Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына қолма-қол ақша айналысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2021 жылғы 24 мамырдағы № 51 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 28 мамырда № 22867 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасына және үшінші бөлігінің 4-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының қолма-қол ақша айналысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін кейбір қаулыларының тізбесі бекітілсін.

      2. Қолма-қол ақша айналысы департаменті (Ж.Т. Қажымұратов) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (А.С. Касенов) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Ақпарат және коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі (Ә.Р. Адамбаева) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д.В. Вагаповқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2021 жылғы 24 мамырдағы
№ 51 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының қолма-қол ақша айналысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін кейбір қаулыларының тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстан алынатын және алынған банкноттары мен монеталарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының тозған және бүлінген банкноттары мен монеталарын айырбастау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 253 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7926 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстан алынатын және алынған банкноттары мен монеталарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының тозған және бүлінген банкноттары мен монеталарын айырбастау қағидаларында:

      9-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ұлттық Банктің филиалы тозған және бүлінген банкноттар мен монеталарды "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жеке және заңды тұлғалармен кассалық операциялар жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 28 қыркүйектегі № 120 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21299 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жеке және заңды тұлғалармен кассалық операциялар жүргізу қағидаларына сәйкес сараптамадан өткізеді және айырбастайды.".

      2. "Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының айналыстағы ақша белгiлерiнiң дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 228 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12946 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының айналыстағы ақша белгiлерiнiң дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру қағидаларында:

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Ескi және жаңа үлгiдегi ақша белгiлерiнiң айналыста қатар жүру кезеңi жаңа үлгідегі ақша белгісі айналысқа енгізілген күннен бастап 12 (он екі) айды құрайды.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Жаңа және ескi үлгiдегi ақша белгiлерiнiң айналыста қатар жүру кезеңi аяқталған соң ескi үлгiдегi ақша белгiлерi Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында айналыстан алынады. Ескі үлгідегі ақша белгілері Қағидалардың 10, 11, 12-тармақтарында белгіленген тәртіппен ауыстыруға жатады.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Банктер, Ұлттық почта операторы жаңа және ескi үлгiдегi ақша белгiлерiнiң айналыста қатар жүру кезеңi аяқталған күннен бастап 3 (үш) жыл ішінде:

      1) заңды және жеке тұлғалардан ескі үлгідегі ақша белгілерін қабылдайды және жаңа үлгідегі ақша белгілеріне ауыстырады;

      2) қолда бар ескi үлгiдегi ақша белгілерін Ұлттық Банктiң филиалдарына өткізеді.";

      12, 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Ұлттық Банктің филиалдары Қағидалардың 10-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін 2006 жылғы үлгідегі банкноттарды қосқанда, жеке және заңды тұлғалардан ескі үлгідегі ақша белгілерін қабылдайды және "Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының төлемділігін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 29 қарашадағы № 230 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16120 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының төлемділігін айқындау қағидаларына сәйкес олардың түпнұсқалығы расталғаннан кейін оларды жаңа үлгідегі ақша белгілеріне ауыстырады.

      13. Қағидалардың 7 және 10-тармақтарында көзделген мерзімдерді ұзарту туралы, сондай-ақ ескі және жаңа үлгідегі ақша белгілерінің айналыста қатар жүруінің жаңа кезеңін, заңды және жеке тұлғалардан ескі үлгідегі ақша белгілерін қабылдау және жаңа үлгідегі ақша белгілеріне ауыстыру мерзімін белгілеу туралы шешімді Ұлттық Банк Басқармасы қабылдайды.".

      3. "Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстағы монеталарының қатар айналыста болу кезеңін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 2 шілдедегі № 114 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19002 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      2-тармақтың 2) тармақшасының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) Ұлттық Банктің филиалдары "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жеке және заңды тұлғалармен кассалық операциялар жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 28 қыркүйектегі № 120 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21299 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жеке және заңды тұлғалармен кассалық операциялар жүргізу қағидаларына сәйкес:".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады