Ойыл аудандық мәслихатының 2015 жылғы 24 желтоқсандағы № 277 "Ойыл ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облысы Ойыл аудандық мәслихатының 2020 жылғы 27 қазандағы № 452 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 6 қарашада № 7608 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Ойыл аудандық мәслихатының 2023 жылғы 31 тамыздағы № 76 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Ойыл аудандық мәслихатының 31.08.2023 № 76 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Ойыл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Ойыл аудандық мәслихатының 2015 жылғы 24 желтоқсандағы № 277 "Ойыл ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4724 тіркелген, 2016 жылы 26 ақпанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің "Әділет" ақпараттық–құқықтық жүйесінде жарияланған) шешіміне келесідей өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. "Ойыл аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен осы шешімді Ақтөбе облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ойыл аудандық
мәслихатының сессия төрағасы
Б. Жумырбаев
      Ойыл аудандық
мәслихатының хатшысы
Е. Жиеналин

  Ойыл аудандық мәслихатының 2020 жылғы 27 қазандағы № 452 шешіміне қосымша
  Аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 24 желтоқсандағы № 277 шешіміне қосымша

Ойыл ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

      1. Осы Ойыл ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және Ойыл ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      1. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) атаулы күндер – жалпыхалықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия – өмiрлiк қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтiк көмек көрсетуге үмiткер адамның (отбасының) өтiнiшiн қарау бойынша Ойыл ауданы әкiмiнiң шешiмiмен құрылатын комиссия;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті Ақтөбе облысының Статистика департаменті есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндерi – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттiк мереке күндерi;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбiр мүшесiне келетiн үлесi;

      7) өмiрлiк қиын жағдай – азаматтың тыныс-тiршiлiгiн объективтi түрде бұзатын, ол оны өз бетiнше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкiлеттi орган – жергiлiктi бюджет есебiнен қаржыландырылатын, әлеуметтiк көмек көрсетудi жүзеге асыратын "Ойыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" мемлекеттiк мекемесi;

      9) учаскелiк комиссия – әлеуметтiк көмек алуға өтiнiш бiлдiрген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу және қорытындылар дайындау үшiн тиісті әкімшілік – аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шектi шама – әлеуметтiк көмектiң бекiтiлген ең жоғары мөлшерi;

      3. Осы Қағидалар Ойыл ауданында тұрақты тұратын адамдарға таралады.

      4. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына "Ойыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" мемлекеттiк мекемесiмен осы Қағидалармен белгіленген тәртіпте көрсетіледі.

      5. Үлгілік қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтiк көмек ретiнде жергілікті атқарушы органдармен (бұдан әрі-ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрi – алушылар) өмiрлiк қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндерiне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететiн көмек түсiніледі.

      6. "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16 бабында және "Ардагерлер туралы" 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында,12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      7. Әлеуметтiк көмек бiр рет және (немесе) мерзiмдi (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетiледi.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерiнiң тiзбесі:

      Жеңіс күні – 9 мамыр;

      Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – 30 тамыз.

      Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін облыстың ЖАО бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

      2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

       9. Ай сайынғы әлеуметтік көмек кірісті есепке алмай көрсетіледі:

       1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне коммуналдық қызметтерге 8 000 (сегіз мың) теңге мөлшерінде, уәкілетті органның ұсынған тізімдері негізінде;

      2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне жылу маусымының 7 айы ішінде (қаңтардан сәуірге дейін, қазаннан желтоқсанға дейін) коммуналдық қызметтерге 3 500 (үш мың бес жүз) теңге мөлшерінде, уәкілетті органның ұсынған тізімдері негізінде;

      3) мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуге мүгедек балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне, білім беру кезеңіне бір мүгедек балаға, 2 (екі) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде "Ойыл аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ұсынған тізімдер негізінде;

      4) онкологиялық аурулардан зардап шегетін азаматтарға, адамның иммуножетіспеушілік вирусы инфекциясын жұқтырғандарға және туберкулездің әртүрлі түрімен ауыратын науқастарға, ай сайын ұсынылатын "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ойыл аудандық ауруханасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ұсынған тізімдері негізінде, жылына алты айға дейінгі амбулаториялық ем алу мерзіміне 10 (он) айлық есептiк көрсеткіш мөлшерінде;

      5) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, I, II, III топтағы мүгедектерге, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға және оларды ертіп жүруші тұлғаларға, "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің жолдамасы бойынша емделуге төленетін жол шығындарын өтеу үшін.

      Әлеуметтік көмек, егер жоғарыда аталған тұлғалар толық мемлекет қарауында болмаған жағдайда көрсетіледі.

      10. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде, не оның мүлкiне зиян келтiру нәтижесінде келтірілген шығындарға байланысты біржолғы әлеуметтік көмектің келесі мөлшерлері белгіленеді:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 150 000 (бір жүз елу мың) теңгеге дейінгі шекте;

      2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге 100 000 ( жүз мың) тенгеге дейінгі шекте;

      3) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 80 000 (сексен мың) теңгеге дейінгі шекте;

      4) зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға 60 000 (алпыс мың) теңгеге дейінгі шекте;

      5) мүгедектерге, оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдарға 60 000 (алпыс мың) теңгеге дейінгі шекте;

      6) саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен адамдарға 50 000 (елу мың) теңгеге дейінгі шекте;

      7) көп балалы отбасыларға 140 000 (бір жүз қырық мың) теңгеге дейінгі шекте;

      8) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйінің түлектеріне 60 000 (алпыс мың) теңгеге дейінгі шекте;

      9) аз қамтылған азаматтарға 140 000 (бір жүз қырық мың) теңгеге дейінгі шекте;

      10) онкологиялық аурулардан зардап шегетін азаматтарға, адамның иммуножетіспеушілік вирусы инфекциясын жұқтырғандарға және туберкулездің әртүрлі түрімен ауыратын науқастарға 80 000 (сексен мың) теңгеге дейінгі шекте.

      11. Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде біржолғы әлеуметтік көмек 20 000 (жиырма мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі:

      1) әрбір адамға табыстарын есепке алмай, I, II және III топтағы мүгедектерге, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға уәкілетті органның тізіміне сәйкес;

      2) табыстарын есепке алмай, онкологиялық аурулардан зардап шегетін азаматтарға, адамның иммуножетіспеушілік вирусын жұқтырған және туберкулездің әртүрлі нысандарымен ауыратын науқастарға емделу кезеңінде, "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ойыл аудандық ауруханасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен ұсынылған тізімдеріне сәйкес;

      3) табыстарын есепке алмай, ауылдық округ әкімі аппараттарының әлеуметтік қызметкерлері қызмет көрсететін жалғыз тұратын қарт азаматтарға;

      4) отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын аз қамтамасыз етілген отбасыларға, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларды қоспағанда, ауылдық округ әкімдері ұсынған тізімдерінің негізінде.

      Әлеуметтік көмек төтенше жағдай кезеңінде бір рет және бір адамға тек бір санат бойынша беріледі.

      Әлеуметтік көмек құжаттарсыз көрсетіледі және төтенше жағдай тоқтатылған жағдайда төлем тоқтатылады.

      12. Өмірлік қиын жағдайлардағы азаматтарға, егер жолыққан сәттің алдындағы тоқсанда отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы Ақтөбе облысы бойынша төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен 1 еседен аспаса әлеуметтік көмек көрсетіледі (кірісі есептелмей әлеуметтік көмек көрсетілетін Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қоспағанда).

      Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаж азаматтардың санаттарының қатарына жатқызу үшін төмендегілер негіздеме болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) жан басына шаққандағы орташа табыстың, өмірлік қиын жағдай туындауына байланысты біржолғы әлеуметтік көмек тағайындау барысында ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1-еселік мөлшерінен аспауы.

      13. Табиғи зілзала немесе өрт салдарынан өмірлік қиын жағдайлар туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініштерді қарау мерзімі:

      өмірлік қиын жағдайлар туындаған сәттен бастап алты айдан кеш емес.

      14. Біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі:

      1) Жеңіс күніне орай:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 500 000 (бес жүз мың) теңге мөлшерiнде;

       жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;

      Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы "Ардагерлер туралы" Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарына, еңбек ардагерлеріне, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің екінші рет некеге отырмаған жұбайына (зайыбына) 50 000 (елу мың) теңге мөлшерiнде;

      қайтыс болған ауғандық жауынгерлердің екінші рет некеге отырмаған жұбайына (зайыбына) 50 000 ( елу мың) теңге мөлшерiнде;

      2) Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай:

      мүгедектерге 50 000 (елу мың) теңге мөлшерiнде;

      3) емделуге төленетін жол шығындарын өтеу үшін:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, I, II, III топтағы мүгедектерге, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға және оларды ертіп жүруші тұлғаларға, "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – облыстық денсаулық сақтау басқармасы) жолдамасы бойынша.

      15. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      16. Өмірде қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтің әкіміне мынадай құжаттармен:

      1) жеке басын куәландыратын құжатпен;

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтермен;

      3) өмірде қиын жағдайдың туындағанын растайтын актімен және/немесе құжатпен қоса өтініш береді.

      Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер ұсынылмайды.

      17. Атаулы күндер мен мерекелік күндері әлеуметтік көмек алушылардан өтініш талап етілмей, әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеуді қамтамасыз ететін уәкілетті органның не уәкілетті ұйымдардың, ЖАО бекіткен тізімі бойынша табыстарын есепке алмай көрсетіледі.

      Азаматтардың кейбір санаттарының әр түрлі атаулы күндер мен мерекелік күндері (санатына сәйкес) әлеуметтік көмек алуға құқығы болған жағдайда әлеуметтік көмектің бір түрі көрсетіледі (көлемі бойынша үлкені).

      14 тармағының 3) тармақшасында көрсетілген тұлғалар мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) арызы;

      2) мүгедек баланың жеке куәлігінің көшірмесі немесе туу туралы куәлігінің көшірмесі;

      3) жолдама:

      стационарға емдеуге жатқызуға;

      республикалық деңгейде мамандандырылған және жоғары мамандандырылған консультациялық-диагностикалық көмек алуға;

      4) 14 тармағының 3) тармақшасында көрсетілген азаматтардың санатына жататындығын растайтын куәліктің көшірмесі;

      5) жол жүру дерегін растайтын билеттер, егер олар болмаған жағдайда – темір жол көлігінде емделу орнына дейінгі және кері қайтуға жол жүру құны туралы анықтама;

      6) 14 тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамды алып жүру қажеттігін растайтын медициналық анықтама.

      18. Осы Қағидалардың 9 тармағында көрсетілген тұлғаларға ай сайынғы әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.

      19. Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары ұсынылады, содан кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      20. Өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек көрсетуге өтiнiш келiп түскен кезде уәкiлеттi орган немесе ауылдық округтiң әкiмi бiр жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiнiң құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу үшiн учаскелiк комиссияға жiбередi.

      21. Учаскелiк комиссия құжаттарды алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiге тексеру жүргiзедi, оның нәтижелерi бойынша Үлгілік қағидалардағы 2, 3 қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы актi жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтiк көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкiлеттi органға немесе ауылдық округ әкiмiне жiбередi.

      Ауылдық округ әкiмi учаскелiк комиссияның актiсi мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күнi iшiнде оларды қоса берiлген құжаттармен уәкiлеттi органға жiбередi.

      22. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.

       23. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.

       24. Уәкiлеттi орган учаскелiк комиссиядан немесе ауылдық округ әкiмiнен өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін құжаттар келiп түскен күннен бастап бiр жұмыс күнi iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеудi жүргiзедi және құжаттардың толық пакетiн арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

       25. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.

       26. Уәкiлеттi орган өтiнiш берушiнiң әлеуметтiк көмек алуға құжаттарын тiркеген күннен бастап сегiз жұмыс күнi iшiнде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындысының негiзiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 22 және 23 тармақтарында көрсетiлген жағдайларда уәкiлеттi орган өтiнiш берушiден немесе ауылдық округтiң әкiмiнен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

       27. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

       28. Әлеуметтiк көмек көрсетуден бас тарту:

       1) өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;

       2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;

       3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтiк көмек көрсету үшiн Ойыл аудандық мәслихатымен белгiлеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      29. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетiнде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

      4. Көрсетiлетiн әлеуметтiк көмектi тоқтату және қайтару үшiн негiздер

      30. Әлеуметтiк көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Ойыл ауданынан тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiберген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтiк көмектi төлеу көрсетiлген жағдайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      31. Бұл ретте дәйексіз мәліметтерді келтіріп заңсыз әлеуметтік көмек тағайындауға әкелгені анықталған жағдайда, әлеуметтік көмек төлеу тағайындалған тұлғаға (отбасына) белгіленген кезеңге тоқтатылады. Артық төленген сомалар ерiктi қайтаруға жатады, бас тартқан жағдайда – сот арқылы.

      5. Қорытынды ереже

       32. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң немесе "Әлеуметтік көмек" автоматтандарылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргiзеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады