Медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткiзуді хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің тізілімін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 19 қазандағы № ҚР ДСМ-139/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 23 қазанда № 21486 болып тіркелді

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 7 – бабының 45) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізуді хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің тізілімін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Хабарлама тәртібінде медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің тізілімін құру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 12 ақпандағы № 75 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8385 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2013 жылғы 24 тамызда № 197 (28136) жарияланған);

      2) "Хабарлама тәртібінде медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің тізілімін құру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 12 ақпандағы № 75 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 2 мамырдағы № ҚР ДСМ-61 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18640 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2019 жылғы 17 мамырда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 19 қазаны
№ ҚР ДСМ-139/2020
Бұйрығымен бекітілген

Медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізуді хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің тізілімін қалыптастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізуді хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің тізілімін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 7-бабының 45) тармақшасына сәйкес әзірленді және медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізуді хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің тізілімін (бұдан әрі – Тізілім) қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында басшылықты, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі –мемлекеттік орган);

      2) өтініш беруші – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органға медициналық бұйымдарды көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыру туралы хабарлама беретін, оның ішінде сенімхат бойынша әрекет ететін жеке немесе заңды тұлға.

2-тарау. Медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізуді хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің тізілімін қалыптастыру тәртібі

      3. Тізілімдер өтініш беруші берген хабарлама негізінде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.

      Тізілімдер қазақ және орыс тілдерінде толтырылады және Exсel форматында электрондық түрде жүргізіледі.

      Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының сұрау салуы бойынша тізілімдерге енгізілген деректер ұсынылады.

      Мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелеріне жеке тұлғаның тұрғылықты мекенжайының, заңды тұлғаның орналасқан жерінің, хабарламада көрсетілген қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыру мекенжайының, сондай-ақ тіркеу деректерінің өзгеруі туралы хабарлама түскен жағдайда тізілімге хабарлама берілген күні тиісті өзгерістер енгізіледі.

      4. Тізілім мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің интернет-ресурсында еркін қолжеткізу режимінде орналастырылады.

      5. Дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметі немесе қызметінің жекелеген түрлері сотпен тоқтата тұрған жағдайда тізілімге тиісті мәліметтер енгізіледі.

      6. Тізілімге хабарламада көрсетілген жеке тұлғаның мекенжайының (тұрғылықты жерінің), заңды тұлғаның орналасқан орнының, қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыру мекенжайының, сондай-ақ тіркеу туралы деректердің (ақпарат хабарлама үшін міндетті болып табылады) өзгеруі туралы деректер енгізіледі.

      7. Мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша хабарлама тәртібінде медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің тізілімін жүргізеді және тоқсан сайын мемлекеттік органға жібереді.

  Медициналық бұйымдарды
көтерме және бөлшек саудада
өткізуді хабарлама жасау
тәртібімен жүзеге асыратын
денсаулық сақтау
субъектілерінің тізілімін
қалыптастыру қағидаларына
қосымша
  Нысан

Медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізуді хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің тізілімі

Хабарламаның түскен күні мен уақыты

Заңды тұлғаның толық атауы, БСН, жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), ЖСН

Жеке тұлғаның тұрғылықты жерінің немесе заңды тұлғаның орналасқан жерінің мекенжайлары, қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыру мекенжайлары

Қызметті немесе белгілі әрекеттерді жүзеге асырудың басталуы, қызметті немесе белгілі әрекеттерді жүзеге асырудың тоқтатылуы, хабарламада көрсетілген деректердің өзгеруі туралы мәліметтер

Өтініш берушінің байланыс деректері (электрондық почта, телефон, факс)

Қызметті (белгілі бір әрекетті) жүзеге асырудың басталу уақыты мен орны

Қызметті (белгілі бір әрекетті) жүзеге асырудың тоқтатылу уақыты мен орны (егер ол Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделсе)

1

2

3

4

5

6

7

8










Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады