БҰЙЫРАМЫН:
1. "Заңсыз соттау, қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тарту, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға, үйқамаққа алуды, ешқайда кетпеу туралы қолхат беруді заңсыз қолдану, қамаққа алу немесе түзеу жұмыстары түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолдану, психиатриялық немесе басқа да емдеу мекемесіне заңсыз орналастыру салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сот актілерін мемлекеттік бюджет есебінен орындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 204 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10824 болып тіркелген, 2015 жылғы 15 мамырдағы "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Заңсыз соттау, қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тарту, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға, үйқамаққа алуды, ешқайда кетпеу туралы қолхат беруді заңсыз қолдану, қамаққа алу немесе түзеу жұмыстары түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолдану, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымға немесе өзге де медициналық ұйымға заңсыз орналастыру, кейіннен сот тәртібімен заңсыз деп танылған жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сот актілерін мемлекеттік бюджет есебінен орындау қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Заңсыз соттау, қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тарту, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға, үйқамаққа алуды, ешқайда кетпеу туралы қолхат беруді заңсыз қолдану, қамаққа алу немесе түзеу жұмыстары түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолдану, психиатриялық немесе басқа да емдеу мекемесіне заңсыз орналастыру салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сот актілерін мемлекеттік бюджет есебінен орындау қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Заңсыз соттау, қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тарту, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға, үйқамаққа алуды, ешқайда кетпеу туралы қолхат беруді заңсыз қолдану, қамаққа алу немесе түзеу жұмыстары түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолдану, психиатриялық немесе басқа да емдеу мекемесіне заңсыз орналастыру салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сот актілерін мемлекеттік бюджет есебінен орындау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Е. Жамаубаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Әділет министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 4 қарашасы № 1068 бұйрығына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 204 бұйрығымен бекітілген |
Заңсыз соттау, қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тарту, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға, үйқамаққа алуды, ешқайда кетпеу туралы қолхат беруді заңсыз қолдану, қамаққа алу немесе түзеу жұмыстары түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолдану, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымға немесе өзге де медициналық ұйымға заңсыз орналастыру, кейіннен сот тәртібімен заңсыз деп танылған жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сот актілерін мемлекеттік бюджет есебінен орындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Заңсыз соттау, қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тарту, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға, үйқамаққа алуды, ешқайда кетпеу туралы қолхат беруді заңсыз қолдану, қамаққа алу немесе түзеу жұмыстары түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолдану, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымға немесе өзге де медициналық ұйымға заңсыз орналастыру, кейіннен сот тәртібімен заңсыз деп танылған жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сот актілерін мемлекеттік бюджет есебінен орындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Атқарушылық іс жүргізу туралы заң) 6-бабы 3-1-тармағына сәйкес әзірленді және сот актілері бойынша міндеттемелердің уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 010 "Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві" республикалық бюджеттік бағдарламасының (бұдан әрі – бюджеттік бағдарлама) шеңберінде сот актілерін орындаудың бірыңғай тәртібін белгілейді.
2-тарау. Бюджеттік бағдарламаның шеңберінде сот актілерін орындау тәртібі
2. Мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғағаннан кейін бюджеттік бағдарлама әкімшісіне Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 241-бабының және тиісті сот актілерінің талаптарына сәйкес ресімделген атқару парағының көшірмелерін қоса бере отырып, атқарушылық іс қозғау туралы қаулының көшірмесін жібереді немесе береді. Бюджеттік бағдарлама әкімшісі мемлекеттік сот орындаушысын көрсетілген құжаттарды алған күні мен сот актілерінің орындалу сатысы туралы хабарлайды.
Бюджеттік бағдарлама әкімшісі атқарушылық құжатты атқарушылық іс жүргізуді қорғау туралы қаулының көшірмесі және қоса берілген құжаттар түскен күннен бастап бір ай мерзімде орындамаған жағдайда, мемлекеттік сот орындаушысы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығымен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесіне (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 5 желтоқсанда № 9934 тіркелді) (бұдан әрі – Бюджеттің атқарылу ережесі) сәйкес инкассалық өкімді шығару жөнінде шаралар қабылдайды.
3. Сот актілері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің міндеттемелерін орындау Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде сот атқарушылық құжаттары болған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімінің жобасын әзірлеу және келісу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша бөлінген қаражатты бюджеттік бағдарлама әкімшісі Бюджетті атқару ережесіне сәйкес тиісті мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органының ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шотына аударады.
5. Мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органы келіп түскен қаражатты Бюджетті атқару ережесіне сәйкес өндіріп алушыларға аударады.