледі.

      Цифрлық құжаттар сервисі субъект цифрлық құжатқа қол жеткізуді ұсынғаннан кейін жасалатын QR-код немесе қысқа код бойынша құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған.

      4. Пайдаланушылардың ақпараттық жүйелері үшін цифрлық құжаттар сервисіне қолжетімділік Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасына сәйкес уәкілетті органның шешімі бойынша беріледі.

      Пайдаланушылардың ақпараттық жүйелерінде қолжетімді цифрлық құжаттар сервисі субъектінің келісімімен цифрлық құжаттарды қарау және ұсыну мақсатында ғана пайдаланылады.

      Пайдаланушылар Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы, дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасында және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарда көзделген шараларды жүзеге асырады.

      5. Цифрлық құжаттар цифрлық құжаттар сервисінде интеграциялау арқылы алынған ақпараттық жүйелердің мәліметтері негізінде көрсетіледі және уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылады.

      6. Ақпараттық жүйелерді интеграциялау жөніндегі іс-шаралар "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің м.а. 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 болып тіркелген) сәйкес жүргізіледі.

      7. Цифрлық құжатты цифрлық құжаттар сервисінде іске асыру үшін кейіннен мобильдік қосымшаны мемлекеттік органның немесе ұйымның ақпараттық жүйесімен интеграциялауды жүргізе отырып, цифрланған мәліметтерді мемлекеттік органның немесе ұйымның базасына енгізу қажет.

      8. Цифрлық құжаттар сервисі арқылы электрондық құжаттарды көрсетуге сұрау салу және сұрау салуды өңдеу нәтижелерін алу ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалана отырып жүзеге асырылады.

      9. Цифрлық құжаттарды көрсету нысандарын ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша уәкілетті мемлекеттік орган немесе ұйым айқындайды.

3-тарау. Цифрлық құжаттар сервисінде электрондық құжаттарды пайдалану тәртібі

      10. Цифрлық құжаттар сервисінде қолжетімді барлық электрондық құжаттар қағаз жеткізгіштегі құжаттарға тең және QR-кодты немесе қысқа кодты тексеру арқылы тексеріледі.

      11. Цифрлық құжаттар сервисі мобильдік қосымшада және пайдаланушылардың ақпараттық жүйелерінде авторизацияланған субъектілер үшін қолжетімді.

      12. Субъект мобильдік қосымшада және пайдаланушылардың ақпараттық жүйелерінде қолжетімді әдістермен авторландырудан өтеді, бұдан әрі "Цифрлық құжаттар" бөлімінде одан әрі пайдалану үшін қажетті құжатты қарайды.

      13. Мобильдік қосымша және пайдаланушылардың ақпараттық жүйелері электрондық ақпараттық ресурстардың сақталуын қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың немесе ұйымдардың сервистерін шақыру арқылы құжатты генерациялау үшін қажетті деректерді алады.

      14. Алынған деректерді тексеру нәтижесі сәтті болған жағдайда, сұратылған құжат цифрлық құжаттар сервисінде көрсетіледі.

      Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерге сәйкес кәмелетке толмаған балалардың цифрлық құжаттары баланың заңды өкілдеріне әдепкі бойынша қол жетімді.

      15. "Ашық қолжетімділік" функциясын пайдаланған кезде қорғалған QR-код және үшінші тұлғаларға құжатты қарауға уақытша рұқсат беретін қысқа код жасалады.

      16. Үшінші тұлғалардың цифрлық құжаттар сервисі арқылы цифрлық құжаттарға қол жеткізуі субъектінің келісімімен жүзеге асырылады.

      17. Цифрлық құжаттар сервисінде қолжетімді электрондық құжаттардың дұрыстығын тексеру мобильдік қосымша немесе цифрлық құжаттар сервисімен интеграцияланған пайдаланушылардың ақпараттық жүйелері арқылы жүргізіледі.

      18. Мобильдік қосымшада үшінші тұлға қолжетімді әдістерді пайдалана отырып авторландырудан өтеді және мобильдік қосымшадағы ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының камерасы арқылы QR-кодты оқиды.

      Құжаттарды қарау туралы белгі субъектінің және үшінші тұлғаның "электрондық үкімет" веб-порталындағы жеке кабинеттерінде белгіленеді.

      19. QR-кодты немесе қысқа қол жеткізу кодын тексерудің сәтті нәтижесімен мобильді қосымша мемлекеттік органдардың немесе ұйымның сервистерін шақыру арқылы цифрлық құжатты шығарады. Үшінші тұлғаға құжаттарды қарауға рұқсат беріледі.

      20. Сондай-ақ үшінші тұлғалар цифрлық құжаттарды іске асырылған интеграция арқылы цифрлық құжаттар сервисінен субъектінің "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген ұялы байланысының абоненттік нөмірі арқылы ұсынылған құжат иесінің келісімі болған жағдайда, бір реттік парольді беру арқылы немесе "электрондық үкімет" веб-порталының хабарламасына жауап ретінде қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы алады.

      21. Төлем және қаржы қызметтерін алған кезде жеке басты куәландыратын құжаттарды қаржы және төлем ұйымдары цифрлық құжаттар сервисі арқылы жеке тұлғалар жеке жүгінген кезде (қатысуымен) оларға ұсынады және пайдаланылады.

      Ескерту. Қағидалар 21-тармақпен толықтырылды - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 19.03.2024 № 170/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады