"Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі деректерінің тізілімін қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі |
Б. Сұлтанов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 30 маусымдағы № 437-НҚ бұйрығымен бекітілген |
Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі деректерінің тізілімін қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі деректерінің тізілімін қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі деректерінің тізілімін қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі деректерінің тізілімі (бұдан әрі – техникалық реттеу тізілімі) – техникалық регламенттердің, аккредиттеу субъектілерінің, сәйкестікті бағалау туралы берілген құжаттардың, сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлардың, жабдықтардың, техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер туралы ақпараттың және техникалық реттеу саласындағы өзге де мәліметтердің электрондық дерекқоры;
2) техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі – техникалық реттеу тізілімдеріндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің, ұлттық стандарттау жүйесінің және Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінің мәліметтері мен ақпараттарын сақтауға, өңдеуге, іздеуге, таратуға, беруге және ұсынуға арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйе;
3) техникалық реттеудің ақпараттық жүйесінің веб-порталы (бұдан әрі – веб-портал) – техникалық реттеудің ақпараттық жүйесіне бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;
4) техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) - техникалық реттеу саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
5) ұлттық стандарттау органы - стандарттау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, стандарттау жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлға;
6) ) аккредиттеу жөніндегі орган-аккредиттеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және аккредиттеу жөніндегі халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылатын республикалық мемлекеттік кәсіпорын
7) Техникалық хатшылық-көлік құралының типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру, көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы берілген куәліктер туралы мәліметтер жинау және көлік құралдарын дайындаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті орган айқындайтын ұйым.
3. Техникалық реттеу тізілімі техникалық реттеудің ақпараттық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
4. Техникалық реттеу тізілімін қалыптастыруды, жүргізуді және қолдап отыруды Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.
2-тарау. Техникалық реттеу тізілімін қалыптастыру тәртібі
5. Техникалық реттеу тізілімі веб-портал арқылы қалыптастырылады және техникалық регламенттердің, аккредиттеу субъектілерінің, сәйкестікті бағалау туралы берілген құжаттардың, сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлардың, жабдықтардың деректерін, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнім туралы ақпаратты және техникалық реттеу саласындағы өзге де мәліметтерді қамтиды.
6. Техникалық реттеу тізілімін қалыптастыру электрондық цифрлық қолтаңбамен қалыптастырылатын, берілетін және қол қойылатын өтінімдерді қабылдау және өңдеу процесінде жүзеге асырылады.
7. Техникалық реттеудің ақпараттық жүйесінде қалыптастырылатын техникалық реттеу саласындағы сәйкестікті бағалау туралы құжаттарға және өзге де құжаттарға он төрт символдан тұратын және мынадай белгі бар кездейсоқ тәртіппен техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі автоматты түрде генерациялайтын бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі:
1) алғашқы екі символ – стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымның – ISO кодына сәйкес Қазақстан Республикасының литерлік коды (екі латын бас әрпі – KZ);
2) үшінші таңбадан он төртінші таңба бойынша – бірегей әріптік-сандық код.
8. Техникалық реттеу тізілімінде деректерді қалыптастыру Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының ақпараттық жүйелері мен дерекқорларынан алынған деректер мен мәліметтер негізінде интеграциялау арқылы қамтамасыз етіледі.
3-тарау. Техникалық реттеу тізілімін жүргізу тәртібі
9. Техникалық реттеу тізілімін жүргізу техникалық реттеу тізілімін құрайтын деректерді жинауды, тіркеуді, сақтауды және өңдеуді қамтиды. Техникалық реттеу тізілімін жүргізу нәтижесі өтінімдерді өңдеу нәтижелерін ұсыну болып табылады:
1) уәкілетті орган;
2) аккредиттеу жөніндегі орган;
3) ұлттық стандарттау органы;
4) мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталық;
5) саудадағы техникалық кедергілер, санитариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі ақпараттық орталық ;
6) Техникалық хатшылық, сондай-ақ веб-портал арқылы электрондық форматта мәліметтерді үздіксіз жаңарту арқылы жүзеге асырылады.
10. Техникалық реттеу тізілімін жүргізу веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
11. Техникалық реттеу тізілімін жүргізу электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылатын өтінімдерді қабылдау және өңдеу процесінде қабылданған нәтижелер негізінде тұрақты негізде жүзеге асырылады.
12. Техникалық реттеу тізілімін жүргізу техникалық реттеу, стандарттау, өлшем бірлігін қамтамасыз ету, сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу мәселелері бойынша сақталған, өңделген және қалыптастырылған ақпарат пен мәліметтерді есепке алуды, іздеуді, сақтауды және сәйкестендіруді қамтамасыз етеді.
4-тарау. Техникалық реттеу тізілімін қолдап отыру тәртібі
13. Техникалық реттеу тізілімін қолдап отыру жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді, техникалық реттеу ақпараттық жүйесінің дерекқорлары мен ресурстарының тұтастығын, ақпараттың сақталуын, ақпараттың толық немесе ішінара жоғалуына жол бермеуді, қалыптастырылған деректердің өзгермеуін, берілген рөлдерге сәйкес әрбір қатысушының тең құқығы мен қол жеткізуін, техникалық реттеу ақпараттық жүйесінің ресурстарына қол жеткізуді бақылауды, техникалық реттеу ақпараттық жүйесінің ресурстарына қол жеткізуді, сәйкестендіруді (тануды) қоспағанда, тізілімнің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, пайдаланушыны аутентификациялау (түпнұсқалығын растау) және авторизациялау (өкілеттіктерді беру), техникалық реттеу мен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінде болып жатқан оқиғаларды тіркеу және талдау арқылы жүзеге асырылады.
14. Техникалық реттеу тізілімін қолдап отыру кезінде техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі пайдаланушының қателерін, техникалық іркілістер кезінде туындайтын қателерді және кейінгі іс-қимылдар сипатталған пайдаланушыға хабарламалар бере отырып, деректер базасының қателерін өңдеуді қамтамасыз етеді.