Техникалық реттеу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 396-VI ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 48-б.қараңыз.
      Қолданушыларға қолайлы болу үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң техникалық реттеудің өнімдерге, олармен байланысты процестерге, қызметтер көрсетуге қойылатын талаптарды белгілеу, орындау кезінде туындайтын негізге алынатын қағидаттарын белгілейді, сондай-ақ мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) дайындаушы – Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген, өз атынан өнім өндіруді немесе өндіру мен өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;

      2) дайындаушы уәкілеттік берген тұлға – Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген, дайындаушымен, оның ішінде шетелдік дайындаушымен шарт негізінде Қазақстан Республикасының аумағында өнімнің сәйкестігін бағалау және оны айналысқа шығару кезінде осы дайындаушының атынан әрекеттерді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;

      3) дәлелдемелік материалдар – объективті куәліктер, оның ішінде фото- және бейнетіркеу көмегімен алынған, өнім үлгілерін іріктеп алу, сынақтардың, зерттеулердің және (немесе) өлшемдердің нәтижелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ сәйкестікті бағалау туралы құжаттарды және (немесе) сәйкестікті бағалау объектісінің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін дәлелдейтін өзге де құжаттарды және (немесе) сынақ зертханаларында (орталықтарында) өнімнің бақылау үлгілерінің сақталғанын (егер зерттелген (сыналған) өнімнің бақылау үлгілерін сақтау Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде және (немесе) нормативтік техникалық құжаттарда көзделсе), талап етілетін көрсеткіштер мен параметрлерге қол жеткізілгенін және қажет болған жағдайларда дайындаушының, импорттаушының, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның, сатушының құқықтық мәртебесін және (немесе) сәйкестік туралы декларацияны қабылдау құқығын растайтын құжаттарды қамтитын объективті куәліктер;

      4) жалпы қауіпсіздік туралы декларация – дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы, сатушы Кеден одағы Комиссиясының шешімімен бекітілген Кеден одағы шеңберінде міндетті талаптар белгіленетін Өнімдердің бірыңғай тізбесіне (бұдан әрі – Бірыңғай тізбе) енгізілмеген өнімге, сондай-ақ Бірыңғай тізбеге енгізілген, бірақ оған қатысты техникалық регламенттер қабылданбаған немесе қолданысқа енгізілмеген өнімге қатысты ерікті түрде қабылдайтын құжат;

      5) импорттаушы – Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген, шетелдік дайындаушымен (сатушымен) партиямен шығарылатын өнімді беруге сыртқы сауда шартын (келісімшартын) жасасқан және осы өнімді Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа шығаруды және (немесе) өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;

      6) көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру – Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын көлік құралын жасаушы заңды тұлғаға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаға жекелеген таным белгілерін бекітіп беру;

      7) көлік құралын жасаушыға халықаралық сәйкестендіру кодын беру туралы куәлік – Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын көлік құралын жасаушы заңды тұлғаға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаға халықаралық сәйкестендіру кодының берілгенін растайтын құжат;

      8) көрсетілетін қызмет – жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелерінің материалдық мәні болмайтын, стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкес келетін қызмет;

      9) мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі – нормативтік құқықтық актілерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда техникалық реттеу объектілеріне және оларды орындауға қойылатын талаптарды белгілеу бойынша техникалық реттеу субъектілері мен олардың арасындағы қатынастардың жиынтығы;

      10) мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі деректерінің тізілімі (бұдан әрі – техникалық реттеу тізілімі) – техникалық регламенттердің, аккредиттеу субъектілерінің, сәйкестікті бағалау туралы берілген құжаттардың, сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлардың, жабдықтардың, техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер туралы ақпараттың және техникалық реттеу саласындағы өзге де мәліметтердің электрондық дерекқоры;

      11) міндетті сертификаттау – техникалық реттеу объектілерінің сәйкестігін растау жөніндегі органның техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін міндетті растау нысаны;

      12) нормативтік техникалық құжат – техникалық және технологиялық нормаларды қамтитын құжат;

      13) оқу орталығы – сәйкестікті растау, тауарды шығарған елді, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторларды даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      14) өзара байланысты стандарттар – техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін ұлттық және (немесе) мемлекетаралық стандарттар;

      15) өнім – материалдық-заттай нысанда ұсынылған әрі шаруашылық және өзге де мақсаттарда одан әрі пайдалануға арналған қызмет нәтижесі;

      16) өнiмдердің және процестердiң қауiпсiздiгi – адамның өмiрiне, денсаулығына, қоршаған ортаға, оның iшiнде өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiне зиян келтiруiне байланысты жол берiлмейтiн тәуекелдің болмауы;

      17) өнімді айналысқа шығару – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының аумағында тарату мақсатында өнімді беру (өткізу) немесе әкелу (оның ішінде дайындаушының қоймасынан жөнелту немесе жинап қоймай тиеп жөнелту);

      18) өнімнің өмірлік циклі – өнімді жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, салу, монтаждау, баптау, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату процестері;

      19) өтiнiм берушi – Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген, сәйкестікті бағалауды жүргізу үшін өнімді, процестерді және көрсетілетін қызметті ұсынған заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға (дайындаушы, импорттаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, сатушы);

      20) процесс – өнiмнiң өмiрлiк циклiнiң процестерiн қоса алғанда, қандай да бiр тапсырылған нәтижеге қол жеткізу мақсатында өзара байланысты және дәйекті әрекеттер (жұмыстар) жиынтығы;

      21) сатушы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, өнімді сатып алушыға (тұтынушыға) өткізетін заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;

      22) сәйкестiк белгiсi – өнімнің және көрсетілетін қызметтің техникалық регламенттерде және (немесе) ұлттық стандарттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін растау рәсімінен өткені туралы сатып алушыларға ақпарат беруге арналған белгіленім;

      23) сәйкестік сертификаты – техникалық реттеу объектілерінің техникалық регламенттерде және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін куәландыратын құжат;

      24) сәйкестік сертификатының иесі – сәйкестік сертификатын алған, сәйкестікті бағалауды жүргізуге өтінім беруші;

      25) сәйкестік туралы декларация – дайындаушы, импорттаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға немесе сатушы айналысқа шығарылатын өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтің техникалық регламенттер мен стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;

      26) сәйкестікті бағалау – техникалық реттеу объектісіне қойылатын талаптардың сақталуын тікелей немесе жанама айқындау;

      27) сәйкестікті ерікті түрде растау – өтінім берушінің бастамасы бойынша жүргізілетін, ол арқылы өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің стандарттау жөніндегі құжаттарға және (немесе) өтінім берушінің талаптарына сәйкестігін растау жүзеге асырылатын рәсім;

      28) сәйкестiктi мiндеттi растау – ол арқылы өнімнің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін растау жүзеге асырылатын рәсім;

      29) сәйкестiктi растау – нәтижесі техникалық реттеу объектісінің техникалық регламенттерде және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін құжаттамалық куәландыру (сәйкестік туралы декларация немесе сәйкестік сертификаты түрінде) болып табылатын рәсім;

      30) сәйкестiктi растау жөнiндегi орган – сәйкестiктi растау жөнiндегi қызметті жүзеге асыру үшiн белгiленген тәртiппен аккредиттелген заңды тұлға;

      31) сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлар – уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен аттестатталған жеке тұлғалар;

      32) сәйкестікті растау схемасы – сәйкестікті растау рәсімдерінің жиынтығы мен дәйектілігі;

      33) сертификаттау – сәйкестікті растау жөніндегі орган ол арқылы өнімнің және (немесе) онымен байланысты процестің, сондай-ақ көрсетілетін қызметтің белгіленген талаптарға сәйкестігін куәландыратын рәсім;

      34) сынақ – нәтижесі өнім үлгісі, өзге де сәйкестікті бағалау объектісі қасиеттерінің бір немесе бірнеше сандық және (немесе) сапалық сипаттамасын белгіленген әдістеме бойынша айқындау болып табылатын, сынақ зертханасы (орталығы) жүргізетін сәйкестікті растау шеңберіндегі рәсім не сәйкестікті бағалаудың дербес нысаны;

      35) сынақ зертханасы (орталығы) (бұдан әрi – зертхана) – сынақтарды (зерттеулерді) жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;

      36) техникалық жағынан күрделі бұйым – көптеген құрылымдық не әртекті элементтерді қамтитын, бір бүтінді құрайтын, мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік беретін, техникалық жағынан күрделі ішкі құрылғысы бар өнеркәсіптік бұйым;

      37) техникалық кедергі – техникалық регламенттердегі және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттардағы талаптардың әртүрлілігі немесе өзгермелілігі салдарынан елдер арасындағы саудада туындайтын тосқауыл;

      38) техникалық регламент – өнімге немесе өнім мен оған байланысты оның өмірлік циклінің процестеріне қойылатын талаптарды белгілейтін, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес әзірленетін және қолданылатын нормативтік құқықтық акт;

      39) техникалық реттеу – өнімге немесе өнім мен оған байланысты жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, салу, монтаждау, баптау, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату процестеріне қойылатын міндетті талаптарды белгілеу, қолдану және орындау саласындағы, сондай-ақ сәйкестікті бағалау саласындағы қатынастарды құқықтық реттеу;

      40) техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – техникалық реттеу саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      41) техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі – техникалық реттеу тізілімдеріндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің, ұлттық стандарттау жүйесінің және Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінің мәліметтері мен ақпараттарын сақтауға, өңдеуге, іздеуге, таратуға, беруге және ұсынуға арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйе;

      42) техникалық реттеудің ақпараттық жүйесінің веб-порталы (бұдан әрі – веб-портал) – техникалық реттеудің ақпараттық жүйесіне бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;

      43) техникалық хатшылық – көлік құралының типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру, көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы берілген куәліктер жөніндегі мәліметтерді жинау және көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті орган айқындайтын ұйым;

      44) тиісті зертханалық практика қағидаттары – клиникаға дейінгі зертханалық зерттеудің сапасын қамтамасыз етуге бағытталған, оның ішінде адам денсаулығын сақтау, қоршаған ортаның қауіпсіздігі саласында клиникаға дейінгі зертханалық зерттеулерді ұйымдастыру, жоспарлау процестеріне, жүргізу және бақылау тәртібіне, осындай зерттеулердің нәтижелерін ресімдеуге, архивтеуге және ұсынуға қойылатын талаптар жүйесі;

      45) тиісті зертханалық практиканың сәйкестік мониторингі – тиісті зертханалық практика қағидаттарының сақталуын растау мақсатында шарттық қатынастар шеңберінде зертханаларды мерзімдік инспекциялау және (немесе) олардың зерттеу нәтижелерінің аудиті;

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған өнімдердің (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлеріне қатысты техникалық реттеу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.

3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      1. Осы Заң өнімдерге, оның ішінде ғимараттар мен құрылысжайларға, өнімдерге қойылатын талаптармен байланысты жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, салу, монтаждау, баптау, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату процестеріне қойылатын міндетті талаптарды белгілеу және орындау, өнімдерге, процестерге және қызметтер көрсетуге, сәйкестікті бағалауға және техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға қойылатын талаптарды ерікті негізде қолдану кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің құқықтық негіздерін белгілейді.

      2. Мыналар:

      азаматтық авиация өнімін, мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қорғалатын қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жататын мәліметтерді қорғау мақсатында пайдаланылатын өнімді, ол туралы мәліметтер мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын өнімді, атом энергиясын пайдалану саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты талаптар белгіленетін өнімді, бұрын тұтынуда болған өнімді, ветеринариялық препараттарды, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы), аз сериялы және тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірістің ғылымды қамтитын өнімін қоспағанда, өнім;

      өнімге қойылатын талаптармен байланысты жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, салу, монтаждау, баптау, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату процестері;

      ветеринария, өсімдіктерді қорғау және олардың карантині саласындағы көрсетілетін қызметтерді, мемлекеттік, медициналық, білім беру, қаржылық, банктік және реттелуі Қазақстан Республикасының өзге заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде белгіленген басқа да көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, ерікті түрде сертификаттау бөлігінде көрсетілетін қызметтер техникалық реттеу объектілері болып табылады.

      3. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің құрылымына кіретін жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ техникалық реттеу объектілеріне қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иелену, пайдалану және (немесе) билік ету құқығына ие жеке және заңды тұлғалар техникалық реттеу субъектілері болып табылады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 01.07.2024 № 104-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-бап. Техникалық реттеудiң негiзгi мақсаттары мен қағидаттары

      1. Мыналар:

      1) адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта, оның iшiнде өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi үшін өнiмдердiң, процестердің және көрсетілетін қызметтердің қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;

      2) өнімнің, көрсетілетін қызметтің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты сатып алушыларды (тұтынушыларды) жаңылыстыруға алып келетін әрекеттердің алдын алу, оның ішінде олардың сәйкестігін бағалаудың анықтығын, өнімдердің немесе өнімдер мен оған байланысты процестердің қадағалануын қамтамасыз ету арқылы алдын алу;

      3) саудадағы техникалық кедергілерді жою;

      4) сатып алушыларға, оның ішінде тұтынушыларға өнімдерді, процестерді және көрсетілетін қызметтерді біліктілікпен таңдауға жәрдемдесу техникалық реттеудiң негiзгi мақсаттары болып табылады.

      2. Техникалық реттеу мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) техникалық реттеудің және сәйкестікті бағалаудың бiрлiгi мен тұтастығы;

      2) техникалық регламенттерде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын ұйымдардың техникалық регламенттерінде бірыңғай міндетті талаптарды белгілеу;

      3) техникалық реттеу процестеріне қатысу үшін тең мүмкіндіктерді, мемлекет пен мүдделі тараптар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету үшін техникалық реттеу мақсаттарының орындылығы мен қолжетімділігі;

      4) өзара байланысты стандарттардан таңдау еріктілігі;

      5) дайындаушының, импорттаушының, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның, сатушының өз өнімінің қауіпсіздігін декларациялауы;

      6) дайындаушының, импорттаушының, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның, сатушының техникалық регламенттерге және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттарға сәйкес келмейтін өнімді айналысқа шығарғаны үшін жауаптылығы;

      7) техникалық реттеу субъектілерінің техникалық реттеу процестеріне қатысуының тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету;

      8) отандық және импортталатын өнім мен көрсетілетін қызметке қойылатын талаптардың теңдігі;

      9) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, техникалық регламенттердің және олар туралы, оларды әзірлеу, бекіту, жариялау тәртібі туралы ақпараттың қолжетімділігі;

      10) техникалық регламенттер мен өзара байланысты стандарттарды әзiрлеу кезiнде ғылым мен техника жетiстiктерiн, халықаралық, өңiрлiк стандарттарды және шет мемлекеттер стандарттарын пайдалану;

      11) техникалық регламенттер талаптарының мемлекет экономикасының даму, материалдық-техникалық базасы және ғылыми-техникалық даму деңгейiне сәйкестігі;

      12) аккредиттеу және сәйкестікті растау жөніндегі өкілеттіктерді бір органның қоса атқаруына жол бермеу;

      13) бiр мемлекеттiк органда сәйкестiктi растау және мемлекеттiк бақылау мен қадағалау функцияларының үйлеспеушілігі;

      14) сәйкестікті растау жөніндегі органдардың дайындаушылардан, импорттаушылардан, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалардан, сатушылардан тәуелсіздігі;

      15) сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыста бәсекелестiктi шектеуге жол бермеу;

      16) сәйкестікті бағалау рәсімдерінің анықтығы мен қадағалануы;

      17) өнімдердің, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру арқылы олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ету.

5-бап. Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің құрылымы

      Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің құрылымын мыналар құрайды:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;

      2) уәкілетті орган, оның ведомствосы, ведомствоның аумақтық бөлімшелері;

      3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар;

      4) аккредиттеу жөніндегі орган;

      5) Стандарттау жөніндегі ұлттық орган;

      6) мемлекеттік органдар жанындағы техникалық реттеу саласындағы сарапшылық кеңестер (бұдан әрі – сарапшылық кеңестер);

      7) Саудадағы техникалық кедергілер, санитариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі ақпарат орталығы (бұдан әрі – Ақпарат орталығы);

      8) аккредиттеу субъектілері, оның ішінде сәйкестікті растау жөніндегі органдар, зертханалар;

      9) сәйкестiктi растау және аккредиттеу жөніндегі сарапшы-ayдиторлар.

6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің техникалық реттеу саласындағы құзыреті

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің техникалық реттеу саласындағы құзыретіне мыналар жатады:

      1) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастыру;

      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тиісті техникалық регламенттер талаптарының өнімнің өмірлік циклі сатыларында сақталуын мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органдарды айқындау.

7-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      1. Уәкілетті орган техникалық реттеу саласында мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

      1) техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесін қалыптастырады;

      2) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;

      3) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың техникалық реттеу саласындағы қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;

      4) көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;

      5) көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      6) көлік құралын жасаушыға халықаралық сәйкестендіру кодын беру туралы куәліктің нысанын әзірлейді және бекітеді;

      7) тиісті зертханалық практика қағидаттарын іске асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      8) техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспарды әзірлейді және бекітеді;

      9) техникалық реттеу мәселелері бойынша сарапшылық кеңестермен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасайды;

      10) техникалық реттеу мәселелері бойынша келіссөз ұстанымын қалыптастырады және техникалық реттеу, сәйкестiктi бағалау және сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөнiндегi халықаралық және өңiрлiк ұйымдарда Қазақстан Республикасын білдіреді;

      11) техникалық реттеу тізілімін қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      12) Ақпарат орталығының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

      13) рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторларға қойылатын рұқсат беру талаптарын, оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін, сондай-ақ сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторларды аттестаттау, аттестаттарының қолданысын ұзарту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      14) оқу орталықтарына қойылатын талаптарды, оларды техникалық реттеу тізіліміне енгізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      15) өнімді айналысқа шығару бөлігінде оның техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігіне, сондай-ақ техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектілерінің Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген,

      Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің не Еуразиялық экономикалық комиссия шешімдерінің талаптарын сақтауына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;

      16) өнімді айналысқа шығару бөлігінде оның техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігіне техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру парақтарын және тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді;

      16-1) бұзылуы жедел ден қою шараларын қолдануға алып келетін талаптар тізбесін айқындайды, сондай-ақ талаптарды нақты бұзушылықтарға қатысты жедел ден қою шарасының нақты түрін осы шараның қолданылу мерзімін көрсете отырып (қажет болған кезде) айқындайды.

      Бұзылуы жедел ден қою шараларын қолдануға алып келетін талаптардың тізбесіне Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 143-бабына сәйкес мемлекеттік бақылау нысанасы болып табылатын талаптар енгізіледі;

      16-2) техникалық реттеу саласында бақылау мақсатында сатып алуды ұйымдастыру және өткізу тәртібін айқындайды;

      17) өнiмдер мен процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесінде консультативтік-кеңесшi органдар құрады;

      18) әзірленген техникалық регламенттерге сараптамаларды, келісуді, техникалық регламенттердің қолданысын тоқтата тұруды не күшін жоюды келісуді, оның ішінде мемлекеттік органдардың техникалық регламенттердің қолданысын тоқтата тұру не күшін жою мәселелеріне бастамашылық етуді жүзеге асырады;

      19) техникалық регламенттерді әзірлеу, сараптама жасау, қабылдау, өзгерту және күшін жою қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      20) техникалық регламенттерді әзірлейді және бекітеді;

      21) техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін өнімді кері қайтарып алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      22) осы Заңға сәйкес жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей қатер төндіретін өнімді айналысқа шығаруға тыйым салады;

      23) осы Заңға сәйкес сәйкестікті бағалау туралы құжаттар қолданысының күшін жоюды жүзеге асырады;

      24) техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін өнімді айналысқа шығарудың жолын кесу және оған жол бермеу жөніндегі ықпал ету шараларын қолданады;

      25) осы Заңға сәйкес жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей қатер төндіретін өнімді алып қояды және қадағалау субъектісін Қазақстан Республикасының азаматтық-процестік заңнамасына сәйкес осындай өнімді иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығынан айыру туралы сотқа талап қоюды береді;

      26) мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық актілер мен техникалық реттеу объектілерін қозғайтын құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына, техникалық регламенттерге және ұлттық стандарттарға сәйкес келтіру туралы ұсыныстар енгізеді;

      27) жеке, заңды тұлғалар техникалық реттеу саласындағы лауазымды адамдардың заңды талаптарын немесе олар берген нұсқамаларды, қаулыларды орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде сотқа жүгінеді.

      2. Уәкілетті орган сәйкестікті бағалау саласында мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

      1) сәйкестікті бағалау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      2) зертханааралық салыстыру сынақтары (салғастыру) бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

      3) көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;

      4) Бірыңғай тізбеге енгізілмеген, сондай-ақ Бірыңғай тізбеге енгізілген, бірақ өзіне қатысты техникалық регламенттер қабылданбаған немесе қолданысқа енгізілмеген өнімді айналысқа шығару қағидаларын, сондай-ақ өзіне қатысты жалпы қауіпсіздік туралы декларация қабылданатын өнім тізбесін, жалпы қауіпсіздік туралы декларацияның нысанын әзірлейді және бекітеді;

      5) Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенті талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, техникалық реттеу объектілерінің Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенті талаптарына сәйкестігін бағалау кезінде зерттеулер (сынақтар) және өлшемдер жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында қолдану үшін Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттары ретінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық (мемлекеттік) стандарттарын бекітеді;

      6) сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарының бірыңғай тізілімдерінің ұлттық бөлігіне (ұлттық бөлігінен) енгізу немесе алып тастау туралы шешімдер қабылдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді.

      3. Уәкілетті орган осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Мемлекеттік органдардың техникалық реттеу саласындағы құзыреті

      Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде техникалық реттеу саласында:

      1) уәкілетті органмен келісу бойынша өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша техникалық регламенттерді әзірлеуді, бекітуді, күшін жоюды, тоқтата тұруды, сондай-ақ техникалық регламенттерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді;

      2) техникалық регламенттерді немесе техникалық регламенттерге өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды әзірлеу туралы ұсыныстар дайындауды және оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға енгізуді;

      3) сарапшылық кеңестер құруды;

      4) белгіленген құзырет шеңберінде тиісті техникалық регламенттер талаптарының сақталуына Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде айқындалған тәртіппен мемлекеттік бақылау мен қадағалауды;

      5) техникалық регламенттерді, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеуді және орындауды;

      6) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес тиісті зертханалық практика қағидаттарын іске асыруды;

      7) тиісті зертханалық практика саласында нормативтік-әдістемелік базаны әзірлеуді (әзірлеуге қатысуды);

      8) сәйкестігі міндетті растауға жататын өнім бойынша сәйкестікті растау жөніндегі органдарды және зертханаларды құру, жаңғырту және жарақтандыру жөнінде ұсыныстар дайындауды;

      9) сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарының бірыңғай тізілімдерінің ұлттық бөлігіне (ұлттық бөлігінен) енгізу немесе алып тастау бойынша жұмысқа қатысуды;

      10) нормативтік техникалық құжаттар техникалық регламенттер талаптарын іске асыру үшін қолданылған жағдайда, оларды Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен ұлттық стандарттар ретінде әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізуді;

      11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

9-бап. Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі мемлекеттік монополия

      1. Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі мемлекеттік монополияға мыналар жатады:

      1) сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу;

      2) техникалық реттеу тізілімін қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру;

      3) тиісті зертханалық практиканың сәйкестік мониторингі.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.

      3. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаны монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.

10-бап. Стандарттау жөніндегі ұлттық органның өкілеттігі

      Стандарттау жөніндегі ұлттық орган техникалық реттеу саласында өз құзыреті шегінде осы Заңға сәйкес техникалық регламенттерді әзірлеуге қатысады.

11-бап. Сарапшылық кеңестер

      1. Сарапшылық кеңестер техникалық реттеу саласындағы қызметті жетілдіру, перспективалық бағыттарды дамыту, техникалық регламенттерді қолдануға, мемлекеттік саясат пен мақсаттарға сәйкестігіне талдау жүргізуге байланысты мәселелерді қарау жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үшін жетекшілік ететін салаларда құрылады.

      2. Сарапшылық кеңестердің құрамын және олар туралы ережені мемлекеттік органдар бекітеді.

      Сарапшылық кеңестердің құрамына мемлекеттік органдардың, стандарттау жөніндегі бейінді техникалық комитеттердің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтардың өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар кіруі мүмкін.

      3. Сарапшылық кеңестердің жұмысы отырыс нысанында жүзеге асырылады. Сарапшылық кеңестердің ұсынымдары ескеріле отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілерге және Қазақстан Республикасының заңнамасына ұсыныстар мен ескертулер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының келіссөз ұстанымы қалыптастырылады.

12-бап. Ақпарат орталығы

      1. Ақпарат орталығы консультациялық қызметтер көрсету және мүдделі тараптар мен шет мемлекеттерге:

      1) қолданыстағы немесе әзірленіп жатқан техникалық регламенттер, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық шаралар, стандарттау жөніндегі құжаттар мен оларға өзгерістер, өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдері;

      2) Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы, техникалық реттеу, аккредиттеу, ветеринария және фитосанитария саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы халықаралық ұйымдарға және екіжақты және көпжақты сипаттағы халықаралық шарттарға мүшелігі немесе қатысуы;

      3) әзірленіп жатқан және қабылданған техникалық регламенттердің, стандарттау жөніндегі құжаттардың, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық шаралардың және өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдерінің жобаларын жариялау көздері немесе олар жөніндегі мәліметтер туралы құжаттардың көшірмелерін және ақпарат ұсыну мақсатында Дүниежүзілік сауда ұйымының Хатшылығымен, Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелерімен, стандарттау жөніндегі халықаралық және шетелдік ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау үшін уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен құрылады және жұмыс істейді.

      2. Дүниежүзілік сауда ұйымының Хатшылығымен және Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелерімен Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымындағы міндеттемелерімен байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасау Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес Дүниежүзілік сауда ұйымы мәселелері жөніндегі ақпарат орталығы арқылы жүзеге асырылады.

      3. Осы баптың 1-тармағында көзделген ақпарат Ақпарат орталығының интернет ресурсында хабарламалар нысанында орналастырылады.

      Хабарламалардың нысандарын, оларды толтыру және ұсыну тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар

      1. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттеуге жатады.

      2. Міндетті растау кезінде сәйкестікті растау жөніндегі органдар аккредиттелген зертханалардың сынақ нәтижелерін пайдалануға тиіс.

      3. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар өтінім берушілермен жасалған шарт талаптарымен аккредиттеу саласы шегінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) өтінім берушілердің сәйкестікті міндетті және ерікті түрде растау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге өтінімдерін қарайды, сәйкестікті растау үшін ұсынылған өнімді, көрсетілетін қызметті сәйкестендіреді;

      2) сәйкестікті міндетті және ерікті түрде растау жөніндегі жұмыстарды жүргізеді;

      3) өтінім берушілердің өтінімдері бойынша сәйкестік туралы декларацияны қабылдау үшін қажетті жұмыстарды жүргізеді.

      4. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар:

      1) сәйкестік сертификаттарын бере отырып және (немесе) сәйкестік туралы декларацияларды тіркей отырып, өтінім берушілердің өтінімдері бойынша аккредиттеу саласы шегiнде техникалық реттеу объектiлерінің сәйкестiгiн мiндеттi және ерiктi түрде растауды жүргізуге;

      2) өтiнiм берушiлерден сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынуды сұратуға құқылы.

      5. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар:

      1) өтiнiм берушiлердiң сәйкестiктi растау рәсімдері мен шарттары туралы ақпаратқа кедергiсiз қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге;

      2) өтінім берушілерге қатысты кемсітушілікке жол бермеуге;

      3) сәйкестікті бағалау туралы тіркелген, берілген, тоқтатыла тұрған, күші жойылған (тоқтатылған) құжаттар, сертификаттаудан бас тартулар туралы деректерді есепке алуды және оларды сәйкестікті бағалау қағидаларына сәйкес беруді жүзеге асыруға;

      4) өнiмнің, көрсетiлетiн қызметтің шығарылған еліне қарамастан, өтiнiм берушiлердiң коммерциялық мүддесiн құрайтын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;

      5) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауға мiндеттi.

      6. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар және сарапшы-аудиторлар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

      7. Сәйкестiктi растау жөнiндегi органдар аккредиттеу саласында консалтингтік қызметтер көрсетуге құқылы емес және осы қызметтердi көрсететiн тұлғалармен үлестес болмауға тиiс.

      8. Сәйкестікті растау жөніндегі органдардың меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде техникалық реттеу объектілеріне сынақ жүргізуді қамтамасыз ететін зертханалары болуға және оларды пайдалануға тиіс.

14-бап. Зертханалар

      1. Зертханалар сәйкестiктi растау жөнiндегi органдармен немесе басқа өтінім берушiлермен жасалған шарт талаптарымен:

      1) өзiнiң аккредиттеу саласы шегiнде сәйкестiктi мiндеттi немесе ерiктi түрде растау мақсатында объектiлерге сынақтар жүргiзедi;

      2) сынақ нәтижелерiнiң анықтығын қамтамасыз етедi;

      3) сәйкестікті бағалау қағидаларында айқындалған тәртiппен және нысандар бойынша жұмыс нәтижелерiн ресiмдейдi және бередi;

      4) егер техникалық регламентте көзделсе, өнімнің сынақтарын, зерттеу (сынақ) және өлшем нәтижелерін фото- және (немесе) бейнетіркеуді жүргізеді;

      5) егер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде және (немесе) нормативтік техникалық құжаттамаларда көзделсе, зерттелген (сыналған) өнімнің бақылау үлгілерін сақтайды;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де қызметтi жүзеге асырады.

      2. Зертхананың меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде зертханалық жабдығы болуға және оны пайдалануға тиіс, оның жекелеген салалардағы көлемін (тізбесін) уәкілетті орган белгілейді.

      3. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін зертханалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

15-бап. Сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлардың құзыреті, оларға қойылатын талаптар және сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлар аттестаттарының қолданысын тоқтата тұру, одан айыру (кері қайтарып алу) үшін негіздер

      1. Сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлар сәйкестікті растау жөніндегі органның құрамында өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің белгілі бір түрлерінің сәйкестігін растау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қатысады.

      2. Жеке тұлғалар уәкілетті органда аттестаттаудан өтеді және олардың сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудитор ретінде қызметін сәйкестікті растау жөніндегі бір органның құрамында ғана жүзеге асыруға құқығы бар.

      3. Егер сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлар өтінім берушінің мүдделерін білдірсе немесе онымен еңбек немесе өзге де шарттық қатынастарда болса, олар нақты өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін растау жөніндегі жұмыстарды орындауға құқылы емес.

      4. Сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудитор аттестатының қолданысын тоқтата тұруды сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды сарапшы-аудитордың осындай аттестаты негізінде басқа тұлғаның орындау фактісі анықталған жағдайда, уәкілетті органның ведомствосы жүргізеді.

      5. Сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудитордың аттестатынан айыру (кері қайтарып алу):

      1) сарапшы-аудитордың аттестат беруге негіз болған құжаттарда анық емес немесе қасақана бұрмаланған ақпарат беру фактісі анықталған;

      2) сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды сарапшы-аудитордың осындай аттестаты негізінде басқа тұлғаның орындау фактісі қайта анықталған;

      3) сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудитор аттестатының қолданысын тоқтата тұру түрінде әкімшілік жаза қолдануға алып келмейтін, Қазақстан Республикасының заңнамасы үш мәрте бұзылған;

      4) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, мемлекет мүдделеріне нұқсан келтірген және (немесе) сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудитор аттестатының қолданысын тоқтата тұру түрінде әкімшілік жаза қолдануға алып келетін, Қазақстан Республикасының заңнамасы қайта бұзылған жағдайларда, уәкілетті орган ведомствосының, оның аумақтық бөлімшесінің, аккредиттеу жөніндегі органның талап қоюы бойынша сот шешімімен жүргізіледі.

16-бап. Тиісті зертханалық практиканың сәйкестік мониторингі

      1. Тиісті зертханалық практиканың сәйкестік мониторингі тиісті зертханалық практика қағидаттарына сәйкестік мониторингінің бағдарламасына енгізілген зертханалар қолданатын рәсімдер мен нормативтерге тексеру жүргізу мақсатында, зертханалардың тиісті зертханалық практика қағидаттарына сәйкестік дәрежесін бағалау және бастапқы деректер мен жазбаларды зертханалардың аралық және қорытынды есептеріндегі деректермен және жазбалармен салыстыру үшін жүзеге асырылады.

      2. Тиісті зертханалық практиканың сәйкестік мониторингі органының функциялары осы Заңның 9-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен құрылған мемлекеттік монополия субъектісіне жүктеледі, ол мынадай функцияларды орындайды:

      1) зертханалардың тиісті зертханалық практика қағидаттарына сәйкестігіне мониторинг жүргізеді;

      2) зертханалардың тиісті зертханалық практика қағидаттарына сәйкестік мәртебесін айқындайды;

      3) тиісті зертханалық практика қағидаттарына сәйкестік мониторингін жүзеге асыратын инспекторларды дайындайды;

      4) тиісті зертханалық практика қағидаттарына сәйкестік мониторингі бағдарламасына енгізілген зертханалардың тізілімін жүргізеді;

      5) тиісті зертханалық практиканың сәйкестік мониторингіне қатысты ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

17-бап. Сәйкестік сертификаты иесінің, сәйкестік туралы декларацияны қабылдайтын тұлғаның құқықтары мен міндеттері

      1. Сериялы өндірілетін өнімді сертификаттауға дайындаушы немесе дайындаушы уәкілеттік берген тұлға өтінім беруші бола алады.

      Сериялы өндірілетін өнім Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген кезде дайындаушы уәкілеттік берген тұлға оны сертификаттауға өтінім беруші болуға тиіс.

      Өнім партиясын (дара бұйымды) сертификаттауға дайындаушы, сатушы, импорттаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға өтінім берушілер бола алады.

      Партиялармен шығарылатын өнім (дара бұйым) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген кезде импорттаушы оны сертификаттауға өтінім беруші болуға тиіс.

      2. Сәйкестік сертификаты иесінің:

      1) сәйкестікті растау жөніндегі органға қайта сертификаттауға өтініммен жүгінуге;

      2) сәйкестікті растау жөніндегі органға сәйкестік сертификатына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, сертификаттың телнұсқасын беру, сертификаттың қолданысын тоқтату, қайта сертификаттау кезінде сертификат беру туралы өтінім беруге;

      3) уәкілетті органға сәйкестікті растау жөніндегі органның шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға, уәкілетті органның шешімімен келіспеген не Қазақстан Республикасының заңында белгіленген мерзімде жауап алмаған жағдайда сотқа шағым жасауға;

      4) осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына, Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріне және Еуразиялық экономикалық одақтың өзге де құқықтарын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтарын құрамайтын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, сертификаттау жөніндегі жұмыстарды орындауға арналған шартқа сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      3. Сәйкестік сертификатының иесі:

      1) сертификаттау жүргізуге өтінім беруші мен сәйкестікті растау жөніндегі орган арасындағы шарттың талаптарына сәйкес сәйкестікті растау жөніндегі орган өзіне жеткізген тиісті өзгерістерді іске асыруды қоса алғанда, сертификаттау талаптарын үнемі орындауға;

      2) техникалық регламенттерде белгіленген, өнімге қойылатын, оларға сәйкестікке сертификаттау жүргізілген талаптарды орындауға;

      3) сәйкестік сертификатының қолданысы тоқтатыла тұрғаннан немесе күші жойылғаннан кейін сертификаттауға сілтемелер бар барлық жарнама материалдарын пайдалануды тоқтатуға және сертификаттау схемасында көзделетін шараларды қолдануға;

      4) сәйкестікті растау жөніндегі органға өнімнің, оны өндіру процесінің, басқару жүйесінің (болған жағдайда) барлық өзгерістері, өндірісті технологиялық жарақтандырудың өзгергені, өндірістік алаңдардың ауыстырылғаны, ұйымдық-құқықтық мәртебесінің немесе меншік нысанының өзгергені, мекенжайының, байланыс деректерінің өзгергені туралы хабарлауға міндетті.

      4. Сәйкестігі міндетті растауға жататын, техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде олар туралы мәліметтер жоқ өнім айналысқа шығарылған кезде сәйкестік сертификаттарын Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға жол берілмейді.

      5. Сәйкестік сертификатының иесі техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сай келмейтін және сәйкестік сертификатында көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмейтін өнімді айналысқа шығарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      6. Сәйкестік туралы декларацияны қабылдайтын тұлғаның:

      1) осы сәйкестікті бағалау объектісі үшін көзделген схемалар арасынан сәйкестікті декларациялау кезінде қолданылатын сәйкестікті растаудың кез келген схемасын олардың қолданылу шарттарын ескере отырып таңдауға;

      2) белгілі бір сәйкестікті бағалау объектісіне қатысты дәлелдемелік материалдардың нақты құрамын – техникалық регламентте айқындалған таңдап алынған сәйкестікті растау схемасын және дәлелдемелік материалдардың құрамына қойылатын талаптарды ескере отырып, егер техникалық регламенттер болмаса не оларда дәлелдемелік материалдардың құрамы айқындалмаса, сәйкестікті бағалау қағидаларына сәйкес айқындауға;

      3) егер Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде және Еуразиялық экономикалық одақтың өзге де құқығында өзгеше көзделмесе, сәйкестікті растау жөніндегі органға жазбаша нысанда сәйкестік туралы декларацияны тіркеу туралы өтініш беруге;

      4) сәйкестікті растау жөніндегі органға жазбаша нысанда сәйкестік туралы декларацияны тіркеу әрекетін тоқтату туралы өтініш, Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріне сәйкестік туралы декларацияның қолданысын тоқтату туралы хабарлама немесе бірыңғай нысан бойынша сәйкестік туралы декларацияның қолданысын тоқтату туралы өтініш беруге;

      5) уәкілетті органға сәйкестікті растау жөніндегі органның шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға, уәкілетті органның шешімімен келіспеген не Қазақстан Республикасының заңында белгіленген мерзімде жауап алмаған жағдайда сотқа шағым жасауға құқығы бар.

      7. Сәйкестік туралы декларацияны қабылдайтын тұлға:

      1) сәйкестікті декларациялауды жүргізуге және сәйкестік туралы декларацияларды тіркеуге қатысты сәйкестікті бағалау қағидаларының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақ шешімдерінің талаптарын орындауға;

      2) өзіне қатысты сәйкестік туралы декларация қабылданған және тіркелген өнімнің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге;

      3) егер өзіне қатысты тіркелген сәйкестік туралы декларациясы бар өнім техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмесе, осы өнімді айналысқа шығаруды тоқтата тұруға немесе тоқтатуға міндетті.

      8. Сериялы шығарылатын өнім Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген кезде дайындаушы уәкілеттік берген тұлға қабылдаған сәйкестік туралы декларация танылады.

      Партиялармен шығарылатын өнім Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген кезде импорттаушы қабылдаған сәйкестік туралы декларация танылады.

      9. Сәйкестігі міндетті растауға жататын, техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде өздері туралы мәліметтер жоқ өнім айналысқа шығарылған кезде сәйкестік туралы декларацияларды Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға жол берілмейді.

      10. Сәйкестік туралы декларацияны қабылдаған тұлға сәйкестікті растау рәсімінен өткен, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сай келмейтін және сәйкестік туралы декларацияда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмейтін өнімді айналысқа шығарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      11. Осы баптың 1-тармағының ережелері Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті техникалық регламентінде көзделген ерекшеліктермен бірге көлік құралы типі конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктің, көлік құралы типін мақұлдаудың иелеріне қатысты қолданылады.

18-бап. Техникалық реттеу тізілімі

      1. Техникалық реттеу тізілімі рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың, басқа да орталық және жергілікті атқарушы органдардың, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінің деректері мен мәліметтері негізінде қалыптастырылады.

      2. Техникалық реттеу тізілімінің деректеріне оны пайдаланушылардың қол жеткізуі уәкілетті органның веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

      3. Тізілімді қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру мыналарды қамтиды:

      1) техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі арқылы техникалық реттеу тізілімін жүргізу, оның деректерін беру және сақтау;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес техникалық реттеудің ақпараттық жүйесіне енгізілген ақпаратты алу құқығына ие мемлекеттік органдарға мәліметтер мен ақпарат беру;

      3) пайдаланушыларға техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі арқылы электрондық қызметтер көрсету;

      4) техникалық реттеу тізілімінен мәліметтер мен ақпаратты жариялау;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функциялар.

2-тарау. ТЕХНИКАЛЫҚ РЕГЛАМЕНТТЕР

19-бап. Жалпы ережелер

      1. Техникалық регламенттер осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарда әзірленеді және қолданылады.

      2. Қабылданған және қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасы техникалық регламенттерінің және Еуразиялық экономикалық одақ техникалық регламенттерінің талаптары барлық техникалық реттеу субъектісінің сақтауы үшін міндетті болып табылады.

      3. Техникалық регламенттерде белгіленген талаптар міндетті болып табылады, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданыста болады және тиісті техникалық регламенттерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу арқылы өзгертілуі мүмкін.

      4. Өздеріне қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері қолданысқа енгізілмеген өнім және (немесе) өнімге қойылатын талаптармен байланысты әзірлеу, жобалау, іздестіру, өндіру, салу, монтаждау, баптау, пайдаға асыру (пайдалану), сақтау, тасымалдау (тасу), өткізу және кәдеге жарату процестері үшін Қазақстан Республикасы техникалық регламенттерінің және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің не Еуразиялық экономикалық комиссия шешімдерінің талаптары қолданылады.

      5. Қазақстан Республикасында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерге экспортқа өткізуге арналған өнім өндірілген кезде, егер сыртқы сауда шартының талаптарында Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде белгіленгеннен өзгеше техникалық талаптар айқындалса, осындай шарттың талаптары қолданылады.

      6. Процестерге техникалық регламенттерде айқындалған талаптар осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға жетуге әсер ете алатын жағдайда ғана белгіленеді және қолданылады.

      7. Техникалық регламенттерде белгіленген талаптар кәсіпкерлік қызмет үшін осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарды орындау үшін қажет дәрежеден артық кедергі келтірмеуге тиіс.

      8. Техникалық регламент осы Заңның 4-бабының ережелеріне, мемлекеттік саясат мүдделеріне, материалдық-техникалық базаның дамуына және ғылыми-техникалық даму деңгейіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келмеген жағдайда, техникалық регламентті қабылдаған мемлекеттік орган осындай нормативтік құқықтық актінің күшін жою немесе оған өзгерістер енгізу рәсімін бастауға міндетті.

      9. Техникалық регламентте өтпелі кезең уақыты белгіленетін, оны қолданысқа енгізудің мерзімі мен шарттары көзделуге тиіс, бұл кезең ішінде техникалық регламентті қолданысқа енгізуге, нормативтік техникалық құжаттаманы әзірлеуге және (немесе) оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге арналған мәселелер, сондай-ақ өнімді шығаруға байланысты мәселелер ескерілуге тиіс.

      10. Егер өнімді өндіру кезінде өзара байланысты стандарттар пайдаланылса, техникалық регламенттердің талаптары орындалды деп есептеледі.

      Өзара байланысты стандарттарды талдауды және жүйелендіруді Стандарттау жөніндегі ұлттық орган Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      Өнім өндіру кезінде стандарттау жөніндегі құжаттар техникалық регламенттерде белгіленген талаптар мен нормалардың орындалуы қамтамасыз етілген жағдайда пайдаланылуы мүмкін.

      11. Техникалық регламенттерде өнімнің сәйкестігін растау схемалары болмаған кезде олар ұлттық стандарттарда айқындалады.

20-бап. Техникалық регламенттердің мазмұны

      1. Техникалық регламенттер зиян келтіру тәуекелінің дәрежесін ескере отырып, өнімдердің, осы өнімдерге қойылатын талаптармен байланысты процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең аз қажетті талаптарды белгілейді.

      2. Техникалық регламентте:

      1) оның талаптары қолданылатын өнімдердің, процестердің толық тізбесі;

      2) техникалық регламентті қабылдау мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін өнімнің сипаттамаларына, процестерге қойылатын талаптар қамтылуға тиіс.

      Техникалық регламентте өнімнің сынамаларын іріктеп алу және сынақтардан өткізу қағидалары, сәйкестікті бағалау нысандары мен схемалары және (немесе) терминологияға, қаптамаға, таңбалауға немесе затбелгі жапсыруға және оларды салу қағидаларына қойылатын талаптар қамтылуы мүмкін.

      3. Техникалық регламентте зиян келтіру тәуекелінің дәрежесі ескеріле отырып, конструкциясына және орындалуына қойылатын талаптардың болмауына байланысты осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға қол жеткізу қамтамасыз етілмейтін жағдайларды қоспағанда, өнімнің конструкциясы мен орындалуына қойылатын талаптар қамтылмауға тиіс.

      4. Халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттер стандарттары, егер олар осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға сәйкес келсе, техникалық регламенттерді әзірлеу кезінде негіз ретінде толық немесе ішінара қолданылуы мүмкін.

      5. Ұзақ уақыт пайдаланылуы жол берілетін тәуекел дәрежесін айқындауға мүмкіндік бермейтін факторларға байланысты зиян келтірілуі мүмкін өнімге қойылатын талаптарды айқындау мүмкін болмаған жағдайда, техникалық регламентте тұтынушыға өнімнің ықтимал зияны және оған байланысты факторлар туралы хабарлауға қатысты талаптар қамтылуға тиіс.

      6. Техникалық регламенттерде зиян келтіру тәуекелі дәрежесі ескеріле отырып:

      1) азаматтардың жекелеген санаттарын (кәмелетке толмағандарды, жүкті әйелдерді, бала емізетін аналарды, мүгедектігі бар адамдарды) қорғауды қамтамасыз ететін;

      2) егер климаттық және географиялық ерекшеліктерге байланысты мұндай талаптардың болмауы осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға қол жеткізбеуге алып келсе, Қазақстан Республикасының жекелеген әкімшілік-аумақтық бірліктерінде қолданылатын;

      3) техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде адам өмірі мен денсаулығына, Қазақстан Республикасының және басқа да шектес мемлекеттердің қоршаған ортасына қатер төндіретін трансшекаралық қауіпті өндірістік объектілерге қойылатын арнайы талаптар қамтылуы мүмкін.

      7. Техникалық регламенттерде өнімдердің, процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талаптар белгіленеді.

      8. Өнімдердің қауіпсіздігіне және оларға қойылатын талаптармен байланысты өмірлік цикл процестеріне қойылатын талаптарды қамтитын техникалық регламентке қабылданған техникалық регламенттерде белгіленгеннен төмен өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

21-бап. Техникалық регламентті әзірлеу, сараптама жасау, қабылдау, өзгерту және күшін жою ерекшеліктері

      1. Техникалық регламент, техникалық регламентке өзгерістер және (немесе) толықтырулар осы Заңның ережелері ескеріле отырып, белгіленген тәртіппен әзірленеді, қабылданады және күші жойылады.

      2. Техникалық регламентті әзірлеу, өзгерту, толықтыру немесе күшін жою жөніндегі ұсыныстарды құзыретіне міндетті қағидалар мен нормаларды белгілеу кіретін мемлекеттік органдар стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Стандарттау жөніндегі ұлттық органның, мүдделі тараптардың ұсыныстарын ескере отырып дайындайды және уәкілетті органға береді.

      3. Уәкілетті орган техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспардың жобасын қалыптастырады және бекітеді. Техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі бекітілген жоспар бекітілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында белгіленген тәртіппен жариялануға жатады.

      Техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жұмыстарды техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспарда көзделмеген бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді.

      4. Техникалық регламенттiң жобасын әзiрлеген мемлекеттiк орган нормативтiк құқықтық актiнің жобасын әзірлеу, өзгерту және толықтыру немесе оның күшiн жою жөніндегі жұмыстарды бастаған кезден бастап күнтізбелік отыз күннен кешiктiрмей уәкілетті органның интернет-ресурсында техникалық регламенттің жобасын, оған өзгерiстерді және (немесе) толықтыруларды әзiрлеу немесе оның күшiн жою туралы белгіленген нысанда хабарлама орналастырады.

      5. Техникалық регламент жобасын әзірлеген мемлекеттік орган:

      1) жобаны жария талқылауды ұйымдастырады;

      2) алынған ескертулердi ескере отырып, жобаны пысықтайды және жалпыға ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде орналастырады;

      3) сұрау салу бойынша мүдделi тараптарға техникалық регламенттiң жобасына алынған ескертулердi бередi;

      4) қолдану нәтижесінде техникалық регламент талаптарының сақталуы қамтамасыз етілетін өзара байланысты стандарттар тізбесін, сондай-ақ техникалық регламент талаптарын қолдану мен орындау және өнім сәйкестігін бағалауды (растауды) жүзеге асыру үшін қажетті зерттеулер (сынақтар) және өлшемдер қағидалары мен әдістерін, оның ішінде үлгілерді іріктеп алу қағидаларын қамтитын стандарттар тізбесін (бұдан әрі – қағидалар мен әдістерді қамтитын стандарттар тізбесі) қалыптастырады, бұлар техникалық регламент жобасына қосымша түрінде ресімделеді.

      Қолдану нәтижесінде техникалық регламент талаптарының сақталуы қамтамасыз етілетін өзара байланысты стандарттар тізбесі, егер техникалық регламент талаптары тікелей орындалуы мүмкін болса, қалыптастырылмайды.

      Қағидалар мен әдістерді қамтитын стандарттар тізбесі техникалық регламентте сәйкестікті бағалауды жүргізу туралы талаптар қамтылмаған не техникалық регламент талаптарына сәйкестікті бағалау зерттеулер (сынақтар) және өлшемдер жүргізбей жүзеге асырылуы мүмкін жағдайларда, қалыптастырылмайды.

      Қағидалар мен әдістерді қамтитын стандарттар тізбесіне – ұлттық стандарттар және (немесе) мемлекетаралық стандарттар, ал олар болмаған жағдайда өлшемдерді орындау әдістемелері енгізіледі, бұлар өнім сәйкестігін бағалауды (растауды) жүзеге асыру үшін міндетті болып табылады.

      Қағидалар мен әдістерді қамтитын стандарттар тізбесінде техникалық регламент талаптарын қолдану мен орындау және техникалық реттеу объектілерінің сәйкестігін бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті ұлттық стандарт, мемлекетаралық стандарт, өлшемдерді орындау әдістемелері болмаған кезде техникалық регламенттің тиісті талабы тиісті ұлттық стандарт және (немесе) мемлекетаралық стандарт, ал олар болмаған жағдайда, өлшемдерді орындау әдістемесі қағидалар мен әдістерді қамтитын стандарттар тізбесіне енгізілгеннен кейін ғана қолданысқа енгізіледі.

      6. Техникалық регламенттің жобасын жария талқылау мерзімі (оны әзірлеу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарлама жарияланған күнге дейін) кемінде күнтізбелік алпыс күн болуға тиіс.

      7. Техникалық регламенттің жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарлама уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялануға және жобамен және алынған ескертулер тізбесімен танысу тәсілі туралы ақпаратты, техникалық регламенттің жобасын әзірлеген мемлекеттік органның атауын, оның пошталық және электрондық мекенжайларын қамтуға тиіс.

      8. Техникалық регламент жобасының түпкілікті редакциясы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қабылдау үшін ұсынылады.

      9. Техникалық регламентті қабылдау күні мен қолданысқа енгізу немесе күшін жою күні аралығында оның талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру үшін қажетті уақыт кезеңі көзделуге тиіс.

      10. Төтенше мән-жайларға (мемлекеттік органның адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төнуі туралы ақпараты) байланысты техникалық регламентті әзірлеу, қабылдау және қолданысқа енгізу, оның ішінде оған өзгерістер енгізу қажет болған кезде техникалық регламент хабарламаларсыз және жария талқылаусыз қабылданады.

      11. Қабылданған техникалық регламент туралы хабарлама уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялануға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес Дүниежүзілік сауда ұйымы мәселелері жөніндегі ақпарат орталығы арқылы Дүниежүзілік сауда ұйымының Хатшылығына жіберілуге тиіс.

3-тарау. СӘЙКЕСТІКТІ БАҒАЛАУ

22-бап. Сәйкестікті бағалау

      1. Егер техникалық регламентте өзгеше белгіленбесе, айналысқа шығарылатын өнімнің техникалық регламенттердің және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкестігін бағалау ол айналысқа шығарылғанға дейін жүзеге асырылады.

      2. Сәйкестікті бағалау қағидаларында:

      1) сәйкестікті бағалау нысандары, схемалары, рәсімдері;

      2) сәйкестікті бағалау туралы құжаттардың нысандары, оларды ресімдеу, беру, мерзімдік бағалау, олардың қолданысын тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату тәртібі;

      3) ерікті түрде сертификаттау жүйесін құру және қолдану, сондай-ақ тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізілімін жүргізу тәртібі және көрсетілген тізілімдегі мәліметтерді беру тәртібі белгіленеді.

23-бап. Сәйкестікті бағалау нысандары мен объектілері

      1. Сәйкестікті бағалау:

      1) сәйкестікті растау (сәйкестікті декларациялау және сертификаттау);

      2) егер техникалық регламенттерге сәйкес сәйкестікті бағалаудың дербес нысаны болып табылса, сынақтар;

      3) техникалық регламенттерде және (немесе) ұлттық стандарттарда белгіленген өзге де нысандарда жүргізіледі.

      2. Мемлекеттік органдардың осы баптың 1-тармағында көзделген сәйкестікті бағалау нысандарын белгілеуі уәкілетті органмен келісуге жатады.

      3. Сәйкестікті бағалау объектілері техникалық регламенттерде және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттарда айқындалады.

24-бап. Сәйкестікті бағалау туралы құжаттар

      Сәйкестікті бағалау туралы құжаттарға мыналар жатады:

      1) сәйкестік сертификаты;

      2) сәйкестік туралы декларация;

      3) егер сынақ техникалық регламентерге сәйкес сәйкестікті бағалаудың дербес нысаны болып табылса, сынақтар хаттамасы;

      4) жалпы қауіпсіздік туралы декларация;

      5) көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік;

      6) көлік құралы типін мақұлдау;

      7) шасси типін мақұлдау;

      8) техникалық регламенттерде және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттарда тіркеу (мемлекеттік тіркеу), сынақтар, сараптама нысандарында және (немесе) өзге де нысанда белгіленген өзге де құжаттар.

25-бап. Өнімдер мен процестердің және көрсетілетін қызметтердің белгіленген талаптарға сәйкестігін растау

      1. Өнімдердің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін растау сәйкестік туралы декларацияны қабылдау нысанында және (немесе) сертификаттауды жүргізу мен сәйкестік сертификатын беру нысанында жүргізіледі.

      2. Сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды басқару мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі шеңберінде жүзеге асырылады.

      3. Егер техникалық регламенттерде өзгеше белгіленбесе, техникалық жағынан күрделі бұйымның және (немесе) техникалық жағынан күрделі тауардың міндетті талаптарға сәйкестігін растау сертификаттау нысанында жүргізіледі, техникалық жағынан күрделі бұйымның конструктивтік элементтеріне сынақтар хаттамалары ұсынылады.

      4. Қазақстан Республикасының аумағында өнімдер мен процестердің сәйкестігін растау міндетті немесе ерікті сипатта болады.

      5. Сәйкестікті растау схемаларында сәйкестікті анықтау тәсілдері (сынақтар, өндірістің жай-күйін талдау, сапа менеджменті жүйесін бағалау, техникалық құжаттаманы талдау, өнімді талдау) қамтылады және оларды сәйкестікті растау жөніндегі органдар және (немесе) өнім дайындаушылар сертификаттау рәсімдерін жүргізу немесе сәйкестік туралы декларацияны қабылдау кезінде қолданады.

      Өнім сәйкестігін растау кезінде техникалық сарапшылар тартылуы мүмкін.

      6. Шетелдік үлгідегі сәйкестікті бағалау туралы құжаттарды беретін шетелдік және халықаралық ұйымдар Қазақстан Республикасының аумағында қызметін "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қызметтің басталғаны туралы уәкілетті органды хабардар ете отырып, жүзеге асыруға құқылы.

      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 87-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

26-бап. Сәйкестікті міндетті растау

      1. Сәйкестігі міндетті растауға жататын өнім техникалық регламенттерде айқындалады.

      2. Сәйкестікті міндетті растау мынадай нысандарда жүзеге асырылады:

      1) сәйкестiк туралы декларация қабылдау;

      2) міндетті сертификаттау жүргізу.

      3. Сәйкестікті міндетті растау тиісті техникалық регламентте белгіленген жағдайларда ғана және тек қана оның талаптарына сәйкестігіне жүргізіледі.

      Өнімдерді сәйкестендіру мақсатында ұйымдардың стандарттарын қолдануға жол беріледі, бірақ ұйымдардың стандарттары сәйкестікті міндетті растау рәсімдерін жүргізу үшін қолданылмайды.

      4. Егер техникалық регламенттерде өзгеше белгіленбесе, сәйкестікті міндетті растау объектілеріне бұрын тұтынуда болған, көрме үшін және нысаналы пайдаланбау үшін әкелінетін, сондай-ақ гуманитарлық көмек желісі бойынша берілетін өнім жатпайды.

27-бап. Өнімнің жалпы қауіпсіздігі туралы декларация

      1. Өнімнің жалпы қауіпсіздігі туралы декларация Бірыңғай тізбеге енгізілмеген өнімге, сондай-ақ Бірыңғай тізбеге енгізілген, бірақ өзіне қатысты техникалық регламенттер қабылданбаған немесе қолданысқа енгізілмеген өнімге қатысты ресімделеді.

      2. Өнімнің жалпы қауіпсіздігі туралы декларацияны дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы, сатушы ерікті негізде қабылдайды және декларацияны қабылдаған тұлғадан алынған хабарлама негізінде техникалық реттеудің ақпараттық жүйесіне енгізіледі.

      3. Күші айналысқа шығарылатын өнімге қолданылатын ұлттық стандарттарды ерікті негізде қолдану өнімнің жалпы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті шарт болып табылады.

      4. Өнімнің жалпы қауіпсіздігі туралы декларация ұлттық стандарттарды және (немесе) стандарттау жөніндегі басқа да құжаттарды қолдану және (немесе) техникалық құжаттаманы пайдалану нәтижесінде алынған дәлелдемелердің және (немесе) зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдердің нәтижелері негізінде қабылданады.

28-бап. Көлік құралы типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру

      1. Көлік құралы типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру көлік құралы типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды бекіту және тіркеу мақсатында жүзеге асырылады.

      2. Сәйкестікті растау жөніндегі орган көлік құралы типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру жөніндегі қағидаларда көрсетілген құжаттардың тізбесін техникалық хатшылыққа ұсынады.

      3. Техникалық хатшылық құжаттарды қарауды техникалық хатшылыққа келіп түскен күннен бастап есептелетін отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      4. Ұсынылған құжаттар толық болмаған және (немесе) олар көлік құралы типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру жөніндегі қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, техникалық хатшылық жазбаша уәжді бас тартуды қоса бере отырып, ұсынылған құжаттарды сәйкестікті растау жөніндегі органға күнтізбелік он бес күн ішінде қайтарады.

      5. Оң шешім шығарылған жағдайда, техникалық хатшылық көлік құралы типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды уәкілетті органға жібереді.

      6. Техникалық хатшылық зертханалар берген, ресімдеуде және беруде бұзушылықтар бар көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктер туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асырады.

29-бап. Көлік құралының типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу

      1. Көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу жөніндегі қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Техникалық хатшылық көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу үшін уәкілетті органға ұсынады.

      3. Уәкілетті орган көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекітуді және тіркеуді олар уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап есептелетін күнтізбелік он күн ішінде жүзеге асырады.

30-бап. Көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру

      1. Көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беруді техникалық хатшылық көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.

      2. Көлік құралын жасаушы көлік құралын жасаушыға халықаралық сәйкестендіру кодын беру туралы куәлікті алу үшін көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру қағидаларына сәйкес құжаттар тізбесін техникалық хатшылыққа жібереді.

      3. Көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру жөніндегі құжаттарды қарау олар техникалық хатшылыққа келіп түскен күннен бастап есептелетін күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылады.

      4. Көлік құралын жасаушыға құжаттарды қарау нәтижелері бойынша көлік құралын жасаушыға халықаралық сәйкестендіру кодын беру туралы куәлік беріледі.

31-бап. Өнім дайындаушылардың, импорттаушылардың, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалардың, сатушылардың сәйкестікті растау саласындағы құқықтары мен міндеттері

      1. Өнім дайындаушылар, импорттаушылар, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалар және сатушылар:

      1) осы өнім үшін көзделген, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестікті растау нысаны мен схемаларын таңдауға;

      2) аккредиттеу саласы өтінім берілетін өнімге қолданылатын сәйкестікті растау жөніндегі кез келген органға жүгінуге;

      3) егер таңдап алынған сәйкестікті растау схемасында көзделсе, сәйкестігі міндетті растаудан өткен өнімге сәйкестік белгісін қолдануға;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттеу субъектілерінің құқыққа сыйымсыз әрекеттеріне шағым жасай отырып, уәкілетті органға жүгінуге;

      5) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы.

      2. Сәйкестігі міндетті растауға жататын өнім дайындаушылар, импорттаушылар, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалар, сатушылар:

      1) өнімнің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге;

      2) өнімнің сәйкестігін растауды жүргізуді қамтамасыз етуге;

      3) сатып алушылардың, оның ішінде тұтынушылардың талап етуі бойынша өнімнің сәйкестік сертификаттарын, сәйкестік туралы декларацияларын, олардың көшірмелерін ұсынуға;

      4) ілеспе құжаттамада сәйкестік сертификаты немесе сәйкестік туралы декларация жөніндегі мәліметтерді көрсетуге;

      5) егер сәйкестік сертификатының немесе сәйкестік туралы декларацияның қолданылу мерзімі өткен болса не сәйкестік сертификатының немесе сәйкестік туралы декларацияның қолданылуы тоқтатыла тұрған, күші жойылған немесе тоқтатылған болса, өнімді айналысқа шығаруды тоқтата тұруға немесе тоқтатуға;

      6) сәйкестікті растау жөніндегі органға техникалық құжаттамаға немесе сертификатталған өнім өндірудің технологиялық процестеріне енгізілетін өзгерістер туралы хабарлауға;

      7) сәйкестікті растау нәтижелері бойынша техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді өндіруді және (немесе) айналысқа шығаруды тоқтата тұруға;

      8) техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді кері қайтарып алуды қамтамасыз етуге;

      9) уәкілетті органның және техникалық регламенттер талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген өзге де мемлекеттік органдардың ұйғарымдарын олар белгілеген мерзімдерде орындауға міндетті.

32-бап. Сәйкестік сертификаты

      1. Сәйкестік сертификатын өтінім берушіге таңдап алынған сәйкестікті растау схемасына сәйкес барлық рәсімдерді орындаудың оң нәтижелері болған жағдайда өнімдерге, процестерге және көрсетілетін қызметтерге сәйкестікті растау жөніндегі орган береді.

      Дайындаушы, импорттаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, сатушы сәйкестік сертификатының иелері болып табылады.

      2. Сәйкестік сертификатының нысандары және оларды ресімдеу тәртібі сәйкестікті бағалау қағидаларында айқындалады.

      Сәйкестік сертификатын оны берген сәйкестікті растау жөніндегі орган техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде тіркеуге тиіс.

      3. Сәйкестік сертификатының күші Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.

      4. Сериялы шығарылатын өнімге сәйкестік сертификаты сәйкестікті растау схемасында белгіленген мерзімге беріледі.

33-бап. Сәйкестік белгісі

      1. Сәйкестік белгісі сәйкестікті растау рәсімінен өткен өнімді таңбалауға арналады.

      2. Сәйкестік белгісінің бейнесі, оған қойылатын техникалық талаптар және таңбалау тәртібі ұлттық стандарттарда айқындалады.

      3. Сәйкестік сертификатын алған дайындаушы, импорттаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, сатушы сәйкестік белгісін ұлттық стандарттарда белгіленген, өздері үшін қолайлы кез келген тәсілдермен қолдануға құқылы.

      4. Сәйкестігі міндетті растауға жататын және техникалық регламенттерде және (немесе) ұлттық стандарттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін растаудан өтпеген өнімге сәйкестік белгісін қоюға жол берілмейді.

34-бап. Сәйкестік туралы декларация

      1. Сәйкестік туралы декларация, егер бұл техникалық регламенттерде көзделсе, сәйкестігі міндетті растауға жататын өнімге қатысты ресімделеді.

      Дайындаушы, импорттаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, сатушы сәйкестік туралы декларацияны қабылдаушы тұлғалар болып табылады.

      2. Сериялы шығарылатын өнімге және өнім партиясына сәйкестік туралы декларацияның қолданылуы сәйкестікті растау схемасында белгіленеді.

      3. Сәйкестік туралы декларацияны аккредиттеу саласы осы өнім түрін қамтитын сәйкестікті растау жөніндегі орган техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде тіркеуге тиіс.

      4. Сәйкестікті декларациялау:

      1) өз дәлелдемелері негізінде сәйкестік туралы декларацияны қабылдау;

      2) сапа менеджменті жүйелерін сертификаттау жөніндегі органның және (немесе) аккредиттелген зертхананың және (немесе) өнімді сертификаттау жөніндегі органның қатысуымен алынған дәлелдемелер негізінде сәйкестік туралы декларацияны қабылдау арқылы жүзеге асырылады.

      Сәйкестікті растау үшін дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін құжаттардың тізбесі тиісті техникалық регламентте айқындалады.

      Дәлелдемелер ретінде өнімнің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін растауға негіз болған техникалық құжаттама, өз зерттеулері (сынақтары) мен өлшемдерінің нәтижелері және (немесе) басқа да құжаттар пайдаланылады.

      Өз дәлелдемелері және сәйкестікті растау жөніндегі органның қатысуымен алынған дәлелдемелер негізінде сәйкестікті декларациялау кезінде өтінім беруші өз таңдауы бойынша өз дәлелдемелеріне қосымша ретінде зертханада жүргізілген зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдер хаттамаларын пайдалануға, сапа менеджменті жүйесінің сертификатын ұсынуға құқылы.

      Сапа менеджменті жүйесінің сертификаты сәйкестік туралы декларацияны қабылдау кезінде, егер мұндай өнім үшін техникалық регламенттерде сәйкестікті растаудың өзге нысаны көзделген жағдайды қоспағанда, дәлелдемелер құрамында пайдаланылуы мүмкін.

      5. Сәйкестік туралы декларацияның қолданылу мерзімі аяқталған кезден бастап үш жыл бойы сәйкестік туралы декларацияның бір данасы және сәйкестікті растау үшін дәлелдемелер ретінде пайдаланылатын материалдар – өтінім берушіде, ал сәйкестік туралы декларацияның екінші данасы оны тіркеген сәйкестікті растау жөніндегі органда сақталады.

35-бап. Техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген өнімнің нарықтағы айналыс шарттары

      1. Техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген өнімнің белгіленген тәртіппен расталған, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігі оның нарықтағы айналысының қажетті шарты болып табылады.

      2. Еуразиялық экономикалық одақ техникалық регламенттерінің осы өнімге қолданылатын талаптарына сәйкес келетін және Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде белгіленген сәйкестікті бағалау рәсімдерінен өткен өнім Еуразиялық экономикалық одақ құқығына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақ нарығындағы өнім айналысының бірыңғай белгісімен міндетті таңбалауға жатады.

      Техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген, сәйкестікті бағалаудан өтпеген, сондай-ақ сәйкестікті бағалау туралы құжаттарсыз немесе техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде осындай құжаттардың бар-жоғы туралы мәліметтер болмаған кезде өнімді айналысқа шығаруға тыйым салынады.

      Техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген, белгіленген тәртіппен сәйкестікті бағалаудан өтпеген өнімді жарнамалауға жол берілмейді.

      3. Өнім дайындаушылар, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалар, импорттаушылар, сатушылар оны айналысқа шығарған кезде техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың талап етуі бойынша оларға өнімнің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау туралы құжаттарды немесе техникалық реттеу тізілімінен немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінен осындай құжаттардың бар-жоғы туралы мәліметтерді, басқа да дәлелдемелік материалдарды ұсынады.

36-бап. Сәйкестікті ерікті түрде растау

      1. Сәйкестікті ерікті түрде растау ерікті түрде сертификаттау нысанында жүргізіледі.

      2. Ерікті түрде сертификаттау өтінім берушінің бастамасы мен талап етуі бойынша кез келген сәйкестікті бағалау объектілеріне қатысты – олардың стандарттау жөніндегі құжаттарға, ал олар болмаған кезде мәлімделген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан жүргізіледі.

      3. Ерікті түрде сертификаттау жүйесінің жұмыс істеу және қолданылу, сондай-ақ тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізілімін жүргізу және көрсетілген тізілімдегі мәліметтерді беру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      4. Ерікті түрде сертификаттау жүйесін заңды тұлға және (немесе) дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға немесе бірнеше заңды тұлғалар және (немесе) дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғалар құра алады.

      Ерікті түрде сертификаттау жүйесін құрған тұлға немесе тұлғалар сертификаттауға жататын объектілердің тізбесін және сәйкестігіне ерікті түрде сертификаттау жүзеге асырылатын олардың сипаттамаларын белгілейді, осы ерікті түрде сертификаттау жүйесіне қатысушыларды айқындайды.

      Ерікті түрде сертификаттау жүйесінде сәйкестік белгісін қолдану көзделуі мүмкін.

      5. Сәйкестікті ерікті түрде растау, егер бұл техникалық регламентте немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленсе, өнімнің сәйкестігін міндетті растауды алмастырмайды.

      6. Сәйкестікті ерікті түрде растауды сәйкестікті растау жөніндегі орган шарттық негізде жүргізеді.

      7. Сәйкестікті ерікті түрде растау рәсімін жүргізу тәртібіне және сәйкестік белгілерін беруге қойылатын талаптар ұлттық стандарттарда белгіленеді.

      8. Мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және өзге де ұйымдар ұлттық стандарттарға сәйкестігін ерікті түрде растаудан өткен тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің отандық өндірісін дамытуды ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шараларды іске асырады.

37-бап. Көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін растау

      Көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін растау Қазақстан Республикасы заңнамасының және стандарттау жөніндегі құжаттардың белгіленген талаптарына көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін ерікті түрде сертификаттау арқылы жүргізіледі.

      Сертификаттау кезінде қолданылатын схемаларды өтінім беруші сәйкестікті бағалау қағидаларында айқындалған тәртіппен тұтынушы мүлкінің сақталуын қамтамасыз етуге қарай көрсетілетін қызметтерді орындау ерекшеліктерін, сынақтар жүргізу ықтималдылығын, дәлелдемелердің талап етілетін деңгейін, өтінім берушінің ықтимал шығындарын ескере отырып айқындайды.

38-бап. Өнімді сынау

      1. Мыналар сынақтардың мақсаттары болып табылады:

      1) өнім үлгісі, өзге де сәйкестікті бағалау объектісі қасиеттерінің сипаттамаларын айқындау;

      2) егер сынақтар сәйкестікті растау шеңберіндегі рәсім болып табылса, сәйкестікті растаудың жүргізілуін қамтамасыз ету;

      3) егер сынақтар сәйкестікті бағалаудың дербес нысаны болып табылса, осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көрсетілген өзге де мақсаттар.

      2. Мыналар сынақтардың қағидаттары болып табылады:

      1) сынақтар нәтижелерінің анықтығы, сынақтарды жүргізу кезіндегі бейтараптылық;

      2) егер сынақтар сәйкестікті бағалаудың дербес нысаны болып табылса, осы Заңның 4-бабының 2-тармағында көрсетілген өзге де қағидаттар.

      3. Сынақтар, егер бұл сертификаттау немесе сәйкестікті декларациялау кезінде қолданылатын сәйкестікті растау схемасында көзделсе, сәйкестікті растау шеңберіндегі рәсім болып табылады. Сынақтар, егер бұл техникалық регламенттерде көзделсе, сәйкестікті бағалаудың дербес нысаны болып табылады.

      4. Осы Заңның 43-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, зертхана сынақтарды өтінім берушінің сынақтар жүргізуге берген өтінімі негізінде және сынақтар жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындауға шарт жасалған жағдайда жүргізеді.

      5. Сынақтарды, егер бұл сертификаттау немесе сәйкестікті декларациялау кезінде қолданылатын сәйкестікті растау схемасында көзделсе, тиісті аккредиттеу саласы бар аккредиттелген зертхана жүргізеді.

39-бап. Шет мемлекеттердің сәйкестікті растау нәтижелерін тану

      1. Шет мемлекеттердің сәйкестік сертификаттары, өнімді сынақтан өткізу хаттамалары, сәйкестік белгілері және сәйкестікті бағалау туралы өзге де құжаттар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен танылады.

      2. Осы баптың ережелері халықаралық мамандандырылған көрме аумағын көрмеден кейін пайдалануға арналған тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтар аумағында жобаларды іске асыруға қатысты шетелдік сәйкестік сертификаттарына, сынақтан өткізу хаттамаларына, сәйкестік белгілеріне және сәйкестікті бағалау туралы өзге де құжаттарға қолданылмайды.

4-тарау. УӘКІЛЕТТІ ОРГАН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ МЕН ҚАДАҒАЛАУ

40-бап. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау мақсаттары, субъектілері және объектілері

      1. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта, оның ішінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесі үшін техникалық реттеу объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүлкін, оның ішінде олардың сәйкестігін бағалаудың анықтығын қамтамасыз ету арқылы қорғау, техникалық реттеу объектілерінің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын жағдайларды болғызбау және саудадағы техникалық кедергілерді жою мақсатында Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге бағытталған.

      2. Мыналар техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілері болып табылады:

      1) сәйкестікті растау, аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторлар;

      2) аккредиттеу субъектілері;

      3) тауарды шығарған елді, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшылық ұйым және сарапшы-аудиторлар;

      4) тауардың шығарылған жері туралы сертификат және ішкі айналысқа арналған тауардың шығарылған жері туралы, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау туралы сертификат беруге уәкілеттік берілген ұйым;

      5) оқу орталықтары;

      6) аккредиттеу жөніндегі орган;

      7) техникалық реттеу объектілеріне қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иелену, пайдалану және (немесе) билік ету құқығына ие дайындаушылар, импорттаушылар, сатушылар, дайындаушылар уәкілеттік берген тұлғалар.

      3. Техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген өнім техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау және қадғалау объектісі болып табылады.

      4. Уәкілетті органның ведомствосы, оның аумақтық бөлімшелері және олардың лауазымды адамдары бақылау және қадағалау субъектілеріне және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық-санитариялық, карантиндік-фитосанитариялық бақылау мен қадағалауға жататын өнімді қоспағанда, техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген өнімге қатысты оны айналысқа шығару сатысында Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің не Еуразиялық экономикалық комиссия шешімдерінің сақталуына техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.

      5. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау және бақылау мақсатында сатып алу нысанында жүзеге асырылады.

      Тексеруді және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырады.

      Өнім үлгілерін іріктеп алу қажеттігіне байланысты бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылауды уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырады.

      Бақылау және қадағалау субъектісіне бармай профилактикалық бақылауды, бақылау мақсатында сатып алуды уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырады.

      Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

41-бап. Бақылау және қадағалау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау

      Ескерту. 41-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Бақылау және қадағалау субъектісіне бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу және оларға жол бермеу, бақылау мен қадағалау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын бақылау және қадағалау субъектісіне беру және оған әкімшілік жүктемені азайту болып табылады.

      2. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді зерделеу, талдау, салыстыру арқылы, оның ішінде:

      1) мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілері, мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдар берген;

      2) техникалық реттеудің ақпараттық жүйесінен және басқа да ақпараттық жүйелерден алынған;

      3) бұқаралық ақпарат құралдарынан және өзге де ашық көздерден, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінен алынған мәліметтер негізінде жүзеге асырылады.

      3. Айналысқа шығару кезінде техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігі тексерілетін өнім – бақылау және қадағалау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау объектісі, ал оған қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иелену, пайдалану және (немесе) билік ету құқығына ие тұлға бақылау және қадағалау субъектісі болып табылады.

      4. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау қорытындысы бойынша бақылау және қадағалау субъектісіне бұзушылықтарды жою тәсілі міндетті түрде түсіндіріле отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалмай, бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным (бұдан әрі – ұсыным) жасалады.

      5. Ұсыным бақылау және қадағалау субъектісіне қолын қойғызып, жеке өзіне немесе жөнелту мен алу фактілерін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.

      Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген ұсыным мынадай жағдайларда:

      1) қолма-қол – ұсынымға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;

      2) поштамен – тапсырысты хатпен;

      3) электрондық тәсілмен – бақылау және қадағалау субъектісінің электрондық мекенжайына жөнелтілген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.

      6. Ұсыным табыс етілген күнінен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде, ал стандарттау жөніндегі құжаттарда және қағидалар мен әдістерді қамтитын стандарттар тізбесіне енгізілген өлшемдерді орындау әдістемелерінде белгіленген, өнімнің сәйкестігін бағалау рәсімін жүргізудің неғұрлым ұзақ мерзімі болған жағдайда, ұсыным табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.

      7. Бақылау және қадағалау субъектісі ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсынымды жіберген уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.

      8. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүргізу жиілігі – ай сайын 25-нен кешіктірілмей, айына бір реттен артық емес.

      9. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды тіркеудің арнайы журналында есепке алынуға тиіс, ол нөмірленген, тігілген және уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің мөрімен бекемделген болуға тиіс.

      Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

42-бап. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау немесе бақылау мақсатында сатып алу шеңберінде өнім үлгілерін іріктеп алу

      1. Өнім үлгілерін іріктеп алу Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-2, 144-3 және 149-баптарына және осы Заңға сәйкес бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау немесе бақылау мақсатында сатып алу кезінде жүргізіледі. Өнім үлгілерін іріктеп алу мұндай өнімнің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан сынақтар жүргізу үшін оны айналысқа шығару сатысында жүзеге асырылады.

      2. Уәкілетті орган бекіткен техникалық реттеу саласында бақылау мақсатында сатып алуды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне сәйкес қабылданған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік бақылау мен қадағалау жөніндегі аумақтық бас мемлекеттік инспекторының немесе оның міндетін атқаратын адамның шешімі бақылау мақсатында сатып алуды жүргізуге негіз болып табылады.

      3. Осы баптың шеңберінде бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау немесе бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері бойынша бұзушылықтар болған жағдайда Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасалады.

      Ескерту. 42-бап жаңа редакцияда – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

43-бап. Техникалық реттеу саласында өнім үлгілерін іріктеп алу

      1. Өнім үлгілерін іріктеп алу уәкілетті орган айқындайтын және бекітетін, техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу үшін өнімдер тізбесіне енгізілген өнімге қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 149-бабына сәйкес жүргізіледі.

      2. Мұндай іріктеп алуға мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) профилактикалық бақылау және (немесе) жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша анықталған, өнімнің сәйкестігін бағалауды жүзеге асыру кезінде техникалық регламенттер талаптарын бұзушылықтарды талдау және (немесе) техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген, айналысқа шығарылған өнімге сәйкестікті бағалау туралы құжаттардың немесе техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімінде осындай құжаттар туралы мәліметтердің болмауы негіз болып табылады.

      3. Уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары бақылау мен қадағалау жүргізу үшін өнім үлгілерін іріктеп алуды Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сәйкес аккредиттелген және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес таңдап алынған зертханаларда оларды сынақтан өткізу мақсатында жүргізеді. Іріктеліп алынған үлгілердің санын уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары нормативтік құқықтық актілердің, өнімге және өнімді сынақтан өткізу әдістеріне арналған ұлттық және мемлекетаралық стандарттардың талаптарын ескере отырып айқындайды. Өнім үлгілерін іріктеп алуды бақылау және қадағалау субъектісі басшысының немесе өкілінің қатысуымен жүргізіледі және өнімді алу фактісін растайтын құжатпен куәландырылады.

      4. Өнім үлгілерін іріктеп алу:

      өнім техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, жұмсалған үлгілердің құнын және сынақтар (талдаулар, өлшемдер) жүргізуге арналған шығындарды бюджет қаражаты есебіне жатқыза отырып;

      өнім техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, жұмсалған үлгілердің құнын және сынақтар (талдаулар, өлшемдер) жүргізуге арналған шығындарды тексерілетін тұлғалардың есебіне жатқыза отырып жүзеге асырылады.

      Өнімге сынақтар жүргізу үшін техникалық жағынан күрделі тауардың (бұйымның) үлгілерін іріктеп алу, егер осы техникалық жағынан күрделі тауарды (бұйымды) сынау әдістері ол үшін бұзушы әдістер болып табылмаса, бақылау және қадағалау субъектісі басшысының немесе өкілінің қатысуымен сатып алусыз жүргізілуі мүмкін.

      5. Алып тасталды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 43-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 87-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

44-бап. Жедел ден қою шаралары және оларды қолдану тәртібі

      1. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында және (немесе) оның нәтижелері бойынша уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері жеке және (немесе) заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) өнімі (тауары), қызметі анықталған жағдайларда жедел ден қою шараларын қолданады.

      2. Тексеруді, бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылауды, өнімді (тауарды) бақылау мақсатында сатып алуды жүргізу барысында және (немесе) оның қорытындылары бойынша бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қолданылатын әсер ету тәсілдері түрлері осы бапта көзделген жедел ден қою шаралары болып табылады.

      3. Жедел ден қою шаралары мынадай түрлерді қамтиды:

      1) өнімді айналысқа шығаруға тыйым салу;

      2) өнімді алып қою.

      4. Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 143-бабына сәйкес мемлекеттік бақылау нысанасы болып табылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтар жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылады.

      5. Уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында және (немесе) оның нәтижелері бойынша жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылатын, талаптарды бұзушылықтар анықталған кезде уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулы нысанындағы қадағалау актісін ресімдейді.

      Жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 153-бабына сәйкес ресімделеді және бақылау және қадағалау субъектісіне табыс етіледі.

      6. Жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулыны қолма-қол табыс ету кезінде оны қабылдаудан бас тартылған жағдайда оған тиісті жазба енгізіледі және жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулы қабылдаудан бас тарту фактісін тіркейтін бейнежазба жүзеге асырылады.

      Жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулы оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар хатпен бақылау және қадағалау субъектісінің заңды мекенжайына, тұрған жеріне немесе нақты мекенжайына жіберіледі.

      7. Жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулыны алудан бас тарту оны орындамауға негіз болып табылмайды.

      8. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында және (немесе) оның нәтижелері бойынша анықталған, жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылатын, талаптарды бұзушылықтар бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру және (немесе) өнімді (тауарды) бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері туралы актіде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасы талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетіледі.

      9. Бақылау және қадағалау субъектісі жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылатын, талаптарды анықталған бұзушылықтарды Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасы талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген мерзімдерде жоюға міндетті.

      10. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, тексеру және (немесе) бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасы талаптарын анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көзделген мерзімдер өткенге дейін бақылау және қадағалау субъектісі бұзушылықтың жойылу фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса бере отырып, анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат беруге міндетті.

      11. Осы баптың 10-тармағына сәйкес жедел ден қою шарасын қолдануға негіз болып табылатын анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат берілген жағдайда немесе бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды, тексеруді және (немесе) бақылау мақсатында сатып алуды жүзеге асыру барысында немесе олардың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері өткеннен кейін олардың жойылғанын бақылау бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.

      Уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 5-тармағының 2-1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актінің негізінде жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылатын, талаптарды анықталған бұзушылықтардың жойылғанын растаған жағдайда жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулының қолданысы тоқтатылады.

      12. Жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылатын, талаптарды анықталған бұзушылықтар жойылмаған жағдайда жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарға жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылданады.

      13. Бақылау және қадағалау субъектісі жедел ден қою шараларын қолдануға алып келген мемлекеттік бақылау нәтижелерімен келіспеген жағдайда жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулыны жарамсыз деп тану және оның күшін жою туралы шағым бере алады.

      Шағым Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 29-тарауында көзделген тәртіппен жоғары тұрған мемлекеттік органға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа беріледі.

      Шағым беру жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулының орындалуын тоқтата тұрмайды.

      14. Жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулыны жарамсыз деп тануға және оның күшін жоюға:

      1) жедел ден қою шараларын қолдануға негіздің болмауы;

      2) жедел ден қою шарасының осы шараға сәйкес келмейтін негіз бойынша қолданылуы;

      3) уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшелерінің жедел ден қою шараларын өз құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша қолдануы негіз болып табылады.

      15. Жедел ден қою шараларының қолданылуы туралы ақпарат өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындаған тәртіппен жіберіледі.

      16. Алып қойылған өнімді сақтау уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

      17. Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін және жеке және (немесе) заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне, адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін алып қойылған өнім шаруашылық және өзге де қызметте қолдануға жатпайды және уәкілетті орган белгілеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экология заңнамасында, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы, азаматтық қорғау туралы заңнамасында белгіленген талаптар және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптары сақтала отырып жойылуға тиіс не кәдеге жаратылуы немесе қайта өңделуі немесе Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге кері әкетілуі мүмкін.

      Өнімді алып қою қолданылғаннан кейін уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі дайындаушыны, импорттаушыны, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаны техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді айналымға шығаруға жол бермеу үшін шаралар қабылдау қажеттігі туралы хабардар етеді.

      18. Алып қойылған өнімді тасымалдауға (тасуға), сақтауға, жоюға, кәдеге жаратуға, қайта өңдеуге немесе оны Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге кері әкетуге байланысты шығыстарды бақылау және қадағалау субъектісі көтереді.

      19. Егер өнімнің зертханалық сынақтарының қорытындысы бойынша оның техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтіні дәлелденетін болса, өнімді алып қою түріндегі жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулы шығарған уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамдары алып қойылған өнімге сәйкестікті бағалау туралы құжаттың күшін жояды.

      20. Уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдары белгіленген тәртіппен сәйкестікті бағалаудан өтпеген өнімге сәйкестікті бағалау туралы құжаттардың күшін жояды.

      21. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру барысында сәйкестікті бағалау туралы қолдан жасалған құжаттар анықталған кезде бұл туралы қылмыстық қудалау органдарына хабарлануға тиіс.

      Ескерту. 44-бап жаңа редакцияда – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

45-бап. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар

      1. Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға мыналар жатады:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы – уәкілетті орган ведомствосының басшысы;

      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары – уәкілетті орган ведомствосы басшысының орынбасарлары;

      3) мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі аумақтық бас мемлекеттік инспекторлар – аумақтық бөлімшелердің басшылары;

      4) мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі аумақтық бас мемлекеттік инспекторлардың орынбасарлары – аумақтық бөлімшелер басшыларының орынбасарлары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары;

      5) мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар – аумақтық бөлімшелердің мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі мамандары.

      2. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар жасаған (берген, шығарған) ұсынымдар, нұсқамалар, өнімді алып қою туралы және өнімді айналысқа шығаруға тыйым салу туралы қаулылар барлық мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектісінің орындауы үшін міндетті болады.

46-бап. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары мен міндеттері

      1. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:

      1) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық-санитариялық, карантиндік-фитосанитариялық бақылау мен қадағалауға жататын өнімді қоспағанда, өнім үлгілерін іріктеп алуды жүргізуге;

      2) ұсынымдар жасауға және өнімді айналысқа шығаруға тыйым салу туралы немесе өнімді алып қою туралы қаулылар шығаруға;

      3) осы Заңда көзделген жағдайларда, өнімге сәйкестікті бағалау туралы құжаттардың күшін жоюға;

      4) техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді айналысқа шығаратын тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа тартуға;

      5) өнім өткізуге және тұтынуға жарамсыз деп танылған жағдайда оны жою жөніндегі комиссияларға қатысуға;

      6) техникалық реттеу объектілерінің техникалық регламенттерге сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда, техникалық реттеу саласындағы өзге де мемлекеттік органдар алдында өз құзыреті шегінде сәйкес келмеу себептерін өмірлік циклдің кез келген сатысында тексеруге бастамашылық жасауға;

      7) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасы бұзылған жағдайда, сотқа талап қоюды беруге;

      8) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беруге;

      9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      2. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:

      1) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын қолдану бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге, дайындаушыларға, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаларға, импорттаушыларға, сатушыларға қолда бар техникалық регламенттер туралы ақпарат беруге;

      2) коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға;

      3) егер бақылау және қадағалау субъектісіне тиесілі өнім жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей қатер төндіретін болса, оны айналысқа шығарудың жолын кесу және оған жол бермеу жөнінде шаралар қолдануға;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

47-бап. Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын сақтамағаны үшін жауаптылығы

      1. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

      2. Өнімнің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі салдарынан жеке тұлғаның өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне не заңды тұлғаның мүлкіне келтірілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге тиіс.

      3. Егер сәйкестікті бағалау рәсімдерінің бұзылуы не олардың көрінеу анық еместігі салдарынан техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін, алып қоюға жататын өнімнің айналысқа шығарылғаны анықталса, сәйкестікті бағалау туралы құжатты немесе сәйкестікті бағалау туралы құжатты беруге (тіркеуге) негіз болған өнімді сынақтан өткізу хаттамасын берген (тіркеген) аккредиттеу субъектісі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

48-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Техникалық реттеу туралы" 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 21, 124-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 15, 92-құжат; № 24, 148-құжат; 2008 ж., № 15-16, 60-құжат; 2009 ж., № 17, 80-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 26-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 5, 41-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 4, 21-құжат; № 14, 75-құжат; № 15, 81-құжат; № 21-22, 114-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; № 22-V, 156-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 7-II, 53-құжат; 2017 ж., № 11, 29-құжат; № 22-ІІІ, 109-құжат; № 23-ІІІ, 111-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 19, 62-құжат; № 24, 94-құжат; 2019 ж., № 7, 37, 39-құжаттар) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады