Климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ұйымдастыру және іске асыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 2 маусымдағы № 170 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 9 маусымда № 22974 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы Экология кодексінің 314-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ұйымдастыру және іске асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) және тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрі
М. Мирзагалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрінің
2021 жылғы 2 маусымдағы
№ 170 Бұйрығымен
бекітілген

Климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ұйымдастыру және іске асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ұйымдастыру және іске асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы Экология кодексінің 314-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен айқындамалар пайдаланылады:

      1) климат және климаттың әсері туралы ақпарат – қазіргі және өткен климаттық тенденциялар мен оқиғалар, болашақтағы климаттың өзгеруі туралы болжам, климаттың ағымдағы және өткен әсерлері және климаттың өзгеруінің болжамды әсерлері туралы деректер;

      2) орталық және жергілікті атқарушы органдар – климаттың өзгеруіне бейімделу процесін әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, орман шаруашылығы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары;

      3) уәкілетті орган – қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган.

      3. Климаттың өзгеруіне бейімделу процесін осы Қағидаларға сәйкес климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басымдық ретінде айқындалған (ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, орман шаруашылығы және азаматтық қорғау) мемлекеттік басқару салалары бойынша орталық атқарушы органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

2-тарау. Климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ұйымдастыру және іске асыру тәртібі

      4. Орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу туралы шешім қабылданған сәттен бастап және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басымдық ретінде айқындалған мемлекеттік басқару салалары бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу мен іске асырудың бүкіл кезеңі ішінде климаттың өзгеруіне бейімделу процесін жүзеге асырады.

      5. Климаттың өзгеруіне бейімделу процесі Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы Экология кодексінің 314-бабының 1-тармағында айқындалған сатыларды қамтиды.

      6. Климат және климаттың әсері туралы ақпарат жинауды климаттың өзгеруіне бейімдеу үшін басым ретінде айқындалған мемлекеттік басқару салалары бойынша мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуді талдау кезеңінде осалдықтарға бағалау жүргізу және климаттың өзгеруіне бейімделуді жоспарлау үшін орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

      7. Орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жинайтын ақпарат осалдыққа бағалау жүргізу және климаттың өзгеруіне бейімделуді жоспарлау үшін климат және климаттың әсері туралы ақпаратты қамтиды.

      8. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген ақпаратты жинау мынадай көздерден жүзеге асырылады:

      1) климаттың өзгеруі жөніндегі Үкіметаралық сарапшылар тобының, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерін қоса алғанда, климаттың әсері туралы деректер;

      2) қазақстандық және шетелдік ғылыми жарияланымдар, климаттың өзгеруі тақырыбы бойынша қазақстандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулерінің жарияланған деректері;

      3) мемлекеттік экологиялық ақпарат қоры;

      4) климаттың өзгеруі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары шеңберінде дайындалған ұлттық хабарламалар мен баяндамалар;

      5) климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның және климаттың өзгеруі саласындағы мамандандырылған басқа да халықаралық ұйымдардың жарияланымдары;

      6) климаттың әсерін, климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау және климаттың өзгеру әсерін болжау бойынша Қазақстандық, халықаралық және шетелдік жобалардың есептері мен жарияланымдары;

      9. Қолжетімді көздерден ақпарат жинауды бейімделуді жоспарлау процесінің, Мемлекеттік басқарудың бейімделетін саласының (ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, орман шаруашылығы, азаматтық қорғау) ерекшелігін және бейімделуді жоспарлау деңгейін, бейімдеу жоспарланатын өңірдің ерекшелігін ескере отырып, орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

      10. Уәкілетті орган орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының сұрау салулары бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың орталық және жергілікті атқарушы органдарына уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымдарынан және халықаралық көздерден осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген ақпаратты алуға жәрдем көрсетеді.

      11. Осы Қағидалардың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген климат және климаттың әсері туралы ақпаратты осалдықтарды бағалауды және климаттың өзгеруіне бейімделуді жоспарлауды жүргізетін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың орталық және жергілікті атқарушы органдарымен келісім бойынша уәкілетті орган айқындайды.

      12. Климат және оның әсері туралы жиналған ақпаратты талдау кезеңінде және климаттың өзгеруіне бейімдеу үшін басым ретінде айқындалған мемлекеттік басқару саласы бойынша мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуді жоспарлау кезеңі басталғанға дейін орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары осалдықты бағалау үшін пайдаланады.

      Орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары осы кезеңде климаттың өзгеруі жөніндегі сарапшылармен, климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым ретінде айқындалған мемлекеттік басқару салалары бойынша сарапшылармен фокус-топтарда талқылау негізінде климаттың өзгеруінің болжамды әсерлері туралы ақпаратты да қалыптастырады.

      13. Климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау келесі кезеңдерді қамтиды:

      1) әсер ету шеңберін белгілеу;

      2) осалдықты бағалау әдістемесін таңдау;

      3) климаттық қауіптер мен олардың әсерін анықтау;

      4) климаттың өзгеруіне ықтимал осалдықтарды анықтау;

      5) қауіптердің ықтимал осалдықпен байланысын салыстыру;

      6) қауіптің туындау ықтималдығын бағалау;

      7) осалдық салдарын бағалау;

      8) тәуекелдерді бағалау және тәуекелдердің түпкілікті матрицасын құру.

      14. Ықпал ету шеңберін айқындауды климаттың өзгеруіне осалдықты бағалауды жүргізетін орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

      Әсер ету шеңберінің мазмұны әртүрлі объектілерге қатысты климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау кезінде өзгереді және оның негізінде анықталады:

      1) климаттың өзгеруіне осалдығын бағалау жүргізілетін мемлекеттік басқару саласын, аумақты (облысты немесе қаланы) дамытудың стратегиялық мақсаттары немесе міндеттері;

      2) тиісті мемлекеттік басқару саласының, аумақтың (облыстың немесе қаланың) түйінді құрамдас бөліктері немесе ресурстары.

      15. Әсер ету шеңберін айқындау кезінде орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:

      1) климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі сарапшылармен, тиісті мемлекеттік басқару саласының, облыстың немесе қаланың жауапты лауазымды адамдарымен және мүдделі тараптардың басқа да өкілдерімен консультациялар өткізеді;

      2) қолданыстағы стратегиялық жоспарларды, аумақтық даму бағдарламаларын, әртүрлі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды немесе климаттың өзгеруіне бейімделу процесі жүзеге асырылатын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым ретінде айқындалған мемлекеттік басқару салалары бойынша қолда бар талдамалық баяндамалар мен материалдарды қоса алғанда, қолда бар, тексерілген және қабылданған ақпараттық материалдарды пайдаланады;

      3) климаттың өзгеруіне бейімдеу үшін басым ретінде айқындалған мемлекеттік басқару салалары бойынша не климаттың өзгеруіне бейімделу процесі жүзеге асырылатын облыс немесе қала бойынша ерекшеліктер ескеріледі;

      4) мұндай қажеттілік анықталған кезде, егер олар климаттың өзгеруіне осалдықты бағалауды жүргізу үшін жарамсыз болса, әсер етудің бұрын анықталған шеңберлерін қайта қарайды.

      16. Бір бағалау шеңберінде орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік басқару саласын бейімдеу үшін климаттың өзгеруіне басымдықты осалдықты қамтиды.

      17. Орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау аяқталғаннан кейін бір ай мерзімде уәкілетті органға климаттың өзгеруіне осалдықты жүргізілген бағалау нәтижелері туралы ақпарат береді. Климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау нәтижелері еркін нысанда ресімделеді.

      18. Климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау нәтижелерінің негізінде орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым ретінде айқындалған мемлекеттік басқару салалары бойынша мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде климаттың өзгеруіне бейімделуді жоспарлауды жүзеге асырады.

      19. Климаттың өзгеруіне бейімделуді жоспарлау климаттың өзгеруіне бейімделу мақсаттарын тұжырымдаудан, оларға сәйкес міндеттер мен мақсатты индикаторларды айқындаудан тұрады және климаттың өзгеруіне, климаттық қауіптерге сараланған осалдықтар негізінде жүргізіледі.

      20. Климаттың өзгеруіне бейімделу мақсаттары климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басымдық ретінде айқындалған мемлекеттік басқару салалары бойынша мемлекеттік бағдарламалардың мақсаттарына қол жеткізуге және климаттың өзгеруіне анықталған осалдықтарды ескере отырып, оларды түзету мүмкіндігіне климаттың өзгеруінің әсерін есепке алуға бағытталған.

      21. Климаттың өзгеруіне бейімделу мақсаттары келесі өлшемдерге сәйкес қысқаша және нақты анықталады:

      1) өлшеу: мақсатқа жету сандық мәні бар мақсатты индикаторды қолдану арқылы өлшенеді;

      2) өзектілігі: мемлекеттік жоспарлау жүйесінің иерархиялық құжаттарының мақсаттары мен міндеттері арасында байланыстың болуы;

      3) қол жеткізу: жоспарлы кезең ішінде;

      4) мақсаттың айқындылығы: нәтижеге қол жеткізу көрсеткіштері мақсаттың тұжырымымен нақты анықталады.

      22. Орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым ретінде айқындалған мемлекеттік басқару салалары бойынша мемлекеттік бағдарламаларға іс-шаралар жоспарларын әзірлеу кезеңінде климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі шараларды әзірлейді.

      Климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі шаралар оларды іске асыру мерзімдері мен шығындарын, қаржыландыру көздері мен жауапты орындаушыларды айқындай отырып әзірленеді.

      23. Климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды әзірлеуді климаттың өзгеруіне бейімделу процесін жүзеге асыратын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың орталық немесе жергілікті атқарушы органдары осалдықтардың нақты факторлары немесе әзірленетін шараларға жататын өзге де тақырыптар бойынша фокус-топтар жүргізілетін қоғамдық ұйымдар, жұртшылық, бизнес, ғылыми және сараптамалық ұйымдар атынан мүдделі тараптардың қатысуымен жүзеге асырады.

      24. Фокус-топтардағы талқылаулар қатысушыларға климаттың өзгеруіне әрбір осалдықтың сипаттамасын, онымен байланысты климаттық ауыспалыларды, ықтималдылықтарды, әсерлерді және әрбір осалдық үшін жалпы тәуекел көрсеткіштерін ұсына отырып, сондай-ақ фокус-топтардағы талқылаулардың нәтижелерін құжаттауға жауапты мемлекеттік органның қызметкерін тағайындай отырып жүргізіледі.

      25. Климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шаралар климаттың өзгеруіне белгіленген әлеуетті осалдықтар бойынша олардың саралануын ескере отырып және әлеуетті осалдыққа байланысты Климаттық қауіпті қоса алғанда, осалдықтар бойынша шараларды айқындай отырып, Климаттық қауіптілік ықтималдығын, Климаттық қауіптілік бойынша тәуекел деңгейін, осалдық тәуекелінің жалпы деңгейін бағалай отырып әзірленеді.

      26. Климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шаралар көлемін облыстардың, орталық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары сараланған осалдықтар мен климаттық қауіптер және климаттық өзгерістер деңгейіне қарамастан оларды іске асырудан оң нәтижелер алу мүмкіндіктері негізінде айқындайды.

      27. Климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша әзірленген шаралар келесі өлшемшарттар негізінде бағаланады:

      1) тиімділік (тәуекелді төмендету деңгейі);

      2) жүзеге асырылуы (техникалық және институционалдық);

      3) шығындар;

      4) қаржыландырудың қолжетімділігі;

      5) іске асыру мерзімдері (мемлекеттік бағдарламаның қолданылу кезеңінде, ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді).

      28. Қағидалардың 29-тармағына сәйкес жүргізілген бағалау негізінде климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша ұсынылатын шараларды басымдылығы бойынша бөлу қажет. Бұл ретте климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша ұсынылатын әрбір шара бағалау үшін белгіленген әрбір өлшемшарт бойынша бағаланады.

      29. Климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі ұсынылатын шаралардың басымдығын мынадай деңгейлер бойынша климаттың өзгеруіне бейімделу процесін жүзеге асыратын орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары айқындайды:

      1) "Енгізу" - бағалау критерийлері бойынша қолайлы бағасы бар шешімдерге жатады және ағымдағы жағдайларда, сондай-ақ әлеуетті болашақ жағдайларда артықшылықтарды қамтамасыз ете алады;

      2) "Бағалау" - орындалуға немесе алып тастауға дайын болғанға дейін өнімділік, шығындар немесе басқа критерийлер сияқты қосымша ақпаратты қажет ететін шешімдерге жатады.

      3) "Қараудан алып тастау" - бір немесе бірнеше себептер бойынша негізсіз болып табылатын, мысалы, тиімсіз, негізсіз жоғары шығындарды талап ететін, техникалық тұрғыдан жүзеге асырылмайтын шешімдерге жатады.

      30. Климаттың өзгеруіне бейімделу шарасы, егер екі немесе одан да көп өлшемшарттар "жақсы", ал қалған өлшемшарттар кем дегенде "қанағаттанарлық" деп бағаланса, "енгізу" басымдық деңгейіне ие болады.

      31. "Нашар" тиімділік көрсеткішін алған климаттың өзгеруіне бейімделу шарасы бағалаудан алынып тасталады. Кез келген критерийлер бойынша екі немесе одан да көп "нашар" баға алған кез келген шешімдер қарастырудан шығарылады.

      32. "Енгізу" басымдығын алатын климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды тиісті орталық немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы климаттың өзгеруіне бейімделу процесінің келесі кезеңдерінде қарайды. "Бағалау" басымдығының бағасын алған шаралар оларды іске асыру мүмкіндігін бағалау үшін одан әрі талдауды талап етеді.

      33. Климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды әзірлеу процесінің нәтижелері бойынша климаттың өзгеруіне бейімделу процесіне жауапты мемлекеттік органдар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың орталық және жергілікті атқарушы органдары оған мынадай ақпаратты енгізе отырып, техникалық есеп дайындайды:

      1) климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі шараларды жоспарлауды және әзірлеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган туралы мәліметтер;

      2) мүдделі тараптарды таңдау процесінің қысқаша сипаттамасы;

      3) талқылау тақырыптарын, отырыстардың түйінді сәттерін және алынған сабақтарды қоса алғанда, мүдделі тараптардың қатысуымен өткізілген талқылаулар туралы қысқаша ақпарат;

      4) климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды айқындау процесіндегі әрбір кезеңнің қысқаша сипаттамасы;

      5) климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша ұсынылған барлық шаралардың толық тізімі;

      6) климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын бағалау үшін таңдалған өлшемшарттардың резюмесі;

      7) климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша әрбір шара бойынша бағалау және басым шаралардың түпкілікті тізімі;

      8) бейімдеу жөніндегі шараларды әзірлеу процесінде анықталған проблемалардың резюмесі және оларды шешу жолдары;

      9) климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі әрбір басым шараның егжей-тегжейлі сипаттамасы.

      34. Орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басымдық ретінде айқындалған мемлекеттік басқару салалары бойынша мемлекеттік бағдарламаларға климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму бағдарламаларын ықпалдастыру негізінде климаттың өзгеруіне бейімделу процесін іске асырады.

      Бірінші кезекте "енгізу" бағасын алған климаттың өзгеруіне бейімделу шаралары интеграциялануда. "Бағалау" деген баға алған климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі шаралар климаттың өзгеруіне бейімдеу үшін басым болып табылатын мемлекеттік басқару салалары бойынша мемлекеттік бағдарламаларға және кейінгі кезеңдерге әзірленетін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтарын дамыту бағдарламаларына енгізу үшін қаралатын болады.

      35. Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 313-бабының 2-тармағына сәйкес климаттың өзгеруіне бейімделу үшін мемлекеттік басқарудың басым салалары (ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, орман шаруашылығы, азаматтық қорғау) болған жағдайда, климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі мақсаттар мен шараларды уәкілетті мемлекеттік органдар мемлекеттік басқарудың осы салалары бойынша климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым деп айқындалған мемлекеттік басқару салалары бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу, немесе климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басымдық ретінде айқындалған мемлекеттік басқару салалары бойынша қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға түзетулер енгізу кезеңінде қарайды.

      36. Жергілікті деңгейде Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 313-бабының 3-тармағына сәйкес климаттың өзгеруіне бейімделуді жоспарлау кезінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары экологиялық аспектілер бойынша тиісті аумақтарды дамыту бағдарламаларының бөлімдеріне енгізу үшін әзірленген мақсаттар мен климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды қарайды.

      37. Климаттың өзгеруіне бейімделуді көздейтін қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар жағдайында оларды климаттың өзгеруіне бейімдеу үшін түзетуді әзірлеуші мемлекеттік орган облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың орталық және жергілікті атқарушы органдарының ұсыныстары негізінде жүргізеді.

      38. Мониторинг және бағалау нәтижелері бойынша жоспарланған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды іске асыруға теріс әсер ететін жаңа ақпаратты алған кезде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тиісті орталық және жергілікті атқарушы органы оны, оның ішінде климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды түзету үшін негіз ретінде қарайды.

      39. Уәкілетті орган облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың басқа да орталық және жергілікті атқарушы органдарымен климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ұйымдастыру және іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асырады.

      Үйлестіру бір шараларды жүзеге асыру басқа шараларға теріс әсер етпейтін климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша Мемлекеттік органдардың келісілген және тиімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

      40. Орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті органның сұрау салуы бойынша мынадай ақпарат береді:

      1) климаттың өзгеруіне осалдығын бағалау нәтижелері;

      2) климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша әзірленген шаралар;

      3) күтілетін нәтижелерді, іске асыру мерзімдерін, қаржыландыру көлемдері мен көздерін, жауапты орындаушыларды көрсете отырып, мемлекеттік бағдарламаларға не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму бағдарламаларына интеграцияланған климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі шаралар;

      4) климаттың өзгеруіне бейімделуді бақылау және бағалау нәтижелері;

      5) климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ұйымдастырумен және іске асырумен ақпараттық және әдістемелік қолдау қажеттілігі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады