Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің м.а. 18.08.2022 № 33 (11.09.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 100-бабының 3 және 4-тармақтарына, "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 58-бабының 10-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау органдарында қызметтік тергеу жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі |
Ю. Ильин |
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы " " № бұйрығымен бекітілген |
Азаматтық қорғау органдарында қызметтік тергеу жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Азаматтық қорғау органдарында қызметтік тергеу жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 100-бабының 3 және 4-тармақтарына, "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 58-бабының 10-тармағына сәйкес әзірленген және арнаулы атақтар берілген қызметкерлерге қатысты тәртіптік теріс қылықтарын қарау бойынша азаматтық қорғау органдарында (бұдан әрі - АҚО) қызметтік тергеу жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) қызметтік тергеу - қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауының мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтау мақсатында ол туралы материалдар мен мәліметтерді жинау және тексеру жөніндегі қызмет;
2) тәртіптік жаза - қызметкерге қолданылатын тәртіптік жауапкершілік шарасы;
3) тәртіптік жауапкершілік - тәртіптік теріс қылықтар, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қызметкерлер көтеретін заңдық жауапкершілік түрі;
4) тәртіптік комиссия (бұдан әрі - Комиссия) - тәртіптік теріс қылыққа қатысты фактілерді қызметтік тергеу және зерттеу материалдарын қарау үшін оның жасалуының мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтау және тәртіптік жауапкершілікке тартылатын қызметкерді лауазымға тағайындау және лауазымынан босату құқығы бар адамды тәртіптік жазалау шарасы туралы ұсыным шығару мақсатында АҚО бөлімшелерінде құрылатын тұрақты алқалы орган;
5) тәртіптік теріс қылық (бұдан әрі - теріс қылық) - АҚО қызметкерінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы, кінәлі атқармауы немесе тиісінше атқармауы, лауазымдық өкілеттіліктерін асыра пайдалануы, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануы, қызметтік және еңбек тәртібін бұзуы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидаларын) талаптарын бұзуы, сондай-ақ құқық қорғау қызметінде болуға байланысты белгіленген шектеулерді сақтамауы.
2-тарау. Азаматтық қорғау органдарында қызметтік тергеу жүргізу тәртібі
3. Қызметтік тергеу қызметкер жасаған тәртіптік теріс қылықтың себептерін, сипатын және мән-жайларын анықтау, Заңда көзделген, оның ішінде қызметкерлердің жазбаша баянаты мен құқық қорғау және сот органдарының хабарламалары негізінде мән-жайлардың болуы немесе болмауын растау қажет болған кезде АҚО бөлімшесі басшысының шешімі бойынша жүргізіледі.
4. Қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасағаны туралы кез келген ақпарат қызметтік тергеу жүргізу үшін негіз болып табылады.
5. Техникалық және қаржы-шаруашылық мәселелері бойынша қызметтік тергеудің жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін оны жүргізуге көрсетілген қызметтердің мамандары тартылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 маусымдағы № 683 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында полиграфологиялық зерттеуден өту қағидаларына сәйкес полиграфологиялық зерттеу жүргізіледі.
Қызметтік тергеу жүргізу кезінде полиграфологиялық зерттеуден өтудің негізгі міндеттері:
жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайларын;
қызметкердің теріс қылыққа не құқық бұзушылыққа қатыстылығын;
лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактілерін анықтау болып табылады.
Қызметтік тергеу барысында қызмет өткеру ерекшелігін немесе анықталуға жататын мән-жайларды ескере отырып, құқық қорғау органының бірінші басшысы анықтауға жататын міндеттерді қосымша қоюы мүмкін.
6. Қызметтік тергеу жүргізуге оның нәтижесіне тікелей немесе жанама мүдделі қызметкер қатыса алмайды. Мұндай жағдайда ол қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға өзін осы тергеу жүргізуге қатысудан босату туралы жазбаша баянатпен жүгінеді. Басшы шешім қабылдағанға дейін қызметтік тергеу тоқтатылмайды. Басқа қызметкерді тағайындау туралы шешім баянатты берген күннен бастап екі тәуліктен кешіктірілмей қабылданады. Аталған талап сақталмаған жағдайда қызметтік тергеу нәтижелері жарамсыз деп саналады.
7. Қызметтік тергеу оны жүргізу туралы бұйрық тіркелген күнінен бастап бір айдан кешіктірілмей аяқталады.
Аталған мерзімге қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкердің демалыста, іссапарда немесе емделуде болған уақыты, сондай-ақ қызметтік тергеу жүргізуді тағайындау үшін негіз болып табылатын мәселе сот тәртібімен қаралған және өзге де дәлелді себептер болған жағдайларда көрсетілген мерзімге есептелмейді. Бұл уақытта қызметтік тергеу тоқтатылады және қызметтік тергеу жүргізетін қызметкердің баянаты бойынша қайта басталады.
8. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатқан қызметкер жауапкершілік туралы мәселе шешілгенге дейін Төтенше жағдайлар министрінің немесе АҚО бөлімшесі басшысының бұйрығымен Заңның 38-бабында белгіленген тәртіпте лауазымдық міндеттерін орындаудан уақытша шеттетіледі.
9. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкерден қызметтік тергеу жүргізудің мән-жайлары бойынша жазбаша түсініктеме талап етіледі. Қызметкер жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан жағдайда еркін түрде жазбаша түсініктеме беруден бас тарту туралы акт (бұдан әрі - акті) толтырылады.
Егер теріс қылықты құқық қорғау қызметіне алғаш рет қабылданған адам жасаған болса, осы адамға бекітілген тәлімгерден теріс қылықтың жасалу фактісі бойынша жазбаша түсіндірме талап етіледі.
10. Қызметтік тергеу жүргізу тапсырылған қызметкер:
1) қызметкерлер мен азаматтардан жазбаша түсініктемелер алады, жауап алуды жүргізеді;
2) тиісті құжаттармен танысады, қажет болған жағдайда оларды немесе көшірмелерін қызметтік тергеу материалдарына қоса тігеді;
3) арнайы білімді қажет ететін мәселелер бойынша мамандардан консультация алады;
4) белгілеуге жататын қажетті ақпаратты ұсыну және мән-жайларды анықтау туралы басқа қызметтерге тапсырмалар мен сұрату салу дайындайды;
5) теріс қылық жасалған орынды зерделейді;
6) полиграфологиялық зерттеу жүргізу туралы өтініш жасайды.
11. Қызметтік тексеру жүргізу кезінде оны жүргізу тапсырылған қызметкер:
1) қызметкердің теріс қылық жасау фактісін, оны жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды, келтірілген залалдың сипаты мен өлшемін, қызметкердің қызмет өткеруіне кедергі келтіретін себептердің болуын немесе болмауын объективті және жан-жақты анықтау шараларын қабылдайды;
2) өтініш иесінің және қызметтік тергеу жүргізіліп жатқан адамның, сондай-ақ оған қатысатын өзге де адамдардың құқықтары мен мүдделерін сақтайды;
3) тергеу жүргізіліп жатқан адамдарға олардың Заңның 58-бабының 7-тармағында көзделген құқықтарын түсіндіреді және қамтамасыз етеді;
4) анықталған кемшіліктер, құқықтық актілердің, ведомстволық өкімдік құжаттардың талаптарын орындамау фактілері, оқиғаға, тәртіпті бұзуға немесе өзге де әкімшілік не қылмыстық құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайлар туралы тұжырымдармен және ұсыныстармен көрсетілген қызметтік тергеу қорытындысын жазбаша нысанда дайындайды;
5) өзіне қатысты тергеу жүргізілген қызметкерді қызметтік тергеу материалдарымен және қорытындыларымен таныстырады, егер жол берілген заң бұзушылықтар анықталса оған оның мәнін түсіндіреді. Осы іс-әрекеттерді орындау өзіне қатысты тергеу жүргізілген адамның қолымен куәландырылады.
6) өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатқан қызметкер түсініктеме беруден бас тартқан кезде жиналған материалдардың негізінде тиісті акт толтыра отырып, қызметтік тергеу қорытындысын шығарады;
7) өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатқан адамның не болмаса өзге адамдардың іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамын анықтаған жағдайда материалдарды алдын ала тергеу органдарына жолдайды.
12. Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша 5 жұмыс күні ішінде АҚО-ның тиісті бөлімшелеріне тәртіп немесе өзге де әкімшілік не қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыныстар енгізіледі.
13. Қызметтік тергеу нәтижелері қызметкерді жауапқа тарту және тергеу аяқталған күннен бастап үш күнтізбелік күннен кешіктірмей мерзімде бекіту туралы түпкілікті шешім қабылдау үшін қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған басшыға жазбаша нысандағы қорытынды түрінде беріледі мерзімде.
14. Тәртіп немесе өзге де құқық бұзушылыққа жол берген қызметкерлерге қатысты, жасалған теріс қылықтың ауырлығына және кінә дәрежесіне қарай қызметтік тергеу жүргізген қызметкер нақты тәртіптік жазалау түрін, материалдық зиянды өтеу, материалдарды алдын ала тергеу органдарына жіберу туралы ұсыныс енгізеді, ал Заңның 56-бабы 2-тармағы 4) - 9) тармақшаларында көзделген жазаларды қолдану жағдайында материалдарды АҚО бөлімшесінің тәртіптік комиссиясына жолдайды.
15. Қызметтік тергеу қорытындысының көшірмесі өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілген қызметкердің жеке ісіне тігіледі.
16. Қызметтік тергеу материалдары тек қадағалау органына немесе сотқа олардың сұрау салуы бойынша, ал қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері анықталған жағдайда қылмыстық қудалау органдарына жолданады.
17. Қызметтік тергеу материалдарын сақтау мерзімі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 263 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15997 болып тіркелген) бекітілген Сақтау мерзімін көрсете отырып, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар қызметінде жасалатын үлгілік құжаттар тізбесіне сәйкес айқындалады.