"Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және Саран қаласы мен Ақтас кентінің мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Саран қалалық мәслихатының 2013 жылғы 12 желтоқсандағы № 279 шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қарағанды облысы Саран қалалық мәслихатының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 584 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 30 желтоқсанда № 6136 болып тіркелді. Күші жойылды - Қарағанды облысы Саран қалалық мәслихатының 2023 жылғы 23 қарашадағы № 75 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Саран қалалық мәслихатының 23.11.2023 № 75 (оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес, Саран қалалық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және Саран қаласы мен Ақтас кентінің мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Саран қалалық мәслихатының 2013 жылғы 12 желтоқсандағы № 279 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2491 болып тіркелген, 2014 жылғы 16 қаңтарда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған, 2014 жылғы 17 қаңтардағы № 3 "Саран газеті" газетінде жарияланған) келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және Саран қаласы мен Ақтас кентінің мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) атаулы күндер – жалпыхалықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша қала әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы статистика органдары есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;

      8) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      9) уәкілетті орган – "Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Әлеуметтік көмек атаулы күндер мен мереке күндерінде ұсынылады:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні мерекесіне:

      басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

      Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне жеңілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға;

      2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне:

      Қазақстан Республикасында белгіленген зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлері, зейнетақының ең төменгі мөлшерінен аспайтын зейнетақы мен жасына байланысты әлеуметтік жәрдемақы алушыларға;

      3) 21-23 наурыз - Наурыз мейрамы мерекесіне:

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне;

      4) 9 мамыр - Жеңіс күні мерекесіне:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

      Ұлы Отан соғысының қатысушыларына жеңілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға;

      еңбек ардагерлеріне;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы Заңының күші қолданылатын басқа тұлғаларға;

      5) 6 шілде - Астана күні мерекесіне:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" белгілерімен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ бірінші және екінші дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға;

      төрт және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған, соның ішінде оқытудың күндізгі нысаны бойынша орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындарында, оқу орынын аяқтағанға дейін кәмелеттік жасқа толған білім алушы балалары бар (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін), көп балалы отбасыларға;

      6) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне:

      1, 2, 3 топтағы мүгедектерге, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға;

      мектепке дейінгі балалар ұйымдарында тәрбиеленетін көп балалы отбасылардан шыққан балаларға;

      7) 1 қазан - Қарттар күні мерекесіне:

      жетпіс бес жасқа толған және одан үлкен тұлғаларға.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздер болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру немесе әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Әлеуметтік мәні бар аурулар болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер бойынша көрсетілетін әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа айлық табысы 0,6 еселік ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын адамдарға (отбасыларға) көрсетіледі.

      Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген кезде көрсетілетін әлеуметтік көмек адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан ұсынылады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Әлеуметтік мәні бар ауруы болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша көрсетілетін әлеуметтік көмектің шекті мөлшері – он айлық есептік көрсеткіш.

      Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген кезде көрсетілетін әлеуметтік көмектің шекті мөлшері - жүз айлық есептік көрсеткіш.";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі";

      13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде, әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе Ақтас кентінің әкіміне мынадай құжаттарды қоса отырып өтініш ұсынады:

      1) жеке басын куәландыратын құжат;

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер;

      3) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын акт және (немесе) құжат.

      Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер ұсынылмайды.

      14. Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары ұсынылады, содан кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Учаскелік комиссия құжаттар түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік ережесіне 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе Ақтас кентінің әкіміне жібереді.";

      4 және 5-тараулардың тақырыптары мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер

      5-тарау. Қорытынды ереже".

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Саран қаласы әкімінің орынбасары Ералы Серікұлы Оспановқа және Саран қалалық мәслихатының заңдылық, азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Ш. Исенов
      Мәслихат хатшысы О. Баймаганбетов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады