АИТВ инфекциясының профилактикасы саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде анонимдік және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қаралу және консультация алу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы № ҚР ДСМ-204/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 27 қарашада № 21682 болып тіркелді.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 07 шілдедегі Кодексі 162-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес АИТВ инфекциясының профилактикасы саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде анонимдік және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қарау және консультация алу қағидалары бекітілсін.

      2. Мынадай:

      1) "АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша тегін негізде Қазақстан Республикасының азаматтарын, оралмандарды, шетел азаматтары мен Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарды ерікті түрде анонимдік және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қарау және консультация беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі № 246 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11145 тіркелген, 2016 жылғы 30 сәуірде "Казахстанская правда" газетінде № 82 (28208) жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 4 мамырдағы № ҚР ДСМ-62 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18637 тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2019 жылғы 23 мамырда жарияланған) бекітілген өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір бұйрықтары тізбесінің 3-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 25 қарашасы
№ ҚР ДСМ-204/2020
Бұйрықпен бекітілген

АИТВ инфекциясының профилактикасы саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде анонимдік және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қаралу және консультация алу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде анонимдік және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қаралу және консультация алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 162-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтарын, қандастарды, шетелдіктерді, азаматтығы жоқ адамдарды, босқындарды және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты және уақытша тұратын пана іздеген адамдарды АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде анонимдік және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қаралу және консультация алу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) АИТВ инфекциясы – адамның иммун тапшылығы вирусы (бұдан әрі – АИТВ) туындатқан, иммундық жүйенің ерекше зақымдануымен сипатталатын және жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы қалыптасқанға дейін оның баяу бұзылуына әкеп соғатын созылмалы инфекциялық ауру;

      2) анонимдік зерттеп-қарау – адамды жеке басын сәйкестендірмей, ерікті түрде медициналық зерттеп-қарау;

      3) АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымы – АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша міндетті, жасырын және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қаралуды және консультация беруді жүргізетін ұйым;

      4) АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымы (бұдан әрі - РМДСҰ) – АИТВ инфекциясына скринингтік, сараптамалық, төрелік зерттеулер және басқа да зертханалық зерттеулер жүргізетін денсаулық сақтау ұйымы;

      5) құпия медициналық зерттеп-қарау – медицина қызметкерінің құпиясын сақтауға және зерттеліп-қаралатын адамның жеке басы туралы ақпараттың сақталуына негізделген зерттеп-қарау;

      6) цифрлық құжаттар сервисі - операторға бекітілген және мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын көрсетілген мемлекеттік қызметтерді іске асыру мақсатында, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау, электрондық нысанда қызметтер алу және көрсету кезінде электрондық құжаттарды жасауға, сақтауға және пайдалануға арналған "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектісі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 07.12.2021 № ҚР ДСМ-125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2 -тарау. АИТВ- инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде анонимдік және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қарауды жүргізу тәртібі

      3. АИТВ инфекциясына ерікті түрде медициналық зерттеп-қаралуға ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты және уақытша тұратын пана іздеген адамдар олардың таңдауы бойынша зерттеліп-қаралады:

      1) анонимдік (құжаттар талап етілмейді);

      2) құпиялылық (жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін), үйінің мекенжайы, телефоны ұсынылады).

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 07.12.2021 № ҚР ДСМ-125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. АИТВ-инфекциясына анонимдік зерттеп-қаралу АИТВ-1,2 антиденелерін және қандағы, сарысудағы, плазмадағы, қызылиек сұйықтығындағы (ауыз қуысының шырышты қабығынан транссудат) бірінші және екінші үлгідегі АИТВ-ға антиденелерді және р24 вирустық антигенін анықтайтын экспресс-тестілерді (бұдан әрі – ЭТ) немесе АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында өзін-өзі тестілеуге арналған АИТВ-инфекциясын диагностикалау үшін экспресс-тестілерді пайдалана отырып жүргізіледі.

      Анонимдік зерттеп-қаралу кезінде зерттеп-қаралушыға бірегей сәйкестендіру коды беріледі.

      5. Экспресс-тест нәтижелері бойынша зерттеп-қаралушымен тестілеудің нәтижелері туралы ауызша ақпараттандырумен тестілеуден кейінгі консультация жүргізіледі.

      Экспресс-тесттің теріс нәтижесі болған жағдайда зерттеп-қаралушыға жұқтыру қаупі факторлары болғанда 3 (үш) айдан кейін АИТВ-инфекциясына қайтадан зерттеп-қаралу жүргізіледі.

      Экспресс-тесттің оң нәтижесі болған жағдайда тестіленетін адамның ақпараттық келісуі кезінде осы Қағидалардың 822 тармақтарына сәйкес ересектерде АИТВ-инфекциясының диагностикасын жүргізу тәртібіне байланысты АИТВ-инфекциясына зерттеп-қаралу жүргізіледі.

      6. АИТВ инфекциясының болуына ерікті түрде құпия медициналық зерттеп-қаралуды осы Қағидалардың 822 тармақтарына сәйкес АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары, РМДСҰ жүргізеді.

      7. АИТВ инфекциясының бар-жоғына зерттеп-қарау үшін қан алуды меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан, жеке басын куәландыратын құжатты не цифрлық құжаттар сервисінен (сәйкестендіру үшін) электрондық құжатты көрсеткен кезде денсаулық сақтау ұйымдары жүргізеді. Қан алу көлемі кемінде 5 (бес) милиллитр (бұдан әрі – мл) бөлгіш гель және ұю активаторы бар вакуумдық пробиркада жүргізіледі. Қан үлгілері + 2℃ - +8℃ температура, АИТВ инфекциясына зерттеу жүргізетін АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын аумақтық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымының зертханасына жіберіледі және қан алынған сәттен бастап күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде серологиялық зерттеулер үшін қолданылалы. Қан үлгісіне "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген № 097/е нысаны бойынша "зертханалық зерттеу қызметтері/консультациялық қызметтер үшін/басқа ауруханаға жатқызу үшін" қоса беріледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 07.12.2021 № ҚР ДСМ-125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Ересектерде АИТВ- инфекциясының диагностикасын жүргізу тәртібі екі кезеңді – бірінші және растаушы кезеңді қамтиды.

      9. Бірінші кезең: бастапқы зерттеуде (бұдан әрі – Т1) иммуноферментті талдау (бұдан әрі - ИФТ) немесе иммунохемилюминисценттік талдау (бұдан әрі - ИХЛТ) немесе электрохемилюминисценттік талдау (бұдан әрі - ЭХЛТ) әдісімен бір уақытта р24 вирустық антигені және бірінші және екінші үлгідегі АИТВ-ға антиденелер анықталады.

      Бірінші кезеңде диагностикалық сезімталдық – 100% (сенім интервалының 95% төменгі шегі - кемінде 99%); диагностикалық ерекшелік - кемінде 99% (сенім интервалының 95% төменгі шегі- кемінде 98%); талдамалық сезімталдық - кемінде 2 МЕ/мл аспау (р24 антигенінің ең төменгі саны) болатын тест-жүйелер пайдаланылады. АИТВ инфекциясының маркерлерін серологиялық әдіспен анықтауға әрбір қою кезінде жиынтыққа қоса берілетін бақылау үлгілеріне қосымша процестің тұрақтылығын бағалау үшін 2,0-2,5 диапазонындағы позитивтілік коэффициентімен (ОП/ОПкрит) зертханалық бақылау ішіне қою жүргізіледі.

      10. Т1 теріс нәтиже алған кезде, зерттеп-қаралушыға "АИТВ теріс" нәтижесі беріледі. Зерттеп-қаралушы теріс нәтижені жеке басын куәландыратын құжатты немесе сандық құжаттар сервисінен (сәйкестендіру үшін) электрондық құжатты көрсеткен кезде зертханаға зерттеу үшін қан үлгісі түскен сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қан алу орны бойынша алады. Нәтижені берер алдында тестілеуден кейінгі консультация жүргізіледі.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 07.12.2021 № ҚР ДСМ-125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Т1 оң нәтижесін алған кезде Т1 немесе ЭТ-дан ерекшеленетін тест-жүйені пайдалана отырып, екінші зерттеу (бұдан әрі - Т2) жүргізіледі. Үшінші және төртінші буын тесттерін қолданылады.

      12. Егер Т2 нәтижесі теріс болса, Т1 және Т2 тесттерін қолдана отырып, сол үлгіні қайта зерттеу жүргізіледі.

      13. Қайта зерттеуде екі теріс нәтиже алған кезде "АИТВ теріс" нәтижесі беріледі.

      14. Зерттеудің екі оң нәтижесін алған кезде көлемі кемінде 1 (бір) мл сарысу үлгісі соңғы қойылған сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде растайтын зерттеулер жүргізу үшін РМДСҰ зертханасына жіберіледі.

      15. Қарама-қайшы зерттеу нәтижелерін (Т1+, Т2 -) алған кезде нәтиже күмәнді болып саналады. Күнтізбелік 14 (он төрт) күннен кейін ересектерде АИТВ-инфекциясының диагностикасын жүргізу тәртібінің бірінші кезеңіне сәйкес қайта қан алу және АИТВ-инфекциясына зерттеу жүргізіледі (РМДСҰ АИТВ-инфекциясының күмәнді нәтижесі туралы ақпаратты АИТВ-инфекциясына қайта тексеру үшін АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын аумақтық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымына береді).

      16. Күнтізбелік 14 (он төрт) күннен кейін АИТВ-инфекциясына күмәнді нәтиже қайта алынған кезде басқа серологиялық тестілерді қолдана отырып, қосымша зерттеулер жүргізіледі. Теріс нәтиже жүргізілген үш зерттеудің екі теріс нәтижесі бойынша беріледі. Оң нәтиже жүргізілген үш зерттеудің екі оң нәтижесі бойынша беріледі. Жүкті әйелдерді тексеру жағдайында тестінің сезімталдығы 50 көшірме/мл-ден аспайтын АИТВ-ның молекулярлық - биологиялық тестілері (рибонуклеин қышқылын (бұдан әрі - РНҚ) сандық анықтау немесе АИТВ-ның провирустық дезоксирибонуклеин қышқылын (бұдан әрі - пДНҚ) анықтау) қосымша пайдаланылады.

      17. Растаушы кезең: АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын аумақтық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарынан алынған бастапқы оң үлгілерді растау ИФТ немесе ИХЛТ немесе ЭТ және иммундық блот (бұдан әрі – ИБ) немесе РМДСҰ зертханасында АИТВ ақуыздарының бейіні бар иммунохроматографиялық тест (2 ENV, GAG, POL) әдістерімен жүргізіледі.

      РМДСҰ зертханасы полимеразды тізбекті реакцияда (бұдан әрі – ПТР) оң нәтижемен және ИФТ немесе ИХЛТ немесе ЭХЛТ теріс немесе күмәнді нәтижемен қан қызметі ұйымынан биоматериалды алған кезде серонегативті терезе кезеңінде АИТВ-инфекциясын сәйкестендіру үшін молекулярлық-биологиялық тестілерді қолдана отырып қосымша зерттеу жүргізіледі. Зерттеп-қаралатын донор диагнозды растағанға немесе алып тастағанға дейін АИТВ-инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын аумақтық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымында серобақылауда болады.

      18. ИФТ немесе ИХЛТ немесе ЭТ-да теріс нәтиже алған кезде РМДСҰ зертханасында ақпарат ересектерде АИТВ-инфекциясының диагностикасын жүргізу тәртібіне сәйкес күнтізбелік 14 (он төрт) күннен кейін қанды қайта алуды және АИТВ-ға тексеруді жүргізу үшін АИТВ-инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын аумақтық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымына беріледі (1-кезең).

      19. ИФТ немесе ИХЛТ немесе ЭТ-да оң нәтиже алған кезде РМДСҰ зертханасында растаушы тест жүргізіледі: ИБ немесе АИТВ ақуыздарының бейіні бар иммунохроматографиялық тест (2 ENV, GAG, POL).

      20. ИБ теріс нәтижесі немесе АИТВ ақуыздарының бейіні (2 ENV, GAG, POL) бар иммунохроматографиялық тест алынған және ИФТ немесе ИХЛТ немесе ЭТ-да оң нәтиже алған кезде ересектерде АИТВ инфекциясының диагностикасын жүргізу тәртібіне сәйкес 1 (бір) немесе 3 (үш) айдан кейін бірінші кезеңнен бастап рет-ретімен қайта зерттеу жүргізіледі. ИФТ немесе ИХЛТ-да АИТВ-ға антиденелер титрлерінің оң серпіні және теріс ИБ болмаған кезде 3 (үш) айдан кейін ПТР әдісімен зерттеу жүргізіледі.

      21. АИТВ ақуызының бейіні (2 ENV, GAG, POL) бар ИБ-ның немесе иммунохроматографиялық тестінің күмәнді нәтижесін және ИФА-да немесе ИХЛТ-да немесе ЭТ-да оң нәтижені алған кезде ересектерде АИТВ-инфекциясының диагностикасын жүргізу тәртібіне сәйкес күнтізбелік 14 (он төрт) күн немесе 1 (бір) ай өткен соң бірінші кезеңнен бастап рет-ретімен қайта зерттеу жүргізіледі.

      ИФТ немесе ИХЛТ-да АИТВ-ға антиденелер титрлерінің оң серпіні және күмәнді ИБ болмаған кезде 1 (бір) айдан кейін ПТР әдісімен зерттеу жүргізіледі. Жүкті әйелдердің ИБ алғашқы күмәнді нәтижесі кезінде тестілеудің кейінгі мерзімдерінде қосымша тестілеуді жеке тәртіппен өткізу туралы мәселе шешіледі.

      Нәтиже теріс болғанда ПТР (АИТВ РНҚ) 14 (он төрт) күнтізбелік күннен кейін қайта зерттеу жүргізіледі.

      Жүкті әйелдерде үшінші триместрде ПТР (АИТВ РНҚ) нәтижесі оң болғанда антиретровирустық терапия тағайындалады.

      ИФТ-да немесе ИХЛТ-да және ИБ-да АИТВ-ға антиденелер титрлерінің оң серпіні және ПТР теріс нәтижесі болмаған кезде 3 (үш) айдан аспайтын мерзімде АИТВ-ға антиденелерге спецификалық емес реакция немесе серобақылауға қою туралы мәселе шешіледі.

      22. ИБ оң нәтижесі немесе АИТВ ақуызының бейіні (2 ENV, GAG, POL) бар иммунохроматографиялық тест алынған кезде АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын аумақтық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымына "АИТВ-ға антиденелер анықталды" нәтижесі беріледі. Тексерілетін адамнан қан алу жүргізілген медициналық ұйымға арналған нәтиже бланкісіне ИБ нөмірі және оның берілген күні енгізіледі.

      ИБ нәтижесі АИТВ-инфекциясына бастапқы зерттеуді орындайтын зертханаға қан үлгісі түскен сәттен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде беріледі.

      23. Бұрын АИТВ-инфекциясы диагнозы қойылған адамдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде растаушы тестпен (ИБ немесе АИТВ ақуыздары бейіні бар иммунохроматографиялық тест (2 ENV, GAG, POL)) қайта зерттеу жүргізуге жол берілмейді.

      24. 16 (он алты) жастан кәмелетке толмағандарды және одан жоғары жастағыларды АИТВ-инфекциясына ерікті түрде медициналық құпия зерттеп-қарау олардың қалауы бойынша, әрекетке қабілетсіз адамдарды – олардың заңды өкілдерінің келісімімен, Кодекстің 78-бабының 2-тармағына сәйкес жүргізіледі. АИТВ-инфекциясы 18 (он сегіз) жасқа толмаған адамда анықталған жағдайда оның ата-анасы немесе заңды өкілдері хабардар етіледі. 16 (он алты) жасқа дейінгі балалар ата-аналарының біреуінің немесе заңды өкілінің ақпараттандырылған келісімімен тексеріледі.

      25. Осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша АИТВ инфекциясы маркерлеріне зерттеу туралы сертификатты Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығатын адамдарға АИТВ инфекциясының профилактикасы саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары, РМДСҰ береді. Сертификат 3 (үш) ай бойы жарамды.

      26. АИТВ инфекциясына зерттеп-қарау кезінде тестілеуге дейінгі және тестілеуден кейінгі консультацияға жататын тестіленетін адамдарға ақпараттар ұсынылады.

      27. Тестілеуге дейінгі консультация беру күту орындарында көрсетілетін көрнекі насихаттау құралдары арқылы ұсынылады.

      28. Тестілеуге дейінгі консультация:

      1) АИТВ-ға тестілеудің пайдасы, берілу жолдары және АИТВ оң және АИТВ теріс тест нәтижелерінің мәні туралы ақпараттан;

      2) АИТВ оң диагнозы жағдайында антиретровирустық терапияны тегін алу туралы түсінікті қоса алғандағы қолда бар қызметтер туралы түсініктемеден;

      3) серігін тестілеуге қатысты профилактика әдістері мен ұсынымдардың қысқаша сипаттамасынан;

      4) тест нәтижелерінің құпиялылығына кепілдемеден тұрады.

      29. Тестілеуден кейінгі консультация беру консультация алушыны тестілеу нәтижелері (теріс, оң және анықталмаған), сол нәтиженің мағынасы және консультация алушының АИТВ-ны жұқтыру қаупін азайтуды қамтамасыз ететін мінез-құлқына уәждемелері туралы ақпараттандыру мақсатында жүргізіледі.

      30. Тестілеуден кейінгі консультация беру:

      1) пациентке тестілеу нәтижесін және сол нәтиженің мағынасын хабарлаудан;

      2) серонегативті терезеде ықтимал болуы (анықталмаған немесе теріс нәтиже кезінде) және АИТВ инфекциясына қайта тестілеуден өтудің қажеттігі туралы хабарлаудан;

      3) мінез-құлықтың өзгеруі есебінен жұқтыру қаупін төмендету мүмкіндігін түсіндіруден;

      4) халықтың негізгі топтарына арналған қосымша медициналық көмек, психикалық-әлеуметтік көмек мүмкіндіктері туралы хабарлаудан;

      5) психологиялық көмек пен қолдаудан тұрады.

      31. АИТВ жұқтырған адамның статусы расталған кезде АИТВ инфекциясының профилактикасы саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік-денсаулық сақтау ұйымының дәрігері немесе психологы зерттеліп-қаралушыға АИТВ инфекциясының оң нәтижесі туралы жазбаша хабарлайды, мыналарды қамтитын пациенттің дағдарысты консультациясын жүргізеді:

      1) психологиялық көмек көрсету;

      2) АИТВ инфекциясының ерекшеліктері мен клиникалық сатылары, антиретровирустық препараттармен тегін емдеу мүмкіндіктері, АИТВ-ның басқа адамға берілуін болдырмау үшін берілу жолдары мен профилактикасының қажетті шаралары туралы хабарлау;

      3) емдеуді уақытында бастау үшін АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымында диспансерлік есепке тұру қажеттілігі туралы ақпараттандыру;

      4) денсаулық сақтау, үкіметтік емес ұйымдарда қосымша медициналық-әлеуметтік көмек алу мүмкіндігі туралы қажеттілікті бағалау мен ұсынымдар;

      5) өз денсаулығын және айналасындағылардың денсаулығын сақтауға бағытталған сақтық шараларын сақтау қажеттілігі туралы жазбаша нысанда хабардар ету, сондай-ақ емделуден жалтарғаны және басқа адамдарды жұқтырғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы ескерту;

      6) серіктесті (серіктестерді) тестілеуге қатысты профилактика нұсқалары мен ұсынымдар;

      7) тест нәтижелерінің және кез келген ақпараттың құпиялылық кепілдігі;

      8) пациенттің Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша АИТВ инфекциясын жұқтырған адаммен құпия әңгімелесу парағына қол қоюы.

      32. АИТВ-ға тестілеудің оң нәтижесі болған кезде, адамнан дербес деректерді электрондық бақылау жүйесіне енгізуге жазбаша ақпараттандырылған келісімі алынады. Электрондық бақылау жүйесіне дербес деректерді енгізуден бас тартқан кезде ИБ нөмірі мен күні, аты-жөні, туған күні, эпидемиологиялық анамнез деректері енгізіледі.

  АИТВ инфекциясының
профилактикасы саласында
қызметті жүзеге асыратын
мемлекеттік денсаулық сақтау
ұйымдарында тегін
медициналық көмектің кепілдік
берілген көлемі шеңберінде
АИТВ инфекциясы мәселелері
бойынша ерікті түрде анонимдік
және (немесе) құпия
медициналық зерттеп-қаралу
және консультация алу
қағидаларына
қосымша
  Нысан

АИТВ инфекциясының маркерлерінің болмауы туралы СЕРТИФИКАТ СЕРТИФИКАТ об отсутствии маркеров ВИЧ-инфекции CERTIFICATE of absence of HIV infection markers

      Mен (я / I am)_____________________________________________________

      дәрігердің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)/ фамилия,

      имя, отчество (при наличии) врача) / name of doctor

      Осымен келесіні растаймын (настоящим подтверждаю / here by certify that)

      _________________________________________________________________

      (пациенттің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) латынша/ /фамилия,

      имя, отчество (при наличии) пациента на латинице/ name of patient)

      _________________________________________________________________

      (пациенттің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) кириллицада/ фамилия,

      имя, отчество (при наличии) пациента на кириллице) name of patient

      _________________________________________________________________

      (пациенттің туған күні/дата рождения пациента/ date of birth оf patient)

      Зерттеп-қаралды/был обследован/ was tested on_________________________

      (дата/date)

      АИТВ инфекциясының маркерлері болуына теріс нәтижемен (на маркеры

      ВИЧ-инфекции с отрицательным результатом / For the presence in his/her blood

      of HIV infection markers and that there result of the test was NEGATIVE)

      Сертификат зерттеп-қарау жүргізілген күннен бастап үш ай бойы

      жарамды (Сертификат действительна в течение трех месяцев со дня

      обследования / Certificate is valid for three months since the testing day).

      Мөр (Печать/Stamp):

      Қолы (Подпись/Signature):

      Ескертпе (сертификатты толтыру бойынша түсініктеме):

      1. Сертификат тек бір адамға ғана беріледі, ұжымдық куәліктер беруге рұқсат етілмейді.

      2. Сертификат баспалық латын әріптерімен толтырылады, олай болмаған жағдайда ол жарамсыз деп танылады.

      3. Зерттеп-қарауды жүргізу және туу күндері келесі реттілікпен толтырылады: күні, айы, жылы, айдың атауы цифрмен емес, әріппен жазылады.

      4. Сертификатқа АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымының немесе РМДСҰ маманы қол қояды және ұйымның дөңгелек мөрімен куәландырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады