"Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-1-бабының 4-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Орта білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарында қашықтықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің әскери білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі |
Н. Ермекбаев |
2021 жылғы 30 сәуірдегі № 273 бұйрығымен бекітілген |
Орта білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарында қашықтықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Орта білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарында қашықтықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) орта білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарында (бұдан әрі – ҚР ҚМ ӘОО) қашықтықтан оқыту (бұдан әрі – ҚО) бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (бұдан әрі – АКТ) – электрондық ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу әдістерінің және ақпараттық-бағдарламалық кешен мен телекоммуникациялар желісін қолданумен жүзеге асырылатын ақпараттық өзара іс-қимыл әдістерінің жиынтығы;
2) жаппай ашық онлайн курсы – электрондық оқыту технологияларын қолданумен және Интернет арқылы ашық қолжетіммен жаппай интерактивті қатысуымен оқыту курсы;
3) мультимедиялық ресурс – пайдаланушыға әртекті деректермен (графикалармен, мәтінмен, дыбыспен, бейнемен) жұмыс істеуге мүмкіндік беретін аппараттық және бағдарламалық құралдар кешені;
4) білім беру порталы – ҚО-ны ұйымдастыруға мүмкіндік беретін әкімшілік-академиялық және оқу-әдістемелік ақпаратты қамтитын ақпараттық ресуртар мен Интернет сервистерінің жүйелі-ұйымдастырылған, өзара байланысты жиынтығы;
5) аралас оқыту – бұл арнайы электрондық оқу материалдары пайдаланылатын күндізгі оқу мен онлайн оқытуды ұштастыру негізінде білім беру процесін ұйымдастыру;
6) "оn-lіnе" технологиясы – телекоммуникациялық орта арқылы нақты уақыт режимінде ақпарат алмасу;
7) "оff-lіnе" технологиясы – еркін уақыт кеңістігінде ақпарат алмасу;
8) сандық білім беру ресурстары (бұдан әрі – СБР) – бұл интерактивтік нысанда оқытуды қамтамасыз ететін оқытылатын пәндер және (немесе) модульдер бойынша дидактикалық материалдар: фотосуреттер, бейнефрагменттер, статикалық және динамикалық үлгілер, виртуалдық болмыс және интерактивтік модельдеу объектілері, дыбыс жазбалары және өзге де сандық оқу материалдары.
2-тарау. Қашықтықтан оқыту кезінде оқу процесін ұйымдастыру тәртібі
3. ҚР ҚМ ӘОО-лар ҚР ҚМ-ның әскери білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесімен келісу бойынша ҚО-ны ұйымдастырады.
4. ҚО ҚР ҚМ ӘОО-лардың техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтары бойынша даярлықтың білім беру бағдарламалары бойынша өткізіледі.
5. ҚО:
1) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде білім алушыларға қатысты қолданылады;
2) техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру бағдарламалары бойынша карантин, жергілікті және (немесе) республикалық ауқымдағы әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар енгізілген жағдайларда;
3) техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жердегі Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ҚР ҚМ ӘОО-ларында білім алушыларға қатысты;
4) қосымша білімнің, қайта даярлаудың және біліктілікті арттырудың білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларға қатысты, оның ішінде бұқаралық ашық онлайн курстарды қолдана отырып қолданылады.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қорғаныс министрінің 29.01.2024 № 64 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.6. Оқу және әдістемелік материалдар білім алушыларға мынадай түрлерде ұсынылуы мүмкін: СБР, магниттік және (немесе) оптикалық жеткізгіштердегі басқа да электрондық материалдар, баспа басылымдары, локальдық желі бойынша не Интернет желісі бойынша қолжетімділігі бар ҚР ҚМ ӘОО-ның білім беру порталында орналастырылған электрондық ресурстар.
7. Оқу және әдістемелік материалдарды пәнді оқу, аралық бақылаулар мен емтихандарға дайындалу үшін беру:
1) факультеттердің, кафедралардың (циклдердің), жетекші оқытушылардың білім алушыларға баспа басылымдарын және (немесе) магниттік және (немесе) оптикалық жеткізгіштердегі электрондық материалдарды беруімен, жеке байланысты болғызбау есебімен;
2) оқу баспа және электрондық материалдарды пошта арқылы жіберу;
3) электрондық материалдарды ҚР ҚМ ӘОО-ның жергілікті компьютер желісі арқылы беру;
4) білім алушыларға ҚР ҚМ ӘОО-ның білім беру порталындағы оқу және әдістемелік ресурстарға Интернет желісі арқылы қол жеткізуді ұсыну арқылы жүзеге асырылады.
Барлық оқу және әдістемелік материалдар оларды көбейтпей немесе үшінші тұлғалар мен ұйымдарға бермей-ақ білім алушының жеке пайдалануына беріледі.
8. ҚО барлық түрлері:
1) оқытушының АКТ-ны пайдалана отырып, білім алушылармен қарым-қатынасы;
2) білім алушының оқу құралдарымен өзіндік жұмысы (СБР, ҚОӘК, қосымша әдебиет, үлестірме материалдар) арқылы жүзеге асырылады.
9. ҚО "on-line" және "off-line" режимдерінде оқу сабақтарын өткізуге негізделеді. Таратылуы шектеулі ақпаратты жеткізу, сондай-ақ ағымдағы бақылау және аралық аттестаттау үшін қысқа мерзімді оқу жиындары өткізілуі мүмкін.
10. ҚО кезінде "оn-line" режиміндегі оқу сабақтары ҚР ҚМ ӘОО-ның локальдық желісі не Интернет желісі арқылы АКТ көмегімен нақты уақыт режимінде оқытудың өзара іс-қимыл процесін көздейді.
11. ҚО кезінде "off-line" режиміндегі оқу сабақтары оқытушы мен білім алушының қарым-қатынасы асинхронды, бос уақыт кеңістігінде болатын оқытудың өзара іс-қимыл процесін көздейді.
12. ҚР ҚМ ӘОО-ның оқу-әдістемелік басқармасы:
1) ҚР ҚМ әскери білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесімен оқу процесін ҚО бойынша үйлестіруді және келісуді;
2) оқу процесіне тартылған оқытушылармен және персоналмен оқыту семинарларын өткізуді:
ақпараттық ортада оқытудың бағдарламалық және педагогикалық құралдарын пайдалану бойынша;
ғылым мен педагогиканың қазіргі жетістіктерін ескере отырып, ҚО жүйесін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету және жетілдіру бойынша;
3) ҚО жүйесін, мультимедиялық ресурстарды техникалық жетілдіру және ҚР ҚМ ӘОО-ның оқу процесіне жаңа технологияларды ендіруді жүзеге асырады.
13. Білім алушыларға беруге, сондай-ақ жергілікті желі бойынша не Интернет желісі бойынша қолжетімділігі бар ҚР ҚМ ӘОО-ның білім беру порталына орналастыруға арналған оқу және әдістемелік материалдар ҚР ҚМ ӘОО-ның мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпарат қауіпсіздігі бөлімшесімен оларда мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің не таратылуы шектелген мәліметтердің ("Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар) болмауына келісіледі.
14. ҚО-ға тартылған ақпараттық жүйелер (вебсайттар, порталдар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес келуге тиіс.