Ескерту. Күші жойылды - Қостанай облысы Науырзым ауданы мәслихатының 09.09.2020 № 386 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес Науырзым аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Мәслихаттың "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 11 қарашадағы № 158 шешіміне (2013 жылғы 11 желтоқсанда "Науырзым тынысы" газетінде жарияланған, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4327 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:
қағидаларында 3) тармақшасы алынып тасталсын;
3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органның мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күніне ақшалай нысанда көрсететін көмегі түсініледі.";
4-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"4. Жеңіс күні – 9 Мамыр мереке күні болып табылады.";
7-тармақтың бірінші абзацы жаңа редакцияда жазылсын:
"7. Біржолғы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған келесі азаматтарға, сондай-ақ мереке күніне азаматтардың жекелеген санаттарына:";
7-тармақтың 9) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
"9) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан теңестiрiлген адамдарға, соғыс қатысушыларына жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнінен теңестiрiлген адамдардың басқа санаттарына, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға, Ұлы Отан соғысындағы Жеңiс күнiне орай, 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде көрсетiледi.";
7-тармақтың 10) тармақшасы алынып тасталсын;
11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"11. Мереке күніне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.".
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы | К. Байдильдинов |
Науырзым аудандық мәслихатының хатшысы | Г. Абенова |