Алматы қаласы әкімдігінің "Алматы қаласының ақылы автотұрақтарын (автомобиль қоятын орындарын) ұйымдастыру ережелерін бекіту туралы" 2011 жылғы 14 қарашадағы № 4/975 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Алматы қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 16 қарашадағы № 4/503 қаулысы. Алматы қаласы Әділет департаментінде 2020 жылғы 18 қарашада № 1663 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 1998 жылғы 1 шілдедегі "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" заңдарына сәйкес, Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Алматы қаласы әкімдігінің "Алматы қаласының ақылы автотұрақтарын (автомобиль қоятын орындары) ұйымдастыру ережесін бекіту туралы" 2011 жылғы 14 қарашадағы № 4/975 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 906 болып тіркелген, 2011 жылғы 15 желтоқсанда "Алматы ақшамы" газетінде және 2011 жылғы 20 желтоқсанда "Вечерний Алматы" газетінде жарияланған) келесі өзгеріс енгізілсін:

      аталған қаулымен бекітілген Алматы қаласының ақылы автотұрақтарын (автомобиль қоятын орындары) ұйымдастыру ережелері осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалсын.

      2. Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді, кейіннен мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялауды және Алматы қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Е.T. Қожағапановқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы қаласының әкімі Б. Сагинтаев

  Алматы қаласының әкімі
2020 жылғы 16 қарашасы
№ 4/503
Қаулысына
қосымша

Алматы қаласының ақылы автотұрақтарын (автомобиль қоятын
орындарын) ұйымдастыру ережелері

      Осы Алматы қаласының ақылы автотұрақтарын (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру ережелері (бұдан әрі - Ережелер) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 1998 жылғы 1 шілдедегі "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Заңдарына сәйкес, ақылы автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру бойынша бірыңғай саясатты қалыптастыру, автотұрақтарда (автомобиль қоятын орындарда) көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Алматы қаласының көше-жол желілерінің көлікті өткізу мүмкіндігін арттыру мақсатында әзірленді.

1. Жалпы ережелер

      1. Ережелер Алматы қаласының аумағында көлік қоятын тұрақ қызметін ұйымдастырудың және жүзеге асырудың негізгі қағидаттарын белгілейді.

      2. Осы Ережелердің талаптарында:

      1) Алматы қаласының көше-жол желісіне жүктемені азайту және көшелердің өткізу қабілетін арттыру;

      2) көлік қоятын орындар кеңістігі объектілерінде тәртіптің қамтамасыз етілуі;

      3) көлік қоятын орындарының, оның ішінде халықтың арнайы және жүріп-тұруы шектеулі топтарына қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделеді.

      3. Осы Ережелерде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) көлік құралы – адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты жолдармен тасымалдауға арналған құрылғы;

      2) уәкілетті орган – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, Алматы қаласы аумағындағы қоғамдық көліктердің, жолаушылар тасымалдаудың және автомобиль жолдарының қалалық мобильділігі саласындағы функцияларды жүзеге асыруға Алматы қаласы әкімдігі уәкілеттік берген мемлекеттік мекеме;

      3) электрондық терминал – төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын не қолма-қол ақшаны қабылдау және (немесе) беру операцияларын жүзеге асыруға не шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға не өзге де операция түрлерін жүзеге асыруға, сондай-ақ тиісті растау құжаттарын қалыптастыруға арналған электрондық-механикалық қондырғы.

2. Автотұрақтардың (автомобиль қоятын орындардың) түрлері

      4. Алматы қаласының автотұрақтары (автомобиль қоятын орындары) меншік түріне байланысты коммуналдық және жеке болып бөлінеді:

      1) коммуналдық автотұрақ (автомобиль қоятын орын) – нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану үшін Алматы қаласының коммуналдық меншігіндегі уәкілетті орган ұйымдастырған және заңнамамен белгіленген тәртіпте пайдалануға беруші ұйымның басқаруына берілген автотұрақ (автомобиль қоятын орын);

      2) жеке меншік автотұрақ (автомобиль қоятын орын) – нысаналы мақсатына сәйкес жерді пайдалану құқығына не жер телімінің меншік құқығына ие мемлекеттік емес заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ұйымдастырған автотұрақ (автомобиль қоятын орын).

      5. Алматы қаласының аумағында орналасқан автотұрақтар (автомобиль қоятын орындар):

      тротуар үлгісіндегі автотұрақтар (автомобиль қоятын орындар);

      алаңдық үлгідегі автотұрақтар (автомобиль қоятын орындар);

      жерасты паркингтері;

      қиылыстағы автомобиль қоятын орындар;

      жабық үлгідегі (көп деңгейлі) жер үстіндегі автомобиль қоятын орындар;

      күзетілетін автомобиль қоятын орындар (күндіз және тәулік бойы);

      механикаландырылған автомобиль қоятын орындар;

      ұсталған көлік құралдарын сақтауға арналған арнайы алаңдар немесе тұрақтар болып бөлінеді.

3. Автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыруға
қойылатын талаптар

      6. Автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру және пайдалану құрылыс нормаларының, өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттердің, санитарлық және экологиялық нормалардың талаптарына сәйкес, сондай-ақ жер учаскесінің нысаналы мақсаты мен осы Ережелердің ережелерін сақтай отырып жүзеге асырылады.

      7. Автотұрақтар (автомобиль қоятын орындар) орналасқан учаске көріктендіру нысаны болып табылады, оны ұйымдастыру сәулет және қала құрылысы саласындағы стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) жобалау және салу кезінде жол-көлік желісіндегі жаяу жүргіншілер өтетін жолдың болуы ескеріледі.

      9. Автотұрақта (автомобиль қоятын орында) төлем алу және көлік құралдарының тұрақтау уақытын есептеуге арналған арнайы сертификатталған құрылғылардың саны тиісті автотұрақтағы (автомобиль қоятын орындағы) тұрақтау орындарының санын және осындай құрылғылардың техникалық мүмкіндіктері ескеріле отырып есептеледі.

      10. Автотұрақтардың (автомобиль қоятын орындардың) шекаралары дәл белгіленеді. Осы Ережелерде қарастырылған автотұрақтар (автомобиль қоятын орындар) түрлеріне қарамастан, олардың шекараларын белгілеуші ретінде жол төсемдерінің құрылымдық элементтері, жол таңбалары, уақытша қоршау, тұрақты қоршау (оның ішінде қорғаныс элементтері) қолданылуы мүмкін.

      11. Ақылы автотұрақтың (автомобиль қоятын орынның):

      1) жол қозғалысы ережелеріне сәйкес жол белгілері, жол таңбалары және ақпараттық көрсеткіштері;

      2) келесі ақпаратты қамтитын ақпараттық қалқан (тақтайша) болуы керек:

      автотұрақ (автомобиль қоятын орынның) иесінің атауы;

      автотұрақтың (автомобиль қоятын орынның) жұмыс тәртібі;

      ақылы автотұрақтар (автомобиль қоятын орындар) қызметін пайдаланғаны үшін тариф және төлем тәртібі;

      төлем жасау әдістерінің тізімі;

      пайдаланудың ерекше шарттарына ие пайдаланушылар санаты туралы ақпарат;

      call-орталық телефоны, иесінің немесе пайдаланушы ұйымның веб-сайты.

      Күндізгі және тәулік бойы күзетілетін автомобиль қоятын орындардың, сондай-ақ арнайы алаңдар немесе тұрақтардың ақпараттық қалқандарында (тақтайшаларда) автомобиль қоятын орын иесінің мекенжайы мен байланыс телефоны, автомобиль қоятын орынның схемасы қосымша қамтылады.

      12. Көшедегі оқшауланған белдеулер шегінде автомобиль жолдарының (көшелер) бойына орналастырылатын тротуар үлгісіндегі ақылы автотұрақтар (автомобиль қоятын орындар) мыналармен:

      1) электрондық төлем терминалымен;

      2) көлік құралдарының тұрақтау уақытын есептеуге арналған автоматтандырылған режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен және аспаптарымен (мобильді кешендер, фото, бейнетіркеу және тұрақтау уақытын есепке алу) жабдықталады.

      13. Алаңдық үлгідегі ақылы автотұрақтар (автомобиль қоятын орындар) ашық (сыртқы қоршаусыз) немесе жабық (сыртқы қоршауы бар) болуы мүмкін және автокөлік жолымен іргелес жатқан жер телімдерінде орналастырылады және мыналармен:

      1) кіруді/шығуды шектейтін электр механикалық құрылғылармен (тоспалар, блокираторлар);

      2) электрондық автоматтандырылған жүйемен немесе автокөлік құралдарының келу уақытын және төлем туралы түбіртек пен чек бере отырып, тұрақ үшін төлем жүргізуді бақылаудың автоматтандырылған құрылғыларымен жабдықталады.

      14. Жерүсті (оның ішінде теміржол) көлігінің ауысып отырудың соңғы және ірі станцияларына тікелей жақын орналасқан қиылыстағы автомобиль қоятын орындар, сондай-ақ жерасты паркингтері, жер бетіндегі жабық үлгідегі (көп деңгейлі) автомобиль қоятын орындар және механикаландырылған автомобиль қоятын орындар:

      1) бейнебақылау камераларымен;

      2) кіруді/шығуды шектейтін электр механикалық құрылғылармен (тоспалар, блокираторлар);

      3) электрондық автоматтандырылған жүйемен немесе автокөлік құралдарының келу уақытын және төлем туралы түбіртек пен чек бере отырып, тұрақ үшін төлем жүргізуді бақылаудың автоматтандырылған құрылғыларымен жабдықталады.

      15. Тәулік бойы ақылы күзетілетін автомобиль қоятын орындар автокөліктердің қорғану құралдарымен (қалқалар, жеке-жеке бокстар және тағы басқа) және тәуліктің қараңғы уақытында күзетілетін автокөлікке бақылауды қамтамасыз ететін жарықтандырушы құралдармен жабдықталады. Тәулік бойы күзетілетін автомобиль қоятын орындардың аумағы бөтен адамдардың кіруіне жол бермейтін, екі метрден кем емес биіктіктегі қоршауы болады. Тәулік бойы күзетілетін автомобиль қоятын орындар аумағына кіретін торап бекітілуші тоспамен немесе қақпамен жабдықталады.

      16. Ұсталған көлік құралдарын сақтауға арналған арнайы алаңдар немесе тұрақтар көлік құралдарын тасымалдауға, тиеуге және түсіруге арналған арнайы техникамен, сондай-ақ бақылау-өткізу пунктімен, сыртқы және ішкі бейнебақылау жүйесімен, қоршаулармен (жабылатын қақпалары бар), тәулік бойы күзетпен және арнайы алаң немесе тұрақ аумағына бөгде адамдардың кіруін шектеуді және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жарық беру қондырғыларымен жабдықталады.

      17. Алматы қаласының ақылы автотұрақтары (автомобиль қоятын орындары) күзетілетін автотұрақтарды (күндізгі және тәулік бойғы) және ұсталған көлік құралдарына арналған арнайы алаңдарды немесе тұрақтарды қоспағанда, көлік құралдарын сақтауға арналмаған.

      18. Күндіз немесе тәулік бойы күзетілетін автотұрақта, сондай-ақ арнайы алаңда немесе тұрақта көлік құралының иесіне келтірілген материалдық залалға байланысты даулар, оның ішінде автокөлік құралын айдап әкетумен байланысты дау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шешіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады