Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді кері қайтарып алу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 29 мамырдағы № 373-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 1 маусымда № 22884 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 21) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса ұсынылып отырған Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді кері қайтарып алу қағидалары бекітілсін.

      2. Төменде көрсетілген бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді алып қоюды және кері қайтарып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 1155 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12668 болып тіркелген);

      2) "Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді алып қоюды және кері қайтарып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 1155 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 102-НҚ бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20511 болып тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасының
сауда және интеграция
министрінің
2021 жылғы 29 мамырдағы
№ 373-НҚ бұйрығымен
бекітілген

Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді кері қайтарып алу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді кері қайтарып алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 1-тармағының 21) тармақшасына сәйкес әзірленді және техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді кері қайтарып алу (бұдан әрі – өнімді кері қайтарып алу), дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы немесе сатушы өзі айналымға шығарған осындай өнімді қайтару тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар өнімді тек жеке, отбасылық, үй ішінде немесе кәсіпкерлік қызметпен байланысты өзге де пайдалану үшін алған және (немесе) пайдаланатын тұлғадан кері қайтарып алуға жататын немесе кері қайтарып алынған өнімге қолданылады (бұдан әрі – сатып алушы).

2-тарау. Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді кері қайтарып алу тәртібі

      3. Дайындаушының, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның, импорттаушының немесе сатушының техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді айналымға шығаруды белгілеуі өнімді кері қайтарып алу үшін негіз болып табылады.

      4. Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген негіздер туындаған кезде дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы немесе сатушы өнімді одан әрі айналымға жібермеу мақсатында оны кері қайтарып алады.

      5. Дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы немесе сатушы тәуекелдерді болдырмау мақсатында сатып алушыдан өнімді дербес кері қайтарып алады және кері қайтарып алуға жататын өнімнің нақты топтамасын, көлемін, бірлігін сәйкестендіреді.

      Топтамадан немесе сериядан өнімнің белгілі бір саны қайтарып алуға жатады.

      6. Егер оның құны сатып алушыға қайтарылған жағдайда, осы Қағидалардың 3-тармағының негізінде кері қайтарылған өнімге дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы немесе сатушы өз бетінше иелік етеді.

      7. Егер сәйкессіздік жойылмайтын болып табылса, кері қайтарып алынған өнім осындай сәйкессіздік анықталған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде стандарттау жөніндегі құжаттармен және (немесе) техникалық регламенттермен белгілеген талаптарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы, азаматтық қорғау туралы заңнамасын және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының аумағынан қайта өңдеуге, кәдеге жаратуға, жоюға не кері әкетуге жатады немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге кері әкетілді.

      8. Егер кері қайтарып алынған өнімнің сәйкессіздігі жойылатын болса, дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы немесе сатушы осы сәйкессіздікті өнімді сатып алушымен келісілген мерзімде жояды.

      9. Бұзушылықтар мына жағдайларда жойылады деп саналады:

      1) осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, өнімді сатып алушымен келісілген түзету іс-қимылдары арқылы дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы немесе сатушы анықталған сәйкессіздіктерді қосымша және (немесе) қайта сынақтар жүргізбестен, өнімнің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін жоя алса;

      2) сәйкестікті бағалау кезінде расталатын қауіпсіздік көрсеткіштеріне әсер етпейтін өнімнің конструкциясына (құрамына) немесе оны өндіру технологиясына өзгерістер енгізсе;

      3) өнім өндіру технологиясының, технологиялық процестің өзгеруі (орындалмауы) өнімнің сәйкестікті бағалау кезінде тексерілетін талаптарға сәйкессіздігін туғызбаса;

      4) осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, сатып алушымен келісілген түзету іс-қимылдары арқылы дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы немесе сатушы анықталған сәйкессіздіктерді өнімнің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін қосымша және (немесе) қайта сынауды және бағалауды жүргізумен жоя алса.

      10. Дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы немесе сатушы өнімді кері қайтарып алу бойынша қабылданған шаралардың нәтижелері бойынша техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органды өнімдер туралы мәліметтерді (атауы, сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының коды, саны (бірлік (данада), массасы (килограммен), көлемі (литрмен), құны, топтама №, дайындалған күні, сәйкестікті бағалау туралы құжат туралы мәліметтер) және техникалық регламент талаптарының анықталған сәйкессіздіктерін (тармақтарын, баптарын) көрсете отырып, техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі арқылы электрондық түрде хабардар етеді.

      Техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган адал кәсіпкерлікті ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жеңілдету шараларын көздейді.

      11. Сатып алушыларға хабарлау, кері қайтарып алу шарттары туралы толық ақпарат алу үшін (алмасу, қайтару, өтеу арқылы) өзінің байланыс деректерін, осындай өнімді қабылдау пункттерінің орналасқан жерін және осындай өнімді пайдалану нәтижесінде сатып алушының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу, адамның өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіру мүмкіндігі туралы міндетті түрде ескертумен, жауапты адамдарды көрсете отырып ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы қазақ және (немесе) орыс тілдерінде жүзеге асырылады.

      12. Дайындаушы, дайындаушы ол уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы және сатушы сатып алушылардан кері қайтарып алынған өнімді тиімді қабылдауды қамтамасыз ету үшін өзара іс-қимыл жасайды. Сатып алушының байланыс деректері болған жағдайда, дайындаушы немесе ол уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы немесе сатушы осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген негіздер туындаған сәттен бастап күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде оған техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді кері қайтарып алу туралы тікелей хабарлайды.

      13. Қайта өңделген өнімді одан әрі пайдалану немесе оның нарықтағы айналымы мүмкіндігі Заңға сәйкес техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін міндетті растау рәсімінен өту арқылы жүзеге асырылады.

      14. Сатып алушы өнімнің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкессіздігі анықталған кезде "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 42-4-бабының 1-тармағына сәйкес оны ерікті түрде кері қайтарып алуды қамтамасыз ету үшін дайындаушыға, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаға, импорттаушыға және сатушыға табысталғаны туралы хабарламамен не электрондық пошта мекенжайы бойынша немесе басқа да байланыс құралдарымен тапсырысты пошта жөнелтілімі түрінде жазбаша нысанда өтініш жасайды.

      Дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы және сатушы күнтізбелік 10 (он) күн ішінде сатып алушыға "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 42-4-бабының 2-тармағына сәйкес оның өтінішін қараудың нәтижелері және қабылданған шаралары туралы жауап береді.

      15. Егер дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы және сатушы сәйкес келмейтін өнімді сатып алушыдан кері қайтарып алу жөнінде шаралар қолданбаған жағдайда, сатып алушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылдау үшін техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органға жүгінеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады