Жезқазған қаласының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету және мөлшерін белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қарағанды облысы Жезқазған қалалық мәслихатының 2020 жылғы 22 шілдедегі № 49/424 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 28 шілдеде № 5981 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және 2005 жылғы 8 шілдедегі "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заңдарына сәйкес Жезқазған қалалық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:

      1. Жезқазған қаласының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету және мөлшерін белгілеу қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Жезқазған қалалық мәслихатының 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 31/287 "Жезқазған қаласының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік ұйымдарының мамандарына отын сатып алуға әлеуметтік көмек көрсету туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5100 тіркелген, 2019 жылғы 09 қаңтарда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде электрондық түрде, 2019 жылғы 18 қаңтардағы № 2 (258) "Жезказганский вестник", 2019 жылғы 11 қаңтардағы № 01 (8115) "Сарыарқа" газеттерінде жарияланған) шешімінің күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы А. Досанов
      Жезқазған қалалық маслихатытың хатшысы С. Медебаев

  Жезқазған қалалық
  мәслихатының
  2020 жылғы 22 шілдесі
  № 49/424
  шешіміне қосымша

Жезқазған қаласының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету және мөлшерін белгілеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және 2005 жылғы 8 шілдедегі "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заңдарына сәйкес әзірленді және Жезқазған қаласының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетудің (әрі қарай – әлеуметтік қолдау) тәртібін және мөлшерін анықтайды.

      2. Әлеуметтік қолдауды тағайындау және төлеу уәкілетті органмен – "Жезқазған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен жүзеге асырылады.

2-тарау. Әлеуметтік қолдауды көрсету тәртібі мен мерзімдері

      3. Әлеуметтік қолдауды алу үшін кент, ауыл және ауылдық округ әкімдері Жезқазған қаласының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарының тізімін, қызметті алушылардан өтініштерін сұратпай келесі құжаттарымен ұсынады:

      1) жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі (кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің мөрімен расталған);

      2) жұмыс орнынан анықтама (лауазымы көрсетіліп);

      3) екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларын жүзеге асыруға тиісті лицензиясы бар ұйымдарда дербес шоты бар екенін растайтын құжат.

      4. Әлеуметтік қолдауды көрсетуден бас тартуға негіз болады:

      1) 3 тармақта көрсетілген тізбеге сәйкес құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынуы;

      2) мәліметтердің жалған болуы немесе берілген құжаттардың сәйкес келмеуі.

      5. Мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандары бірнеше қызметтерді қатар атқарған жағдайда, атқаратын бір лауазымы бойынша әлеуметтік қолдау алуға құқылы.

      6. Кент, ауыл және ауылдық округ әкімдіктері уәкілетті органға құжаттарды тапсырған уақыттан бастап әлеуметтік қолдау көрсетуге құжаттарды өңдеу мерзімі – 15 күнтізбелік күн.

      Уәкілетті орган ағымдағы жылдың қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін тізімдер бойынша құжаттарды қабылдауды жүргізеді.

      Әлеуметтік қолдауды көрсету нәтижесі – қаржыландыру жоспарына сәйкес жылына бір рет жүргізілетін төлем.

3-тарау. Әлеуметтік қолдауды көрсету мөлшерін белгілеу

      7. Жезқазған қаласының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау бюджет қаражаты есебінен 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленсін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады