Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 11.03.2024 № 163 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін–өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына, Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңының 26 бабына сәйкес, Темір аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Темір аудандық мәслихатының 2017 жылғы 14 маусымдағы № 110 "Темір ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 5599 тіркелген, 2017 жылы 25 шілдеде "Темір" газетінде жарияланған) шешіміне келесідей өзгерістер енгізілсін:
жоғарыда көрсетілген шешіммен айқындалған Темір ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерінде және тәртібінде:
1 тармак келесідей жаңа редакцияда жазылсын:
"1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
1) коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға;
2) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
Белгіленген нормалар шегіндегі шекті жол берілетін шығыстар үлесі отбасының (азаматтың) жиынтық табысының 5 (бес) пайызы мөлшерінде белгіленеді.";
3 тармақ келесідей жаңа редакцияда жазылсын:
"3. Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға) коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу үшін жеткізушілер ұсынған шоттар бойынша тұрғын үй көмегі бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.".
2. "Темір аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесіне заңнамада белгіленген тәртіппен осы шешімді Ақтөбе облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Темір аудандық мәслихатының сессия төрағасы |
Е. БАЛБОСЫНОВ |
Темір аудандық мәслихатының хатшысы |
Б. Избасов |