Санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесі құжаттарын әзірлеу және бекіту қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-297/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 22 желтоқсанда № 21854 болып тіркелді

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 94-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесі құжаттарын әзірлеу және бекіту қағидалары бекітілсін.

      2. "Санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесі құжаттарын әзірлеу және бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 197 бұйрығының (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 10248 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 22 сәуірде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде енгізілген сәттен бастап оны электрондық құжат нысанында Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 21 желтоқсандағы
№ ҚР ДСМ-297/2020
бұйрығымен бекітілген

Санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесі құжаттарын әзірлеу және бекіту қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесі құжаттарын әзірлеу және бекіту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 94-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесі құжаттарын (бұдан әрі – құжаттар) әзірлеудің, бекітудің, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің бірыңғай тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы болып табылады және:

      1) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының негіздемесі бойынша бірыңғай талаптарды әзірлеуді және олардың әзірленуін бақылауды;

      2) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын әзірлеуді (қайта әзірлеуді), сараптауды, бекіту мен жариялауды;

      3) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын зерделеуді, қолданылу практикасын жинақтауды, қолданылуын бақылауды;

      4) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының бірыңғай деректер банкін қалыптастыру мен жүргізуді;

      5) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын жалпы қабылданған халықаралық талаптарға сәйкестендіруді қамтиды.

      3. Санитариялық санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, техникалық регламенттер, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қойылатын біріңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптар, нұсқаулықтар, әдістемелік ұсынымдар, әдістемелік нұсқаулар, әдістемелер, бұйрықтар, қағидалар мен стандарттар құжаттар болып табылады.

      4. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, қағидалар, техникалық регламенттер және Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптар жатады.

      5. Мемлекеттік органдар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мәселелерге қатысты нормативтік құықтық актілерді әзірлеу және бекіту кезінде оларды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органдармен келіседі.

      6. Әзірлеуші органдар кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын сараптама қорытындыларын алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында орналастырғаны туралы хабарламаны сараптама кеңестеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереді.

      7. Құжаттар Қазақстан Республикасының Конституциясына, Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленеді.

      8. Құжаттар әзірлеуді және бекітуді Кодекстің 94-бабына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган жүзеге асырады.

      9. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган құжаттарды жалпы қабылданған халықаралық талаптармен үйлестіру шеңберінде:

      1) "Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы" 2014 жылғы 14 қазандағы № 240 Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) 52-бабына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2012 жылғы 20 маусымдағы № 48 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерін әзірлеу, бекіту, өзгерту және олардың күшін жою тәртібіне сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерін;

      2) Шарттың 57-бабының 3-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2016 жылғы 18 қазандағы № 109 шешімімен бекітілген Бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптар мен рәсімдерді әзірлеу, бекіту, өзгерту және қолдану тәртібіне сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарын әзірлеуді және бекітуді жүзеге асырады.

2-тарау. Құжаттарды әзірлеу және бекіту тәртібі

      10. Құжаттарды әзірлеу мынадай кезеңдерді қамтиды:

      1) құжатты әзірлеуді жоспарлау;

      2) құжаттың жобасын әзірлеу;

      3) құжатты бекіту.

      11. Құжаттарды әзірлеу жоспарын бекіте отырып жоспарлау жоғары тұрған органдардың актілеріне, шешімдеріне, тапсырмаларына, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ұсыныстарына сәйкес жүзеге асырылады.

      12. Жоспарда әзірленетін құжаттардың атаулары, әзірлеуге жауаптылар және олардың әзірлену мерзімдері көрсетіледі.

      13. Егер құжатты әзірлеуді жүзеге асыруға уәкілетті адамдар жоспарға енгізілмеген жобаны әзірлеуге бастама жасаса, уәкілетті органның басшысына:

      1) құқықтық реттеуді талап ететін мәселенің мәні;

      2) болжамды құқықтық реттеу мақсаттары;

      3) құжаттың негіздемесіне енгізілуге болжанатын проблемаларды шешуге бағытталған нақты шаралар;

      4) проблемалық мәселе бойынша қолданыстағы құжаттардың тізбесі және қолданыстағы құқықтық реттеудің кемшіліктерін талдау;

      5) құжатты бекіткен жағдайда әлеуметтік-экономикалық салдарды болжамды талдау жазылатын қызметтік жазба немесе хат ұсынылады.

      14. Құжаттарды әзірлеу және бекіту үшін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган жұмыс тобын құрады.

      15. Жұмыс тобының құрамы бес адамнан кем емес адамнан тұрады.

      Жұмыс тобының құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық, ғылыми және өзге де ұйымдардың өкілдері енгізіледі.

      16. Құжаттың жобасын әзірлеу және бекіту халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствосына жүктеледі.

      17. Құжат жобасының ережелерімен жұмыс істеу процесінде ведомствоның жауапты орындаушысы:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын;

      2) халықаралық шарттарды;

      3) тиісті қолданыстағы құжаттарды қолдану практикасын;

      4) шетелдік санитариялық-эпидемиологиялық заңнаманы;

      5) ғылыми әдебиетті және мерзімдік баспа материалдарын;

      6) ғылыми зерттеулерді қоса алғанда, егер мұндай өткізілген болса әлеуметтік және басқа да зерттеулер деректерін;

      7) ақпараттық материалдарды жинау және зерделеу бойынша жұмыс жүргізеді.

      18. Құжаттың жобасы мынадай өлшемшарттарға жауап береді:

      1) құқықтық реттеу тақырыбының қисынды дамуы;

      2) жазылудың дәйектілігі және жүйелілігі (жалпыдан жекеге, неғұрлым маңыздыдан аз маңыздыға);

      3) мәтіннің қисынды және грамматикалық байланыстылығы;

      4) баяндалатын мәтіннің нақтылығы және айқындылығы;

      5) жаңа нормалардың қолданыста қатар жүрген нормалармен келісілуі, жойылуы, өзгертілуі немесе толықтырылуы тиіс нормалармен ұштастыру;

      6) мәтіннің әртүрлі түсінігі мен талқылану мүмкіндігін болдырмау.

      19. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган құжаттардың Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 568 қаулысымен бекітілген Нормативтiк құқықтық актілерді ресiмдеу, келiсу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларында белгіленген заң техникасы бойынша сәйкестігін қамтамасыз етеді.

      20. Жаңа нормативтік талаптарды қамтитын құжатты әзірлеумен қатар осы құжатқа сәйкесінше бұрын шығарылған құжаттарды немесе қажет болған жағдайда олардың бөліктерін өзгерту, толықтыру немесе күші жойылды деп тану туралы ұсыныстар қоса беріледі.

      21. Құжаттарға өзгерістер, толықтырулар енгізу және олардың күші жойылды деп тану осы Қағидалармен анықталған тәртіппен жүзеге асырылады.

      22. Құжаттар қазақ және орыс тілдерінде әзірленеді және бекітуге ұсынылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады