Еңбекшіқазақ ауданының ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебiнен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібін және мөлшерін бекіту туралы

Жаңа

Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының 2020 жылғы 28 қыркүйектегі № 68-199 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2020 жылы 6 қазанда № 5697 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 1-тармағының 15) тармақшасына, "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңының 18-бабының 5-тармағына сәйкес, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Еңбекшіқазақ ауданының ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебiнен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі және мөлшері осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының "Әлеуметтік бағыттағы салаларды дамыту мен заңдылық, құқықтық тәртіп, қоғамдық келісім, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі" тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының сессия төрағасы В. Вальков
      Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының хатшысы Б. Ахметов

  Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының 2020 жылғы 28 қыркүйегі № 68-199 шешіміне қосымша

Еңбекшіқазақ ауданының ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебiнен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі және мөлшері

1. Жалпы ережелер

      1. Еңбекшіқазақ ауданының ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебiнен (бұдан әрі – мамандар) коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау (бұдан әрі – әлеуметтік қолдау) көрсетіледі.

      2. Әлеуметтік қолдауды тағайындау уәкілетті орган – "Еңбекшіқазақ аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен жүзеге асырылады.

2. Әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі

      3. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария мемлекеттік ұйымдарының ұсынған тізімдерін ауылдық округ әкімдерімен бекітуі негізінде, өтініш талап етілмейтін тәртіппен әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік қолдау төлемдері заңнамада белгіленген тәртіппен мамандардың дербес шоттарына сомаларды аудару үшін жасалған келісімшарттар негізінде уәкілетті органымен ұсынған тізімдемеге сәйкес екінші деңгейдегі банктер арқылы жүргізіледі.

3. Әлеуметтік қолдау көрсету мөлшері

      5. Мамандарға әлеуметтік қолдау жылына бір рет бюджет қаражаты есебінен 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

4. Көрсетілетін әлеуметтік қолдауды тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      6. Әлеуметтік қолдау төменгі жағдайларда тоқтатылады:

      1) алушы қайтыс болғанда;

      2) алушы Еңбекшіқазақ ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткенде.

      Әлеуметтік қолдауды төлеу көрсетілген жағдайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      Артық төленген сомалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ерікті немесе өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады