ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.05.2021 бастап қолданысқа енгізіледі
"Дене шынықтыру және спорт туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 65-11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының рейтингін айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі |
А. Раимкулова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі 2021 жылғы 27 сәуірдегі № 112 Бұйрығымен бекітілген |
Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының рейтингін айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының рейтингін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Дене шынықтыру және спорт туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 65-11) тармақшасына сәйкес әзірленді және балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының рейтингін айқындау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік спорттық тапсырыс – мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес айқындалатын және өнім берушілерде олардың меншік нысандарына, ведомстволық бағыныстылығына, типтері мен түрлеріне қарамастан орналастырылатын, балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекет қаржыландыратын көрсетілетін қызметтер көлемі (бұдан әрі-мемлекеттік тапсырыс);
2) оператор – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы немесе осы Қағидаларға сәйкес мемлекеттік спорттық тапсырысты орналастыру рәсімін әкімшілендіруді орындауға уәкілетті оның құрылымдық бөлімшесі;
3) өнім беруші – білім беру ұйымдарынан басқа, меншік нысанына, ведомстволық бағыныстылығына, типтері мен түрлеріне қарамастан заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер.
3. Рейтинг өнім берушілер бір-біріне қатысты көрсететін қызметтердің сапасы мен танымалдылығын анықтау үшін балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына қолданылады.
2-тарау. Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының рейтингін айқындау тәртібі
4. Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының рейтингін қалыптастыру Заңның 7-бабының 65-11) тармақшасына сәйкес дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларында мемлекеттік спорттық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларында көзделген жағдайларда мемлекеттік тапсырыс шеңберінде спорт секциясына қатысатын баланың заңды өкілінің, цифрландыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде баға қою жолымен жүзеге асырылады.
5. Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын бағалау келесі критерийлер бойынша жүргізіледі:
1) спорттық процесті ұйымдастыру, балаға міндеттерді түсіндірудің қолжетімділігі;
2) балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секциясының материалдық-техникалық жарақтандырылуы.
6. Бағалау 1-ден 5-ке дейінгі баллмен көрсетіледі, мұнда 1 – ең төменгі балл, 5 – ең жоғарғы балл.
7. Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының рейтингі осылайша есептеледі:
Р = Б/А, мұндағы:
Р – спорттық секциялардың рейтингі;
Б – бағалауға қатысқан заңды өкілдердің қойған баллдарының жалпы сомасы;
А – баға қойған заңды өкілдердің жалпы саны.