Өңірлік көркемдік кеңестер туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 25 қаңтардағы № 15 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 27 қаңтарда № 22131 болып тіркелді

      "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 19-1-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Өңірлік көркемдік кеңестер туралы үлгілік ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

  Министр культуры и спорта
Республики Казахстан
от 25 января 2021 года
№ 15 бұйрығымен
бекітілген

Өңірлік көркемдік кеңестер туралы үлгілік ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Өңірлік көркемдік кеңестер туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 19-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Музей-кітапхана ісі, театр-цирк өнері, музыкалық-концерттік қызмет жөніндегі өңірлік көркемдік кеңестер (бұдан әрі – Кеңес) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – ЖАО) жанындағы консультативтік-кеңесші органдар болып табылады.

      3. Кеңес өз қызметінде мәдениет саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. Кеңестің функциясы және өкілеттіктері

      4. Кеңестің функциясы мемлекеттік коммуналдық театрлардың, цирктердің, музейлердің, кітапханалардың және концерттік ұйымның қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

      5. Өз функцияларын іске асыру үшін Кеңес:

      1) мәдениет ұйымдарының атына тиісті сұраныстар жолдайды, сондай-ақ Кеңестің құзыретіне жататын мәселелер бойынша пікірлер, ұсыныстар сұратады және алады;

      2) отырыстарға мәдениет ұйымдарының шығармашыл қызметкерлерін және басшыларын шақырады, сондай-ақ оларды музей-кітапхана ісі, театр-цирк өнері, музыкалық-концерттік қызмет жөніндегі мәселелерді қарау үшін тартады.

3-тарау. Кеңес жұмысын ұйымдастыру және тәртібі

      6. Кеңесті төраға, ол болмаған кезде – Кеңес төрағасының орынбасары басқарады. Кеңес төрағасы Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.

      7. Кеңес төрағасы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана әкімінің орынбасары, ал Кеңес төрағасының орынбасары мәдениет саласындағы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның (бұдан әрі – мәдениет басқармасы) басшысы болып табылады.

      8. Кеңес хатшысы мәдениет басқармасы қызметкерлерінің қатарынан тағайындалады.

      9. Кеңес хатшысы оның отырыстарында материалдарды қарау үшін уақтылы дайындауды жүзеге асырады, Кеңес отырыстарына материалдар дайындау процесінде белгіленген тәртіппен хат алмасуды жүргізеді, Кеңес отырыстарының хаттамаларын дайындайды, сондай-ақ Кеңес отырыстарының өткізілуіне дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей Кеңес мүшелерін отырыстардың өткізілетін күні, орны және уақыты туралы хабардар етеді.

      10. Кеңестің құрамы ЖАО шешімімен бекітіледі. Кеңес құрамына мәдениет саласындағы көрнекті қайраткерлер, ғалымдар, мамандар, шығармашылық бірлестіктердің өкілдері кіреді.

      11. Кеңес отырыстарын қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет оның төрағасы шақырады және оған оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі.

      12. Кеңестің шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға қатысып отырған Кеңес мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Кеңес хатшысы Кеңес мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды.

      Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      13. Кеңес мүшелері ерекше пікірге ие, оны білдірген жағдайда, ол жазбаша түрде баяндалады және хаттамаға қоса беріледі. Кеңес мүшелері өз өкілеттіктерін басқа адамдарға беру құқығынсыз жеке дауыс береді.

      14. Кеңес шешімі хаттамамен ресімделеді.

      Хаттамаға Кеңес отырысында төрағалық етуші тұлға және Кеңес хатшысы отырыс өткізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қол қояды.

      15. Хаттамаға қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оның көшірмелері мәдениет ұйымдарына, шығармашылық ұжымдарға, сондай-ақ Кеңес отырысына қатысқан тұлғаларға жіберіледі.

4-тарау. Кеңес қызметінің тоқтатылуы

      16. Кеңестің қызметі ЖАО шешімі бойынша тоқтатылады.

      __________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады