Көлік құралының типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу жөніндегі қағидаларды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 14 мамырдағы № 336-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 18 мамырда № 22753 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Техникалық реттеу туралы" 2020 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1 тармағының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Көлік құралының типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу жөніндегі қағидалары бекітілсін.

      2. "Көлік құралының типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу жөніндегі қағидаларды және Көлік құралының типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды ресімдеудің дұрыстығын және негізділігін тексеру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы 2015 жылғы 24 ақпандағы № 170 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11062 тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 9 маусымда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Қазақстан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2021 жылдың 1 шілдеден бастап күшіне енеді және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
сауда және интеграция министрі
Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасының
сауда және интеграция
министрінің
2021 жылғы 14 мамырдағы
№ 336-НҚ бұйрығымен
бекітілген

Көлік құралының типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу жөніндегі қағидалар

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы көлік құралының типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – қағидалар) "Техникалық реттеу туралы" 2020 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және көлік құралының типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу тәртібін анықтайды.

      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) дайындаушы – Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген, өз атынан өнім өндіруді немесе өндіру мен өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;

      2) көлік құралының типін мақұлдау – айналымға енгізілген көлік құралдарының бір типке жатқызылған Кеден одағының "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Техникалық регламентін қабылдау туралы" 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 877 Еуразиялық экономикалық комиссияның Шешімімен бекітілген Кеден одағының "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Техникалық регламентінде КО ТР 018/2011 (бұдан әрі – КО ТР 018/2011) талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;

      3) өтiнiм берушi – Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген, сәйкестікті бағалауды жүргізу үшін өнімді, процестерді және көрсетілетін қызметті ұсынған заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға (дайындаушы, импорттаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, сатушы);

      4) техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – техникалық реттеу саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      5) техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - ақпараттық жүйе) – техникалық реттеу тізілімдеріндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің, ұлттық стандарттау жүйесінің және Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінің мәліметтері мен ақпараттарын сақтауға, өңдеуге, іздеуге, таратуға, беруге және ұсынуға арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйе;

      6) техникалық хатшылық – көлік құралының типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру, көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы берілген куәліктер жөніндегі мәліметтерді жинау және көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті орган айқындайтын ұйым;

      7) шасси типін мақұлдау – айналымға енгізілген шассидің 018/2011 КС ТР талаптарына бір түрі ретінде жіктелген сәйкестігін куәландыратын құжат.

2 тарау. Көлік құралының типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу тәртібі

      3. Техникалық хатшылық көлік құралының типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексерудің оң нәтижесі кезінде көлік құралының типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды ақпараттық жүйеде бекіту үшін уәкілетті органға ұсынады.

      4. Көлік құралының типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекітуді және тіркеуді уәкілетті орган ақпараттық жүйеде олардың уәкілетті органға келіп түскен күнінен бастап есептелетін күнтізбелік он күн ішінде жүзеге асырады.

      5. Көлік құралының типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды уәкілетті орган мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің деректер тізілімінде тіркейді.

      6. Көлік құралының типін мақұлдау, шасси типін мақұлдау бекітілгеннен кейін өтінім берушіге және (немесе) дайындаушыға ақпараттық жүйеде қол жетімді болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады