Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы Сырым аудандық мәслихатының 13.04.2022 № 16-2 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы "Ардагерлер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 29 желтоқсандағы "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 "Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы" бұйрығына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Сырым аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Сырым ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Сырым аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 сәуірдегі №52-2 "Сырым ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6156 тіркелген, 2020 жылғы 20 сәуірде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Сырым аудандық мәслихат аппаратының бас маманы (А.Орашева) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
4. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
сессия төрағасы | С. Токмамбетов |
Мәслихат хатшысы | Ш. Дуйсенгалиева |
Сырым аудандық мәслихатының 2020 жылғы 28 желтоқсандағы № 64-15 шешіміне қосымша |
Сырым ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу
және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау
қағидалары
Осы Сырым ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы "Ардагерлер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 29 желтоқсандағы "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) қаулысына сәйкес әзірленді және Сырым ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау тәртібін белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) атаулы күндер - жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
3) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
4) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстағы статистикалық орган есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
7) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;
8) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
9) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын ауданның халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;
10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
3. Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Заңының 16-бабында және Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы "Ардагерлер туралы" Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.
5. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесі, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі ЖАО ұсынымы бойынша осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес белгіленді.
6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін облыстың ЖАО бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесі және әлеуметтік көмектің мөлшерлері
7. Ай сайынғы әлеуметтік көмек табыстарын есепке алмай:
1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және қоршаудағы кезеңiнде Ленинград қаласының кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен әрi "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға, Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердiң, геттолардың және басқа да ерiксiз ұстау орындарындағы жасы кәмелетке толмаған тұтқындарға коммуналдық қызметтеріне шығындарын өтеу үшін 5 АЕК мөлшерінде;
2) емделудің амбулаторлық кезеңіндегі туберкулезбен ауыратын тұлғаларға 7 АЕК мөлшерінде;
3) АИТВ инфекциясы бар балаларға 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
8. Бір реттік әлеуметтік көмек:
1) қатерлі ісік, АИТВ, жүйелі қызыл волчанка ауруларына аурудың ем алып жатқанын дәлелдейтін анықтама негізінде, табыстарын есепке алмай 15 АЕК мөлшерінде;
2) дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде мүгедек балаларға емделуге, табыстарын есепке алмай 15 АЕК мөлшерінде;
3) гемодиализ аппаратын пайдаланатын бірінші топ мүгедектеріне табыстарын есепке алмай 50 АЕК мөлшерінде;
4) жан басына шаққандағы орташа табыстары күнкөріс деңгейінен аспайтын азаматтарға (отбасыларға) жерлеуге 15 АЕК мөлшерінде;
5) жан басына шаққандағы орташа табыстары күнкөріс деңгейінен аспайтын азаматтарға (отбасыларға) әлеуметтік-тұрмыстық қажеттіліктерге табыстарын есепке алып 15 АЕК мөлшерінде;
6) 90 жасқа толған және асқан адамдарға табыстарын есепке алмай 15 АЕК мөлшерінде;
7) 2 жылда бір рет кезек бойынша санаторий-курорттық ем алуға азаматтардың келесі санаттарына, табыстарын есепке алмай 30 АЕК мөлшерінде:
Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңының 5-бабы 1)-5) тармақшаларымен анықталған басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңының 6-бабы 1) тармақшасымен анықталған жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңының 7-бабы 1)-4) тармақшаларымен анықталған еңбек ардагерлері;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлері;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң ата-аналары немесе екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы);
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың ата-аналары немесе екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы);
Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, мүгедегінiң екiншi рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы);
8) жеке оңалту бағдарламасына сәйкес, санаторий-курорттық емделуге мүгедектерге және мүгедек балаларға:
облыстан тыс жерлерге жол жүру құжаттарын (билеттерін) ұсыну негізінде, шығу пунктінен межелі орынға дейін және кері қайтуға плацкарттық вагон орнының құны мөлшерінде;
облыстың аумағында жол жүру құжаттарын (билеттерін) ұсыну негізінде, шығу пунктінен межелі орынға дейін және кері қайтуға билет құны мөлшерінде;
9) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен босатылған, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға табыстарын есепке алмай 10 АЕК мөлшерінде көрсетіледі.
9. Алушылар санатының тізбесі, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдері ЖАО осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес белгіленген.
Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;
2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
3) ең төмен күнкөріс деңгейіне бір еселік шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.
Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесін басшылыққа алады.
10. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері облыстың ЖАО келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес белгіленген.
11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
12. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша ЖАО бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
1) жеке басын куәландыратын құжатты;
2) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
3) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және (немесе) құжатты ұсынады.
Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер ұсынылмайды.
14. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидалардың 2, 3-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.
Ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.
17. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
18. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.
19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
20. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
21. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Осы Қағидалардың 17 және 18-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
22. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
23. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін осы Қағидалардың 10 тармағының 3) тармақшасында белгіленген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
24. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асыралады.
4-тарау. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер
25. Әлеуметтік көмек:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
26. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.
5-тарау. Қорытынды ереже
27. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.
Сырым ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына 1-қосымша |
Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесі, сондай-ақ
әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі
№ | Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбелері | Әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі |
1. | 9 мамыр – Жеңіс күні | бір реттік |
2. | 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні | бір реттік |
3. | 26 сәуір – Чернобыль АЭС апатының құрбандарын еске алу күні | бір реттік |
4. | 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні | бір реттік |
5. | Қыркүйектің екінші жексенбісі - Отбасы күні | бір реттік |
Сырым ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына 2-қосымша |
Алушылар санатының тізбесі, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері, табиғи
зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде
әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдері
№ | Алушылар санатының тізбесі | Әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері | Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдері |
1. | Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдайда қалған азамат (отбасы) | 50 АЕК | бір ай мерзім ішінде |
Сырым ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына 3-қосымша |
Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне
әлеуметтік көмектің мөлшері
№ | Алушылардың жекелеген санаттарының тізбесі | Әлеуметтік көмектің мөлшерлері (теңге) |
1. | Ұлы Отан соғысының ардагерлері | |
1) Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi | 1 000 000 | |
2) Ұлы Отан соғысының мүгедектері, атап айтқанда Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары аудандарында, майдан маңындағы темiржол учаскелерінде, қорғаныс шептерiнің, әскери-теңiз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшiлерi, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшiлер | 1 000 000 | |
2 | Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері | |
1) бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) | 100 000 | |
2) оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлер | 100 000 | |
3) Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi | 100 000 | |
4) бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi | 100 000 | |
5) Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер | 100 000 | |
6) Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері | 30 000 | |
7) Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері | 30 000 | |
8) Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары | 30 000 | |
3 | Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер | |
3.1 | жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар | |
1) майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары | 100 000 | |
2) Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдары | 120 000 | |
3) Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдар | 100 000 | |
4) Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдар | 100 000 | |
5) бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерi | 100 000 | |
6) Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтар | 120 000 | |
7) Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар | 120 000 | |
8) 1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар | 100 000 | |
3.2 | жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдар | |
1) бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлер | 100 000 | |
2) қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде қызметтік мiндеттерiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары | 100 000 | |
3) басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдарын жүргiзу кезеңiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған тиiстi санаттардағы жұмысшылар мен қызметшiлер | 100 000 | |
4) 1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедек болған адамдар | 60 000 | |
5) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдар және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балалары | 100 000 | |
4 | Еңбек ардагерлері | |
1) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар | 30 000 | |
2) 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар | 30 000 | |
5 | Басқа адамдар | |
5.1 | қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары | |
1) бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, осы Заңның 4 – 6-баптарында аталған адамдардың отбасылары | 60 000 | |
2) бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасылары | 60 000 | |
3) Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасылары | 60 000 | |
4) бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары | 60 000 | |
5) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары | 60 000 | |
6) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектердiң, сондай-ақ қайтыс болуы белгiленген тәртiппен солардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасылары | 60 000 | |
7) Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы) | 30 000 | |
8) 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдар | 30 000 | |
6 | Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтар | 20 000 |
7 | 18 жасқа дейінгі мүгедек-балалар | 20 000 |
Ескерту: аббревиатуралардың шешуі:
АЕК – айлық есептік көрсеткіш;
АИТВ – адамның иммун тапшылығы вирусы;
КСР Одағы – Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы;
Чернобыль АЭС – Чернобыль атом электростанциясы.