Қызылорда облысының аумағында оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген төтенше жағдайлар туындаған кезде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, олардың алдын алу және жою жөніндегі қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 521 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 22 желтоқсанда № 7946 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облыстық мәслихатының 2021 жылғы 16 шілдедегі № 34 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облыстық мәслихатының 16.07.2021 № 34 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі "Азаматтық қорғау туралы" Заңының 15 бабының 1 тармағы 1) тармақшасына сәйкес Қызылорда облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Қызылорда облысының аумағында оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген төтенше жағдайлар туындаған кезде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, олардың алдын алу және жою жөніндегі қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім қабылданған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қызылорда облыстық мәслихатының 51-сессиясының төрағасы Н. Амитов
      Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы К. Бисенов

  Қызылорда облыстық мәслихаты
  2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 521
  шешіміне қосымша

Қызылорда облысының аумағында оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген төтенше жағдайлар туындаған кезде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, олардың алдын алу және жою жөніндегі қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қызылорда облысының аумағында оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген төтенше жағдайлар туындаған кезде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, олардың алдын алу және жою жөніндегі қағидалар (бұдан әрі - Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген төтенше жағдайлар туындаған кезде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, олардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыруды айқындайды.

      2. Осы қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) төтенше жағдай – адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай;

      2)төтенше жағдайлардың алдын алу – күні бұрын жүргізілетін және төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін мүмкіндігінше барынша азайтуға, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, олар туындаған жағдайда материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;

      3) төтенше жағдайларды жою –авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу.

2. Төтенше жағдайлардың туындауының алдын алу

      3. Жоғары әзірлік режимінде азаматтық қорғаудың басқару органдарытарапынан төтенше жағдайлардың туындау қаупі төнген кезде мынадай іс-шаралар кешені жүргізіледі:

      1) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі аумақтық комиссияларды және жергілікті атқарушы органдардың азаматтық қорғаудың басқару органдарын жинау жүзеге асырылады, байланыс және құлақтандыру жүйелерінің әзірлігі тексеріледі;

      2) азаматтық қорғаудың басқару органдары басшы құрамының тәулік бойы кезекшілігімен кезекші ауысымдардың күшейтілген жұмыс режимі енгізіледі;

      3) болжанатын төтенше жағдайлар туралы деректерді жинау, өңдеу және азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштеріне беру, мемлекеттік органдар мен халықты олардан қорғану тәсілдері туралы хабардар ету жүзеге асырылады;

      4) қажет болған жағдайда эвакуациялық іс-шаралар жүргізіледі.

3. Төтенше жағдайларды жою

      4. Төтенше жағдайды жою кезінде төтенше жағдайды жою басшысы айқындалады, оның шешімімен жедел штаб құрылады және мынадай іс-шаралар кешені жүргізіледі:

      1) төтенше жағдайдың аймағы, шекаралары, ауқымы және жіктелуі анықталады;

      2) азаматтық қорғау күштері мен құралдарының іс-қимылдары жөніндегі іс-шаралардың бүкіл кешенін қамтамасыз ете отырып, төтенше жағдайды жою жөніндегі жұмыс ұйымдастырылады;

      3) экономика салалары мен объектілерінің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар орындалады;

      4) шығын көлемі бағаланады;

      5) төтенше жағдайды жою аймағындағы халықты қорғау және олардың тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі.

4. Төтенше жағдайлар туындаған кезде қоғамдық тәртіпті сақтауды және қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастыру

      5. Төтенше жағдай жарияланған кезде полиция органдарының (бұдан әрі - ПО) және азаматтық қорғау органдарының (бұдан әрі - АҚО) барлық жеке құрамы үшін қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасы енгізіледі.

      6. Техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауды ұйымдастыруды және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді олардың мәні мен ауқымына қарай тиісінше ПО құқық қорғау, арнаулы және басқа да мемлекеттік органдармен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып қамтамасыз етеді.

      7. Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда ПО, АҚО құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, мынадай іс-шараларды ұйымдастырады және жүзеге асырады:

      1) қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қалпына келтіру және қолдау, құқық бұзушылықтар мен өзге де құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу және уақтылы жолын кесу;

      2) халықты қорғау, шығындарды есепке алу, адамдарды құтқару және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету;

      3) қараусыз қалған меншікті қорғау;

      4) полиция қызметкерлерін, әскери нарядтарды, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтерінің көлік құралдарын тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралдарының кедергісіз өтуіне жәрдем көрсету;

      5) Авариялық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу.

5. Әкімшілік ықпал ету шаралары

      8. Төтенше жағдайлар жарияланған жерде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер, сол сияқты жеке тұлғалар мен лауазымды адамдардың қолданыстағы заңнамаларда және осы қағидаларда көзделген өздерiнiң заңды құқықтары мен мiндеттерiн жүзеге асыруына белсендi кедергi келтірген немесе қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын әрекеттер жасаған адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады