Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және өмірлік қиын жағдайда жүрген балалардың үш жасты қоса алғанда мемлекеттік медицина ұйымдарында болу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 24 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-327/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 26 желтоқсанда № 21922 болып тіркелді.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 78-бабының 8-тармағына және "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 30-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және өмірлік қиын жағдайда жүрген балалардың үш жасты қоса алғанда мемлекеттік медицина ұйымдарында болу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет минстрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы
М. Шоранов

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және халықты әлеуметтік

      қорғау министрі

      ____________

      2020 жылғы "__" _______

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Білім және ғылым министрі

      ____________

      2020 жылғы "__" _______

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушы
2020 жылғы 24 желтоқсандағы
№ ҚР ДСМ-327/2020 Бұйрыққа
қосымша

Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және өмірлік қиын жағдайда жүрген балалардың үш жасты қоса алғанда мемлекеттік медицина ұйымдарында болу қағидалары туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және өмірлік қиын жағдайда жүрген балалардың үш жасты қоса алғанда мемлекеттік медицина ұйымдарында болу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі (бұдан әрі -Кодекс) 78-бабының 8-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 30-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және өмірлік қиын жағдайда жүрген балалардың үш жасты қоса алғанда, психикалық және дене бітімінің дамуында кемістігі бар туғаннан бастап төрт жасқа дейінгі мемлекеттік медицина ұйымдарында болу тәртібін реттейді.

      2. Балалар үйі жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларға, олардың үш жасты қоса алғанға дейін, туғаннан бастап төрт жасқа дейінгі психикалық және дене бітімінің дамуында кемістігі бар балаларға арналған, баладан бас тарту қаупі бар отбасыларды психологиялық-педагогикалық қолдауды жүзеге асыратын мемлекеттік медициналық ұйым болып табылады.

2-тарау. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және өмірлік қиын жағдайда жүрген балалардың үш жасты қоса алғанда мемлекеттік медицина ұйымдарында болу тәртібі

      3. Балалар үйлеріне жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және олар үш жасқа толғанға дейін қоса алғанда, өмірлік қиын жағдайда жүрген, туғаннан бастап төрт жасқа дейінгі психикалық және дене бітімінің дамуында кемістігі бар балалар қабылдауына жатады:

      психикалық бұзылулары бар орталық нерв жүйесінің органикалық зақымдануымен;

      психиканың бұзылуынсыз орталық нерв жүйесінің органикалық зақымдануымен, оның ішінде церебральды сал ауруымен;

      тірек-қимыл аппараты функциясының бұзылуымен және психиканың бұзылуынсыз физикалық дамудың басқа да ақауларымен;

      жарыместілік, идиотизм дәрежесіндегі олигофрениямен;

      мидың бастан өткерген органикалық зақымдануынан кейінгі деменциямен;

      қозғалыс функцияларының өрескел бұзылулары болған кезде барлық дәрежедегі ақыл-ой кемістігімен;

      есту және сөйлеу қабілеті бұзылуларымен (саңырау, құлақ мүкістігі);

      психикасының бұзылуынсыз сөйлеу бұзылыстарымен (кекештену, алалиямен және басқа да сөйлеу бұзылыстарымен);

      көру қабілеті бұзылуымен (соқыр, нашар көретін);

      туберкулездің белсенді емес түрлерімен;

      өзіне тән терапия аяқталғаннан кейін, аурудың инфекциялық емес кезеңінде туа біткен және жүре пайда болған венерологиялық аурулары бар балалар;

      адамның иммун тапшылығы вирусын (бұдан әрі – АИТВ инфекциясы) жұқтырған балалар.

      Нашар көретін немесе ақыл-есінің кемістігі бар барлық дәрежедегі нашар еститін балалар үшін тәрбиелеуді қиындататын қозғалыс функциясының өрескел бұзылуы болған кезде мейіргерлік күтімнің жекелеген топтары ұйымдастырылады.

      4. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және өмірлік қиын жағдайда жүрген балалардың үш жасты қоса алғанда мемлекеттік медицина ұйымдарында күтіп-ұстау "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрліктерінің кейбір мәселелері туралы" 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының 16 тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Балалар үйіне балаларды қабылдау және шығару мынадай түрде жүргізіледі:

      1) балалар үйіне жергілікті атқарушы органдардың жолдамасы негізінде отбасылардан, босандыру ұйымдары мен стационарлардан, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарынан (бұдан әрі – КБО), өмірлік қиын жағдайда орналасқан балаларды қолдау орталықтарынан (бұдан әрі – БҚО) балалар қабылданады;

      2) босандыру ұйымдарынан балаларды қабылдау тікелей топқа, ал отбасыларынан, кейіннен топқа КБО – дан, БҚО-дан және стационарлардан карантиндік топқа немесе оқшаулауышқа ауыстыра отырып, жүзеге асырылады.

      Балалар үйіне жіті инфекциялық ауруларымен, туберкулездің белсенді түрімен, жұқпалы тері ауруларымен, жіті вирустық аурулармен, орталық нерв жүйесінің жіті ауруларымен, трофиканың ауыр бұзылуларымен және стационарлық жағдайда емдеуді талап ететін аурулармен ауыратын балалар қабылдауға жатпайды. Оларды емдеу балалардың емдеу-профилактикалық ұйымдарының стационарларында жүргізіледі және Балалар үйінің мамандандырылған топтарына қабылдау жағдайы жақсарғаннан кейін жүзеге асырылады.

      6. Балалар үйіне балаларды қабылдау мынадай құжаттар болған кезде жүзеге асырылады:

      1) баланың туу туралы куәлігі немесе туу туралы медициналық куәлік (бар болса);

      2) баланың даму тарихынан (стационарлық науқастың медициналық картасынан) немесе жаңа туған нәрестенің тарихынан үзінді, тұқым қуалаушылық туралы деректерді қоса алғанда, анамнездің міндетті толық деректері, бейін мамандарының қорытындылары және зертханалық талдаулар, оның ішінде АИТВ инфекциясына, туберкулезге, мерезге және гепатиттерге зерттеп - қарау;

      3) бала келген отбасында немесе ұйымда медицина жұмыскері берген инфекциялық аурулардың болмауы туралы Кодекстің 7-бабы 31) тармақшасына сәйкес бекітілген анықтама;

      4) ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің оқу, жұмыс орнынан анықтама (болған жағдайда);

      5) баланы отбасына қайтару кезінде отбасының тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлары туралы қорғаншылық және қамқоршылық органының тексеру актісі, баланы Балалар үйіне уақытша орналастырған жағдайда тұрғын үйінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама (болған жағдайда);

      6) ата-анасының жоқтығын немесе олардың өз балаларын тәрбиелей алмайтындығын растайтын құжаттар: нотариат куәландырған немесе осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес ата-ана құқықтарынан бас тарту туралы, ата-ана құқықтарынан айыру туралы, әрекетке қабілетсіз, хабарсыз кеткен деп тану туралы сот шешімі, бас бостандығынан айыру туралы сот шешімі, адасқан (тастанды) баланы жеткізу туралы акт, бір немесе екі ата-анасының немесе заңды өкілдері баланы балалар үйіне уақытша орналастыру туралы өтініші, ата-ана, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 16 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10280 болып тіркелген) нысан бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала не қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган бала асырап алған жері бойынша немесе ата-анасының тұрғылықты жері бойынша орналасқан.

      7. Тастанды немесе медициналық ұйымда қалдырылған балаларды Балалар үйіне қабылдау кезінде мынадай құжаттар ресімделеді:

      1) Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1098 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12953 болып тіркелген) нысан бойынша адасып қалған (тастанды) баланы жеткізу туралы Жергілікті полиция қызметкерінің қатысуымен жасалған акт. Тасталғаны туралы актінің көшірмесі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аумақтық органдарына жіберіледі;

      2) медициналық ұйымның әкімшілігі жасаған және мөрмен расталған баланы тастап кету туралы акт;

      3) қорғаншылық және қамқоршылық органдарына баланы Балалар үйіне ауыстыру туралы денсаулық сақтау ұйымының қолдаухаты.

      8. Ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері бар балаларды Балалар үйіне уақытша орналастырған жағдайда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары немесе олардың тапсырмасы бойынша Балалар үйінің әкімшілігі баланың болу мерзімі, ата-аналарының міндеттері, оларды күтіп-бағуға және тәрбиелеуге қатысу шарттары туралы келісім жасайды. Балалардың Балалар үйінде уақытша болуының жалпы мерзімі 12 айдан аспайды.

      9. Келіп түскен балалар туралы мәліметтер Кодекстің 7-бабы 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша Балалар үйіне балаларды қабылдауды есепке алу журналына енгізіледі.

      10. Балалар үйіне түскен әрбір балаға тәрбиеленушінің жеке ісі ресімделеді, ол балалар үйінің бас дәрігерінде (директорында) сақталады және мынадай құжаттаманы қамтиды:

      баланың ілеспе медициналық құжаттамасы;

      келіп түсетін балаға сауалнама;

      баланы Балалар үйіне қабылдау туралы бұйрық;

      Балалар үйіне балаларды анықтау үшін жергілікті атқарушы органға (қорғаншы және қамқоршы органдар) қолдаухат беру;

      баланы тұрғын үй алу үшін кезекке қою, баланың қолда бар тұрғын үйін сақтау жөніндегі құжаттама;

      баланы күтіп-бағу бойынша ата-аналардан өндіріп алынған алименттерді және жетім балалар, мүгедек балалар үшін өзге де әлеуметтік төлемдерді есепке алу үшін екінші деңгейдегі банктерде шоттар ашу туралы құжаттама;

      баланың құқықтық және әлеуметтік мәртебесін нақтылау, ата-аналары мен туыстарын іздестіру жөнінде мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен хат алмасу;

      баланы Балалар үйінен шығару туралы бұйрық.

      11. Балалар үйлерінен балалар мынадай жағдайларда шығарылады:

      1) оларды биологиялық отбасына қайтарған кезде;

      2) білім беру немесе халықты әлеуметтік қорғау жүйесі ұйымдарына ауыстыру кезінде;

      3) бала асырап алу кезінде;

      4) қорғаншылықты ресімдеу, баланы патронаттық тәрбиелеуге беру және отбасына орналастырудың басқа да нысандары кезінде.

      12. Балалар үйіне уақытша орналастырылған балаларды ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне қайтару олардың өтініші бойынша жүзеге асырылады.

      Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында, ата-аналары немесе оларды алмастыратын адамдар келісімде көрсетілген мерзім өткеннен кейін баланы алудан негізсіз бас тартқан жағдайда, Балалар үйінің әкімшілігі үш жұмыс күні ішінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органына оның отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын іске асыру жөнінде шаралар қабылдау, оның ішінде "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 75-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес оларды ата-ана құқықтарынан айыру туралы сотқа шағым беру үшін хат жібереді.

      13. Балаларды Балалар үйінен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға арналған білім беру ұйымдарына, медициналық-әлеуметтік мекемелерге ауыстыру психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысына сәйкес жүзеге асырылады.

      14. Ауыстырылуға жататын балалар туралы мәліметтер аумақтық білім беру және халықты әлеуметтік қорғау органдарына ауыстыру мерзіміне дейін 6 ай бұрын хабарланады.

      15. Балаларды асырап алуға беру "Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 380 қаулысымен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Балаларды асырап алуға беру кезінде Балалар үйіне балаларды қабылдауды есепке алу журналында асырап алушылардың тегі мен мекенжайы көрсетілмей, бала асырап алуға беру туралы белгі қойылады. Бала асырап алу туралы мәліметтер Балалар үйінің бас дәрігерінде (директорында) сақталады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тергеу және сот органдарына олардың ресми талабы бойынша ұсынылады.

      16. Стационарға, санаторийге орналастыру кезінде тәрбиеленушілер кеткен болып есептелмейді және Балалар үйіне балаларды қабылдау журналына жаңадан келгендер ретінде тіркелмейді.

      17. Баланы стационарға, санаторийге немесе оңалту орталығына емдеуге жіберген кезде Балалар үйінің әкімшілігі баланың даму тарихында емдеуге жатқызу туралы мәліметтерді тіркейді.

  Жетім балалардың, ата-
анасының қамқорлығынсыз
қалған балалардың және өмірлік
қиын жағдайда жүрген
балалардың үш жасты қоса
алғанда мемлекеттік медицина
ұйымдарында болу
қағидаларына
қосымша
  Нысан

Балалар үйіне уақытша орналастыру туралы өтініш

      Балалар үйінің Бас дәрігері ________________________

      Балалар үйіне баланы уақытша орналастыру туралы өтініш

      Өзім жайында мынаны хабардар етемін: тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      _________________________________________________________________

      Туған күні және жері: ______________________________________________

      _________________________________________________________________

      Тіркелді (қашан, қандай мекенжай бойынша): _________________________

      _________________________________________________________________

      Төлқұжаттың немесе жеке куәліктің (нөмірі, кіммен және қашан берілген):

      ____________________________________________________________________

      Отбасы жағдайы:

      ____________________________________________________________________

      Білімі: ____________________________________________________________________

      Балаға қатынасы (ата-анасы, өзге де заңды өкілдері):

      _________________________________________________________________

      _________________________ қаласының (басқа елді мекеннің)

      ____ босандыру ұйымында туған менің баламды Балалар үйіне__________ жыл

      мерзіміне қабылдауыңызды (тапсыруыңызды) сұраймын.

      Баланы Балалар үйіне уақытша орналастыруымның себебі:

      ___________________________________________________________________

      Мен баланы өтініште көрсетілген уақытта алып кетуден немесе оның тәрбиесіне

      қатысудан дәлелсіз бас тартқан жағдайда Балалар үйінің әкімшілігі

      "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің

      75-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ата-ана құқығынан айыру туралы

      талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы екені жайында ескертілдім.

      Анасының немесе заңды өкілінің қолы: ______________________________

      Балалар үйі басшысының қолы: _____________________________________

      Күні (күні, айы, жылы) ____________________________________________

      Ұйымның мөрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады