Инвестициялық салық кредитін алу үшін инвестициялық салық кредиті туралы келісім жасасу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2021 жылғы 26 наурыздағы № 11-1-4/106 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 26 наурызда № 22396 болып тіркелді.

      2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық Кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің 50-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Инвестициялық салық кредитін алу үшін инвестициялық салық кредиті туралы келісім жасасу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрі
М. Тілеуберді

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
2021 жылғы 26 наурыздағы
№ 11-1-4/106 Бұйрығымен
бекітілген

Инвестициялық салық кредитін алу үшін инвестициялық салық кредиті туралы келісім жасасу қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы инвестициялық салық кредитін үшін инвестициялық салық кредиті туралы келісім жасасу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық Кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексінің 50-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Сыртқы істер министрінің 13.03.2023 № 11-1-4/106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) өтініш беруші – инвестициялық жобаны іске асыруға уәкілетті органмен инвестициялық келісімшарт жасасқан, инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтін заңды тұлға;

      2) өтініш - инвестициялық салық кредитіне беруге өтініш;

      3) инвестициялық салық кредиті – алдағы кезеңдердің салықтарын төлеу мерзімін кейіннен кредит сомасын кезең-кезеңімен төлей отырып, олар бойынша төлемдерді белгілі бір кезең ішінде 100 (жүз) пайызға азайту жолымен өзгерту;

      4) инвестициялық келісімшарт – уәкілетті орган мен өтініш беруші арасында жасалған инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтін, инвестициялық басым жобаны және инвестициялар туралы келісім бойынша іске асырылатын жобаны іске асыруды қоспағанда, инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт;

      5) мемлекеттік кірістер органы - өтініш берушінің тіркеу есебінің орны бойынша салық органы;

      6) келісім – инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мен өтініш беруші арасындағы алдағы кезеңдердің салықтарын төлеу мерзімін өзгерту туралы инвестициялық салық кредитін беру туралы келісім, оған сәйкес салық төлеушілерге кейіннен сомасын кезең-кезеңімен төлей отырып, салық бойынша өз төлемдерін белгілі бір мерзім ішінде 100 (жүз) пайызға азайтуға мүмкіндік беріледі;

      7) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті;

      8) төлемдер кестесі – мемлекеттік кіріс органы мен өтініш беруші келіскен және қол қойған, екі тараптың мөрлері бар (бар болған жағдайда) инвестициялық салық кредитті өтеу кестесі.

      3. Инвестициялық салық кредитін беру туралы шешім өтініш берушінің өтініші және оған қоса берілетін құжаттар негізінде қабылданады, осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес инвестициялық салық кредиті туралы үлгілік келісім (бұдан әрі – Үлгілік келісім) негізінде инвестициялық салық кредиті туралы келісіммен ресімделеді.

2 тарау. Инвестициялық салық кредитін беруге арналған өтінішті қабылдау және қарау тәртібі

      4. Инвестициялық салық кредитін алу үшін өтініш беруші мемлекеттік кірістер органына қағаз тасымалдағышта мемлекеттік және орыс тілдерінде өтінішті мынадай құжаттармен қоса береді:

      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат немесе уәкілетті тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаты бар өкілге сенімхат;

      2) өтініш берушінің мөрімен (бар болған жағдайда) расталған барлық қосымшалары бар инвестициялық келісімшарттың көшірмесі;

      3) төлемдер кестесі.

      Өтініш беруші осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес инвестициялық салық кредитін өтеудің алдын ала кестесін дербес жасайды.

      Төлемдер кестесіне өтініш беруші мен салық органы қол қояды және екі тараптың мөрлерімен (бар болған жағдайда) куәландырылады.

      5. Мемлекеттік кіріс органы өтініш берушіден алынған құжаттарды 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарастырады.

      Өтініш беруші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген жағдайда, өтінішті қабылдау келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Сыртқы істер министрінің 13.03.2023 № 11-1-4/106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Өтінішті қарастыру кезінде мемлекеттік кірістер органы:

      1) өтініш берушіден алынған құжаттарды қарау күніне өтініш берушіде салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің және әлеуметтік төлемдер бойынша берешектің болуын немесе болмауын тексереді;

      2) алдын ала төлемдер кестесін келіседі және бекітеді.

      Өтініш берген күні салық берешегі және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек болған жағдайда мемлекеттік кірістер органы 5 (бес) жұмыс күні ішінде дәлелді жауап бере отырып, кестені бекітуден бас тартады. Берілген инвестициялық салық кредитін өтеу кестесімен келіспеген жағдайда мемлекеттік кірістер органы инвестициялық салық кредитін өтеу кестесін қайтарады және өзінің ескертулерімен жазбаша жауап жібереді. мемлекеттік кірістер органының ескертулері жойылған жағдайда өтініш беруші өтінішті қайта беруге құқылы.

      7. Салық берешегі болмаған жағдайда мемлекеттік кірістер органы инвестициялық салық кредитін өтеудің бекітілген кестесін, сондай-ақ осы Қағидалардың 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген өтініш беруші ұсынған құжаттарды инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға электрондық түрде жібереді.

      8. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттарды оларды алған сәттен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде қарастырады және инвестициялық салық кредитін беру туралы не инвестициялық салық кредитін беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      9. Инвестициялық салық кредитін беруден бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылданған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге дәлелді жауап жібереді.

      10. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган өтінішті қарастыру кезінде инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімін және инвестициялық қызмет объектілерін пайдалануға беру мерзімдерін ескере отырып, инвестициялық салық кредитін беру мүмкіндігі тұрғысынан инвестициялық келісімшартты тексереді.

      11. Инвестициялық салық кредиті инвестициялық қызмет объектісі пайдалануға берілгенге дейін инвестициялық келісімшарт шеңберінде беріледі. Егер жұмыс бағдарламасында екі және одан да көп тіркелген активтерді енгізу көзделген жағдайда инвестициялық салық кредиті жұмыс бағдарламасы бойынша бірінші тіркелген активті пайдалануға беру күніне дейін беріледі.

      12. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық салық кредитін беру туралы оң шешім қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде инвестициялық салық кредиті туралы үлгілік келісімнің негізінде келісімнің екі данасын қол қою үшін дайындайды және оларды өтініш берушіге қол қою үшін қолма-қол жібереді.

      13. Өтініш беруші келісімнің даналарын алған сәттен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде оларға қол қояды, мөрмен (бар болған жағдайда) куәландырады және инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      14. Келісімге инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіден екі дананы алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш беруші басшысының қолымен және мөрімен (бар болған жағдайда) қол қояды және тіркейді, келісімнің бір данасы өтініш берушінің қолына жіберіледі.

      15. Келісімнің екі тарап қол қойған және өтініш берушінің мөрімен (бар болған жағдайда) куәландырылған көшірмесін өтініш беруші оны алған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей мемлекеттік кірістер органына жібереді.

      16. Салық міндеттемелерін төлеу кестесінің уақтылы орындалуын бақылауды мемлекеттік кірістер органы жүзеге асырады.

      17. Өтініш беруші Келісімнің шарттарын бұзған жағдайда мемлекеттік кірістер органы 5 (бес) жұмыс күні ішінде мерзімінен бұрын бұзу мақсатында инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға хабарлама жібереді.

  Инвестициялық салық
кредитін алу үшін
инвестициялық
салық кредиті туралы
келісім жасасу қағидаларына
қосымша

Инвестициялық салық кредиті туралы үлгілік келісім

      Астана қаласы                                     _______________________

      (күні, айы, жылы)

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы ____________________________________ атынан (басшының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)______________________(ережелер немесе бұйрықтар), (бұдан әрі -уәкілетті орган)

      және _________________________________________________________,

      (Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының атауы, мемлекеттік тіркеу нөмірі, күні, бизнес-сәйкестендіру нөмірі) ______________________ (негізінде әрекет ететін бірінші басшының немесе өзге уәкілетті тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) _________________________, (және уәкілетті орган арасында жасалған инвестициялық келісімшарт бойынша инвестициялық жобаны іске асыруды жүзеге асыратын_____ № ____________, бұдан әрі Тараптар деп аталатын инвестициялық салық кредиті туралы осы келісімді (бұдан әрі - Келісім) жасасты.

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді – ҚР Сыртқы істер министрінің 13.03.2023 № 11-1-4/106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1. Негізгі ұғымдар

      1. Келісімде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) инвестициялық салық кредиті – Салық кодексінің 49-1-бабының 1-тармағына сәйкес кредит сомасын кейіннен кезең-кезеңімен төлей отырып, алдағы кезеңдердің салықтарын төлеу мерзімін белгілі бір кезең ішінде олар бойынша төлемдерді 100 (жүз) пайызға азайту жолымен өзгерту;

      2) инвестициялық келісімшарт – инвестициялық басым жобаны және уәкілетті мемлекеттік орган мен өтініш беруші арасында жасалған, инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтін инвестициялар туралы келісім бойынша іске асырылатын жобаны іске асыруды қоспағанда, инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт;

      3) кірістер – пайданы, дивидендтер мен басқа да сыйақыларды қоса алғанда, инвестициялық қызметтен алынатын немесе олар төленетін нысанға қарамастан соған байланысты кірістер;

      4) форс-мажор – инвестициялық келісімшартты одан әрі орындау барысын қиындататын немесе мүмкін еместігіне әкеп соғатын еңсерілмейтін күш мән-жайлары (дүлей зілзалалар, әскери іс-қимылдар, төтенше жағдай және т. б.);

      5) үшінші тұлға - келісім бойынша тарап болып табылмайтын кез келген тұлға;

      6) Салық кодексі – "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы Кодексі";

      7) төлемдер кестесі - өтініш беруші мен өтініш берушінің тіркелген жері бойынша аумақтық мемлекеттік кірістер органымен келісілген және қол қойылған, екі тараптың мөрлері бар (бар болған жағдайда) және осы Келісімге 1-қосымшаға сәйкес Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын инвестициялық салық кредитін өтеу кестесі;

      8) Мемлекеттік кірістер органы - өтініш берушінің тіркеу есебінің орны бойынша салық органы.

2. Келісімнің Мәні

      2. Уәкілетті органның өтініш берушіге алдағы кезеңдерге қатысты, инвестициялық келісімшарт шеңберінде, төлемдер кестесі негізінде, өтініш беруші Келісімнің қолданылу мерзімі шеңберінде Салық кодексінің 51-1 бабының 2-тармағында белгіленген мынадай талаптарды сақтаған кезде корпоративтік табыс салығын және/немесе мүлік салығын төлеу мерзімін өзгерту құқығын беруі Келісімнің нысанасы болып табылады.

      1) Салық кодексінің 20-бөлімінде көзделген арнайы салық режимдері қолданылмайды;

      2) спирттің, алкоголь өнімінің, темекі өнімдерінің барлық түрлерін өндіру және (немесе) өткізу жүзеге асырылмайды;

      3) Салық кодексінің 21 және 23-бөлімдеріне сәйкес салық салу жүзеге асырылмайды.

      3. Өтініш беруші корпоративтік табыс салығы және/немесе мүлік салығы бойынша төлемдерді тең үлестермен, кезең-кезеңмен не Келісімге қосымшадағы төлемдердің түпкілікті кестесіне сәйкес инвестициялық салық кредитінің қолданылу мерзімі өткеннен кейін жылына бір рет төлейді.

      4. Инвестициялық салық кредиті инвестициялық қызмет объектісі пайдалануға берілгенге дейін инвестициялық келісімшарт шеңберінде беріледі.

      Егер жұмыс бағдарламасында екі және одан да көп тіркелген активтерді енгізу көзделген жағдайда инвестициялық салық кредиті жұмыс бағдарламасы бойынша бірінші тіркелген активті пайдалануға беру күніне дейін беріледі.

3. Салық төлемдерін азайту және төлеу тәртібі

      5. Инвестициялық салық кредиті өтініш берушіге Салық кодексінің 49-1-бабы 1-тармағына сәйкес әрбір есепті кезеңде корпоративтік табыс салығы және (немесе) мүлік салығы бойынша төлемдерді 100 (жүз) пайызға азайту құқығын береді:

      1) өтініш берушінің корпоративтік табыс салығы келісім жасалған жылдың 1 қаңтарынан бастап және есептей отырып, 100 (жүз) пайызға азайтылған жағдайларда жүргізіледі;

      2) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бірінші актив инвестициялық келісімшартта көрсетілген негізгі құралдардың құрамында ескерілген айдың 1-күнінен бастап және есептей отырып, салық базасына 0 (нөл) пайыз мөлшерлеме бойынша мүлік салығын есептеу негізінде жүзеге асырылады.

      6. Салық кодексінің 49-1-бабының 3-тармағына сәйкес егер Өтініш берушінің шығыны болса, залалды көшіру Салық кодексінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл ретте инвестициялық салық кредитінің мерзімі ұзартылмайды.

      7. Инвестициялық салық кредиті инвестициялық келісімшартта көрсетілген тіркелген активтерге қатысты ғана беріледі.

      8. Корпоративтік табыс салығы бойынша инвестициялық салық кредитінің жинақталған сомасы кезең-кезеңімен, тең үлестермен не корпоративтік табыс салығы бойынша инвестициялық салық кредитінің мерзімі өткен жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап төлемдер кестесіне сәйкес қатарынан 5 (бес) жыл ішінде жылына бір рет біржолғы өтеледі.

      9. Мүлік салығы бойынша инвестициялық салық кредитінің жинақталған сомасы төлем кестесіне сәйкес мүлік салығы бойынша инвестициялық салық кредитінің қолданылу мерзімі өткен айдан кейінгі айдың 1-ші күнінен бастап, кезең-кезеңімен, тең үлестермен, бірақ қатарынан 3 жылдан аспайтын мерзімде өтеледі.

4. Тараптардың Құқықтары

      10. Уәкілетті органның мынадай құқығы бар:

      1) Өтініш берушіден өзінің барлық міндеттері мен Келісім талаптарының орындалуын талап етуге, сондай-ақ Келісімнің орындалуына қатысты ақпаратты сұратуға;

      2) Уәкілетті орган туралы ережеде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда жүзеге асыру.

      11. Өтініш берушінің мынадай құқығы бар:

      1) Келісімнің шарттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін кез келген әрекетті жүзеге асыру;

      2) мемлекеттік кірістер органымен келісу және бекіту бойынша төлемдер кестесін дербес жасау және айқындау.

5. Тараптардың міндеттері

      12. Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде келісім жасасу арқылы инвестициялық салық кредитін беруге және Келісімді орындау шарттарын адал сақтауға міндеттенеді.

      13. Өтініш беруші:

      1) салық органында алдын ала төлемдер кестесін дербес жасауға және бекітуге, содан кейін инвестициялық салық кредиті аяқталғаннан кейін Мемлекеттік кірістер органына төлемдердің түпкілікті кестесін ұсынуға;

      2) Келісімді орындау шарттарын адал сақтауға;

      3) Келісімнің қолданылу мерзімі ішінде өзіне қатысты инвестициялық салық кредиті кредит берілген жабдықты немесе өзге де мүлікті иеліктен шығармауға не үшінші тұлғалардың иеленуіне, пайдалануына немесе билік етуіне бермеуге;

      4) Келісімге сәйкес оларға қатысты инвестициялық салық кредиті кредит берілген салықтар бойынша бөлек салық кредиті есепке алуды жүргізуге;

      5) инвестициялық салық кредитінің қолданылу мерзімі өткеннен кейін төлемдер кестесіне сәйкес өтеу тәртібін сақтауға;

      6) екі тарап қол қойған Келісімнің көшірмесін оны алған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей мөрімен (бар болған жағдайда) мемлекеттік кірістер органына жіберуге;

      7) салықтар бойынша, оның ішінде корпоративтік табыс салығы мен мүлік салығы бойынша қаржылық есептілікті уақтылы тапсыруға қатысты Салық кодексінің барлық талаптарын сақтауға міндеттенеді.

6. Тараптардың жауапкершілігі

      14. Егер Келісім талаптарының орындалмауы форс-мажорлық мән-жайлардың нәтижесі болып табылса, Тараптар ол үшін жауапты болмайды.

      15. Келісімнің 2-тармағында көрсетілген негіз бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда Өтініш беруші Келісімге сәйкес бұрын төленбеген салықтар мен өсімпұлдардың барлық сомасын төлеуге міндетті.

      16. Өтініш беруші Келісімнің 13-тармағының 2) тармақшасында көзделген талаптарды бұзуына байланысты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда Өтініш беруші Келісімге сәйкес бұрын төленбеген барлық салық сомаларын, сондай-ақ мүлік салығына қатысты келісімді жасасудан бастап оны бұзғанға дейінгі кезең үшін төлем күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде Келісімнің қолданылуының әрбір күнтізбелік күні үшін есепке жазылған тиісті өсімпұлдарды төлеуге міндетті және келіседі.

7. Құпиялылық

      17. Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келісімге қатысты барлық құжаттар, ақпарат және есептер бойынша құпиялылық шарттарын сақтайды.

      18. Тараптардың ешқайсысы екінші Тараптың жазбаша келісімін алмай, Келісімнің мазмұнына қатысты ақпаратты ашуға құқылы емес:

      1) ақпарат сот талқылауы барысында пайдаланылады;

      2) банк немесе өзге қаржы ұйымы осындай ақпараттың құпиялылық шарттарын сақтау міндеттемесін өзіне алған жағдайда ақпарат банкке немесе Келісім бойынша тарап қаржы қаражатын алатын өзге қаржы ұйымына беріледі.

8. Мерзімінен бұрын тоқтату және бұзу

      19. Инвестициялық келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтату келісімді мерзімінен бұрын тоқтатуға әкеп соғады.

      20. Келісімнің қолданылуы тараптардың келісімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылады.

      21. Келісімнің қолданылу мерзімі мынадай жағдайларда мерзімінен бұрын тоқтатылады:

      1) салық төлеуші Инвестициялық салық кредиті берілген салықтардың барлық сомасы мен өсімпұлды төлеген кезде;

      2) Өтініш беруші Салық органы белгілеген Келісімнің шарттарын бұзған жағдайларда;

      3) сот шешімі бойынша.

      22. Келісімнің 21-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда уәкілетті орган өтініш берушіге хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде тиісті бұзушылықтарды жоюды талап ете отырып, Келісімнің талаптарын орындамағаны және/немесе тиісінше орындамағаны туралы хабарлама жібереді.

      23. Келісімнің 21-тармағында көрсетілген негіздер бойынша келісімді бұзу туралы ақпаратты уәкілетті орган мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қабылдау үшін мемлекеттік кірістер органына жібереді.

9. Дауларды шешу

      24. Тараптар арасында даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар дауларды келіссөздер жолымен реттеу үшін барлық күш-жігерін жұмсауға тиіс.

      25. Тараптар келісімге қол жеткізбеген жағдайда дауларды шешу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен жүзеге асырылады.

      26. Тараптар туындаған даулар мен келіспеушіліктер толық шешілгенге дейін Келісімде белгіленген міндеттемелерді орындаудан босатылмайды.

10. Қолданылатын құқық

      27. Келісімнің ережелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығымен реттеледі және түсіндіріледі.

11. Келісімнің қолданылу мерзімі

      28. Келісім уәкілетті органда тіркелген сәттен бастап күшіне енеді және Тараптар өз міндеттемелерін толық орындағанға дейін қолданылады.

12. Келісім тілі

      29. Келісімнің мәтіні, оған қоса берілетін өзгерістер, қосымшалар, қосымша құжаттар мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалады. Барлық даналар тең түпнұсқалы болып табылады және бірдей заңды күшке ие.

13. Қосымша ережелер

      30. Келісімге Қазақстан Республикасының Астана қаласында __ _____ __ күні Тараптардың уәкілетті өкілдері қол қойды.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Сыртқы істер министрінің 13.03.2023 № 11-1-4/106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      31. Келісімге кез келген өзгерістер мен толықтырулар Келісім жасасу нысанында жасалады.

      32. Келісіммен реттелмеген бөлігінде Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алады.

Уәкілетті орган:
Қолы ________ М.О.

Өтініш беруші:
Қолы ________

  Инвестициялық салық кредиті
туралы үлгілік келісімге
қосымша

Салық төлеуші

Мемлекеттік кірістер органы

Уәкілетті лауазымды тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және қолы

Уәкілетті лауазымды тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және қолы

Мөр (бар болған жағдайда)

Мөр

Төлем кестесі

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – ҚР Сыртқы істер министрінің 13.03.2023 № 11-1-4/106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      ________ бастап ________ дейінгі кезеңде корпоративтік табыс салығы бойынша жинақталған кредиттің жалпы сомасы ____________ теңгені құрайды (жазбаша).

      ________ бастап ________ дейінгі мүлік салығы бойынша жинақталған кредиттің жалпы сомасы ____________ теңгені құрайды (жазбаша).

      Корпоративтік табыс салығы бойынша инвестициялық салық кредитін төлеудің соңғы мерзімі: "__"________20__ ж.

      Мүлік салығы бойынша инвестициялық салық кредитін төлеудің соңғы мерзімі: "__"________________ 20__ж.

Төлем күні

КБК

Берешек сомасы

Өтеуге қалдық

1

2

3

4





















      Өтініш беруші: қолы және мөрі (бар болған жағдайда)

      Мемлекеттік кірістер органы (жазу керек): қолы және мөрі


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады