"Ақпарат берушiлердiң кредиттiк бюроларға ақпарат беру тәртiбiнiң шарттары мен ең төмен талаптарын, Кредиттiк тарих субъектiлерiнiң өздерi туралы ақпаратты кредиттiк бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) беруге келiсiмiн ресiмдеу, кредиттік бюродан кредиттiк есептi беруге келiсiмiн ресімдеу қағидаларын, сондай-ақ Кредиттiк есептi берудiң қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 27 наурыздағы № 53 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 30 қыркүйектегі № 92 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 1 қазанда № 21348 болып тіркелді

      "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі, "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ақпарат берушілердің кредиттік бюроларға ақпарат беру тәртібінің шарттары мен ең төмен талаптарын, Кредиттік тарих субъектілерінің өздері туралы ақпаратты кредиттік бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) беруге келісімін ресімдеу, кредиттік бюродан кредиттік есепті беруге келісімін ресімдеу қағидаларын, сондай-ақ Кредиттік есепті берудің қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 27 наурыздағы № 53 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15115 болып тіркелген, 2017 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін.

      көрсетілген қаулымен бекітілген Кредиттік бюроларға ақпарат беру тәртібінің шарттары мен ең төмен талаптарында:

      2-тармақтың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) ақпарат берушінің Заңның 18-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты, кредиттік тарих субъектілерінің өздері туралы ақпаратты кредиттік бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) электрондық нысанда беруге алған келісімдерін есепке алуы;

      3) кредиттік тарих субъектісінің Заңның 18-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген ақпарат берушілерге өзі туралы ақпаратты кредиттік бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) беруге келісімінің болуы.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Кредиттік тарих субъектілерінің өздері туралы ақпаратты кредиттік бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) беруге келісімін ресімдеу, кредиттік бюродан кредиттік есепті беруге келісімін ресімдеу қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Кредиттік тарих субъектісінің өзі туралы ақпаратты кредиттік бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) беруге келісімін және (немесе) кредиттік есепті алушыға кредиттік бюродан кредиттік есепті беруге келісімін Заңның 18-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген ақпарат берушілер және кредиттік есептерді алушылар Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасының талаптарына және құжаттарды сақтау тәртібін айқындайтын ішкі құжаттарға сәйкес сақтауға тиіс.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Ақпарат берушілер ақпарат беруші мен кредиттік тарих субъектісінің арасында қарыз беру туралы шарт не өзге мәміле жасау кезінде Заңның 18-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген кредиттік тарих субъектісінің ол туралы ақпаратты кредиттік бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) беруге келісімін (бұдан әрі – ақпарат беруге келісім) алады.".

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және сыртқы коммуникациялар басқармасы осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады