"Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2019 жылғы 8 тамыздағы № 275 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2021 жылғы 30 маусымдағы № 218 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 9 шiлдеде № 23376 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2019 жылғы 8 тамыздағы № 275 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19232 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясы туралы ережені бекіту туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 183-1-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      1- тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясы туралы ереже бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ереже осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Көмірсутектер және жер қойнауын пайдалану салаларындағы мемлекеттік бақылау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
Н. Ногаев

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
2021 жылғы 30 маусымдағы
№ 218 Бұйрыққа қосымша
  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
міндетін атқарушының
2019 жылғы 8 тамыздағы
№ 275 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясы туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясы туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 183-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясының (бұдан әрі – орталық комиссия) қызметін ұйымдастыруды, оның құрамын, жұмыс регламентін және іс қағаздарын жүргізуді айқындайды.

      2. Орталық комиссияның негізгі міндеті геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнаулы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, уран өндіру саласындағы жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптаманы жүзеге асыру болып табылады.

      Кодекстің 182-бабының 1-тармағына сәйкес уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы, уран кен орнын игеру жобасы және уран өндіру салдарын жою жобасы уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжаттары болып табылады.

2-тарау. Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясының қызметін ұйымдастыру

1-параграф. Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссияның құрамы

      3. Орталық комиссияның құрамын уран өндіру саласындағы уәкілетті органның басшысы, ол болмаған жағдайда, уран өндіру саласындағы уәкілетті орган басшысының міндетін атқарушы бекітеді.

      4. Орталық комиссияның құрамына кемінде 5 (бес) адам: мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарының, геология, геофизика, гидрогеология, кен орындарын әзірлеу, жер қойнауын пайдаланудың экономикалық және құқықтық мәселелері саласында маманданған және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес ұйымдардың мамандары кіреді.

2-параграф. Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясының функциялары

      5. Орталық комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) жер қойнауын пайдаланушылар ұсынатын жобалау құжаттары (оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар) немесе уран кен орындарын әзірлеу талдаулары бойынша жобалау құжаттарын қарайды және мемлекеттік сараптаманы жүзеге асырады;

      2) жобалау құжаттарында уран өндірудің және уран кен орындарын әзірлеудің неғұрлым тиімді және ұтымды әдістері мен технологияларын қолдануды қамтамасыз етеді;

      3) жер қойнауын пайдалану, уран кен орындарын ұтымды және кешенді пайдалану мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарының, жер қойнауын пайдаланушылардың әзірлемелері мен баяндамаларын қарайды;

      4) уран саласындағы ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарынан, ұлттық компаниядан және жер қойнауын пайдаланушылардан уран өндіру кен орындарын ұтымды және кешенді пайдалану, жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша анықтамалық, ақпараттық материалдар мен есептерді сұратады;

      5) қажет болған жағдайда уран өндіру саласындағы уәкілетті органға жұмыс топтарын құруды ұсынады;

      6) жобалау құжатын пысықтау бойынша ұсынымдар береді;

      7) геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнаулы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тартады.

      6. Орталық комиссияның төрағасы, ал ол болмаған жағдайда – төрағаның орынбасары:

      1) орталық комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) орталық комиссияның жұмысын жоспарлайды;

      3) орталық комиссияның отырыстарына төрағалық етеді.

      7. Орталық комиссияның хатшысы:

      1) осы Ереженің 9 -тармағына сәйкес ұсынылған құжаттардың толық болуын тексереді;

      2) Орталық комиссияның отырысы өткізілетін күнге дейін 7 (жеті) жұмыс күні бұрын орталық комиссияның мүшелерін отырыстың өткізілетін күні мен орны туралы жазбаша немесе электрондық пошта арқылы хабардар етеді;

      3) орталық комиссияның отырысын өткізу үшін материалдар дайындауды жүзеге асырады;

      4) орталық комиссия отырысының нәтижелері бойынша еркін нысанда мемлекеттік сараптамалық қорытындыны ресімдейді;

      5) орталық комиссияның мүшесі болып табылмайды.

      8. Орталық комиссияның іс қағаздарын жүргізуді, материалдары мен құжаттарын жинауды және сақтауды уран өндіру саласындағы уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.

3-параграф. Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссияның жұмыс регламенті және іс қағаздарын жүргізу

      9. Орталық комиссияға мыналар:

      1) осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік сараптама жүргізуге арналған өтініш;

      2) тиісті мемлекеттік экологиялық сараптамасы және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі сараптамасымен бірге Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 15 маусымдағы № 239 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17131 болып тіркелген) Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидалардың (бұдан әрі – Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидалар) 483-тармағына сәйкес әзірленген уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобалары;

      немесе тиісті мемлекеттік экологиялық сараптамасы және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі сараптамасымен бірге Кодекстің 183-бабына сәйкес әзірленген уран кен орындарын әзірлеу жобалары;

      немесе уран өндіру салдарын жою жобалары;

      немесе Кодекстің 182-бабының 7-тармағында көзделген жағдайда егер бекітілген жобаларда айқындалған өндіру көлемі жыл сайын уран кен орнын әзірлеудің тау-кен-геологиялық және технологиялық шарттарының өзгерістерімен бір жылда бекітілген көрсеткіштерден физикалық тұрғыда жиырма пайыздан астамға өзгерсе, бекітілген жобаларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар жобалары;

      немесе Кодекстің 184-бабының 9-тармағына сәйкес кен орнын әзірлеу жобасына өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы уран кен орнын әзірлеуді талдау нәтижелері бойынша негізді тұжырым болған кезде кен орнын әзірлеудің іс жүзіндегі және жобалау көрсеткіштері арасында едәуір (жиырма және одан көп пайыз) алшақтықтар болған жағдайда уран кен орнын әзірлеу талдауы;

      3) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген құжаттарға аннотация;

      4) жер қойнауын пайдаланушының қалауы бойынша қосымша материалдар (есептер мен таныстыру материалдары) ұсынылады.

      10. Уран кен орнының жобалау құжаттарына және әзірленуін талдауларға мемлекеттік сараптама 2 (екі) ай ішінде жүргізіледі.

      Мемлекеттік сараптама жүргізу мерзімі орталық комиссияның шешімі бойынша ұлғайтылуы мүмкін, бірақ ол 3 (үш) айдан аспайды.

      11. Орталық комиссия жер қойнауын пайдаланушыдан жобалау құжатын алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде оны тәуелсіз сараптама жүргізу үшін сарапшыға (сарапшыларға) жібереді.

      12. Жобалау құжаттарына (оларға өзгерістер және (немесе) толықтыруларға) немесе уран кен орындарын әзірлеу талдауларына тәуелсіз сараптама сарапшы (сарапшылар) тағайындалғаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүргізіледі.

      13. Тәуелсіз сараптама нәтижелері бойынша жасалған тәуелсіз сарапшының (сарапшылардың) қорытындысы осы Ереженің 12-тармағында көзделген мерзім ішінде орталық комиссияға еркін нысанда ұсынылады.

      14. Жобалау құжаттарына (оларға өзгерістер және (немесе) толықтыруларға) немесе уран кен орындарын әзірлеу талдауларына мемлекеттік сараптама жүргізу нәтижелері тиісті тәуелсіз сараптама қорытындысымен орталық комиссияның отырысында қарау арқылы анықталады.

      15. Орталық комиссияның отырыстары, егер оған орталық комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен 2 (екісі) қатысса, заңды деп есептеледі.

      Кворум болмаған жағдайда, орталық комиссияның отырысы отырыстың тағайындалған күнінен кейінгі күнге ауыстырылады. Бір отырысты 2 (екі) реттен артық ауыстыруға жол берілмейді.

      16. Орталық комиссияның отырысында жобалау құжаттарының (оларға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың) немесе уран кен орындары әзірленуін талдауларының авторлары және жер қойнауын пайдаланушылар қаралатын мәселенің негізгі ережелерін баяндайды. Тәуелсіз сарапшы (сарапшылар) жобалау құжаттары (оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар) немесе уран кен орындарын әзірлеу талдаулары бойынша өзінің тәуелсіз сараптамалық қорытындысын баяндайды.

      17. Кодекстің 183-1-бабының 5-тармағына сәйкес жобалау құжатына немесе әзірлеуді талдауға мемлекеттік сараптама жүргізу нәтижелері оң немесе теріс болуы мүмкін сараптамалық қорытындымен ресімделеді. Сараптамалық қорытындының көшірмесі оған қол қойылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға жіберіледі.

      18. Сараптамалық қорытынды орталық комиссияның қатысып отырған мүшелерінің көпшілігінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады.

      Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

      Дауыс беру нәтижелері орталық комиссия сараптамалық қорытындысының ажырамас бөлігі болып табылатын дауыс беру парағында көрсетіледі.

      19. Кодекстің, Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидалардың ережелеріне сәйкес келетін уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру, уран кен орнын әзірлеу жобалары және уран өндіру салдарын жою жобасы (оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар) немесе уран кен орнын әзірлеу талдаулары бойынша оң сараптамалық қорытынды шығарылады.

      20. Кодекстің 183-1-бабының 6 және 7-тармақтарына сәйкес теріс сараптамалық қорытынды шығаруға мыналар:

      1) жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, оның ішінде мазмұны, құрылымы және ресімделуі бойынша Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда белгіленген талаптарға және (немесе) келісімшарт ережелеріне сәйкес келмеуі;

      2) жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың жер қойнауын пайдаланудың оң практикасына сәйкес келмеуі;

      3) жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың уран ресурстары мен қорларын бағалау туралы есепке сәйкес келмеуі;

      4) жобалау құжатында немесе әзірлеуді талдауда ұсынылған жобалау шешімдерінің техникалық және (немесе) экономикалық негіздемесінің жеткіліксіздігі негіз болып табылады.

      Жобалау құжатына немесе әзірлеуді талдауға теріс мемлекеттік сараптамалық қорытындыда оны шығару негіздемесі және жобалау құжатын немесе әзірлеу талдауын пысықтау жөніндегі ұсынымдар келтіріледі.

      21. Орталық комиссияның сараптамалық қорытындысы осы Ереженің 10-тармағында көрсетілген мерзімді асырмай, отырысты өткізген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде ресімделеді.

      22. Орталық комиссияның сараптамалық қорытындысына орталық комиссияның төрағасы, ол болмаған жағдайда – оның орынбасары, сондай-ақ хатшы қол қояды.

      23. Жобалау құжаттарын (оларға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды) немесе уран кен орындарын әзірлеу талдауларын электрондық жеткізгіштерде сақтауды уран өндіру саласындағы уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.

  Қазақстан Республикасының
уран кен орындарын әзірлеу
жөніндегі орталық комиссия
туралы ережеге қосымша
  Нысан

      Қазақстан Республикасының
уран кен орындарын әзірлеу
жөніндегі орталық комиссияға

      Мемлекеттік сараптама жүргізуге өтініш

      ____________________________________________________________________

      (жобалау құжатының (оларға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың)

      немесе уран кен орнын әзірлеу талдауының атауы)

      1. Жер қойнауын пайдаланушы _______________________________________

      2. Жер қойнауын пайдалануға_________________________________________

      (құзыретті орган)

      ______________ арасында жасалған _________________________ келісімшарт.

      (күні)

      3. Жобалау құжатын (оларға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды) немесе уран кен орнының әзірлеу талдауын әзірлеуші жобалау ұйымының атауы

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      (құжатты ұсынатын кәсіпорын басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) және қолы)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады