"Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңының 10-бабының 1-1 тармағының 3) тармақшасына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңына сәйкес және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының 2020 жылғы 3 тамыздағы № 03-12/487 ұсынысы негізінде, Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Молодая Гвардия көшесіне қойылған шектеу іс-шаралары құтыру ауруының ошақтарында жұмыстар аяқталуына байланысты тоқтатылсын.
2. "Шымкент қаласы аумағында шектеу іс-шараларын белгілеу туралы" Шымкент қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 2 маусымдағы № 318 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 106 болып тіркелген, Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2020 жылғы 4 маусымдағы электрондық түрде жарияланған) қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. "Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыны Шымкент қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін ресми жариялау үшін Шымкент қаласында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарына жіберуді;
3) осы қаулыны оны ресми жариялағаннан кейін Шымкент қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А. Сәттібаевқа жүктелсін.
5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Шымкент қаласының әкімі | М. Айтенов |