"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 266-бабының 1-тармағын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын есепке алу (кәсіптік тіркелімді жүргізу) қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі А.Ғиниятқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Цой |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-253/2020 бұйрығымен бекітілген |
Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын есепке алу (кәсіптік тіркелімді жүргізу) қағидалары
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын есепке алу (кәсіптік тіркелімді жүргізу) қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 266-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын есепке алу (кәсіптік тіркелімді жүргізу) тәртібін айқындайды.
2. Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын есепке алудың ұлттық жүйесі (бұдан әрі – Кәсіптік тіркелім) дербестендірілген есепке алуды қамтамасыз ету, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметкелерінің үздіксіз кәсіби дамуы мақсатында тіркеу, есепке алу, көші-қон, кету үшін база болып табылады.
3. Денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіптік тіркелімін жүргізу еңбек нарығы мен адами ресурстардың дамуына мониторинг жүргізу және болжау, кадрлар даярлауды жоспарлау үшін негіз болып табылады.
4. Кәсіптік тіркелім шеңберінде:
1) денсаулық сақтау субъектілері, әкімшілік-аумақтық бірлік бөлінісінде, денсаулық сақтау саласындағы жұмыс істеп тұрған кадр ресурстарын есепке алу;
2) денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын кәсіптік дамыту жөніндегі мәліметтерді есепке алу болып табылады;
3) денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын мониторингтеу, талдау, болжау және стратегиялық жоспарлау;
4) медициналық ұйымның мамандықтары бөлінісінде қажеттілікті қоса алғанда, денсаулық сақтау субъектілерін кадрлық қамтамасыз ету бөлігінде деректерді талдау;
5) денсаулық сақтаудың кадр ресурстарының үздіксіз кәсіптік дамуын бағалау үшін денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын кәсіптік медициналық қауымдастықтар және қоғамдық бірлестіктерге рұқсат беру.
2 тарау. Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарының дербестендірілген есебін жүргізу тәртібі
5. Медицина және фармацевтика қызметкерлерін есепке алуды жергілікті атқарушы органдар кәсіби тіркелімнің автоматтандырылған функционалы арқылы жүзеге асырады.
6. Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстары жөніндегі ұлттық үйлестіруші уәкілетті органға ай сайынғы негізде есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне дейін, сондай-ақ уәкілетті органның сұрау салуы бойынша денсаулық сақтау қызметкерлерінің тіркелуі, есепке алынуы, көші-қоны, кету мониторингі жөніндегі ақпаратты ұсынады.
7. Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстары жөніндегі ұлттық үйлестіруші уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) тоқсан сайын еңбек нарығын және адам ресурстарын дамыту жөніндегі болжамды талдамалық деректерді, біліктілікті растау мерзімдерін және уәкілетті органның сұрау салуы бойынша өзге де мәліметтерді ұсынады.
8. Денсаулық сақтау ұйымы жұмысқа қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде персоналды басқару қызметінің маманы денсаулық сақтау қызметкері туралы мәліметтерді дерекқорға енгізеді, оған мыналар кіреді:
1) жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН);
2) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
3) жынысы;
4) туған күні;
5) туған жері;
6) азаматтығы;
7) жеке басын куәландыратын құжаттың деректері;
8) тұрғылықты жері;
9) тіркеу орны;
10) тіркелген күні;
11) білім туралы құжат, оның ішінде білім және ғылым ұйымдары туралы деректер;
12) бизнес сәйкестендіру нөмірі көрсетілген жұмыс орнының атауы (медициналық қызмет көрсететін ұйымдар);
13) медициналық ұйымдағы лауазымы;
14) денсаулық сақтау саласындағы маманның сертификаты туралы мәліметтер (бар болса);
15) біліктілігін арттыру туралы мәліметтер.
9. Денсаулық сақтау қызметкерінің деректері өзгерген және (немесе) толықтырылған жағдайда персоналды басқару қызметінің маманы деректер базасына мәліметтер мен өзгерістер енгізеді.
10. Медицина кадрларын деректерін енгізу, тіркеу және есепке алуды медицина ұйымдарының персоналды басқару қызметінің мамандары жүзеге асырады.
11. Кәсіптік тіркелімде деректердің мониторингі мен өзектілігін бақылауды персоналды басқару қызметінің басшысы және денсаулық сақтау ұйымының бірінші басшысы жүзеге асырады.
12. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде кәсіптік тіркелімде деректердің мониторингін және өзектілігін бақылауды тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың денсаулық сақтау басқармасының басшысы жүзеге асырады.
3 тарау. Қорытынды ережелер
13. Кәсіптік тіркелімнің деректері уақтылы өзектендіруге жатады.
14. Кәсіптік тіркелімі бойынша мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:
1) ұйым қызметкерлері туралы мәліметтерді қамтитын деректер массивін қалыптастыру;
2) негізгі, қосымша және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді есепке алу және тіркеу, ғылыми жарияланым, ғылыми атақ, ғылыми дәреже, қызметкерлердің біліктілік санаты;
3) біліктілікті арттыруға ұйым қызметкерлерінің тізімін қалыптастыру;
4) пайдаланушыны клиникалық практикаға жіберу үшін сертификаттың қолданылу мерзімінің аяқталғаны туралы 2 (екі) ай бұрын хабардар ету;
5) алаяқтықтың алдын алу мақсатында денсаулық сақтау ұйымы қызметкерлерінің сертификаты мерзімі өткен кездегі есептік жазбасын бұғаттауға;
6) кадрлық құраммен байланысты құжаттарды жүргізу.