Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы

Жаңартылған

Қостанай облысы Арқалық қаласы мәслихатының 2020 жылғы 15 қыркүйектегі № 342 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 17 қыркүйекте № 9453 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" 2020 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес Арқалық қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Мыналар:

      1) бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес;

      2) бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібі, олардың шекті толу нормалары, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар, сондай-ақ пикеттеуді өткізуге жол берілмейтін іргелес аумақтардың шекаралары осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Мәслихаттың "Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізуді қосымша реттеу туралы қағидаларын бекіту туралы" 2016 жылғы 16 мамырдағы № 21 шешімінің (2016 жылғы 29 маусымда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6481 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы А. Ерденов
      Арқалық қалалық мәслихатының хатшысы Г. Елтебаева

  Арқалық қалалық
мәслихатының
2020 жылғы 15 қыркүйектегі
№ 342 шешіміне
1-қосымша

Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар

      Ескерту. 1-қосымашға өзгеріс енгізілді - Қостанай облысы Арқалық қаласы мәслихатының 31.07.2024 № 117 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға және өткізуге арналған мамандандырылған орындар

1

Арқалық қаласы Байтурсынов көшесі мен Абай даңғылының қиылысындағы алаң

2

Арқалық қаласы Әуелбеков көшесі мен Абай даңғылы қиылысындағы саябақ

Демонстрациялар, шерулер өткізу үшін арнайы маршрут

1

Арқалық қаласы "Наурыз" алаңынан Даңқ обелискісіне дейін (Әуелбеков көшесі - Абай даңғылы)

  Арқалық қалалық
мәслихатының
2020 жылғы 15 қыркүйектегі
№ 342 шешіміне
2-қосымша

Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібі, олардың шекті толу нормалары, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар, сондай-ақ пикеттеуді өткізуге жол берілмейтін іргелес аумақтардың шекаралары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібі, олардың шекті толу нормалары, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар, сондай-ақ пикеттеуді өткізуге жол берілмейтін іргелес аумақтардың шекаралары (бұдан әрі – тәртіп) Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбіт және қарусыз жиналып, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттеу өткізу құқығын іске асыру мақсатында "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" 2020 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді.

      2. Осы тәртіпте мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) бейбіт жиналыс – сипатына қарай бейбіт, күш қолданылмайтын және қаруланбайтын, мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, халықтың имандылығын, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделеріне қатер төндірмейтін болып табылатын, Қазақстан Республикасының азаматтары жиналыс, митинг пен демонстрация, шеру мен пикеттеу нысанында өткізетін жария іс-шара;

      2) бейбіт жиналысқа қатысушы – бейбіт жиналысқа өз еркімен қатысатын Қазақстан Республикасының азаматы;

      3) бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орын (бұдан әрі - арнайы орын) – облыстық маңызы бар қаланың жергілікті өкілді органы бейбіт жиналыстар өткізу үшін айқындаған жалпыға ортақ пайдаланылатын орын немесе жүру маршруты;

      4) бейбіт жиналысты ұйымдастырушы – бейбіт жиналыс өткізуге бастамашы болатын, оны өткізуді ұйымдастыратын және бейбіт жиналыс барысы мен оған қатысушыларға басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматы немесе кәмелетке толған азаматтарының тобы немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген заңды тұлға;

      5) жергілікті атқарушы орган – облыстық маңызы бар қаланың әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

      6) іргелес аумақ – ғимараттар, құрылыстар, қоршаулар, құрылыс алаңшаларының, сауда, жарнама объектілеріне және заңды немесе жеке тұлғалардың балансындағы, меншігіндегі, иелігіндегі, жалға алуындағы басқа объектілер шекараларына тікелей (периметрі бойынша 5 метр шекарадағы) жанасып жатқан аумақ.

2. Арнайы орындарды пайдалану тәртібі

      3. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу күш қолданылмайтын сипат, заңдылық, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету, қатысу еріктілігі, бейбіт жиналыстар өткізу пайдасына презумпция, тараптар жауаптылығы қағидаттарына негізделеді.

      4. Бейбіт жиналыстар арнайы орындарда өткізіледі. Пикеттеуді қоспағанда, өзге орындарда бейбіт жиналыстарды өткізуге жол берілмейді.

      5. Арнайы орындар санитариялық нормалар мен өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтай отырып пайдаланылады. Арнайы орындарда жоспарланған басқа да ресми, мәдени, ойын-сауық мәдени-бұқаралық, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және өзге де іс-шараларды өткізу, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру туралы ақпарат болмаған жағдайда, бейбіт жиналыстарды өткізуге жол беріледі.

      6. Бейбіт жиналыстар өткізу кезінде ұйымдастырушылар мен қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтауы қажет. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулықты сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында бейбіт жиналыстарға қатысушылармен түсіндіру жұмысын жүргізуі қажет.

      7. Құқық қорғау органдары бейбіт жиналыстарды өткізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған барлық шараларды қабылдауы қажет.

      8. Бейбіт жиналыстарды өткізу кезінде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыларға медициналық және өзге де қажетті көмек беру құзыреті шегінде жәрдем көрсетуі қажет.

      9. Бейбіт жиналыстарды өткізу кезінде бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы мен қатысушылар Заңның 5, 6-баптарының талаптарын сақтауы қажет.

      10. Журналистерге (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне) бейбіт жиналыстар өткізілу кезінде бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы мен қатысушылардың, сондай-ақ мемлекеттік органдар, ұйымдар қызметкерлерінің заңды әрекеттеріне және көліктің, инфрақұрылым объектілерінің іркіліссіз жұмыс істеуі, мүліктің сақталуы үшін бөгет жасайтын, сондай-ақ бейбіт жиналыстарға қатыспайтын азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіретін әрекеттер жасауына жол берілмейді.

      11. Дәл сол бір жерде және (немесе) дәл сол бір жүру маршруты бойынша не дәл сол бір уақытта бейбіт жиналыс өткізуге бір мезгілде бірнеше бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы үміткер болған жағдайда, көрсетілген орынды пайдалану кезектілігін жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан тиісті хабарламаны немесе өтінішті алған уақытын негізге ала отырып айқындайды.

      12. Арнайы орындарды қоспағанда, дәл сол бір жерде дәл сол бір уақытта дәл сол бір объектіде екі және одан көп пикет өткізуге жол берілмейді. Пикеттеу ұзақтығы, арнайы орындарды қоспағанда, дәл сол бір жерде дәл сол бір объектіде күніне екі сағаттан аспауға тиіс.

      13. Бейбіт жиналыстарды бейбіт жиналыстар өткізілетін күні жергілікті уақыт бойынша сағат 9-дан ерте бастауға және сағат 20-дан кеш аяқтауға болмайды.

      14. Заңның 17 және 18-баптарында көзделген жағдайларда жергілікті атқарушы органның талап етуі бойынша бейбіт жиналыстар тоқтатылады және (немесе) тоқтатыла тұрады.

3. Арнайы орындардың шекті толу нормалары

      15. Арнайы орындардың мынадай шекті толу нормалары айқындалсын:

      1) Арқалық қаласы Байтурсынов көшесі мен Абай даңғылының қиылысындағы алаң - жиналысқа, митингке қатысатын адамдардың шекті саны 150 адамнан аспайды;

      2) Арқалық қаласы Әуелбеков көшесі мен Абай даңғылы қиылысындағы саябақ - жиналысқа, митингке қатысатын адамдардың шекті саны 100 адамнан аспайды.

      16. Демонстрациялар, шерулер өткізу үшін арнайы маршруттың шекті толу нормасы айқындалсын, 100 адамнан аспайды.

      17. Әлеуметтік қашықтықты сақтау мақсатында, пикеттеуден басқа, бейбіт жиналысқа қатысатын адамдардың арасындағы ең аз жол берілетін қашықтық кемінде екі метрді құрайды.

      18. Пикеттеуді жүзеге асыратын адамдар арасындағы ең аз рұқсат етілген қашықтық кемінде 100 метрді құрайды.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Арқалық қаласы мәслихатының 31.07.2024 № 117 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4. Арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар

      19. Бейбіт жиналыстар өткізуді материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді оларды ұйымдастырушы мен қатысушылар өз қаражаты есебінен, сондай-ақ осы бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жиналған және (немесе) берілген қаражат пен мүлік есебінен, егер Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгіленбесе, жүзеге асырады.

5. Пикеттеуді өткізуге жол берілмейтін іргелес аумақтардың шекаралары

      20. Мынадай объектілердің іргелес аумақтарының шекараларынан 800 метр қашықтықта пикет өткізуге жол берілмейді:

      1) жаппай жерлеу орындары;

      2) теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілері және оларға іргелес аумақтар;

      3) ауданның қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес аумақтар;

      4) пайдалану қауіпсіздік техникасының арнайы қағидаларын сақтауды талап ететін қауіпті өндірістік объектілерге және өзге де объектілерге іргелес аумақтар;

      5) магистральдық темір жол желілері, магистральдық құбырлар, ұлттық электр желісі, магистральдық байланыс желілері және оларға іргелес аумақтар.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Арқалық қаласы мәслихатының 31.07.2024 № 117 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады